Кадәри мәзхабы қандай ағым?

Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2014 06:58

Кадәри мәзһабының діни ұстанымы Жаһми өкілдерінің: «Барлық іс-әрекеттер мен қозғалыстарды Алла-Тағала адамға мәжбүрлі түрде істетеді» деген пікіріне қарама-қарсы негізде қалыптасты. Кадәри мәзһабы: «барлық іс-әрекетттер мен қозғалыстарды Алла-Тағаланың қатысуынсыз адам өзі жасайды» деген пікірде болды. Яғни, Кадари доктринасы Жаһмилердің сенімдік көзқарасына диалектикалық тұрғыда өрбіді. Әсілі, Кадәрилердің діни ұстанымы Мутазалилердің «Жаманшылықты адамның өзі жаратады» деген діни ұстанымына ұқсағанмен, олардың сенімдік мәселердегі кейбір пікірлерінің өзіндік ерекшеліктері бар болатын. 

Кәдари мазһабы тағдырға қатысты көзқарасында Мутазалилерден де ары өтіп, «Алланың тағдырды жасауға ешқандай қатысы жоқ» деген көзқарасты ұстанды. Кадәри көсемдерінің бірі Мабад б. Халид әл-Жүхани бір адамның жасаған күнәсін тағдырға жауып жатқанын естіп: «Тағдыр деген (жазмыш) жоқ. Болатын іс сол шақта болады» деген еді. Оның сенімінше іс-әрекеттерді Алла-Тағала алдын-ала білмейді және оның жүзеге асуына араласа алмайды. Жүхани осы сенімімен Хақ-Тағаланың ілім, құдырет және мәңгілік (ахир) сипатына күмән келтірді. Ал, бұл пікірден фаталистік түсінік, яғни, іс-әрекет Алла-Тағаланың құдыретінен тысқары адамның күш-жігерімен жасалады деген ұғым шығады.

Мәзһабтар тарихын зерттеген ғұламалар әл-Жүханидің соңынан ергендерге «кадари» (тағдыршылдар) атауының берілгендігі туралы әртүрлі пікір айтады. Дегенмен, әһлі сунна зерттеушілері «Тағдыршылдар бұл үмбеттің Мәжусилері» деген хадистің негізінде оларға «Кадәри» атауы таңылған деп біледі. Мысалы, ғұлама Мустафа Сабри: «Бұл мәзһабтың діни ұстанымына мәжусилер әсер еткен» дейді. Себебі, Мәжуси сенімінде жақсылықты Алла-Тағала, жамандықты сайтан жаратады.  Кадәри өкілдері де жақсылық пен жамандықты бір-бірінен айырып, жамандықты Жаббар Хақтың қаламайтынын айтып, Оның тек жақсылықты тілейтінін, ал жамандық атаулыны сайтанның азғыруымен адам жасайтынын айтады.

Тарихшылар Кадәрилердің ошағы – Ирак өңірі болды деп біледі. Омаядтар дәуірінде Иракта түрлі көзқарастарды ұстанып, Исламның атын жамылған дүбәра мәзһабтар ортаға шыққан еді.  Кадәри пікірін алғаш насихаттаушының шыққан тегі ирактық болатын. Ол христиан дінін ұстанатын. Мабад әл-Жүхани мен Гайлан әд-Димашкі Кадәри сенімін осы христианнан үйреніп, мұсылмандарға тарата бастады. Мабад әл-Жүхани бұл пікірді Иракта насихаттаса, Гайлан әд-Димашкі бұл пікірді Шам халқына таратты.

Омар Насафидің пікірінше Кадәршылдар Ислам тарихындағы алғашқы сенімдік мәселені тудырған. Оның айтуынша Мабад әл-Жүхани бұл сенімді ирандық Әбу Жүніс Сансуиден үйренген. Әл-Жүханиден кейін Кадәри пікірін одан арықарай дамытып, мәзһаб ретінде қалыптастырған Гайлан әд-Димашкі еді. Ол Кадәри пікірін Шам өлкесінде насихаттап, осында дамытты.

