Алмас Біләл: «Осындай өнеріміз болғанын біреу білсе, біреу білмейді»

Сәрсенбі, 17 Қыркүйек 2014 09:41

17 қыркүйек. Астана. E-islam.kz – Ұзақ жылдар бойы хат калиграфиясымен шұғылданып, көптеген мешіт-медреселерде қолтаңбасы қалған танымал хұсни хат шебері Алмас Біләл Жаһангерұлымен осы саланың өткені мен бүгіні, һәм болашағы жайлы ой бөлісіп қайтқанбыз. Сұхбат барысында қазақ хат калиграфиясының бүгінгі хал-күйі жайлы оқып біле аласыздар.

 Қазақтың сәулет өнерінде хұсни хаттың алатын орны қандай?

– Кез-келген жұрттың игерген ғылымы мен жеткен жетістіктерін хат қылып қалдырудың өзі сүннет. Адамның артынан дайыммен сауабы жүріп тұратын нәрсенің бірі. «Алыс-жақынды ат білер, сауатсызды хат білер» дегендей ата-бабаларымыз да осы хұсни хат арқылы өзінің мәдениетін кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде қалдырып отырған. Мемлекет аралық хаттарды да осы хұсни хатпен жазу өнері болған. Осы өнерді керек кезінде архитектураға ауыстырды. Бұл бір жағы құрлыстың ажарын ашатын мұсылманшылық нышан болса, енді бір жағынан білгендер үшін үгіт-насихат еді. Ал, бізде көбінше мазарларға хұсни хатпен Құран аяттарын жазып отырған. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауидың кесенесіне айналдыра «Бақара» сүресінің белгілі аяттары жазылған. Осы хұсни жазулар біздің мұсылманшылығымыздың нышандарының бірі болған.

Тек қана қазақша, ағылшынша, орысша интеререкстерін түсірді. Бірақ, есікке жазылған қай аят, қандай хадис, анау күмбезге не жазылды, ол әлі зерттеуді қажет етеді. Өйткені, ол замандағы сәулетшілер не болса соны жазбаған. Хат калиграфиясы дегенде әр сөзді жазуда мағына мен хат нұсқасының өзіндік талғампаздығы болған. Материал кірпіш болса, көбінде куфи нұсқамен, кафел мен қыш болса онда басқа нұсқамен жазу үрдісі қалыптасқан. Тері мен қағазға жазғанда қай түрмен жазу керек? Бұл жағы да арнайы жүйеленген.

Бізде хұсни хаттың үлгісі көбінде қала құрылыстыры мен мазарларда сақталған. Орта ғасырларға жататын осындай жәдігерлердегі көркемдік деңгей, стильдік ерекшеліктер бүгінгі қазақтың хұсни хат өнерінде бар ма?

– Бүгінгі қазақ қоғамында хұсни хат өнерінің кенжелеп қалғаны соншалық, осындай өнеріміз болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан да, көркемөнерімізде, архитектурамызда ондай деңгей жоқ деп айтуға толық негіз бар. Себебі, біз далада күн жеп, жаңбыр шайып жатқан жәдігерлердегі дайын дүниені аршып ала алмай жатқан жоқпыз ба? Бір  ғана мысал; Түркиялық физик, сәулетші, хаткер «Ыхылас» сүресін калиграфияға шеберлікпен түсіру арқылы докторлық атақ қорғады. «Ыхылас» сүресінде 47 әріп бар болып, оған араб әліппесіндегі 29 әріптің 13-і ғана қатынасады. Осы 13 әріпті х және ү формасына салып, әр әріптің қайталануын шеберлікпен орналастырып, графологиясын сызған кезде «Алла» деген сөз шығады. Бізде бұндай деңгей жоқ қой. Мамандар қосыны дайындау, олардың біліктілігін жетілдіру, ЖОО-нан мамандық ашу мәселесі де қолға алынған жоқ. Бүгінгі сәулет өнеріміздегі деңгейдің көбісін шетелдік шеберлер жасап жатқаны жасырын емес.

Осы салада жұмыс істеп жүрген отандық қаракөздерімізден хұсни хат шеберлері кімде?

