Қазақстандағы діни білім жүйесі: тарихы, қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері

Бейсенбі, 03.10.2021
Қазақстандағы діни білім жүйесі: тарихы, қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері

Мұсылман қазақ ұлтының отаны – Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды.

1. Діни білімнің қалыптасуы мен дамуы

Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Мұсылман қазақ ұлтының отаны – Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды.

Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  Ең алғашқы ислами орта оқу орындары болған медреселердің  араб жерінде емес, Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі. Мұның басты себебі тілдік фактордың әсері болып табылады. Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпынысын араб тіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын. 

Мұсылманның парызы саналатын іс-әрекеттер (бес уақыт намаз, ораза, қажылық) де белгілі бір дәрежеде араб тілді мәтіндермен байланысты болды. Сондықтан ислам дінін игеру бірінші кезекте күрделі де көп салалы араб тілін жүйелеп, жіктеп, егжей-тегжейлі үйренуді талап етті. Діни мәтіндердің мағыналық ерекшелігі мен көп қабаттылығы да араб тілін жетік игеруді міндеттеді. Осыған орай араб тілінің фонетикасын, морфологиясы мен синтаксисін арнайы пәндер арқылы игеру қажеттілігі туындады. Тіл игеруден кейінгі қиындық діни мәтіндер мен ілімдерді барлық қосымша пәндерімен қоса оқып-үйренумен байланысты болды. Бұл Құран ілімдері мен шариғат ғылымдарының екі үлкен сала ретінде қалыптасып, дербес оқытылуына негіз қалады. Осының барлығы араб тілі мен ислам дінінің негіздерін толығымен қамтып, жүйелендірген білім ордасы – медреселердің қалыптасуына алып келді. 

Орта ғасырларда бірыңғай рухани мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі ерекше қарқынмен дамыды. Медреселер көбіне мешіттердің жанынан салынды. Бұхара, Самарқанд жерінде басталған медресе дәстүрі Баласағұн, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ірі мәдени орталықтарда жалғасын тапты. Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады. Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесі бойымен Сыр бойындағы қалаларда ерекше өрістеді. Бұл Қожа Ахмет Яссауи негізін салған рухани ілім арқылы Түркістан қаласының түркі жұртының рухани астанасы деңгейіне көтерілуімен тікелей байланысты болды. 

Сырдың төменгі ағысымен Арал теңізіне дейін, Үстірт арқылы Батыс Қазақстан өлкесіне дейін тараған медреселер мәдениеті Қазан хандығы тұсында татар жұртына да кеңінен тарады.

Қазақ жеріндегі дін ғұламаларының Орта Азияның басқа да қалаларымен, Иран өлкесі мен араб жеріндегі іргелі ғылым орталықтарымен  таныс болғаны, Йасауи хикметтерінде айтылғандай, «Қорасан, Шам, Иракқа сапар шегіп», ілім алмасып, тәжірибе жаңғыртып, рухани байланыста дамығаны белгілі.

Осы орнықты әрі жан-жақты діни білім жүйесінің қазақ даласында Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесінің қалыптасуына шешуші әсер еткені анық. Саналы ғұмырын араб жерінде өткізгенімен әл-Фараби түркі топырағының түлегі, сол топырақта дүниеге келген ілімдердің дамытушысы болып табылады. Атақты Отырар кітапханасы орнаған өңірде туып-өскен ғалымның барлық рухани және дүнияуи ілімдердің бастауынан туған өлкесінде сусындағаны, негізгі  көзқарастарын өз отанында қалыптастырғаны анық. Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «хикма иләһийа» – «иләһи хикмет», «тәңірлік даналық» ілімінің негізін салды.

 Бұл ілім өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құт әкелуші білім» («Құтты білік») деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілімі» деген атпен дамытты. Бұл ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің «Диуани хикмет», «Мират-ул қулуб», «Пақырнама», «Рисала-и дәр әдәби тариқат» еңбектерінде көрініс тапты. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық қаламгерлер (ақындар мен шежірешілер) туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін ең алдымен ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншіден ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, ары қарай дамыту принциптері құрады.

Атап айту керек, шариғат ілімдерін терең игертуге бағытталған дәстүрлі медреселер жүйесімен қатар діни білімді рухани тәжірибемен ұштастыруды, рухани кемелденуді мақсат еткен тариқат ұстаздары қалыптастырған рибат, текке, құжыра, забия, ханака секілді білім ордалары орта ғасырларда қазақ жерінде кеңінен тарады. Медреселер нақты мамандандыру жүйесі болса, аталған рухани білім ордалары рухты кемелдендіру жүйесі ретінде қызмет етті.

«Ислам дінін қазақ даласына таратып, орнықтыруда оқу, ағарту ісімен де айналысып, қарапайым халықтың көзін ашып, ізгілік пен игілікке, тақуалық пен имандылыққа тәрбиелеуде қожалар мен сунақтар және Қожа Ахмет Йасауи ілімін ұстанған сопылар орасан зор роль атқарды» деп жазады шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі.

Монғол шапқыншылығынан кейін Ұлы Жібек жолы бойындағы көптеген қалалардың тіршілігін тоқтатқаны белгілі. Қалалардың ендігі бір бөлігі бастапқы қарқынымен біршама уақыт өмір сүріп келгенімен, бұрынғы гүлдену кезеңіне қайта көтеріле алмады. Қазіргі Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесінің тоқырауына осы тарихи дәуір тікелей әсер етті.

Дегенмен еліміздегі діни білім беру жүйесі тоқтап қалған жоқ, ғасырлар бойы нақты тарихи ахуалға орай өзгерістерге ұшырап, оңтайлы үлгілерде дамып отырды. Рухани ілімге деген халық сұранысы қазақ жерінде діни білім беру жүйесінің жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілерін қалыптастырды. Соның ішінде ірі қалаларда жалғасын тапқан медреселер қызметімен қатар көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарағанын атап айту қажет. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жағдайлы отбасылар жалдаған молдалар қазақ балаларының хат танып, сауат ашуына ықпалын тигізді. Қазақ меценаттарының көмегімен ел ішіндегі діни білімді рухани тұлғалар да өз жүйесімен бала оқыту арқылы халықтың діни сауатын көтерді.

Осындай рухани қайраткерлердің күш-жігерімен бертінде Сыр бойында атақты ахундар мектебі қалыптасты. Бір ғана Алдашбай ахунның мектебінде 2000-ға жуық қазақ балалары білім алғаны туралы деректер сақталған. Түркістан өңірінің рухани тәлімін жалғастырып, Маңғыстау ахундары мектебінің қалыптасуы, Қостанай өңірінде дүниеге келіп, Сыр бойында дін ілімін таратқан Марал ишанның қайраткерлігі, көкшетаулық Науан хазіреттің орыс отарлау саясатына қарсы бар қазақтың рухани көсемі ретінде қарсы шығуы, Қызылорда өңірінен шыққан Ахмет ишанның Бұхарада ілім алып, Ақмола, Торғай, Жезқазған өңірлерінде қызмет етуі, Мүсірәлі сұпының үш жүздің пірі атануы секілді рухани оқиғалар қазақ мәдениетінің біртұтас діни ілімдер мен дәстүрлер аясында дамығанының айғағы болып табылады. Қазақ даласынан шығып, Бұхара, Самарқанд медреселерінде білім алған көптеген рухани тұлғалар ел ішіне оралып, туған халқының дін дүниесіне қызмет етті.