Мабад әл-Жүхани Кадәри сенімін Ирак өлкесінде насихаттағанымен, Абдрахман б. әл-Ешастың көтерілісіне қатысып, Хажжаж тарапынан көтеріліс жаншылғанда, өлім жазасына кесілді. Яғни, Кадәри пікірін алғаш насихаттаушының өмірі қысқа болды. Гайлан  әд-Димашкі болса, өз пікірін Шам халқына насихаттай жүріп, саяси қолдау табу үшін халиф Омар б. Абдулазизбен байланыс жасады.

Ол халифқа жолдауында: «Уа Омар! Көріп тұрсың, бірақ, түсінбейсің. Қарап тұрсың, бірақ, көре алмайсың. Мынаны білгейсің, Омар сен Исламның шіріген ілімімен жетілдің. Уа өлгендердің арасындағы өлексе! Не ақиқатпен қауышатын жол таба алмайсың, не пайдаланатын бір дауыс ести алмайсың. Сүннет тапталып, бидғаттар ортаға шықты. Ғұламалар биліктен қорыққанынан шындықты айта алмайтын болды. Надандармен кеңесетін заман туды. Бір имам бар, үмбет оның соңынан ерсе, бақытқа қол жеткізеді. Тағы бір имам бар, үмбет оның соңынан ерсе, құрдымға батады. Осылардың сен қайсысың? Алла-Тағала былай деп бұйырады: «Оларды имам еттік. Біздің әмірімізбен ақиқатпен қауышады» (Әнбия, 7). Шын имам осындай болуы тиіс. Оның өзі және соңынан ергендер ақиқатпен қауыша алады. Ал, екіншісі туралы Алла-Тағала былай дейді: «Оларды имам еттік. Олар оранған отқа шақырады. Қиямет күнінде ешқандай көмек көрмейді» (Қасас, 41). Десекте, ашықтан-ашық ешқандай бір имам лаулаған отқа жануға шақыра қоймасы белгілі. Егер, олай етсе ешкімде оның соңынан ермесі анық. Оранған отқа шақырғандар Алла-Тағаланы терістегендер саналады. Уа Омар! Сен жасаған өзінің әбестігін айыптаған, өзінің берген үкіміне өзі мойынсұнған немесе қылмыс болып табылатын іске лайықты үкімін берген хикмет иесін көрдің бе? Сондай-ақ, сен құлдарының жүгінің үстіне жүк қосқан, мойынсұнғаны үшін жазалаған мейірімді адамды көргенсің бе? Және адамдарды зұлымдық жасауға итермелеген әділеттілік иесін көргенсің бе? Немесе адамдарды жалғандыққа итермелеген  тура сөздіні кезіктірдің бе? Түсінетінге де, түсінбейтінге де осы айтқаным жеткілікті» деп хат жазды.

Кемеңгер халифтардың ізін жалғаған Омар б. Абдулазиз парасаттылық танытып, Гайланмен сенім мәселері хақында пікіралмасты. Гайлан пікіралмасудан кейін: «Уа мүміндердің әміршісі! Саған бұзылған сеніммен келіп едім, сен тура жолға салдың. Саған көр болып келіп едім, сен көзімді аштың. Саған надан болып келіп едім, сен менің жан-сарайымды іліміңмен жадыраттың. Аллаһ атына ант етейін, мен бұдан кейін бұл мәселе бойынша, сенімен сөз таластырмаймын» деп халифқа хат жазды.

Гайлан әд-Димашкі осылай деп ант-су ішкенмен, Омар б. Абдулазиз өлгеннен кейін, жеңілтектік танытып, ол қайтадан ескі әуеніне түсті. еді. Омар б. Абдулазиз көзі тірісінде Гайланды өзіне көмекші болуға шақырған еді. Гайлан халифқа өзін қазынаның кілтін ұстағысы келетіндігін айтады. Алайда, ол бұл қызметке тағайындалған кезінде жұртшылыққа: «Опасыздардың дүние-мүлкіне келіңіздер. Залымдардың дүние-мүлкіне келіңіздер. Алла Елшісінің (с.а.у) сүннетіне және оған теріс келетін, оның орнын басқандардың жиғандарына келіңіздер!» деп сандырақтады.