– Бірқанша азаматтар бар. Бірақ, жоғары дейгейде меңгерген мамандар қатары сирек. Нұриддин Пәттеев деген азамат бар. Екеуіміз Шымкенттегі Қастев атындағы өнер учеличесін бірге бітіргеміз. Ол кейіннен Түркияға барып, арнайы хат калиграфиясының маманы болып келді. Ол бүкіл технологиясын жеттік меңгерді. Мараккодан Алма деген қыз да жоғары деңгейде білім алып келді.

Көне жәдігерлердегі хұсни хаттарды ашып оқып, ғылыми айналымға салып, ел игілігіне қосатын ғылыми орталықтар бар ма? Мамандар аз деп отырсыз. Қазіргі бар хаткерлердің басын біріктіріп, жұмыстарыңызға қолдау көрсетіп отыратын белгілі бір институт немесе қоғамдық ұйымдар туралы не айтасыз?

– Тарихи жәдігерлерді зеттеу мәселесіне қатысты арнайы «Казреставрация» деген мекеме бар. Мәліметтерге сүйенсек, еліміз аумағында қалпына келтірілуі тиіс 360 астам нысан бар көрінеді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын ғылми зерттеу орталығының басшысы Сәдуақас Агитаев ағамыздың бастамасымен жылына әлде неше тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түрлі тарихи мазар, кесене, қала жұрты, т.б орындардағы бүліген жәдігерлерді қалпына келтіруде осы мекеме қолына алады. Бүлінген құрлыстардағы жазылған не жазу екенін тану мәселесінде араб тілін жетік білетін имамдар мен шығыстанушылардың маңызы зор. Себебі, бүлінген құрлыстардағы аят, хадистер ұзын болуы да, қысқа болуы да мүмкін. Деседе, жазылған аят-хадистердің қай жерден басталып, қай жерден аяқталатын ол кісілер біле алмайды. Бұл жоғарыда айтқан «композиция» пәнін мықты оқыған сәулетшінің ғана қолынан келеді. Құрлыстың стильіне, композициясына қарап сөйлемнің қалай біткеніне шешім шығара алады. Хаткерлік өнер туындыларына келгенде осы мамандардың қажеттілігі өте басым. Әсіресе, тарихи жәдігерлерді қалпына келтіріп, ғылми айналымға салуда ғылыми қызметкерлер имамдар, шығыстанушылар мен сәулетші-хаткерлермен бірлесе жұмыс істесе құба-құп болар еді. Себебі, мен деген шығыстанушының ислам білімдерінене жеттік болуы екіталай. Ал, мазарлардағы жазуларды тану мәселесінде имамдармен бірігу аса қажет. Сонда ғана бірін-бірі толықтырған нағыз ғылыми жұмыс болар еді.

Ал, мамандарды қолдауға арналған орталық мәселесінде айтар сөз көп. Арнайы хұсни хат өнерін зерттеуге бағытталған ғылыми орталық та, мамандарға қолдау көрсететін қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер де жоқ. Хаткерлік өренінің өзі бізге Исламмен бірге байланысты келген өнер. Сондықтан, байтақ даламыздағы тарихи жәдігерлерді зерттеп, бір орталыққа жинап, осы саладағы азды-көпті мамандардың басын қосатын бір институт керек. Тағы бір айтарым, біздің бай тарихи жәдігерлеріміздің ішінде көркем жазумен (хұсни хатпен) жазылған Құрандар, кітаптар мен хаттар жоқ емес. Осы жәдігерлерді жинайтын бір мұражай жасаудың маңызы өте зор. Біздің көптеген мұражайларда бұндай экспонаттар бар. Бірақ, оларды кім жазды, қашан, қайда, қандай материалмен жазылды, нұсқасы қандай деген нәрселерді зерттеп жатқан адам жоқ. Ғылыми сараптау жұмыстары әлі де болса жеткіліксіз. Сол үшін де, бізде әлі ғылыми айналымға қосылмаған жәдігерлер толып жатыр. Әсіресе, Батыс аймақтарда мазарлар мен кесенелердегі жазулар назар аударуға тұрарлық дүние деп есептеймін. Ана жылы бір кісі Оралдан көптеген тастардың суретін түсіріп келіпті. Кейбіреуін танудың өзі қиын. Бірақ ішінде көптеген батыр, би болыстардың аттары табылды. Соның ішінде бір тас 19 ғ. соңында өмір сүрген Жетпіс Құттыбайұлы деген әйгілі палуанның тасы болып шықты.