«Түркістан» халықаралық энциклопедиясында (Алматы, 2010) ортағасырлық медреселердің оқу жүйесі жайында мынадай мәліметтер келтіріледі: «Медреселер өзінің білім беру жәрежесіне қарай төрт сатыға бөлінді: 1. Ибтидаия (бастауыш медресе), оқу мерзімі –  4 жыл; 2. Рушдия, оқу мерзімі – 3 жыл; 3. Иғдадия (жоғары оқуға дайындық), оқу мерзімі – 3 жыл; 4. Ғалия (жоғары білім), оқу мерзімі – 3 жыл. Ғалияны бітірген шәкірттерге «абыз», «молда», «халфе», «мударрис» деген атақ беріледі. Медреселерде жалпы оқу мерзімі 12-13 жылға созылады.

Оқу пәндері медреселердің сатысына байланысты белгіленеді. Жоғары білім беретін медреселерде арабшалық (лексика, этимология, синтаксис, риторика тарих, Құранды оқу-игеру әдісі, ғұламалар бахасы); дін үйрену, заңнама (Құранды, оның аяттарын, хадистерді талдау, фикх, заң негіздері); фәлсафа (логика, математика, география, астрономия, медицина, табиғаттану, ой талдау фәлсафасы) оқытылады. Медреселердің бағдарламасында діни оқу жағы басым болады».

Қазақ даласындағы рухани білім кеңістігінің бірегейлігін қамтамасыз еткен көзге көрінбейтін факторлардың ең негізгілері – халықтық рухани мұралар болды. Қазақ халқының дүниетанымы, діни көзқарастары, ұлттың рухани құндылықтары ауыз әдебиеті шығармаларында көрініс тапты. Діни тақырыпқа арналған қисса-дастандардан ислам дінінің негізгі қағидалары, танымал тұлғалары, шариғат заңдары жайлы мол мәлімет алуға болатын.  Есепсіз көп мұндай туындылар көпшілікке арналған діни оқулықтың ролін қоса атқарып, қазақ мұсылмандығын қалыптастырудың, діни сауатын көтерудің теңдессіз құралына айналды.

2. ХІХ-ХХ ғасырлар.

Қазақстанның Ресейге қосылуы қазақ жеріндегі діни білім беру жүйесіне өзіндік өзгерістер әкелді. Орыс отарлау саясатының бір бөлігі болып табылатын татар молдалары арқылы қазақтарға діни білім беру әрекеттері қазақ халқын бағынышты, бодан етіп тәрбиелеу ниетінен туындағаны белгілі. ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін осы үрдіс белең алып келді. Осы кезеңге дейін қазақ даласындағы білім жүйесі бірыңғай діни сипатта болды.

ХІХ ғасырдың өн бойында қазақ жерінде Созақ («Баб ата»), Қызылорда («Қалжан ахун», «Мырзабай ахун»), Талдықорған («Мамания»), Алматы («Қорам»), Тараз («Әбдіқадыр»),  Сырымбет (Айғаным медресесі), Бөкей ордасы («Орда»), Семей («Ахмет Риза», «Аякөз», «Сары Хисмат»), Орал («Мутыгия», «Рахибия», «Бузуов»), Жезқазған («Дулығалы»), Торғай («Тұз»), Орда («Аққойлы»), Шаян («Аппақ ишан»), Түркістан, Қарнақ («Халфе», «Шамухамед ишан», «Молда Хашыр дамолла», «Әбілхайыр қазы»), Ақтөбе, Ырғыз, Лепсі, Мерке, Қостанай өңірлерінде медреселер көптеп бой көтерді. Бұл медреселердің кейбірі жәдидшілік ағымы негізінде жаңашыл жүйеде қалыптасқан татар-башқұрт медреселері әсерімен салынды. «Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясында (Алматы, 2005): «1984 жылы Торғай облысында 59 медресе болды, бұларда 457 бала оқыды. 1986 жылы Ақмола облысында 13 медресе болды, бұларда 970 бала тағылым алды. Ақмола аймағында 1923 жылы 42 медресе қызмет етті» деген мәліметтер бар.

Қазақ зиялыларының үлкен шоғыры аталған медреселерде діни білім алды. Ұлтымыздың ағартушы ғалымдарына айналған осы зиялылардың бір бөлігі  Орынбордағы «Хусайния», Уфадағы «Ғалия», Троицкідегі «Расулия» медреселерінде оқып, жәдидшілік идеяларымен жете танысты. Бұл өз кезегінде ХХ ғасыр басында қазақ жеріндегі медреселерде жәдид үлгісі мен төте жазудың кеңінен қолданылуына негіз қалады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап «татарландырудан» гөрі «орыстандыру» саясатының тиімділігін түсінген Ресей билігі жаңа үлгідегі мектептер қалыптастыру арқылы отарлау саясатын жаңа әдіспен жүргізуге көшті. Мұндай мектептердің мақсаты қазақ халқын орыстандыру және христиандандыру идеяларын жүзеге асыру болды. Ізгі идеяларға алданып, халқын сауаттандыруды мақсат етіп, аралас мектептер ашқан Ы.Алтынсарин сияқты қазақ зиялылары өз кезегінде қазақ мектептеріне христиан діні пәндерін енгізуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Қазақ әліпбиін араб әріптері негізінде жаңарту идеясы Ы.Алтынсариннен басталып, А.Байтұрсыновтың «Төте жазу» әліппесіне жалғасты.

Орыс-қазақ аралас мектептері Бөкей ордасында да көптеп ашылған. «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясындағы мәліметтерге сүйенсек, 1845 жылы Бөкей ордасындағы мұсылман мектептері мен медреселерінің саны 38-ге жеткен. 2 сыныптық және 4 сыныптық училищелер, бастауыш орыс мектебі, 2 діни мектеп жұмыс істеген. 

1861 жылдан басталған Ресейдегі білім беру жүйесінің реформасы христиан шіркеулері тарапынан «христиандық ағарту» жұмыстарының белсенді түрде жүргізілуіне алып келді. Қазақ даласына қоныс аударушылардың келуімен қалыптаса бастаған христиан шіркеулері де бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Солтүстік Қазақстанда құрылған «Братство святого Гурия», Орынбордағы «Михаило-архангельское общество» қоғамдары христиандық ағарту ісін тек орыс ұлты арасында ғана емес, қазақ арасында да жүргізуге күш салды.

