Айнұр Әбдірәсілқызы

Филология ғылымдарының кандидаты,
араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі

Өмірбаяны Арнау сөз Мақалалары Еңбектері Сұрақ қою

Өмірбаяны

Әбдірәсілқызы Айнұр, 04.07.2021 жылы туылған. Филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бакалавриатын, магистратурасы мен аспирантурасын тәмамдаған. ҚазҰУ құрамындағы «Әлем тілдері және халықаралық журналистика» университетінің, Түркия Республикасының Анкара университеті мен «TOMER» тіл үйрету орталығының арнайы курстарын бітірген, «Жиһан» ақпарат агенттігінде журналистік машықтанудан өткен. 1998-2005 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Араб филологиясы және Қазақ әдебиеті кафедраларында оқытушы, Терминдер сөздіктерін даярлау және аударма орталығында аудармашы, редактор, Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығында жетекші маман, ғалым-хатшы, директор орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық кітапханасының Редакциялық-аударма бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Діни орталықтарды зерттеу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 2011 жылдан ҚР Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының басшысы қызметінде болды. Қазіргі уақытта ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарады. 7 кітаптың, 100-ден астам мақаланың авторы, 20-ға жуық ғылыми-танымдық басылымдардың редакторы. Ақын, Н.Төреқұловтың 105 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның жеңімпазы.

Арнау сөзі

Армысыздар, қадірлі замандастар!

Сіздер мен біздерді замана талабы дүниеге әкелген "E-Islam" порталы тоғыстырып отыр. Мен мамандығым жағынан араб тілді шығыстанушы-филологпын. Араб тілін ислам дінін үйрену үшін рухани ізденісіме бастар жол ретінде таңдағанмын. Сырт көріністе зайырлы қоғамның заңды перзенті болғаныммен, «иман адамның жүрегінде» деген ұстанымға берік байланғанмын. Ғылыми зерттеулерімнің негізгі бағыттары – құрантану, Қазақстандағы ислам тарихы, діни қозғалыстардың тарихы мен қызметі, шығыс және түркі халықтары әдебиетіндегі дін тақырыбы, діни поэзия. Қазақы қалыптың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінің тумасы ретінде дін және дәстүр тақырыбы менің жаныма жақын. Қазақтың «иман таразысы» деген ұғымының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрады. Иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажет. Дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейді. Сондықтан да дін тарихы дегеніміз біз үшін – мәдениет тарихы, ұлт тарихы, рух тарихы. Мен сіздермен осы бағытта ой бөліскім келеді. Сонымен қатар әйел-ана ретінде замандас құрбыларымның сырын тыңдап, сұхбатын бөлісіп, сауалдарына жауап беруге әзірмін.

Еңбектері

  • 1. Мезгілсіз дәурен: Өлеңдер. –Алматы: Жазушы, 2006. –88 бет.
  • 1.2. Қожа Ахмет Ясауидің ақындық әлемі: Монография. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану-инновациялық орталығы, 2007. –264 бет.
  • 1.3. Қожа Ахмет Ясауи: Ғасырлар шыңынан шашылған нұр: Ғылыми басылым. – Алматы: Қазэтнодизайн, 2007. – 480 бет.
  • 1.4. Қожа Ахмет Ясауи: Библиографиялық көрсеткіш (Қазақ және орыс тілдерінде). –Алматы: Арыс, 2008. –144 бет.
  • 1.5. Хикмет-ғұмыр: Өлеңдер, эсселер /Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы аясында/. – Алматы: Жалын, 2010. – 96 бет.
  • 1.6. Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі. Сараптамалық шолу. – Астана: Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, 2010. – 60 бет.
  • 1.7. Дін. Дәуір. Дәстүр: Ғылыми-танымдық мақалалар жинағы. – Павлодар, 2014 жыл. – 232 бет.

Мақалалары

  • Қазақтың ақидасы – парасат немесе Матуриди ақидасының қазақ дүниетанымындағы орны жайында
  • Имамның сәні – жамағат немесе жүректегі иман жайлы сөз
  • Қазақ орамалға қарсы емес, бірақ хижабтың жөні бір басқа
  • Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі: кеше мен бүгін
  • Рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы қазақ әйелінің орны
  • Құрбан айт – игі бастамалар мейрамы
  • Ислам еңбек жайында
  • Дәстүрлі отбасылық құндылықтар және тәрбие мәселесі
  • Құрбан айт – қанағаттың мерекесі
  • Тіл өнері – дертпен тең
  • Қазақстандағы этноконфессиялық идентификация мәселесі: мемлекет құраушы ұлт және заманауи сын-тегеуріндер
  • Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту радикалды идеологияның алдын алу құралы ретінде
  • Қазақстандағы діни білім жүйесі: тарихы, қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
  • Қазақстандағы дінтанулық білімнің қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
  • Қазақстандағы дінтану сараптамасы: өткені мен бүгіні
  • Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер аясында
  • Қазақстандағы діни-ғылыми ақпараттық деңгей
  • Қазақстандағы дәстүрлі діндердің қазіргі жай-күйі (әлеуметтанулық зерттеулер негізінде)
  • БАҚ-тарда діни ұйымдар мен діни бірлестіктер қызметін жариялаудың негізгі қағидалары
  • Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі
  • Оғыз-қыпшақ дәуірінің әдебиеті
  • Әбу Насыр әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы
  • «Шахнама» және «Құтты білік»: үндестіктер мен сабақтастықтар
  • Махмұт Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігі» еңбегіндегі өлең мәтіндерінің құрылысы
  • Көне түркі әдебиетіндегі елдік мұраттар
  • Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры: ежелгі поэзия мен қазіргі әдебиеттегі көрінісі
  • Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы түркілік таным көріністері
  • Есенғали Раушанов шығармашылығындағы көне түркілік сарындар
  • Қадыр Мырзалиев шығармашылығындағы ежелгі әдеби дәстүрлер жалғастығы
  • Қожа Ахмет Йасауи поэзиясын зерттеу мәселелері
  • «Диуани хикметті» қазақ тіліне аударудың кейбір мәселелері
  • «Диуани хикмет» шығармасының атауы жайында
  • Түркі әдебиетіндегі хикмет жанры
  • Йасауи поэзиясының түркілік бастаулары
  • Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектебі
  • «Диуани хикметтегі» көркемдік-бейнелеу құралдары
  • Йасауи, Абай, Шәкәрім: сабақтастық сырлары
  • «Диуани хикметтің» буындық құрылым-жүйесі
  • Йасауи хикметтері және аруз өлшемі
Материалы отфильтрованы по дате: Жұма, 10 Қазан 2014