Омар б. Абдулазиз бақилық болғаннан кейін, Гайлан ескі Кадәри пікірлерін қайта айта бастады. Хишам б. Абдулмәлік кезеңінде оның пікірлері Ислам өлкелеріне кеңінен таралып, Иран мен Хорасан бұл пікірдің ошағына айналды. Хишам бұл өлкелердің уысынан шығып бара жатқанын көріп, бұл қозғалысты жаншуға әскер аттандырады. Өйткені, Иран мен Хорасанда Кадәримен бірге Жәбири пікірлері де кеңінен тарала бастаған болатын.

Хишамның Хорасанға тағайындаған әмірі Жәбари өкілі Жад б. Дирхемді «Құран жаратылған» дегені үшін оны өлім жазасына кесті. Халиф Хишам Жәбирие өкілін өлтіргенмен, Кадәрие өкіліне біршама еркіндікпен қарады. Оны Ислам ғұламаларының пәтуәсымен жазаламақ болды. Хишам Гайланды Шамның қазысы Имам әл-Әбзаймен пікірталасқа шақырды. Бұл пікірталас Гайланның аузына құм құйылып, оның жазаға тартылуымен аяқталды.

Пікірталаста Әбзай Гайланға: 

-          Қаласаң, үш- төрт немесе бір тақырып таңда.

Гайлан: - Үш тақырып болсын деді.

-          Олай болса, айта ғой, Алла-Тағала тиым салған бір нәрсемен үкім етіп, оны тағдыр ете ме?

-          Бұл мәселені білмейді екенмін.

-          Бұл бір. Енді айта ғой, Алла-Тағала бұйырған нәрсесіне өзі кедіргі бола ма?

-          Бұл бірінші сұрақтан қиын. Бұл мәселені де білмеймін.

-          Бұл екі. Онда айта ғой, Алла-Тағала өзі арам деген нәрсені орындатады ма?

-          Бұл біріншіден де екіншіден де қиын. Бұл мәселені де білмеймін.

Гайлан өзінің діни ұстанымын қорғай алмағандықтан, халиф оны өлім жазасына кесті. Сосын халиф Хишам ғұлама Әбзайға: «Бұл үш мәселені бізге түсіндір» деді.

Сонда, Әбзай: «Уа мүміндердің әміршісі! Білмейсің бе, Алла-Тағала Адам атаға ағаштың жемісін жеме деп, кейін оны жеуін тағдырна жазып, яғни, тиым салған нәрсесін тағдыр еткенін. Уа мүміндердің әміршісі! Білмейсің бе, Алла-Тағала Ібіліске Адамға сәжде етуін бұйырып, кейін оның сәжде етуіне кедергі болғандығын. Уа мүміндердің әміршісі! Білмейсің бе, Аллаһ-Тағаланың өлексе, доңыз етін харам етіп, кейін зәруриет жағдайында жеуге рұқсат беріп, харам еткен нәрсесін жеуді жазмыш еткенін» деді.

Хишам: «Онымен пікірталастырайын деген бір тақырыбың не еді?» деді.