1880-жылдары Ресей жерінде шіркеулік приход мектептері күрт көбейе бастады. Олар кедей отбасылары балаларының білім алуына арналып, мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Бұл мектептерде оқу мерзімі 2 жыл болып белгіленді. Оларда Құдай заңдары, шіркеу әні, оқу, шіркеу славян тілі, арифметика секілді пәндер оқытылды. Қазақстанда да ресейлік мектептердің осы түрі кеңінен таралды. 1909 жылы бір ғана Ақмола өңірінде келушілер есебінен қаржыландырылған 152 шіркеулік приход мектебі болғаны жөнінде деректер бар.

3. Кеңестік кезең.

1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі діни білім жүйесінің жалпы көрінісі осы сипатта болды. Ал дінді «апиын» деп жариялаған Кеңес одағының атеистік билігі дінге де, діни білім жүйесіне де тыйым салғаны таяу тарихтан белгілі. Әртүрлі айып тағып, ұлт зиялыларын, байлар мен молдаларды қуғындаудың сан түрлі тәсілін тапқан кеңестік билік тұсында діни білім берудің жасырын түрлері дамыды. Орталық Азияда, қазақ даласында ғасырлар бойы жалғасып келген тариқаттар дәстүрі бұл кезеңде де үзілмеді. Шәкірттерді жекелеп түн мезгілінде оқыту, күндізгі шаруашылық жұмыстары барысында сұхбат арқылы білімімен бөлісу діни білім берудің бірден-бір мүмкін түріне айналды. Бұл үрдіс, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан өңірінде дамыды. Діни ағартудың бұл түріне тосқауыл қою үшін кеңестік билік өкілдері діни сауатты ишандар мен молдаларды барынша аңдуға алып, үстеме салық салу, мал-мүлкін тәркілеу, жер аудару шараларына дейін қолданған.

1941 жылы басталған екінші дүниежүзілік соғыс ішкі рухани дағдарыстары шегіне жеткен Кеңестер Одағына оңайға соқпады. Соғыстың алғашқы жылдарындағы үздіксіз жеңілістер ішкі ахуалды ширықтыра түсті. Өтпелі құндылықтардың халықтың рухын көтеруге қауқарсыз екендігін мойындаған кеңестік билік мәңгілік құндылықтарды қайта жаңғыртып, ел рухын көтеру, отан қорғауға жігерлендіру үшін дінге ерік беруге мәжбүр болды. 1941 жылы Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы (САДУМ) құрылды. Қазақстан аталған діни басқарма құрамына қазият ретінде енді. Бұл қазақ дін зиялыларының азды-көпті ашық жұмыс жүргізіп, діни еңбектер жазуына мүмкіндік берді. Әсіресе, көрнекті дін ғалымы, 20 жыл бойы (1952-1972ж.ж.) Қазақстанның қазиы қызметін атқарған Сәдуақас Ғылманидің терең әрі мазмұнды діни зерттеулері дін ғылымының сан саласын қамтуымен ерекшеленді. С.Ғылманидің «Дін педагогикасы», «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы», «Рисала Уасатыйиа», «Махмуд Шалтут тафсирінің аудармасы» еңбектері мен ақида (сенім негіздері) саласындағы жазбалары тұтас бір тарихи дәуірдің діни пайымдауларын қорытқан жүйелі ізденістердің жемісі болды.

Ресми ислам өкілдерінің өз қызметін жүзеге асыруына белгілі бір дәрежеде мүмкіндік берген кеңестік билік органдарының тариқат өкілдеріне қатысты басқаша саясат ұстанды. Олар өз кезегінде ресми ислам өкілдерінің көзқарас-ұстанымдарын тариқатшыларға қарсы пайдаланып, олардың арақатынасын үнемі назарда ұстаған. Мұрағат деректерінде сақталған Қазақ КСР Дін істері кеңесінің қызметхаттарының біріндегі тариқат жолына түсіп, мүрид тәрбиелеушілердің іс-әрекетіне айрықша назар аударылуы қажеттігін баса ескерткен нұсқауда: «Тариқат, яғни суфизм ағымы Орта Азия мұсылмандарының дінбасы муфтиі Ишан Бабахан тарапынан ерекше фатуалармен айыпталғанын сіздің есіңізге саламыз» делінеді. Сонымен бірге «кезбе» (ресми тіркелмеген) молдаларға қатысты барлық құжаттарда дерлік олардың іс-әрекеттерінің САДУМ тарапынан қаншалықты мақұлданатыны немесе терістелетіні үнемі ескертіліп отырған.

Кеңестік билік тұсында қазақ жерінде діни білім жандана қойған жоқ. 1971 жылы Өзбекстан астанасында Имам Бұхари атындағы Ислам институты құрылды. Кеңес одағы көлеміндегі бірден бір исламдық оқу орны саналатын осы институттан қазақ халқының бірқатар тұлғалары білім алды. Қазақ дін зиялыларының кеңестік кезең тұсындағы қызметі ғұрыптық рәсімдерді атқару, діни мерекелерді өткізу секілді шаралармен шектелді.

Кеңестік кезең саясаты Қазақстандағы барлық діндердің қызметіне шектеу қойды. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін де діни ғибадат ғимараттарының салынуы барынша шектелді. 1960-1980 жылдар аралығында 28 мұсылман мешіті ғана жұмыс істеді. Тек тәуелсіздік қарсаңында ғана олардың саны 68-ге жетті.

Осындай ахуал Орыс православ шіркеуіне де тән болды. 1920-1930 жылдары Ресейде бұл тұста көптеген православ дін қызметкерлері қудаланып, ату жазасына кесіліп жатты. Қазақ жері православ дін қызметкерлерінің жер аударылатын мекеніне айналды. 1945 жылы алғаш рет Алматы және Қазақстан епархиясы құрылды. Бірақ дін қызметкерлерін қудалау әрекеттері тоқтала қойған жоқ. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде 55 приходтың жұмыс істегендігі туралы мәлімет тіркелген.

1917 жылғы есеп бойынша 6 000 католик дінін ұстанушы және олардың 8 ғибадат үйі тіркелген. Олар негізінен Қостанай өңірінде құрылды. Петропавлда Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңнен келе жатқа католиктік шіркеу жұмыс атқарған. 1979  жылы Целиноградта католиктік діни бірлестік тіркелді.

ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы сталиндік репрессия салдарынан қазақ жеріне протестант сенімін ұстанушы халықтар, әсіресе немістер көптеп жер аударылды. Бір ғана Еділ бойынан елімізге 360 000 неміс ұлтының өкілдері жер аударылған. 1950-жылдары елімізде лютеран шіркеуінің, інжілдік христиан-баптистердің, адвентистер мен  меннониттердің қауымдары қызмет ете бастады. 1955 жылы Целиноградта алғашқы лютеран шіркеуі тіркелген. 1990-жылдары інжілдік христиан-баптистер қауымының саны  109-ға жеткен.

Иудей дінін ұстанатын еврей қауымының ахуалы да осы тектес болды. Олардың Қазақстанға жаппай жер аударылуы ХХ ғасырдың 30-40-жылдарына сәйкес келеді. Қазақстандағы алғашқы синагога 1913  жылы Семейде салынып, 1932  жылға дейін жұмыс істеген.