Дәурен тақсыр, ауылдағы саны аз бір рудың баласы еді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Түркияға дін оқуына кеткен. Тиісінше, ауылдағы ру-аралық кикілжіңді көріп үлгерген жоқ.

Әдебиеттану ғылымындағы күрделі де көп анықтамалы ұғымдардың бірі – «жанр» термині. «Жанр» ұғымы аясында әдебиеттің эпос, лирика, драма секілді ірі тектерінің де, олардың ішкі құрамдас бөліктері болып табылатын жанрлық түрлердің де қамтылатыны белгілі. Академик С.Қасқабасовтың анықтамасына сүйенсек, «Жанр – өнердің, әдебиет пен фольклордың, бір жағынан, жалпы, көп қырлы (универсалды) категориясы да, екінші жағынан, нақтылы категориясы. Көп қырлы болатыны – онда әр түрлі әдістер мен тәсілдер көрініс табады, ал нақты болатыны – шығарма белгілі бір жанрдың аясында жазылады. Әр жанрдың өзіндік ерекшелігі, заңдары болады». Шығыс әдебиетіндегі жанрлар теориясын зерттеген белгілі әдебиеттанушы И.В.Стеблеваның пайымдауынша, «жанр» ұғымы белгілі бір дәуірдегі белгілі бір мазмұн мен тұрақты түр белгілерін қамтитын, поэтикалық біртұтас жүйесі бар мәтіндер тобын біріктіреді.

Өзгермелі  тарихи категория ретіндегі «әдеби жанр» ұғымының ерекшелігін айқындай түсетін кезекті анықтаманы татар ғалымы А.М.Шариповтың «Зарождение системы стихотворных жанров» атты еңбегінен кездестіреміз: «Жанр складывается веками, непрерывно изменяется, трансформируется согласно художественно-эстетическим требованиям каждой эпохи и каждой отдельно взятой национальной литературы, и, прожив долгую жизнь, если нет в нем потребности, он может и угаснуть». Аталған ерекшеліктердің барлығын дерлік қамтитын төл әдебиетіміздегі бірегей құбылыстардың бірі түркі халықтарының әдебиет тарихында елеулі із қалдырған мінәжатжанры болатын.

Адам баласының өзін жаратушы Құдіретке, тылсым күш иелеріне жалынып-жалбарынуы, жәрдем тілеуі – оның болмысында бар қасиет. Сондықтан мінәжат сөздері мен жырларының адамзат қоғамының алғашқы дәуірінде-ақ пайда болғаны  күмән тудырмайды. Қазақ фольклорының ең көне үлгілерінде кездесетін Тәңіріге жалбарыну, рухтардың желеп-жебеуін, тылсым күш иелерінің жарылқауын тілеу мәніндегі шумақтарды мінәжат жырларының ауыз әдебиетіндегі алғашқы нұсқалары ретінде қабылдауға болады. Белгілі жазушы, әдебиет зерттеушісі М.Әуезов «Әдебиет тарихы» еңбегінде алғашқы діни наным-сенімдердің туындауы туралы айта келіп: «Табиғат басшысын қадірлеу, құдайға дұға оқып, жалбарыну әдеті туады. Сонымен жалғас ең әуелгі әдебиет жұрнақтары шығады. Құдайға дұға айтып шұбыртқан тақпақ өлеңдер шығады» деп жазады. Өз заманының ыңғайымен терістеу және үстірт пікір білдіргенімен, автор осы тұжырымы арқылы мінәжат жырларының тамыры қаншалықты тереңге кететінін меңзеп, әдебиетіміздегі алғашқы сүрлеуді салды. 