Әбзай: «Мынаны сұрайын деп едім. Алла-Тағала сені сенің қалауың бойынша жаратты ма? Жоқ әлде өзінің қалауы бойынша жаратты ма? Сонда, ол әлбетте, Алла-Тағала өз қалауы бойынша жаратты дейтіні анық еді. Сол сәтте мен оған: Алла-Тағала сені өзі қалаған уақытта жаратты ма? Жоқ әлде сен қалаған уақытта жаратты ма? деп сұрайын деп едім. Сонда ол әлбетте: «Алла- Тағала өзі қалаған уақытта жаратты» дейтіні белгілі-тін. Сонда, одан: «Онда сен айта ғой, сен өлгеннен кейін, өзің қалаған жаққа өз қалауыңмен кетесің бе? Жоқ әлде Алла-Тағаланың қалаған жағына кетесің бе? дер едім. Сонда, ол әлбетте: «Алла-Тағаланың қалаған жағына» деп жауап берері айқын еді. Уа мүміндердің әміршісі! Ендеше, жаратылысының көркем болуына, рызығының көбейуіне, туылуын белгілеуге, өзі қалаған жағына баруын анықтауға күш-жігері жетпеген әлсіз жанның қолында қандай бір тағдыр жасау қабылеті болмақ? Кадәри өкілдері не Алла-Тағаланың сөзіне, не пайғамбардың сөзіне, не жаннат иесінің сөзіне, не жаһаннам иесінің сөзіне, не періштелердің сөзін, не бауырлары Іблістің сөзіне ермейді. Алла-Тағала бұл мәселеге қатысты былай деп бұйырады: «Раббым оны таңдады және оны салихалылардан етті» (Қалам, 50).  Періштелердің пікіріне келетін болсақ: «...Бізге үйреткенінен басқа, біздің ешқандайбір білгеніміз жоқ» (Бақара, 2/32). Пайғамбарлардың сөзіне келетін болсақ: «(Шұғайып с.а.у) менің әрбір жетістігім Аллаһтан. Оған тәуекел еттім және Оған ғана мойынсұнамын» (Һұд, 11/88). «(Ибрахим с.а.у) Егер, Аллаһ-Тағала мені тура жолға ердірмегенде, расында да мен адасқандардан болатын едім» (Әнғам, 6/77). «(Нұх с.а.у) Егер, Алла сіздердің азғындануыңызды қалаған болса, мен сіздерге үгіттесем де, үгітімнің ешқандай бір пайдасы болмайды. Ол сіздердің Раббңыз және Оған ғана қайтасыздар» (Һұд, 11/34). Жұмақ иесінің сөзіне келетін болсақ: «...олар былай деді: Бізді бұған ұластырған Аллаһқа мақтау болсын. Егер, Алла бізге тура жолды нәсіп етпегенде, біз ақиқатпен қауыша алмас едік» (Ағраф, 7/43). Тамұқ өкілінің сөзіне келетін болсақ: «....Егер, Аллаһ бізге тура жолды көрсеткенде, біз де сіздерге тура жолды көрсеткен болатын едік» (Ибрахим, 14/21). Іблістің сөзіне келетін болсақ: «...Раббым мені қаңғыртқаның үшін, әлбетте адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын» (Хыжыр, 15/39)»  деп Әбзай өз ұстанымына Құран аяттарынан дәлелдер келтірді.

Тарихшылар Кадәришілердің кейін келе «дуалистік» сенімге ұрынғанын айтады. «Дуализм» - дүниені жарық және қараңғыға бөліп, жақсылықты жарыққа, жамандықты қараңғыға телуші ілім. Кадәри мәзһабының өкілдері кейін келе жақсылықты Алла-Тағаладан, жамандық адамның өзі жасайды деген түсінікте болды. Олардың бұл пікірі Құран-Кәрімнің мына аятаны қарама-қайшы еді: «Алла олардың айтқандарынан үстем, пәк...» (Исра, 17/43). 

Кадари өкілдерінің жамандықты  адам өзі жаратады дегеніне иланатын болсақ, Алла сақтасын, онда мына әлемде жамандықты тудырушы Ұлы Жаратушыдан да басқа бір жаратушы бар болып шығады. Яғни, кадәрилердің бұл пікірі аһлі сунна іліміндегі «Жақсылықты да, жамандықты да жаратушы Жаббар Хақ» деген көзқарасқа теріс келеді.

Мәзһаб тарихшылары Кадәри мәзһабы Аббасидтер кезеңінде Мутазалилерге сіңісіп, онымен бірге өмір сүруін жалғастырған дейді. Мұхаммед Әбу Захра: «Кадәрилер Мутазалие мәзһабына  сіңіскен болса, онда бұл мәзһаб Мутазалиенің ошағы болған Басрада өмір сүрген болуы мүмкін» десе, Абдулкаахир әл–Бағдади да мәзһабтар тарихы туралы шығармасында Кадәри мен Мутазали мәзһабын бір тарауға енгізіп көрсеткен. Ал, Мутазали ағымы Х-ХІ ғасырда тарих сахнасынан мәзһаб ретінде толығымен жойылған болатын.  

 

Мұхан Исахан

Оқылды 711 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Жеотқосан 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Құран (аудио)

JoomShaper