Лимана Қойшиева: Деструктивті ағымның қармағына қалталы азаматтар жиі қармалады

Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2014 05:13

АСТАНА. 23 қыркүйек. E-islam.kz - Оның зиян тартқызары мемлекетпен расталып, ескертілсе де осы жұрт неге жат ағымдардың соңынан шұбыруды қоймайды? Шатылады да, одан шығудың жолын тағы ойламайды! Араларында бас арашалайтындары некен-саяқ... Ал енді мынаған қараңыз... Деструктивті ағымдар өз айтары, мені бар, қолында қаражаты мол азаматтарды жиі құрығына түсіреді екен. Оның себебі неде? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын тілшіміз Гүлмира Шарханқызы жүргізген Астана қаласы әкімдігі жанындағы  «Дін проблемаларын зерттеу орталығының»Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек беру  бөлімінің басшысы Лимана Қойшиеваның сұхбатынан біле аласыздар...

Қазіргі кезде Қазақстанда түрлі діни ұйымдар өз жұмысын атқарып келеді. Олардың ішінде іс-әрекетіне заңды түрде тыйым салынғандары да бар. Соған қарамастан,  ондай ұйымдардың жиналыстарына барып, олардың діни ілімін таратып жүргендердің ішінен таныстарымызды немесе құрбы достарымыздың  болуы да ғажап емес. Неліктен бұл процесс жалғасып жатыр?

 

Дін әлемнің, біздің қоғамның дамуының негізгі бір факторына айналғанын ескере отырып, ақпараттық және рухани құраушылары тығыз байланыста болатын  бұл  психологиялық саласының қауіпсіздігіне аса үлкен мән беру керек. Өйткені адам баласының деструктивті діни ағымға ден қоюы да оған психологиялық тұрғыдан нақты әсер етудің арқасында іске асырылады. Ал бұл дегеніміз халық өмірінің, денсаулығы мен бақуаттылығының, саяси-құқықтық, рухани-танымдық және әлеуметтік қауіпсіздігі болып табылады.

Дұрыс айтасыз, көбіміз өмірімізде бір рет болсын жоғарыдағы сұрақты өзімізге қойып көрген шығармыз.  Кейбіреулері сырттан келген манипуляцияға оңай ұшырайтын адамдар типі бар деп ойлайды. Алайда,  деструктивті культтардың құрамына бұрын өз идеологиясы мықты болған, әрі бай азаматтарымыз да еніп жатады.

–Не себепті деп ойлайсыз?

–Өйткені,  жалған діни ұйымдарға әлеуметтік қорғалмаған азаматтармен қатар қалталы адамдар да келеді және де кейін сол ұйымды үнемі қаржыландыруға мәжбүр болады. Кез-келген деструктивті діни ағымға адепттердің көптеп енуін көздейтін манипуляциялық жүйеге адамның сезімталдығын анықтайтын көптеген факторлар бар.

–Нақты қандай факторларды атап өтер едіңіз...

–Мәселен, жас адам өзінің өмірлік мақсатын, өз ой-қорытындыларына бір негіз іздейді, ал оның әке-шешесінің онымен сөйлесетін уақыты жоқ; немесе бір адам отбасын жоғалтуы мүмкін, кейде ересек адамның өзінде қайғысына ортақ болатын адамды таба алмай қалуы мүмкін. Сондай кездерде жалған діни ұйым мүшелері өз жұмысын бастайды. Олар көбінесе стресстік жағдайда жүрген, апатия немесе депрессияға ұшыраған адамдарға бағытталады. Себебі, мұндай жағдайда жүрген адамға кез-келген ұсақ мәселе шешілмейтін азап секілді көрінеді, ал жалған діни ұйым мүшелері адамға кішігірім төлемақы төлету және күнделікті өмірден бас тарту арқылы «Құдайдың құтқаруын» ұсынады. Әрине, ешкім оларға тікелей мұндай сөзбен айтпайды, барлығы өздігінен болып жатқан сияқты көрінеді. Адамдар көбінесе өзінің манипуляцияға ұшырағанын білмей қалады.

–Осы ретте олар қандай  психологиялық әдіс-тәсілдерді қолданады және адамға қаншалықты әсер етуі мүмкін?

