Айнұр Әбдірәсілқызы

Филология ғылымдарының кандидаты,
араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі

Өмірбаяны Арнау сөз Мақалалары Еңбектері Сұрақ қою

Өмірбаяны

Әбдірәсілқызы Айнұр, 04.07.2021 жылы туылған. Филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бакалавриатын, магистратурасы мен аспирантурасын тәмамдаған. ҚазҰУ құрамындағы «Әлем тілдері және халықаралық журналистика» университетінің, Түркия Республикасының Анкара университеті мен «TOMER» тіл үйрету орталығының арнайы курстарын бітірген, «Жиһан» ақпарат агенттігінде журналистік машықтанудан өткен. 1998-2005 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Араб филологиясы және Қазақ әдебиеті кафедраларында оқытушы, Терминдер сөздіктерін даярлау және аударма орталығында аудармашы, редактор, Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығында жетекші маман, ғалым-хатшы, директор орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық кітапханасының Редакциялық-аударма бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Діни орталықтарды зерттеу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 2011 жылдан ҚР Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының басшысы қызметінде болды. Қазіргі уақытта ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарады. 7 кітаптың, 100-ден астам мақаланың авторы, 20-ға жуық ғылыми-танымдық басылымдардың редакторы. Ақын, Н.Төреқұловтың 105 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның жеңімпазы.

Арнау сөзі

Армысыздар, қадірлі замандастар!

Сіздер мен біздерді замана талабы дүниеге әкелген "E-Islam" порталы тоғыстырып отыр. Мен мамандығым жағынан араб тілді шығыстанушы-филологпын. Араб тілін ислам дінін үйрену үшін рухани ізденісіме бастар жол ретінде таңдағанмын. Сырт көріністе зайырлы қоғамның заңды перзенті болғаныммен, «иман адамның жүрегінде» деген ұстанымға берік байланғанмын. Ғылыми зерттеулерімнің негізгі бағыттары – құрантану, Қазақстандағы ислам тарихы, діни қозғалыстардың тарихы мен қызметі, шығыс және түркі халықтары әдебиетіндегі дін тақырыбы, діни поэзия. Қазақы қалыптың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінің тумасы ретінде дін және дәстүр тақырыбы менің жаныма жақын. Қазақтың «иман таразысы» деген ұғымының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрады. Иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажет. Дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейді. Сондықтан да дін тарихы дегеніміз біз үшін – мәдениет тарихы, ұлт тарихы, рух тарихы. Мен сіздермен осы бағытта ой бөліскім келеді. Сонымен қатар әйел-ана ретінде замандас құрбыларымның сырын тыңдап, сұхбатын бөлісіп, сауалдарына жауап беруге әзірмін.

Еңбектері

  • 1. Мезгілсіз дәурен: Өлеңдер. –Алматы: Жазушы, 2006. –88 бет.
  • 1.2. Қожа Ахмет Ясауидің ақындық әлемі: Монография. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану-инновациялық орталығы, 2007. –264 бет.
  • 1.3. Қожа Ахмет Ясауи: Ғасырлар шыңынан шашылған нұр: Ғылыми басылым. – Алматы: Қазэтнодизайн, 2007. – 480 бет.
  • 1.4. Қожа Ахмет Ясауи: Библиографиялық көрсеткіш (Қазақ және орыс тілдерінде). –Алматы: Арыс, 2008. –144 бет.
  • 1.5. Хикмет-ғұмыр: Өлеңдер, эсселер /Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы аясында/. – Алматы: Жалын, 2010. – 96 бет.
  • 1.6. Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі. Сараптамалық шолу. – Астана: Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, 2010. – 60 бет.
  • 1.7. Дін. Дәуір. Дәстүр: Ғылыми-танымдық мақалалар жинағы. – Павлодар, 2014 жыл. – 232 бет.