Ислам дінінің енуімен бірге төл әдебиетіміздегі сыйыну мәнді жырлар  ислами реңкке ие болып, «Аллаға мінәжат» ұғымының аясына топтасты. Әлем әдебиетінің  ежелгі нұсқаларында жиі кездесетін гимндер де мадақ пен мінәжаттың біріккен түрі әрі алғашқы бастау-көрінісі болып табылады. Сондықтан кез келген ұлт әдебиетіндегі мінәжаттың даму жолы сол әдебиеттің алғашқы үлгілерінен бастау алып, бүкіл өн бойына созылып жатқан құбылыс десек, қателеспейміз. Ал жазба әдебиеттің біртұтас, тұлғаланған жанры ретіндегі  мінәжаттың шығу төркіні исламдық араб поэзиясынан бастау алады. Басқа да бірқатар шығыстық жанрлар секілді исламдық мазмұндағы мінәжат түркі жазба әдебиетіне  парсы поэзиясы арқылы сатылай енген. Әдебиеттанушы И.Жеменей парсы әдебиетінде «мінәжат» сөзінің бес түрлі мағынасы бар екендігін көрсетеді: 1. Біреумен сырласу, сыбырласу. 2. Алламен сырласу. 3. Біреудің ішкі ойын ұғыну. 4. Сырласу. 5. Алладан тілеу.

Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры туралы алғашқы толымды анықтама төл әдебиеттануымыздың негізін салушы А.Байтұрсынұлы қаламына тиесілі: «Діни дәуір мұңды-зарлы өлеңдеріне «мінәжат» деп ат қойған. Әуелде «мінәжат» деп ғұламалардың Құдайға айтқан зары, арызы, наласы айтылған. Бара-бара зарлық, мұңлық мағынасына айналып, зарлық өлең сияқты сөздер де «мінәжат» деп аталатын болған». Осы тұжырымнан кейін ғалым өз өлеңін «Мінәжат» деп атаған Сейдахмет ақынның жырынан үзінді келтіреді:

Құдай-ау мен не жаздым бұл заманға?

Қадірі болмайды екен жұрт аманда.

Ел-жұрттың қасиетін қоян алып,

Болмайды еш қадірім бір адамға.

«Басын алып тастаса, басқасы мұң-толғау болатын» мұндай өлеңдерді «мінәжат» деп атауға келіспейтінін аңдатып, мінәжаттың құдайға қаратып бастауымен ғана мінәжат болмайтынын, жырдың біртұтас сыйыну, жалбарыну, медет тілеу мазмұнына құрылуы қажеттігін айта келіп, ғалым осы сипаттарға ие нағыз мінәжат үлгілерінен мысалдар келтірген.

Айта кету керек, қазіргі татар әдебиетінде халықтық мұң-шер өлеңдерінің үлкен бөлігі жалбарыну мәнді болмаса да, Алла атына айтылмаса да мінәжат жанрының туындылары ретінде қарастырылады. Мұндай өлеңдер қатарына дүниенің өткіншілігі мен алдамшылығын, айырылысудың ащы зарын өзек еткен  мұңдасу сипатты туындылар және  салауаттар мен хикаяттарды қамтитын діни мазмұнды жырлар жатады. Татар әдебиеттанушылары осындай  жүйелеу әдісін негіз ете отырып, бірқатар зерттеулерді дүниеге келтірді. Әдебиеттанушы А.Байтұрсынұлының жоғарыдағы пікірі аталған зерттеулер нәтижесімен қабыса бермейді. Татар әдебиетіндегі жанрлар табиғаты ұлт әдебиетінің жанрларымен үнемі сәйкес келе бермейтіндіктен, анықтамаларда да айырмашылық болуы заңды. Дей тұрсақ та,мінәжат жанрына қатысты бірқатар толымды теориялық тұжырымдардың негізінен татар әдебиетінде жасалғанын да атап айтуға тиіспіз. «В основе жанра мунаджата лежит трагическое начало... В мунаджате трагическое выражается в мотиве разлуки: разлуки с Родиной, разлука матери со своим ребенком, предстоящая разлука человека с жизнью» деп жазады белгілі әдебиет зерттеушісі А.Шарипов. Екінші бір татар ғалымы Х.Ю.Миннегулов: «Суть мунаджата составляет или обращенное к богу повествования о горестях человека, или изложение чувств и переживаний попавшегося в несчастье лирического героя» деген тұжырым айтады.

Классикалық араб поэзиясын зерттеген көрнекті шығыстанушы Б.Я.Шидфар жанрлар жүйесінде белгілі бір иерархия байқалатынын айқындап, оларды «жоғарғы жанр», «орта жанр», «төменгі жанр» аталатын топтарға бөлген болатын. Осы бағыттағы ізденістерді дамыта отырып, әдебиеттанушы А.Шарипов ХІІІ-ХІV ғасырлардағы түркі-татар поэзиясы негізінде жоғары, орта және төменгі рангалы жанрларға анықтама беріп, саралап көрсетеді. Зерттеуші мінәжатты жоғары рангалы жанрға жатқызады: «Жанры высокого ранга − это поэтическая публицистика, т.е. произведения, направленные на самые высокие идеалы и на высокие цели. К этим жанрам относятся: таухид, касыда (особенно касыда-нагт, посвященная пророку Мухаммеду), мунаджат (где поэт обращается к Богу, просит у Всевышнего помилования), мадхия и марсия».