Аталған діндерге қатысты діни білім беру орындары тәуелсіздікке дейін тіркелмеген. Діни ағарту жұмыстары негізінен ғибадат ғимараттарында өткізілетін діни рәсімдер және уағыздармен шектелді.

 

4. Тәуелсіздік кезеңі.

Қазақстандағы ислами білім беру жүйесі кеңестік кезеңде өзінің дәстүрлі арнасынан қол үзіп қалғаны белгілі. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде бұл сала қайта жанданды.

1991 жылдан басталған жаңғыру үдерістерінің нәтижесінде ел аумағында көптеген діни білім беру ұйымдары (ДББҰ) ашыла бастады. Бұған 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы тікелей әсер етті. ДББҰ қатарында ислам, православие, католик, інжілдік христиан-баптистер, т.б. конфессиялардың діни бірлестіктеріне қарасты оқу орындары болды.

2011 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша елімізде діни бірлестік нысанындағы 29 ДББҰ тіркелген. Аталған мекемелер заңды тұлға ретінде тіркеуден өтетіндіктен олардың есебін ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық қызмет көрсету комитеті жүргізген. Дегенмен ДББҰ-ның дербес базасы жасақталмағандықтан және оларға қатысты мәліметтер тіркелген заңды тұлғалардың жалпы базасынан алынып отыратындықтан, есептерде бірізділік болмай, 2009-2011 жылдары ДББҰ саны 27-31 аралығында ауытқып отырды.

Сонымен қатар аталған база тұрақты түрде жаңартылып тұрмағандықтан, оның есебінде тіркелген, бірақ нақты қызмет атқармайтын немесе түрлі себептермен қызметін тоқтатқан ДББҰ едәуір болатын.

2011 жылдың 11 қазанында қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»  заңы ДББҰ қызметіне елеулі өзгеріс әкелді.  Аталған заңның 13-бабының 3-тармағына сәйкес діни білім беру ұйымдарын тек республикалық діни бірлестіктер мен өңірлік діни бірлестіктер ғана құра алатын болды. Заң бойынша мұндай ұйымдардың діни қызметшілер даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында құрылуы көзделді. Осы нормаға сәйкес 2012 жылы жүргізілген діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерістері негізінде бұған дейін діни бірлестік ретінде қызмет атқарып келген діни оқу орындары таратылып, олардың 13-і республикалық діни бірлестіктер құрамындағы оқу мекемелері ретінде қайта құрылды.

2013 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша елімізде «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігіне (ҚМДБ) қарасты 9 медресе, республикалық Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты, «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы, «Ықылас» қарилар дайындау орталығы секілді 12 ДББҰ қызмет атқарады. Сонымен қатар католиктік конфессияға тиесілі «Мария-ана шіркеуі» Епархияаралық жоғары діни семинариясы өз қызметін жалғастыруда.

Исламдық оқу орындары. Исламдық білім беру жүйесінің жолға қойылуында ҚМДБ шешуші роль атқарды. Қазір еліміздегі ислами білім беру жүйесі бес деңгейде қызмет атқарады:

1. Діни сауат ашу курстары

2. Қарилар дайындау орталықтары.

3. Медреселер.

4. Білім жетілдіру институты.

5. Университет.

  Діни сауат ашу курстары. Еліміздегі көптегеноблыстық, аудандық, қалалық мешіттер жанынан көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар ҚМДБ-ның қолдауымен мектеп жасындағы балалар үшін жыл сайын жазғы діни сауат ашу курстары ұйымдастырылып, жұмыс жүргізуде.2013 жылдың І тоқсанындағы есеп бойыншаисламдық сауат ашу курстарының саны – 334, білім алушылар саны – 5789.

  Ислами білім берудің бастауыш деңгейі – діни сауат ашу курстары жетілдіру мақсатындағы бірқатар өзгерістерді қажет етеді. Өйткені діни сауат ашу курстары көпшілік арасындағы ислами ағартушылық жұмыстарын жүйелі түрде және кең көлемде жетілдіруге  мүмкіндік беретін басты тетік болып табылады. Бірақ діни сауат ашу курстарының басы кемшіліктерінің бірі – шәкірттерге ешқандай жауапкершілік жүктемейтіні, сондықтан курс шәкірттерінің оқу үдерісін кез келген уақытта үзіп, тастап кетуі жиі кездеседі. Нәтижесінде діни сауат ашу курстарына түскен шәкірттер саны мен бітірушілер саны арасында үлкен айырмашылық пайда болады. Астана медресесі ұстаздарының мәлімдеуінше, Құран оқу курстарына жазылған жүздеген шәкірттен тек бірнешеуі ғана курсты толық бітіріп шығады. Бұл жағдай оқытушылардың білім беруге деген ынтасына кері әсер етеді әрі сырт көпшілік тарапынан діни сауат ашу курстарында берілетін білімнің сапасына күмән туғызады. Сондықтан аталмыш діни сауат ашу курстарының бағдарламаларын жетілдіріп, діни мектептерге айналдыру мәселесін қолға алу қажет. Мұндай діни мектептерді бітірушілерге бастауыш діни білім алғандығы жөнінде сертификаттар берілуге тиіс. Бұл бастауыш діни білімнің деңгейін көтеріп, анағұрлым кең көлемде жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді, жүргізілген жұмыстардың жемісті, нәтижелі болуына үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар діни сауат ашу курстарында емес, діни мектеп деңгейінде оқу дәріс алушылардың да ықыласы мен жауапкершілігін арттырады, болашақта діни қызмет атқару немесе діни оқуын жалғастыру мүмкіндіктерін ұлғайтады.

  Қарилар дайындау орталықтары. Республика көлемінде2010 жылдың желтоқсан айында Ақмола облысы, Қосшы елді мекенінде ашылған  «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігіне қарасты «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» Құран қариларын дайындау орталығы» және Шымкент қаласында 2013 жылы тіркеліп, іске қосылған «Ықылас» қарилар дайындау орталығы» жеке мекемелері қызмет атқаруда. Орталықтардың мамандану бағытына сәйкес Құран, Құран тәпсірі, тәжуид, ақида, хадис секілді пәндер оқытылады. Орталықтарда білім алатын шәкірттердің жалпы саны – 161.

«Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» Құран қариларын дайындау орталығында» оқу уақыты академиялық сағатқа сәйкес 45 минут болып белгіленген. Орталықтағы шәкірттер жас ерекшелігіне және Құранды игеру дәрежелеріне қарай 4 топқа бөлініп оқытылады. Мектеп жасындағы балалардың барлығы жақын орналасқан «Қосшы» ауылдық орта мектебінде оқиды. Балалардың зайырлы білімін жүйелі түрде алуы тәрбиешілер тарапынан қатаң қадағаланады.