Мақалалары

  • Қазақтың ақидасы – парасат немесе Матуриди ақидасының қазақ дүниетанымындағы орны жайында
  • Имамның сәні – жамағат немесе жүректегі иман жайлы сөз
  • Қазақ орамалға қарсы емес, бірақ хижабтың жөні бір басқа
  • Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі: кеше мен бүгін
  • Рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы қазақ әйелінің орны
  • Құрбан айт – игі бастамалар мейрамы
  • Ислам еңбек жайында
  • Дәстүрлі отбасылық құндылықтар және тәрбие мәселесі
  • Құрбан айт – қанағаттың мерекесі
  • Тіл өнері – дертпен тең
  • Қазақстандағы этноконфессиялық идентификация мәселесі: мемлекет құраушы ұлт және заманауи сын-тегеуріндер
  • Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту радикалды идеологияның алдын алу құралы ретінде
  • Қазақстандағы діни білім жүйесі: тарихы, қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
  • Қазақстандағы дінтанулық білімнің қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
  • Қазақстандағы дінтану сараптамасы: өткені мен бүгіні
  • Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер аясында
  • Қазақстандағы діни-ғылыми ақпараттық деңгей
  • Қазақстандағы дәстүрлі діндердің қазіргі жай-күйі (әлеуметтанулық зерттеулер негізінде)
  • БАҚ-тарда діни ұйымдар мен діни бірлестіктер қызметін жариялаудың негізгі қағидалары
  • Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі
  • Оғыз-қыпшақ дәуірінің әдебиеті
  • Әбу Насыр әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы
  • «Шахнама» және «Құтты білік»: үндестіктер мен сабақтастықтар
  • Махмұт Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігі» еңбегіндегі өлең мәтіндерінің құрылысы
  • Көне түркі әдебиетіндегі елдік мұраттар
  • Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры: ежелгі поэзия мен қазіргі әдебиеттегі көрінісі
  • Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы түркілік таным көріністері
  • Есенғали Раушанов шығармашылығындағы көне түркілік сарындар
  • Қадыр Мырзалиев шығармашылығындағы ежелгі әдеби дәстүрлер жалғастығы
  • Қожа Ахмет Йасауи поэзиясын зерттеу мәселелері
  • «Диуани хикметті» қазақ тіліне аударудың кейбір мәселелері
  • «Диуани хикмет» шығармасының атауы жайында
  • Түркі әдебиетіндегі хикмет жанры
  • Йасауи поэзиясының түркілік бастаулары
  • Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектебі
  • «Диуани хикметтегі» көркемдік-бейнелеу құралдары
  • Йасауи, Абай, Шәкәрім: сабақтастық сырлары
  • «Диуани хикметтің» буындық құрылым-жүйесі
  • Йасауи хикметтері және аруз өлшемі

"Хикмет-ғұмыр" кітабыңыздағы өлеңдердің сырын айтыңызшы

Жұма, 17 Қазан 2014 06:10

«Парықтап пақыр ісім, Дертіме ем сұрамын. Пенделік ақым үшін Бір аян берші маған», - деген арманыңыздан Алладан қандай аян, бағыт-бағдар үміт етесіз, сіздің өлеңдеріңіз тұнып тұрған сыр ғой. Осы "Хикмет-ғұмыр" кітабыңыз жайлы айтыңызшы.

Өте ауыр сұрақ. Жеңілдеу жауап беруге тырысып көрейін.

Маған бұйырған екі нығмет бар: ғылым арқылы санадағы салмақтан арыламын, өлең арқылы жүректегі жүктен құтыламын. Осы екеуі болмаса жер басып жүруім екіталай болар еді десем, артық айтқаным емес.

Әр қаламгердің жанына балаған туындысы болады. «Мадам Бовари – менің өзім» деп Флобер тегін айтқан жоқ. «Анна Каренина деген – мен» деп Толстой да бекер айтпаған. 

«Хикмет-ғұмыр» - менің жан дүнием, болмысым, тағдырым. Өзі сүйген туындысы туралы сөз қозғау авторға қашанда ауыр. Өйткені шығарма – сенің жан азабыңның көрінісі. Онда да іштегі сырдың сырттағы сәулесі ғана, рух сезінгенді тіл жеткізуге қашанда шорқақ.

«Хикмет-ғұмыр» негізінен 2005-2010 жылдар аралығындағы өлеңдер мен ой-жазбалардан тұрады. Бір есептен бұл кітапты менің «Қожа Ахмет Йасауидің ақындық әлемі» атты монографиямның өлеңмен жазылған нұсқасы деуге болады. Өйткені монографияда салқынқанды ғылыми стиль мен шектелуге мәжбүрсің, көңіл сезінген көп мағына мен сансыз сырды ғылыми еңбекке сыйғызу мүмкін емес. Есесіне ол өлеңдер мен ой-жазбалар болып төгіледі.

Құлшылықтың кім бағалар құнын дәл,

Ұғар болсаң, ұғынып көр сырымды ал:

Әлем халқы қызығатын бағым бар,

Әлем халқы торығатын мұңым бар...