Қазақ әдебиеттануындағы теориялық зерттеулердің негізгі іргетасы кеңестік кезеңде қаланғаны белгілі. Ол тұста тиым салынған тақырыптардың бірі болып табылатын мінәжат жанры жоғарыда келтірілген А.Байтұрсынұлы еңбегінен кейін дербес зерттеу нысанына айнала алмады. Осының салдарынан ортағасырлық туындылар жайлы еңбектерде мінәжат шығарманың құрылымдық бірлігі ретінде ғана аталып өткенімен, оның жанр ретіндегі сын-сипаты, шет-шегі айқындала қойған жоқ. Аталмыш тақырыптағы зерттеулердің арнасы тәуелсіздік тұсында ғана кеңейе бастады. Бұл орайда әдебиеттанушы ғалымдар арасынан осы тақырыпқа арнайы қалам тартқан А.Ахметбек пен И.Жеменейді ерекше атауға болады. А.Ахметбек мақаласы түркі сопылық поэзиясының негізін салушы Қожа Ахмет Йасауидің «Мінәжатын» талдап-таразылауға арналса, И.Жеменей өзінің зерттеу нысаны – «Тарихи-Рашиди» еңбегіндегі мінәжат мәтіндеріне тоқтала отырып, ұлт әдебиетінің арғы-бергі кезеңдеріндегі мінәжат жанрының көріністерін біршама  зерттеп-зерделеген. Ендігі кезекте аталған зерттеулер нәтижесін негізге ала отырып, қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанрының қалыптасу және даму кезеңдерін, өзіндік ерекшеліктерін, сын-сипатын айқындап, біртұтас жанр ретіндегі лайықты бағасын беру қажеттігі туындап отыр.

Төл әдебиетіміздегі мінәжат жанрының қалыптасу, даму жолдарын егжей-тегжейлі қарастыруды жазба әдебиеттің ертеректегі нұсқаларынан бастаған жөн. Түркі халықтары әдебиетінің ежелгі дәуіріне тән Орхон-Енисей жазбалары,  Баласағұн дастаны, «Қорқыт ата кітабы» секілді шығармаларда Тәңіріні ұлықтау,  Аллаға мадақ айту, жалбарыну, тілек тілеу сынды эпизодтар біршама көрініс тапқан.

Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде Тәңірі жаратушы, жарылқаушы, күш беруші, ұлықтаушы, қолдаушы, қаһарға ұшыратушы құдірет ретінде сипатталады. Әрбір оқиғаны суреттеу барысында «Тәңірі күш бергені үшін», «Тәңірі жарылқағаны үшін», «жоғарыда Тәңірдің құдіретімен», «ұлықтаған Тәңірі», «ел берген Тәңірі» деп Жаратушының қайырым-шарапаты үнемі еске алынып отырады. Дегенмен бұл жазбаларда Жаратушыға жалынып-жалбарыну сарындары байқала бермейді. Мұны екі түрлі себеппен түсіндіруге болады. Біріншіден, ерлік шежіресі іспетті Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жазбалары негізінен өткен шақ оқиғаларын бірыңғай баяндауға құрылған, кейіпкерлердің жан сезімдері көріне бермейтін эпикалық сипаты басым мәтін болып табылады; екіншіден  «Тәңірі текті, тәңірі жаратқан» түрік қағандарының атынан айтылған сөзде Тәңірге жалбарынудан гөрі тең тұту және қасиеттеу сезімдері басым болуы да заңды. Орхон жазбаларында Жаратушыдан тілек тілеу сарыны «Білге қаған ұша барды. Жайы жоғары Тәңірде болсын» деген жалқы жолдан ғана аңғарылады.

ХІІІ ғасырдың аяғында хатқа түскен деп есептелетін «Оғызнама» жырының жазылу барысында тілдік-грамматикалық тұрғыдан біршама өңделгені, жетілдірілгені байқалғанымен,  шығарманың сюжеттік желісі, көркемдік-бейнелілік жүйесі, лексикалық құрамы түпнұсқадағы  қалпын сақтаған деуге болады. Бұған жырдағы сюжеттік құрылымның қарапайымдығы, баяндау әдісінің қалыпты-тұрақтылығы, көркемдік жүйенің түркілік төл дүниетанымнан туындаған табиғилығы себеп болуы мүмкін. Аталған ерекшеліктермен қатар дастандағы мифологиялық элементтердің басымдығы да оны «Қорқыт ата кітабынан» анағұрлым ерте, Түркі қағанаттары дәуіріне дейін дүниеге келген деп пайымдауға мүмкіндік береді. «Оғызнама» жыры ел арасында ертегі іспетті кеңінен таралып, қағазға түспес бұрын қалыпқа түскен болса керек. Аңыздық сипаты басым «Оғызнаманың» тақырып аясы, баяндау-суреттеу әдісі, көркемдік ерекшелігі мүлде басқа мазмұнға лайықталғандықтан, мінәжат мәнді мәтіндердің қамтылуына қолайлы емес. Жырда Оғыздың Тәңіріге жалбарынып отырғандығы айтылатын жалқы сөйлем ғана кездеседі.