Дегенмен шәкірттердің ой-өрісін кеңейтуіне, бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасалмаған. Әдеби кітаптарды, балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық әдебиеттерді оқу жағы жетіспейді. Компьютер бөлмесі, спорт залы іске қосылмаған, тәлімгерлік дәрістер ұйымдастыру ісі қолға алынбаған. Аталған бағыттарда нақты шараларды атқару орталық жұмысын еліміздің заңнамаларында көзделген білім беру талаптарында сәйкестендіруге және шәкірттердің бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты болып қалыптасуына игі әсерін тигізбек.

  Медреселер. ҚМДБ құрамындағы Арнаулы орта және кәсіптік білім беретін мекемелер санатындағы 9 медресе Астана, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған, Тараз өңірлерінде 2007 жылдан бастап ашылған. Барлық медреселердің діни білім беретін оқу бағдарламалары бойынша қызмет жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиялары бар. Медреселер ҚР Әділет министрлігінде тіркелген, ҚР Қаржы министрлігінен Салық төлеуші куәлігін алған. Медреселердің Жарғылары, статистикалық карточкалары, т.б. құжаттары толық. Білім беру қызметін ұйымдастыруы Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкес жүргізіледі.

  Барлық медреселер «Діни қызметкерлер үшін білім беру бағдарламасына қойылатын талаптар» мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес қызмет атқарады. 0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің эксперименттік оқу жоспарлары бекітілген. Мәдени шаралар мен тәрбие ісінің жоспарлары барлық оқу орындарында жасалған.

  Медреселерде негізінен жоғары діни білім алған отандық мамандар қызмет етеді. Оқытушылардың көпшілігі «Нұр-Мүбарак» университетінің, Халықаралық Қазақ-Араб университетінің, Ташкент ислам институтының, Ташкент ислам университетінің түлектері. Сонымен қатар медресе лер құрылтайшысы болып табылатын ҚМДБ мен Мысыр елінің «әл-Әзһар» университетінің арасындағы келісімшарт негізінде келген араб оқытушылар және «2030 Қазақ-түрік жастарын қолдау қорының» қызметкерлері болып табылатын түрік ұстаздар жекелеген медреселерде қызмет атқаруда.

  Ұстаздардың базалық білімі, мамандану деңгейі орта діни оқу орны, яғни медресе оқытушысына қойылатын жүйелі діни білім беру талаптарына сай, алған мамандықтары оқытатын пәндеріне сәйкес келеді. Әрбір оқытушының өз пәндеріне арналған жұмысшы оқу бағдарламасы, дербес жұмыс жоспарлары жасалған. Штаттық жылдық оқу жүктемелері медресенің оқу бөлімі тарапынан бекітілген.

  Медреселер оқытушылары ҚМДБ-на қарасты діни бірлестіктермен, яғни мешіттермен тұрақты байланыс жасайды. Мешіттерінің бас имамы, наиб-имамы қызметін атқаратын оқытушылар да бар. Астана және Шымкент медреселеріне «2030 Қазақ-түрік жастарын қолдау қоры» тарапынан демеушілік көмек беріледі. Бірқатар медреселер өздері орналасқан қаладағы орталық мешіттердің Қор қаржысы есебінен қамтамасыз етіледі. Жергілікті жеке кәсіпкерлер қаржыландыратын медреселер де бар.

  Медреселердің оқыту жоспарына мемлекеттік стандартқа сәйкес зайырлы пәндер енгізілген. Оқытылатын барлық оқулықтар, әдебиеттер мен оқу бағдарламасы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тарапынан бекітілген. Олар ханафи мазхабының ұстанымдарымен толық сәйкес келеді деп құпталған. «Ақида» пәнін жүргізу барысында Матуриди еңбектері негізге алынады. Өзге ақида өкілдерінің көзқарастары салыстырмалы түрде түсіндіріліп, матуриди ақидасынан ерекшеліктері көрсетіліп отырады.

  Фикһ пәнін оқытуда ханафи мазхабы өкілдерінің еңбектері мен осы бағыттағы жинақтар пайдаланылады. Бірақ бұл тақырыптағы еңбектердің дені араб тілінде. Ханафи мазхабының тарихы мен теориясына, ақида мәселелеріне арналған отандық оқулықтар мен әдебиеттер өте аз. Пәндерді оқыту әдістемесі көбіне ауызша түсіндіруге сүйенеді. Фикһ саласындағы жекелеген кітаптар сабақ барысында араб тілінен ауызша аударылып оқытылады.

  Медреселердің кітапхана қорларында тіркелген әдебиеттер қазақ, араб, орыс, түрік және өзбек тілдерінде. Кітапханалар қорының жартысынан көбін Құран, тәпсір және фиқһ кітаптары құрайды. Негізінен араб тілінде болғандықтан бұл әдебиеттерді оқу үдерісінде пайдалану қиын. Өйткені оларды игеруге шәкірттердің уақыты жоқ және біліктілігі де жетпейді.

     Барлық медреселер жатақхана, асхана, оқу залдарымен қамтылған. Компьютер бөлмесі мен интернет желісі, медициналық пункттер жұмыс істейді. Жекелеген медреселерде спорт залдары жоқ, оларда дене шынықтыру пәндері көрші орналасқан мектептердің ауласында немесе спорт залдарында өткізіледі. Медреселердіңғаламтор желісінде сайттары мен арнаулы беттері бар. «Әбу Бәкір Сыддық» (Павлодар) медресесі жеке газет шығарып тұрады, ол шәкірттерге және «Әбу Бәкір Сыддық» мешітіне келушілерге тегін таратылады.

  Спорттық және мерекелік мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады. Дегенмен шәкірттердің уақытының негізгі бөлігі оқу пәндерін игеруге, әсіресе, Құран жаттау мен араб тілін меңгеруге жұмсалады. 2013 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша Қазақстан медреселерінде 710 шәкірт білім алуда.

  Медреселер кітапханасындағы қазақ тіліндегі оқулықтар санының аздығы, оларды аудару жұмыстарының тиісті деңгейде қолға алынбауы, кітап қорын толықтырудың жүйелі жоспары болмауы, әдеби, тарихи кітаптардың, гуманитарлық-жаратылыстану пәндері оқулықтарының жетіспеушілігі, ақпараттық-танымдық маңызы зор мерзімді басылымдарды кітапханалар қорына жаздырып алу жұмысының кемшіндігі ДББҰ-ның басым көпшілігіне тән олқылықтар болып табылады. 

Медреселердің оқу бағдарламасын жаңартып, заман талабына сай жаңа діни ағымдар, дәстүрлі ислам, салыстырмалы дінтану, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар секілді арнайы курстар немесе қосымша пәндер енгізу қажет. Медреселердегі жалпыға бірдей зайырлы оқу пәндерін жүргізуді мемлекет тарапынан қамтамасыз етуге, медреселер ұстаздарының зайырлы білімін жетілдіру бағытында жоғарғы оқу орындарында арнайы курстарды ұйымдастыруға қолдау көрсету жөнінде құзырлы органдарға ұсыныс беріп, ынтымақтастық шараларын қарастырған жөн. Сонымен қатар медреселер мен зайырлы жоғарғы оқу орындары арасындағы байланыстарды тереңдетіп, бірлескен мәдени-танымдық шаралар мен пікірсайыстар ұйымдастыру, ғылыми жобаларды жүзеге асыру медреселер шәкірттерінің зияткерлік (интеллектуалдық) деңгейін арттыруға септігін тигізері анық.