–Адам санасына әсер ету механизмдеріне тоқталсақ, деструктивті діни ұйымдардың өз психологтары бар және олар кәдімгі психологиялық әсер ету тәсілдерін қолданады. Біріншіден, қиын жағдайда жүрген адамға ыңғайлы әрі жағымды орта  керек. Бұл ұйымда оны бірден ұйымдастырады: тегін тамақ, жататын орын, сіздің келгеніңізге қуанышты болатын «жаңа отбасы», барлығы сізге жымиып, бір-бірінің амандығын сұрайды. Бұның барлығы кез-келген адамға жағымды болып көрінеді және қайтадан сол жерге келіп, көбінесе көп уақытқа қалуға ынтасын тудырады. Екіншіден, жаңадан келген адамды өзін топпен ассоциациялауға үйрету керек, яғни оны жақсы көретін осы «керемет адамдардың» мүшесі ретінде сезінуге итермелеу керек. Әр түрлі ұйымдарда түрлі амалдар бар (тренингтер, бірігіп ән салу, топтық құлшылық ету, өздерінің мейрамдары, өздерінің ерекше тілі және т.б.), жаңадан келген адамның миына идеологиялық ақпаратты құйып, сол ақпаратты ешқандай сұрақсыз және критикалық ескертулерсіз жаттауын қатаң қадағалап отырады. Яғни, адамның критикалық ойлауы мен ерік қалдықтарын түгелімен жоюға тырысады. Адамды топ оны «өз мүшесі» етіп қабылдауға ынталандырады. Үшіншіден, жатталынған материал практикада сәтті қолданғанда, адамды мадақтау және «жоғары деңгейдегі» топ мүшелеріне жақындату арқылы қолдайды. Адамға оның іс-әрекетін басқа біреулердің қолдауы өзін керемет сезінуін туғызады, сонымен қатар осы сезімдер үшін ол өзінің «ұстаздарына» алғысын білдіреді. Тәуелділік пайда болады. Енді манипуляцияны толық жүзеге асыра беруге болады, яғни адамды өзінің кез-келген мақсаттарында қолдануға болады, енді ол айтқанның барлығын бұлжытпай орындайды. Себебі, оның алдында егер топ одан бас тартса, адам не істерін білмейтіндей жағдай жасалды… сол кезде адамда топтан бөліну фобиясы қалыптасады, сондықтан өзін мұндай әдіспен жазаламас үшін барлығын істеуге даяр болады. Осылайша, біртіндеп секта мүшелерінен тәуелділік қалыптасады, соларға тартатын бір тылсым күш пайда болады. Осы этапта адам өзі не істейтінін шеше алмайтындай жағдайға жетеді.  Оған бөгет бола алатын – адамның жақындары мен достары, себебі олар оны бұрынғы өмірге қайтадан тарту үшін бар күшін салады. Сол себепті деструктивті діни ұйым адамның бар уақытын алуға тырысады. Оның мақсаты – адамға дұрыс демалу мен жақындарымен қарым-қатынасқа түсу уақытынан айыру.

–Өзіңіз басқарып отырған орталық дәл осы мәселелерді шешумен айналысады. Жалпы, ет- жақын бауырларымыз басқа ағымдардың ықпалына еріп кеткен жағдайда  ең алдымен не істеуіміз керек?

– Егер де сіз өз жақындарыңыз бен таныстарыңыздың арасында біртүрлі өзгерістерге ұшыраған немесе күдікті адамдармен араласып, түрлі түсініксіз жиындарға барып жүрген адамды байқасаңыз, оны бейжай қалдырмаңыз, түсіндіруге және көмектесуге тырысыңыз. Бүгінгі таңда, психологиялық көмек беру дағдарыс орталығында деструктивті діни ағымдардың әсеріне ұшыраған адамдармен оңалту жұмыстарын жүргізуге бағытталған психологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, түрлі діни ағымдардан зардап шеккендерге және олардың жақын туыстарына әлеуметтік-психологиялық кеңес беру жұмыстарын, және оларды реаелитациялау әрі қалыпты өмірге бейімдеу жұмыстары жүргізіп келеді.

–Орталықтан көмек сұрап келетіндер қатары көп пе?

–Қазіргі уақытқа дейін 152  азамат және олардың отбасы мен жақын туыстары көмекке жүгінді. Біз қолымыздан келгенше олармен тұрақты жұмыс істеп, әрдайым бақылауда ұстап отырмыз. Айта кеткен жөн, республикамыздың  әр аймағынан да келіп, қоңырау шалып, көмек алып жатқандар бар. Мәселен, соңғы екі айда еліміздің әр өңірінен  70-ке жуық  адам хабарласты. Көпшілігі осында  келіп кеңес алғысы келетіндіктерін әрі уақытша тұрақтайтын орынмен қамтамасыз етуімізді өтініп сұрайды. Алдағы уақытта осы мәселені шешуге мемлекет тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, орталық мамандары  кез келген азаматқа көкейіндегі мазалаған мәселесімен, басындағы жағдайымен бөлісіп, қажетінше қолдау көрсетуге дайын.  

–Әңгімеңізге рахмет!

 

Гүлмира Шарханқызы

                   

 

 

 

 

 

Оқылды 144 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Конференция

Күнтізбе

« Қыркүйек 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Құран (аудио)

JoomShaper