«Қорқыт ата кітабының» ауызша тарала бастағаннан хатқа түсіп болғанға дейінгі аралықта бірнеше ғасырлық сүзгіден өткен көп қабатты мәтіні Тәңірлік сенімнің де, ислам дінінің де әсер-ықпалын молынан қамтитыны белгілі. Дегенмен жырлаушылар мен көшірушілердің өзіндік өңдеулері мәтін мазмұнын барынша жатықтырып, оның ислами реңкін күшейткен. «Көңіліне Тәңірім нұр құйған әулие» Қорқыттың алғашқы нақыл сөздерінің өзі мінәжатқа меңзейтін: «Алла, Алла демейінше іс түзелмес, Тәңірі бермейінше, ер байымас» деген жолдардан басталады. Қорқыттың нақыл сөздері де, Аллаға мадағы да, оғызнама жырлары да Алладан дұға тілей отырып берілген батамен аяқталады:

Ақ сақалды бабаңның жатқан жері ұжмақ болсын!

Ақ шашты анаңның жатқан жері жәннат болсын!

Ақыр соңы ар-иманнан айырмасын!

Әумин дегендер Тәңірінің жүзін көрсін!

Хақ алдында бес ауыз сөзбен дұға қылдық, қабыл болсын!

Алланың берген үміті кесілмесін!

Барша күнәңызды аты қасиетті Мұхаммед Мұстафаның нұрлы дидары үшін кешірсін, ей, хан ием!

«Мінәжат қазақ әдебиетінде өзімен мазмұндас, бірақ түркілік тілек салтымен біте қайнасқан «бата» сөзімен өмір сүріп келе жатыр... «Бата» қазақ арасында кеңінен тараған қария-даналардың ұрпағына тілейтін ақ тілегі. Осы бата-мінәжат «Алладан тілеу» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан мінәжаттың исламдық мазмұны мен қазақтың «бата» салты әдемі үйлесім тапқанын көреміз» деген И.Жеменей пікірі орынды пайымдаудан туғанын осы тұста атап айтқан жөн.

«Қорқыт ата кітабындағы» «Қазылық Қожаұлы Икенек бек әңгімесінің баяны» жырында бас кейіпкердің «жаратқан Аллаға сиынып, құлшылықпен мадақтауы» былай беріледі:

Биіктердің биігісің!

Ешкім білмес ұлықсың!

Уа, әзіз Тәңірім!

Сен анадан тумадың,

Сен атадан тумадың!

...Із-түзін білдіртпес білгір Тәңірім!

Зорлығың жоқ ешкімге, ұлы Тәңірім!

Қаһарлансаң қақыратқан Тәңірім!

Бірлігіңе сиындым, Ұлы Тәңірім!

Медет бер!

...Ісімді оңғара көр, Тәңірім!

Жаратушы есімі дәстүрлі ислами-құрандық баламалармен берілген аталмыш мінәжаттың толық мәтінінде Құран персонаждары аталып, ондағы хикаяларға меңзеу жасалады. Мұның өзі Икенек бек атынан айтылатын жалбарыну жырының тұтастай ислами сүзгіден өткенін  немесе толығымен бертінде қосылғанын аңдатады. Хронологиялық жағынан дүдәмал мұндай мәтіндер мінәжат жанрының қалыптасуы мен дамуын зерттеуде біршама қиындық туғызады.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны – түркі тілінде туындаған тұңғыш толымды дастан. Әдебиет зерттеушілерінің анықтағанындай, ортағасырлық түркі дастандарына төмендегідей құрылымдық ерекшелік тән:

1.Тәухид (Алланы ұлықтау)

2. Мінәжат (Аллаға сыйыну, жалбарыну)

3. Нағыт (Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларына мадақ)

4. Мәдхия (шығарма сыйға тартылатын кісіге мадақ)

5. Сәбәб-и тәлиф немесе сәбәб-и китаб (шығарманың жазылу себебін баяндау)

6. Ағаз-и дастан (негізгі бөлім)

7. Хатима (Қорытынды сөз).

Дегенмен, бұл құрылымдық ерекшелік барлық дастандарда бірізді қалыпта сақтала бермеген, жекелеген бөліктерінің жазылмауы, кейбірінің орын ауыстыруы, ішінара мінәжат жырының дастанның соңына қарай орналасуы  кездесіп отырады. Тәухид пен мінәжат секілді бір-бірімен астас тақырыптық бөліктер көбіне қатар келіп, ара-жігі білінбей жымдасып та жатады. «Құтты білік» дастанынан да  осы ерекшеліктіаңғаруға болады. Жазылу кезеңі исламның біршама орнығып, Қарахан мемлекетінің бас дініне айналған тұсына сәйкес келгенімен, дастанның сыртқы композициясында оқшау тұлғаланған мінәжат жыры кездеспейді. Мұнда Аллаға мадақ айтылғаннан кейін нағытқа кірісер тұста екі бәйіт көлемінде сыйыну сөз айтылған:

Ей, мұңсыз ием, бұл мұңлық құлыңды

Жарылқап, күнәсін кешкін бұрынғы.

Үмітім тек сенде, сиындым саған,

Мұңайған сәтімде қолың соз маған.

Баласағұн дастанында ортағасырлық түркі дастандарына тән құрылымдық тұтастықтың сақталмауының екінші бір себебі аталмыш дәуірде жанрдың толығымен тұлғаланып, құрамдас бөліктерінің айқындалып болмағандығында жатса керек. Қалыптасу кезеңіндегі жанрларда мұндай ауытқулардың кездесуі заңды.