Арнаулы орта діни білім жүйесіне құрылымдық өзгерістер енгізудің де тиімді тетіктерін қарастырған жөн. Мысалы, медресеге орталау білімі жөніндегі аттестатпен қабылдау, яғни 9-сыныпты бітіргеннен кейін діни білімді игеруге мүмкіндік беру білім алушылар үшін белгілі бір дәрежеде тиімді болмақ. Бұл орта мектепті бітіргеннен кейін ғана қабылданатын қазіргі  медресе шәкіртінің екі жыл уақытын үнемдеуге, жоғары исламдық білім алуға кәсіби дайындықпен ертерек қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өзге зайырлы елдердің діни білім беру тәжірибесінен де үйренуге болатын тұстар бар. Мысалы, Түркиядағы Имам хатиб лицейлерінде 9-сыныптан бастап діни білім мен зайырлы білімді қатар алуға мүмкіндік берілген. Бұл жүйенің тиімді тұстары төмендегідей: 1. Мектеп оқушысы 10-11 сыныптағы қалыптасу кезеңінде орнықты діни білім алады, оның болашақта күмәнді діни ағымға ауытқымауына берік негіз қаланады; 2. Арнайы діни білім алу үшін өмірінің екі-үш жылдық кезеңін жоғалтпайды; 3. Болашақта дін саласына маманданғысы келсе, жоғары оқу орнында қысқартылған бағдарламамен оқуға мүмкіндігі болады; 4. Біздің еліміздің жағдайында мұндай жүйеде білім алғандар белгілі бір кезеңге дейін дін мамандарының орнын толтыра алады.

  Білім жетілдіру институты. ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты ҚМДБ  бастамасымен және Ислам даму банкінің қаржылық қолдауымен 2002 жылы ашылған. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде №474 1900 ДБ тіркеу нөмірі бойынша «Жоғары мамандық білім мекемесі» ретінде тіркелген. Институттың Жарғысы және басқа да құрылтай құжаттары толық бекітілген.

  Институттың негізгі мақсаты имамдардың білімін жетілдіру болып табылады. Оқу үдерісі төрт айға созылатын курстар бойынша жүргізіледі. Курстар қыркүйек – қаңтар, қаңтар – мамыр айлары арасында жылына екі рет өтеді. Тыңдаушылардың көпшілігі 40 жастан асқандар. Институттың лицензиясы жоқ, өйткені бұл мекемедегі білім беру жүйесі қысқа мерзімді курстардан тұратындықтан, лицензиялауға жатпайды.

  Институт ашылғалы 23 топқа біріктірілген 900-ден астам тыңдаушы курсты бітірген. Тыңдаушылар – ҚМДБ құрамындағы мешіттердің қызметкерлері. Олар республиканың барлық аймағынан облыс имамдарының жолдамасымен жіберіледі. Курста қазір 36 тыңдаушы дәріс алуда.

  Институтта 2 штаттық, 7 қоса атқарушы оқытушы қызмет атқарады. ҚМДБ жолдамасымен Египет тарапынан 1 оқытушы араб тілі және Құран пәндерінен сабақ береді. Қоса атқарушы оқытушылар арасында «Қазақстан – 2030  қазақ-түрік жастарын қолдау» қоғамдық қорының 2 қызметкері  жұмыс істейді.

  Оқу үдерісі институт басшысы бекітіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісілген оқу жоспары негізінде дәстүрлі ханафи мазхабы бағытында жүргізіледі. Отандық дін саласының мамандары ислам дініне қатысты пәндерді дәстүрлі исламның доктриналық бағыты бойынша жүргізеді. Зайырлы қоғамдық пәндерден Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері өтіледі. Оқу орны басым бөлігі араб тіліндегі діни әдебиеттермен қамтамасыз етілген.

  «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті 2001 жылы Египет Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы келісімге сай құрылған. Университетке жалпы басшылық ететін және оның қызметін екі тараптан  үйлестіретін Қамқорлар кеңесінің құзіретіне қаржы, мәдени, білім беру саясатын қалыптастыру кіреді. Университеттің білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиясы бар (АБ сериялы №0137466, 2010 жылдың 29 қыркүйегінде берілген). Университетте берілетін мамандықтар ҚР жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарымен қамтамасыз етілген.

  ҚМДБ және ҚР Әділет министрлігі жанындағы бұрынғы Дін істері комитетінің төрағасы бекіткен жоғары кәсіптік білім (бакалавриат) бойынша исламтану мамандығының экспериментальды оқу стандарты, оқу жоспарлары бар. Оқу стандарты және оқу жоспарлары ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі  білім департаментімен келісілген. Университетте 2012-2014 жылдарға арналған стратегиялық бағдарлама әзірленген.

  Жоғары оқу орнының жылдық есебі ҚР Білім және ғылым министрлігіне жіберіліп отырады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 20 сәуіріндегі №152 бұйрығына сәйкес университетте оқу процесі кредиттік оқыту технологиясы бойынша ұйымдастырылған. Барлық оқу пәндері бойынша оқу жұмыс жоспары дайындалған. Студенттер білімін тексерудің ағымдық, аралық және қорытынды бақылаулар ұйымдастырылып, білім алушылар жетістігі балдық-рейтинг жүйе бойынша тексеріледі. Кредиттік оқыту жүйесін қамтамасыз ету мақсатында тіркеу процестерін басқарудың автоматтандырылған «Платон» жүйесі енгізілуде.

  «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде дәріс беретін 61 оқытушының 6-ы ғылым докторы, 11-і РһD доктор, 14-і ғылым кандидаты, яғни 50,8 % оқытушылар құрамының ғылыми дәрежесі бар. Оның 52-сі толық мөлшерлемемен қызмет атқарады. Қазақстан тарапынан 36 штаттық, 9 қоса атқарушы жұмыс істейді. Египет тарапынан 10 ғылым докторы, 7 оқытушы дәріс береді.

  Университет ұстаздарының басым бөлігі теологиялық білімін Қазақстан,  Египет және Түркия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарынан алған. Оқу үдерісінің бағыттылығы ханафи мазхабы бойынша жүреді. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы қажетті талаптарға сәйкес келеді. Университетте студенттерге арналған көпшілік кітапхана, электронды кітапхана, оқу залы, лингофон және компьютер кабинеттері жұмыс істейді.