деп басталатын «Хикмет-ғұмыр» жырлары:

Торықтық қанша тілеуді қосып таңдарға,

Біз түгіл, ботам, пәнидің өзі арманда:

Жандының бәрі жабыла сұрап жатса да,

Бір түйір бақыт бұйырған емес жалғанға..

деп аяқталады. Осы аралықтағы мұң-зар мен сыр-сезімдердің бәрін баяндап шығу мүмкін де емес, міндетті де болмас...

Сыр туралы сөзге келсек – сыр ашылмайды, сезініледі. Сыр ашылса – қасиет қашады. Сыр сезінілсе – ілім тереңдейді. Ал «ілім» деп қазақтың тек Алла Тағала көңілге салатын жүректегі ілімді айтқанынан хабардар боларсыз...

Ал өлең туралы сөзді өлеңнің өзі айтсын. Оны қара сөзбен жеткізем деу қиянат болады. Сондықтан «Хикмет-ғұмырдан» бірер үзік жыр ұсынуды жөн көрдім.

                            * * *

Сарғайтса да санадан Сендегі нұр,

Таусылмапты татарым Жерде жұмыр.

...Жол басында-ақ жазылған пешенеме

Баянсыздан бақ күткен пенде-ғұмыр...

 

Қайраңдаған күйкілік кемесінде,

Мақшар таңда түсем бе мен есіңе?!

Саған қарай әр адым басқан сайын

Сүрінумен күн кештім, сенесің бе?!

 

Жолсыз жаздың үмітсіз ізін көмер

Көктемі пәк көңіл ем... Күзім не дер?!

...Сенің ғана алдыңда арым асқақ,

Сенің ғана алдыңда жүзім төмен...

Сол медеу...

 

                        * * *

 

Босағаңа байланып бар ғұмырым,

Жадылап ед бейдауа жанды нұрың.

Қайтар жолдың қорлығын қалай қидың,

Мені өзіңнен бөлгенде, Мәңгілігім?!

 

Құл-тағдырға қалаусыз қосқанда мұң

Жазмышыңнан жаны үркіп, қашқан бағым.

Жарсыздық пен жолсыздық маған аян

Сенен кеткен күнімнен басталғаны...

 

Құдіреттен дарыған құтым барын

Танып тұрып, жалғанға жұтылғамын.

...Мен – мұңлықпын баянсыз болмысымнан,

Үзірім сол, ей, мұңсыз Үкімдарым!

                      

                  * * *

 

Жадылап есті жыр-елес,

Күдікпен көшіп күн-егес,

Бағдарсыз кетіп барасың,

Бақыттың жолы бұл емес!

Жалғаннан күтпе жандауа!!!

 

Пәнидің пақыр қонағы –

Жербауыр сезім солады.

Адамға адам мәңгілік

Аңсар боп көрген жоқ әлі!

Өзіңді-өзің алдама!!!

 

Еншінің біткен ерегі -

Кемелдік болса керегің,

Мың соқпақ кезіп, маңып көр –

Дүниенің шықпас дерегі,

Бастайды бәрі Аллаға!!!

 

 

Мен туғанда берілген бата

Кергімей көнер кермекке

Пенде боп туған пақырсың.

Тірлікті татып көрмекке

Жалғанға бара жатырсың.

Бақимен бітпес бар ұғым,

Бақ серік болар кімге ұдай?

Жасымай аттан жарығым,

Жалғыздың жары – бір құдай!!!

 

Мың тілім болған жүрекке

Мың жылдың мұңын сыйдырып,

Мұңлықтан туған тілекке

Мәжнүннің басын идіріп,

Тұралап тынған ұлтыңның

Талаурап тұрған рухының

Тұғырын тіктеп, ту ұстап,

Күрмеуін шешіп ділінің,

Ар дауа ақтық ілімнің

Асылын шашып уыстап,

 

Тоз-тозы шыққан жалғаннан

Тұп-тұнық болып көшерсің,

Абыздар елін армандап,

Аңыздай ғұмыр кешерсің,

Әумин!!!

 

 

 

Оқылды 454 рет
Жауап берген:

Сарапшылар

Айнұр Әбдірәсілқызы

Толық ақпарат Сұрақ қою

Балғабек Мырзаев

Толық ақпарат Сұрақ қою

Алау Әділбаев

Толық ақпарат Сұрақ қою

Ершат Оңғаров

Толық ақпарат Сұрақ қою

Қайырғалиев
Мақсатбек

Толық ақпарат Сұрақ қою

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Конференция

Күнтізбе

« Қазан 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Құран (аудио)

JoomShaper