Сонымен қатар жоғарыда аталғандай, мемлекеттік діні ислам болған елде туындаған бұл шығарманың өн бойында өзге сарындармен аралас мінәжат мәнді бәйіттер де кездесіп отырады. Баласағұн дастанының бір ерекшелігі – ондағы тұтастай тарауларды қамтып жататын Өгдүлміш пен Озғұрмыш арасындағы сопылық сыр-сұхбатқа құрылған жырлар болып табылады. Оларда кейде жекелеген бәйіттер күйінде, кейде бес-алты бәйіт көлемінде (3703-3708 бәйіттер, 577 б.) мінәжат мәнді жырлар көрініс тауып отырады.

Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғати-т-түрк» («Түркі тілінің сөздігі») еңбегіндегі өлең мәтіндері көне түркі тайпалары тудырған әдебиет үлгілерінің қатарына кіреді. «Диуандағы» өлең жолдарының жекелеген сөздердің қолданыс ерекшелігін айқындайтын мысал ретінде беріліп, сөздіктің өн бойында шашырай орналасқаны белгілі. Олардың арасында махаббат және табиғат лирикасы, жорық жырлары, жоқтау үлгілері, насихат өлеңдермен қатар таза мінәжат жырлары болып табылмағанымен, мазмұны жөнінен соған жуықтайтын Тәңіріні ұлықтау, оған табыну мәніндегі бірқатар жолдар кездеседі: «Тәңірге тәубе еттік біз», «Анда болып, Тәңіріне құлдық етер», «Құт берсе Құдайым құлына, Күн санап ісі алға басады», «Күн-түн табын Тәңірге, менменсіме, Қорқып Одан именгін, ойнамағын».

Төл әдебиетіміздің жазбаша туындыларында мінәжаттың дербес жанр ретінде алғаш көрініс беруі ислами әдебиеттің біршама орныққан кезінен – ХІІ ғасырдағы Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығынан бастау алады. Отандық йасауитану ғылымында бірқатар іргелі зерттеулер жасалғанымен, бүгінге дейін хикметтердің жанрлық сипаты арнайы ізденіске арқау болып көрген жоқ. Дегенмен Йасауи мұрасын әр қырынан қарастырған зерттеушілер жанр мәселесіне жанама түрде тоқтала отырып, біршама орнықты пікір қалыптастырды. Х.Сүйіншәлиев, А.Ахметбек, А.И.Пылев сынды зерттеуші ғалымдар Йасауидің дастан-толғау,  дастан-қисса  және сопылық эпос үлгісіндегі хикметтерін бөліп қарастырған. «Диуани хикметте» түркі фольклорынан ауысқан айтыс жанрлық түрінің кездесетіні аталмыш тақырыптағы алғашқы зерттеулерден бастап белгілі. Бұл мәселеге айтыс жанрының тегі мен дамуы жөнінде іргелі зерттеу жүргізген М.Жармұхамедұлы ерекше назар аударған. Йасауи хикметтерінде өлең түрі ретіндегі ғазалдың қолданылғаны бірқатар авторлар тарапынан сөз болғанымен, оның жанрлық ерекшеліктерінің қаншалықты дамытылғаны жөнінде де дәйекті пікір айтыла қойған жоқ. Ал хикметтердегі мінәжат жанрының көріністеріне алғашқы болып назар аударған татар зерттеушісі А.Шарипов: «А.Ясеви можно рассматривать в качестве зачинателя жанра письменного мунаджата на тюркском языке» деп жазған болатын. Отандық ғалым И.Жеменей де өз еңбегінде : «Түркі әдебиетіне мінәжат Қожа Ахмет Йасауимен келді» деп тұжырымдайды. Келтірілген мағлұматтардан «хикмет» ұғымы аясында бірнеше жанрлық түрдің топтасқанын аңғару қиын емес. Солардың ішінде мінәжат жанры «Диуани хикметтегі» әрі жанырлық түр, әрі дербес жанр ретінде тұлғалануымен ерекшеленеді.

Әдебиеттанушы А.Шарипов «хикмет» ұғымы аясында ғазал, қытға, мадақ, мінәжат, муназара, мураббағ сынды бірнеше жанрлық түр мен өлеңдік қалыптардың көрініс тапқанын айтады, оларға біршама түсінік беріп өтеді. Іргелі ізденістерге арқау болар соны идея ұсына отырғанымен автор аталған ұғымдарды талдауда және түсіндіруде араб-парсы поэтикасы заңдылықтарына біржақты бейімделген тәрізді. Біздің пайымдауымызша, Йасауи шығармашылығы арқылы толыққанды сипат алған хикмет жанры – аса күрделі симбиоз жанр. Оның қалыптасуы мен қабылдануын жеңілдеткен басты себеп – аталмыш жанр алғышарттарының  түркі поэзиясында ежелден бар болуы дер едік. Әдебиеттанушы ғалым А.Ісімақованың орынды тұжырымдағанындай: «Внешнее литературное влияние не способно что-либо породить, если в самой национальной среде не шел процесс накопления художественно-эстетических средств, которые могли бы быть первопричиной зарождения нового жанра. Прививается лишь то, что так или иначе было уже знакомо по опыту предшествовавшего развития». Төл әдебиетімізге түбірімен жат жанр ешбір жағдайда берік орнығып, терең тамырласып кете алмасы анық.