  Кітапхана қоры бай, 203 мыңға жуық діни және зайырлы мазмұндағы әдебиеттер, оқулықтар мен ғылыми еңбектер жинақталған. Университет оқытушылары тарапынан дәстүрлі исламға тиесілі сенім (ақида) негіздеріне қатысты жекелеген кітаптар қазақ тіліне аударылған. Бірақ қазақ тіліндегі кітаптар саны араб тіліндегіден әлдеқайда аз. Мысалы, исламтану мамандығы бойынша оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттер бойынша кітап қорының жалпы саны – 59904. Оның ішінде 49163 кітап араб тілінде, 10741 кітап қазақ тілінде.

2011 жылдың 23 қарашасында университеттің Қазақстан және египет тараптарының өкілдерінен тұратын Қамқорлар кеңесінің 4-отырысы өткізілді. Отырыс хаттамасында университет атауын «Нұр» Қазақ-египет ислам университеті» деп өзгерту, университет құрылымына өзгерістер енгізіп, жаңа факультеттер құрып, тиісті кафедралар ашу, діни мамандықтар қатарын кеңейту мәселелері қарастырылды. Жоғары білімді дін мамандарын даярлауды жүзеге асыратын университетте «исламтану» мамандығы бойынша 436 студент білім алуда. 2013 жылы университетті «исламтану» мамандығы бойынша 58 бакалавр, 14 магистр бітіреді.

ҚР Дін істері агенттігінің атсалысуымен ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Нұр» Қазақ-египет ислам университетіне «исламтану» мамандығы бойынша 2011-2012 оқу жылына – 100 грант, 2012-2013 оқу жылына 100 грант бөлінді. 2013-2014 оқу жылында – 150 грант, 2014-2015 оқу жылында 200 грант бөлу жоспарланған.

Христиандық білім жүйесі. Елімізде қазір христиандық бағыттағы діни курстар ретінде құрылған бастауыш деңгейдегі жексенбілік мектептер мен бір ғана жоғарғы діни оқу орны нақты қызмет атқарады.

Жексенбілік мектептер.Ел аумағында көптеген христиандық діни бірлестіктерге қарасты жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Христиандық жексенбілік мектептердің жалпы саны – 66, білім алушылар саны – 1889.

Оның ішінде православие конфессиясына тән 47 жексенбілік мектепте 1214 адам білім алуда. Протестанттық бағыттағы 15 жексенбілік мектепте 575 білім алушы бар. Католик бағытындағы 4 жексенбілік мектепте оқитындар саны 100-ді құрайды.

Жоғарғы оқу орны. Елімізде қазір христиандық (католиктік) бағыттағы Орта Азия бойынша бірден-бір жоғарғы діни оқу орны – «Мария – Құдай Ана» жоғары діни семинариясы жұмыс істейді. Аталған ДББҰ 1998 жылы Қарағанды қаласында құрылған. Семинарияда оқу мерзімі – 8 жыл. Оқуға 18 бен 35 жас аралығындағы үйленбеген ер адамдар қабылданады. Қабылданушылардың кемінде орта білімі болуы, шоқынған болуы және христиандық өмір салтын ұстануы  шарт. Оқуға Қазақстан азаматтарымен қатар шетел азаматтары да қабылданады. Оқу үдерісінде 1 жыл – діни уағызды, 2 жыл – философияны, 4 жыл дін ілімін игеруге, соңғы 1 жыл тәжірибеге арналады.

Семинарияда діни пәндермен қатар зайырлы пәндер де оқытылады. Оқытушылар қатарында діни академиялық білім алған шетелдік дін қызметкерлері бар. Аталған ДББҰ-да қазір 11 семинарист білім алуда.

2010 жылы Алматы қаласында Қазақстандағы Орыс православ шіркеуіне қарасты Алматы Православ діни семинариясы құрылып, 2011 жылы қайта тіркеу үдерісі басталғанға дейін қызмет атқарды.  Аталған оқу орны қазір «Алматы епархиялық діни училищесі» ретінде  қайта тіркеу үдерісінен өтуде.

Еліміздегі христиандық ДББҰ-ның қызметі исламдық ДББҰ қызметімен салыстырғанда анағұрлым төмен. Бұл ел халқының басым көпшілігін мұсылмандар құрайтынымен, мемлекет құрушы қазақ ұлтының мұсылман ұлт болуымен, соның негізінде осы бағыттағы рухани сұраныстардың жоғары болуымен тікелей байланысты. Исламдық оқу орындары қазақ жерінде ертеден қалыптасқан мың жылдан аса тарихы бар медреселер дәстүрін жалғастыруда. Исламдық ДББҰ-ның ҚМДБ арқылы бір орталықтан басқарылуы олардың жұмысының серпін алуына мүмкіндік беріп отыр. Ел азаматтарының рухани сұраныстарын қанағаттандыруда, діни сауаттылығы мен білім деңгейін арттыруда, дәстүрлі діни түсініктер мен рухани құндылықтарды насихаттау арқылы Қазақстан қоғамының тұрақтылығын сақтауда исламдық діни білім беру ұйымдары қызметінің маңызы зор.

Қазақстандағы христиандық ДББҰ қызметінің салыстырмалы түрде алғанда төмен деңгейде болуы негізгі конфессиялық орталықтардың ел аумағынан тыс жерде орналасуымен, ұстанушыларының саны жөнінен салыстырмалы азшылықты құрайтындығымен байланысты деуге болады. Христиандық ДББҰ қызметі белсенділігінің біршама төмендеуі 2012 жылдың өн бойында жүргізілген діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісімен де байланысты болды. Бұрын діни бірлестік ретінде қызмет атқарып келген ДББҰ қызметі тоқтатылып, жаңа заң талабына сәйкес оқу мекемесі нысанында қайта құрылуы тиіс болатын. Мұндай мекемелерді тек өңірлік және республикалық діни бірлестіктер құра алатындықтан, аталған мәртебеге ие бола алмаған діни бірлестіктердің ДББҰ құру мүмкіндігі шектелді. Қазіргі христиандық ағартушылық қызмет негізінен жексенбілік мектептердің белсенділігімен сипатталады. Дегенмен соңғы кезеңде христиандық конфессиялар тарапынан ДББҰ қызметін жандандыру әрекеттері жасалуда.

5. Дінтанулық білім.

Қазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған жағымды әрі қажетті үрдістердің бірі дінтану мамандарын даярлау болып табылады. Дінтанушы мамандарды еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр» Қазақ-египет ислам университетінің дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды. Отандық жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған дінтанушылар ғылыми-педагогикалық, сарапшылық қызметке араласып, игі нәтижелерді көрсетіп келеді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Дінтану» мамандығына жыл сайын 60 мемлекеттік грант бөлінеді. Жекелеген оқу орындары өз гранттары арқылы дінтанушылардың белгілі бір бөлігінің ақысыз білім алуын қамтамасыз етеді. «Дінтану» мамандығы барлық оқу орнында мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес бекітілген бағдарлама бойынша жүреді. Дегенмен оқу үдерісінде басшылыққа алатын әдістемелік құралдардың әр алуан болуы және оқытушылардың дайындық деңгейінің әркелкілігі бірізділіктің болмауына алып келуде.

