Қағба көлеңкесінен айырылған күн (5 бөлім)

Бейсенбі, 02.10.2021

 Меккедегі бесінші күн немесе "мынау тұрған Меккеге, мың барам ғой, қаласам"

Енді жарты сағатта, Меккенің үстінен ұшып өтеміз. Иә, талайымызға бұл Тәңірдің тартуы. Бізден де тақуа мыңдаған адам елде қалды. Соларға қажылық жасау бақыты бұйырмапты.

Мың метр биіктікте имам осылай уағыз айтып, қажылыққа келе жатқан жұртты ұйытып отырған. Анадай жерде отырған, мес қарын бір кісі, ажырая бір қарады да:

- Мынау тұрған Мекке. Мың барам ғой, қаласам! Не болды сонша? Самолетпен ұшып келе салатын жерді сонша мақтап? - деп ұрсып берді.

Қажылар шулап кетті. Уағыз ұнамаса жайыңа отыр,-десті. Не керек, ұшағымыз Жидда қаласына келіп қонды. Елшіліктің адамдары қарсы алып, жарты сағатта автобус келерін айтты. Осы уақыт аралығында, Саудия елі жайлы, мұндағы жұрттың тыныс-тіршілігі хақында біраз тың деректер естідік. Бізге жол көрсетіп жүрген араб жігіт: - Жидда қаласы Қызыл теңіздің жағасында орналасқан шаһар.

Осылай деп, ГИД аузын жиып болғанша, ұшақта шу шығаратын ағамыз: - Теңіз жақын болса, шомылып қайтпаймыз ба,-демесі бар ма?! Ол кісі үшін, мен ұялып кеттім. Ағамыз, қажылыққа келгенін ұмытып кетті-ау деймін...

Араб жігітте, мұндайлардың талайын көрген пысық болып шықты. Сәл кідірді де, сөзін әрмен қарай жалғай түсті.

Бұл шаһардың тарихы өте қызық. ХVII ғасырда, Үндістанды жаулап алған португалдар, Қызыл теңізге қарақшы кемелерін көптеп жіберіп, мұсылмандардың сауда кемелеріне шабуылдай бастады. Қолға түскен араб тұтқындардан, Мекке қаласы һәм Медина шаһары жайлы естиді. Соңғысында пайғамбарымыздың денесі жатқанынан құлағдар болады. Португалия ол кезде – Исламның хас жауы еді. Испания жерінде Кородова халифатын талқандап, ондағы мұсылмандарды қырып жойғанда, осы мемлекет еді. Португалдар, мүминдердің қос жұлдызы, екі қаланы қирату керек деп шешім қабылдайды. Сөйтеді де, 2 мың кеменің желкенін керіп, осы Жидда қаласына дейін жетеді. Португалдардың табаны жерге тисе, таяқ тастам жерде Мекке, әудем жерде Медина жатыр,-еді. Олардың арманы орындалғандай еді. Сол замандарда, бұл араб жазирасы Мысырдағы Мамлюктердің билігіне бағынатын. Мамлюктер өздерінің туысы, сол жылдары құдіреті тасып тұрған Осман империясынан көмек сұрайды. Түріктер жедел жетіп, Жидда портында байлаулы тұрған бүкіл сауда кемелерін әскери кеме етіп, қайта құрайды. Бірақ, кеме саны бәрібір аз еді. Португалдар 2 мың желкенмен келсе, біздікілер бар-жоғы 300 кемемен қарсы шықты. Қарақшылар, егер мұсылмандардың флотилиясын талқандар болса, қос қаламызды қиратып, пайғамбарымыздың мүбарак денесін қазып алып, Лиссабонға әкетпек еді. Алла сақтады. Тең емес соғыста, біздің әскер жеңді.

Араб жігіт, талай қызықты айтып берді. Автобусымыз да келіп, бүкіл қажы сонда мініп, Меккеге қарай тартып кеттік. Лайбайка Аллаһума лабайк. Осыла дұғаны айтып, шаһар ішіне кірдік. Қала кіре берісіндегі «ONLY MUSLIM» деген жазуды көріп, жүрегім өрекпіп кетті. Мұсылман болғаныма қуандым. Не керек, қонақ үйге де жайғастық. Әлгі, мес қарын, бизнесмен ағам, менімен бөлмелес болды. Заттарымызды қойып, дәретімізді жаңартып, Әл-Харамға шыға бергенім сол еді. Жанымдағы көршім баж ете қалды.

– Ішім ойбай. Ішім бүріп барады,-деп туалетке қарай жүгірсін. Жарты сағаттан соң шығамын деді. Күттік. Бүкіл жұрты оны 2 сағат тосты. Сосын, соңымыздан қуып жетіп алар,-деп жүріп кеттік. Міндеттелген рәсімдерді орындап, кешке келдік. Әлгі көршім әлі дәретханада отыр. Ағамыздың үш күн, үш түні туалетте өтті. Сосын жағдайы қиындай бастағасын, әл-Харам мешітінің қабырғасында көрмеген күйі елге қайтты...

Іштей, астамшылыққа салып еді, Жаратушы жазасына душар болған ғой,-деп ой түйдім.

                                   ***

Имам ағамыздың Меккеден қайтып бара жатқанда айтқан уағызы есімде қалып қойыпты. Бір адамдар болады. Өмір бақи жақсылық жасайды. Бірақ оның жақсы амалдары аз болып, Жұмаққа түсуге жетпей қалуы мүмкін. Сол үшін Алла ол пенденің сауабы молайсын,-деп қажылық жасауға мүмкіндік береді. Ол мұнда келгесін намаз оқиды, жұртқа көмек береді. Бұл жердегі бір жақсылықтың сауабы мың еселенеді. Бір намаз 100 мың намазға тең. Осындай мол олжамен әлгі бауырымыз туған еліне қайтады. Түптің түбінде ол кісі Жұмақы болады.

Енді бір адамдар болады. Өмір бақи жамандық жасайды. Күнә істейді. Бірақ, оның күнәсі Тозаққа түсуге жеткіліксіз. Сол кезде, ол кісіні Алла Меккеге жолын түсіріп қояды. Ол мұнда келеді. Қалаға тіл тигізеді. Ұрлық жасайды. Адамдарды балағаттайды. Әл-Харам мешіті – күнә істер былай тұрсын, пайдасыз әрекет жасауға тиым салынған аймақ. Мұнда жәндік өлтіруіңе болмайды. Харам етілген. Бір күнә мұнда мың еселенеді. Әлгі кісі қажылықты аяқтап, еліне қайтқанда, өзімен бірге миллион күнә арқалай кетеді. Ол түптің түбінде тозаққа лайық болып қалады...

P/S: Қажылықта жүрген ағайынға айтарым. Мейлінше сабырлы болыңыздар. Артық әрекетке бармаңыздар. Себебі – Қағба ірге тепкен жер – күнә былай тұрсын, бос іс жасауға тиым салынған аймақ.

Нұрбек Бекбау

Оқылды 2144 рет
JoomShaper
Top