Хикмет жанры аясына Йасауи кіріктірген шығыстық жанрлардың бірі мінәжат болып табылатынын жоғарыда айтып өттік. Түркі сопылық поэзиясының бастауында тұрған Йасауи «Диуанының» өн бойы мінәжат мәнді хикметтерге толы. Йасауи хикметтерінің негізгі тіні, өзегі – мінәжат жырлары десек, қателеспейміз. Йасауи мінәжаттары негізінен Аллаға жалбарыну, одан тілек тілеу, баз бір тұстарда Алламен сырласу сарынында жазылған. «Мінәжат» атауымен берілген Йасауидің көлемді жеке хикметі бар. Сонымен қатар ақын шығармаларының қатарында «мінәжат» аталмаса да тұтастай Аллаға сыйыну, медет тілеп, жалбарыну мазмұнына құрылған көптеген хикметтер кездеседі. Мұндай мінәжат үлгілері дәстүрлі буындық өлшемдермен жазылып, түркілік табиғи сипатқа ие болған:

Иә Иләһи, хамдың бірлә хикмет айтдым,

Заты ұлық хожам, сығныб келдім сәңа.

Тәуба қылыб күнәһымдын қорқыб қайтдым,

Заты ұлық хожам, сығныб келдім сәңа.

Қырық бірімдә ыхлас қылдым йол тапай деб,

Йаранлардан һәр сыр көрсәм мән йапай деб,

Пирмұған изін алып мән өпәй деб

Заты ұлық хожам, сығныб келдім сәңа. 

Немесе:

Құлһуаллаһ, субханаллах уирд әйләсәм,

Бір уа Барым, дидарыңны көрәрмін му?

Башдын аяқ хасратыңда дәрд әйләсәм,

Бір уа Барым, дидарыңны көрәрмін му? 

Елик бірдә чөлләр кезіб, киаһ йедім,

Тағлар чықыб, тағат қылыб, көзім ойдым.

Дидарыңны көрә алмадым, жаннан тойдым,

Бір уа Барым, дидарыңны көрәрмін му?

Негізгі мазмұны басқа болып келетін бірқатар хикметтер құрамында да мінәжат мәнді шумақтар молынан кездесіп жатады. Бұл әсіресе хикметтің қорытындысы іспетті соңғы шумаққа тән ерекшелік болып табылады.

Ендігі кезекте Йасауидің «Мінәжат» атты жеке хикметіне тоқталайық.

Мунажат әйләді міскін Қожа Ахмат,

Иләһи бәндәңә қылғыл рахмат, –

деп, «Мінәжатты» арнайы атап бастауының өзі Йасауидің біртұтас көлемді туынды жазбаққа ниеттенгенін аңғартады. Мұнда шамасы бұрын шығарылған // жазылған хикметтерді топтастырып, толықтырып, көкейдегі уағыз-насихаттық дастандарды қоса хатқа түсірмекке ниеттенген болса керек. «Бұрын жазылған» дейтініміз – Йасауи «Мінәжатында» хикметтердің шынайы, толық, анық бағасы берілген, мұндай көзқарас дүниеге келіп үлгерген туындыға қатысты қалыптасады. Жазба әдебиетте алғысөздің негізінен соңынан жазылатыны белгілі. Сондықтан онда түйіндеулер мен қорытындылар, бағалаулар қамтылады. Көптеген нұсқаларда «Мінәжаттың» хикмет мәтіндерінің соңынан берілетіні де кездейсоқ емес. Ал Йасауи хикметтерінің 1903 жылғы Ташкент басылымында  «Пақырнама» рисаласы мен «Мінәжатнама» жыры кітаптың басында беріліп, олар аяқталғаннан кейін «Тәммәтул-китаб» («Кітап тәмамдалды») деп жазылған. Бұл да біздің Йасауи «Мінәжатының» хикметтердің негізгі бөлігінен кейін жазылғандығы туралы пікірімізді қуаттайды. Йасауи дәуірінен кейін туындаған бірқатар әдеби мұраларда «Мінәжаттың» шығарма аяқталар тұста жазылып, соңынан орын алуы кездеседі. Бұл да табиғи тұтастықты сақтаудың бір көрінісі. Йасауи «Мінәжаты» – әмбебап мазмұнды мәтін. «Мінәжатта» жалбарыну негізінен алғашқы шумақта ғана бар, ал мәтіннің қалған бөлігінде мінәжаттық мазмұн астарласа қатар өріліп отырады.

Йасауи «Мінәжатының» идеялық-мазмұндық қыры М,Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, А.Ахметбек секілді ғалымдар еңбегінде біршама зерттелді. Ал аталмыш хиктеттің құрылымдық ерекшеліктері біздің арнайы зерттеуімізге арқау болды. Зерттеу нәтижесі бізге «Мінәжаттың» сырт көрінісі дағдылы түркілік 11 буынды өлеңдерден көп ажыратылмағанымен, ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне орай оның аруздық үлгіде жазылғанын тұжырымдауға мүмкіндік берді (Бұл мәселе «Йасауи хикметтеріндегі аруз өлшемі» атты мақаламызда кеңінен талданған).