Үстіміздегі жылы дінтану мамандығы бойынша елімізде 145 бакалавр, 44 магистр бітіреді. Оларды қоспағанда алғашқы 3 курста 473 дінтанушы студент, магистратураның 1-курсында 72 магистрант білім алуда.

Еліміздің жоғары оқу орындарында «дінтану» мамандығы бойынша білікті мамандар дайындау үшін мемлекеттік білім тапсырысын бөлуді қарастыру барысында назар аударылатын мәселелер аз емес. Қазіргі грант мөлшерінің елімізді білікті дінтанушылармен қамтамасыз етуге аздық ететіні белгілі. Грант негізінде даярланған маманның оқу бітіргеннен кейін тапсырыс беруші мемлекетке өтем ретінде белгіленген орындарда қызмет атқаратыны мемлекеттік гранттың басты артықшылығы болып табылады. Осы орайда дінтану мамандығы бойынша мемлекеттік білім грантын 2-3 есеге дейін көбейту мүмкіндігін қарастыру орынды болмақ. Бұл мәселені болашақ дінтанушы маманға қай мекемелерде сұраныс бар екендігін зерделей отырып жүзеге асыру қажет. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дінтану магистранттары болашақта өндіріске жіберілетін бейіндік бағыт бойынша және ғылыми қызмет пен жоғарғы оқу орындарына оқытушылыққа жіберілетін ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша даярланады. Бұл тәжірибені жетілдіріп, дінтанушылар даярлайтын басқа да оқу орындарына енгізу оң нәтиже берері сөзсіз.

Сонымен қатар болашақ дінтану бакалаврларын жұмыспен қамту үшін оларды мамандандырудың жаңа тетіктерін қалыптастыру қажет. Елімізде дінтанушыларға деген үлкен сұраныс бар болғанымен, дайын кадрлық ресурсты, әсіресе, орта білім беру жүйесінде тиімді пайдалану мүмкіндігі шектеулі.

Қазір орта мектептегі дінтану пәні міндетті және баға қойылатын факультатив пәні ретінде бекітілгені белгілі. Дегенмен аталған пәннің сағат саны өзгеріссіз қалып отыр. Дінтану пәнінің апталық жүктемесі – 1 сағат, жылдық жүктемесі – 34 сағат. Ал орта мектеп мұғалімінің бір штаттық мөлшерлемесі бойынша бекітілген апталық жүктемесі – 18 сағат, жылдық жүктемесі – 612 сағат. Яғни дінтану пәнінің қазіргі сағат саны мектеп мұғалімінің 0,25 мөлшерлемесін де (мұндай мөлшерлемемен мұғалімнің жұмысқа алынуы мүмкін еместігін ескермегенде) құрай алмайды. Бұл жағдайда дінтанушы маман тек тоғыз бірдей параллель сынып оқитын мектепте ғана 0,5 жүктемемен жұмысқа қабылдануы мүмкін. Мұндай мектептер ел аумағында санаулы ғана. Сондықтан дінтанушы мамандардың орта мектепте қызмет атқарып, өз әлеуетін тиісті орнына пайдалануы үшін дінтану пәнінің сағат санын көбейту немесе оны 9-11 сыныптардың бағдарламаларына енгізу арқылы тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру мәселесін шешу қажет.

Дінтану пәнінің оқытылу аясын кеңейту еліміздегі қазіргі діни ахуал және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында да өте маңызды. Орта мектепте дінтану бағытында жүйелі әрі сапалы білімнің берілуі болашақта еліміздің ішкі тұрақтылығына септігін тигізетіні сөзсіз.  Сондықтан аталған пәннің сағат санын көбейту мәселесіне мүмкіндігінше тереңірек маңыз берген жөн.

Дінтанушы мамандарға қосымша мамандық беру мүмкіндігін қарастыру да осы мәселені шешудің екінші бір тетігі болмақ. Қазір орта мектептерде тәжірибе жүзінде дінтану пәнін тарихшылардың жүргізуі қалыптасқан. Осы жағдайды және аталған пәндердің салалық шектестігін ескере отырып, дінтанушыларға «дінтанушы-тарихшы» қос мамандығын беру мүмкіндігін қарастыру барлық жағынан тиімді болып табылатыны сөзсіз.

Сонымен қатар «дінтану» пәнінің орта мектептегі қолданыс аясын кеңейту үшін оны «дін тарихы» деген атпен жаңа пән ретінде қалыптастырып, сәйкес бағдарлама жасақтау мүмкіндіктерін де қарастырған жөн.

  Елімізде 2009 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи атындағы университетте «теология» мамандығы бойынша діни және дінтанулық салаларды астастырған жоғары білім беріле бастады. Бұл мамандықтың ерекшелігі дінді тек сырттай талдау, бағалау, пайымдау арқылы тану және танытумен шектелмей, діндердің ішкі болмысын зерделей оқытатын курстардың үлес салмағы басым болуында. Дін ұстанушының сана сезімінің динамикасын зерттейтін, түсіндіретін пәндер тағылымын тәжірибемен ұштастыруға, дінтану ғылымын өз кезегінде екінші бір шетін көзқарас болып табылатын атеизм ұстанымдарымен біржақты қаруландырудан сақ болуға мүмкіндік беретін аталған мамандықтың еліміздің діни және дінтанулық білім жүйесінде өзіндік орны болары сөзсіз. Қазіргі күні болашақ отандық теологтардың алғашқы буыны соңғы курста білім алуда.

  Отандық білім жүйесіндегі 2013 жылғы жаңалықтардық бірі «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану», «теология» және  «шығыстану» мамандықтарына грант бөлінгендігі болып отыр. Бұл қадам отандық мамандардың діни және дінтанулық білім саласындағы біліктілігін арттырып, әлемдік тәжірибемен жете танысуға септігін тигізері анық.

Қорыта айтқанда, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім бағыттылығы жөнінен бірізділендіруге, мазмұны тұрғысынан байытылуға тиіс. Дінтанулық білімнің динамикалылығын арттыру, қасаң көзқарастардан арылту, тәжірибелік курстар санын көбейту шараларын жүзеге асыру нәтижелі болмақ. Мектептегі «Дінтану негіздері» оқулығы да осындай толықтыруларға мұқтаж. Аталған пәнге бөлінген уақыт пен даярланған дінтанушы мамандар әлеуетін орынды пайдалану қажеттілігі мектеп қабырғасында өтілетін осы пәннің сағат санын көбейту шарасын жедел арада қолға алу қажеттігін көрсетеді.

Діни және дінтанулық білім базалық пәндері мен бағыттылығы жөнінен бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес  діни және дінтанулық білімнің өзара тиімді түрде игі мақсатқа қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн.

Әбдірәсілқызы Айнұр

ҚР ДІА Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану

сараптамасы басқармасының бастығы, филол. ғ. к.

 

 

 

 

Оқылды 8850 рет
JoomShaper
Top