Сонымен, кез келген ұлт әдебиетіндегі секілді жалбарыну мәнді тіркестер, шумақтар мен арнаулар төл әдебиетімізге де ежелден етене екендігін жоғарыдағы талдаулар айқын танытады. Көнеден жеткен ауыз әдебиеті үлгілері, әсіресе эпостық жырлар мінәжатсыз келмейді десек, қателеспейміз. Дегенменжазба әдебиетіміздегі мінәжат жырларының дербес жанр ретінде тұтастай тұлғалануы Йасауи хикметтерінен басталды деуге негіз бар. Йасауи хикметтері арқылы қалыптасқан мінәжат жанры бертінгі түркі әдебиетінде қастерлі дәстүр ретінде орнықты. Мұның мысалын ауыз әдебиетінен де, жазба әдебиеттен де көптеп кездестіруге болады. Полистадиялық құбылысына негіздеп, фольклор үлгілеріндегі исламдық реңктегі мінәжат жырларын кейіннен қосылған деп қарастырғанның өзінде оларда «Диуани хикметпен» өзара әсерлесу құбылысы бар екенін жоққа шығару мүмкін емес. Хикмет дәстүрімен жырлаған ақындар мен барлық діндар ақындар өлеңдері мінәжатсыз келмейді. Аты аталып, түсі түстеліп тұрмағанымен, жалпы мінәжат мәнді жырлар ортағасырлық түркі әдебиетінің өн бойында өріліп жатыр. Мұхамед пайғамбардың үмбеті санатына енген түркі халықтарының әдебиетінде мінәжат міндетті жанр дәрежесіне көтерілген. Осындай жазылмаған заңның төл әдебиетімізде берік орныққанын мінәжат жанрының сан ғасырлық даму кезеңдері дәлелдейді.

 

 

А.Әбдірәсілқызы

"ИШИР"-дің тағы бір қыры - сириялық және ирактық нәрестелерді сатумен айналысуы.

Категориясы Соңғы жаңалықтар

АСТАНА. 10 қазан. E-islam.kz - Адамды бір-ақ сәтте қылмыскерлер қатарына қосатын бұл процесс қазақстандықтарды да айналып өтпеген. Айналып өтпегені сол болар, Қазақстандағы  әрбір бесінші әйел аборттың кесірінен бедеулікке ұшыраған.

Категориясы Соңғы жаңалықтар

بسم الله الرحمن الرحيم 

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

 

الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على سيدنا محمد وعلى آله وأصحابه أجمعين ” أما بعد“ 

Барлық мақтау Алла тағалаға тән және пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын), оның отбасына, сахабаларына Алла тағаланың рахметі болсын!

АСТАНА. 10 қазан. E-Islam.kz - Бұл іске бастамашы болған облыстық прокуроратура қызметкерлерінің пайымынша, алаңдауға негіз бар. Жыл басынан бері рұқсат етілмеген жерлерде лаңкестік сипаттағы діни әдебиеттерді тарату және тиым салынған діни бірлестіктердің іс әрекеті бойынша бірнеше адам жауапкершілікке тартылыпты.

Категориясы Соңғы жаңалықтар

АСТАНА. 10 қазан. E-Islam.kz - Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құттықтасуы арқылы достық пен ағайындықты нығайта түсетін айт мерекелерінің орны бөлек. Осыны басты назарда ұстаған аудандық орталық мешіттің бас имамы А.Данияровтың мұрындық болуымен қасиетті құрбан айт күні мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, мың жарым адамға ұлттық дәстүрге сай мерекелік дастархан жайылды.

Категориясы Соңғы жаңалықтар

АСТАНА. 10 қазан. E-Islam.kz - 10 қазанда аталып өтілетін Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күні қарсаңында жолдаған видеоүндеуінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун барлық елдерді  өлім жазасынан бас тартуға шақырды.

Категориясы Соңғы жаңалықтар

АСТАНА. 10 қазан. E-Islam.kz - «Хикмет»  студиясы Имам Нәуауи жинақтаған хадистердің аудио нұсқасын әзірлеп шығарды.

Категориясы Соңғы жаңалықтар

АСТАНА. 10 қазан. E-Islam.kz -  Атырау облысындағы Дамба ауылында түсініксіз жайттар орын алуда. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы он күнде екі әйел өзіне қол салып қайтыс болса, тағы екеуі жынданып кеткен. Ауыл азаматтары олардың ішіне жын кіріп кеткен деп отыр. Ел іші үрейлі. Адамдар кешқұрым сыртқа шықпай, балаларын ойнауға жібермеуде, деп жазады «bnews.kz» «Ақ Жайық» газетіне сілтеме жасап.

Категориясы Соңғы жаңалықтар
Page 1 of 2

Сарапшылар

Айнұр Әбдірәсілқызы

Толық ақпарат Сұрақ қою

Балғабек Мырзаев

Толық ақпарат Сұрақ қою

Алау Әділбаев

Толық ақпарат Сұрақ қою

Ершат Оңғаров

Толық ақпарат Сұрақ қою

Қайырғалиев
Мақсатбек

Толық ақпарат Сұрақ қою

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Конференция

Күнтізбе

« Қазан 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Құран (аудио)

JoomShaper