Түркия мен араб елдерінде мешіт әрлеу барысында ұлттық нақыштарға басымдылық беріледі екен. Ал, біздегі мешіттердің әрленуінде ұлттық ою-өрнектерімізбен нақыштау мәселесіне көңіліңіз тола ма?

– Өзім куә болған бір оқиғаны айтайын. Жамбыл обылыстық орталық мешітті салған кезде осы мәселеге тап болды. Мердігер мекемелер әрлеуші шеберлерді де өзбек, тәжік азаматтардан тапқан. Құрлыс аяқтағасын мешітке кірген кісі Өзбектанда не Тәжікстанда жүргендей әсер алатын еді. Бұл туралы біраз айтылып жүрді де кейіннен басқаша әрлеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде ең басты мәселе бойына ұлттық құндылықтарды сіңірген сәулетшілерді көптеп жетілдіру керек. Біздегі кейбір мешіттердің түріктердің стиліне, ал бірі арабтардың стиліне бейім боп тұруы да осы маман мәселесіне тіке қатысты. Осы орайда бір айта кетерім; Көрші Қытай елінде тұратын қандастарымыз ішінде хат калиграфиясымен айналысып жүрген білікті мамандар көп екен. Біз неге қандастарымызды алдырып ғылыми жұмыстар мен құрлыстарды әрлеу, мамандар қосынын дайындау мәселесіне пайдаланбасқа. 

Қазір де қазақша классика деген стиль бар. Осыны неге мешіттерге қолданбасқа? Бұл алдағы күннің еншісінде деп ойлаймын.

Біздің салада калиграфия мен композиция деген пәндер болады. Осы пәндерді жүйелі оқытылатын Иран, Түркия, Маракко сияқты елдерде құсқа, өсімдікке, табиғат дүниесіндегі заттарға ұқсатып хұсни хат жазу өнері дамыған. Ал, біз де осыны қолға алсақ, қасиетті Құран аяттарын қазақы ою-өрнектер арқылы салса, бұл біздің сала үшін де, қазақ мәдениеті үшін де үлкен жаңалық болар еді.

Хат калиграфиясын одан ары дамытып, байырғы мұрамыз болған хұсни хат өнерінің көсегесін көгерту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Хат калиграфиясында нақыштап жазу жағынан алдыда тұрған елдер Түркия, Маракко, Индия сияқты елдерге мамандар жіберудің маңызы да ерекше. Бізге кәсіби мамандар болмайынша көсегеміздің көгермейтіні белгілі. Бұл біздің ұлттық өнерімізге ерекше қолдау болар еді. Ал, біз әсемдік бұйымдар мен кәдесыйларға көрмемдеп Құран аяттарымен әрлесе оған бір жаңаша леп берген, экономиканы әр тараптандыру ісі үшін де  үлес қосатын игі бастама болар еді.

Құран ең үлкен амант қой. Осы аманатты ұрпаққа қалдыру үшін әр мемлекет әр түрлі тәсілдер қолдануда. Мәселен; Германияда бір парақ газетке бір Құранды сидырып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Иран биіктігі 2 метрлік алып Құран жасады. Әр әрпін ойып жасаған. Біздің елде де осы мамандардың басын қосып, осындай ел абыройын асқақтататын игі шараны қолға алуға болады ғой.

Бүгінде телеарналар болсын, газет-журналдар болсын көбінесе, эстрада жұлдыздарын, руханият деп ән мен күйді ғана нәсихаттап кеттік. Телеарнаны ашып қалсаң сол кісілер. Қала берді, шет жұрттан көшіріп алған бағдарламалар. Бізде ән мен күйден басқа да құндылықтар бар ғой. Соның бірі осы хұсни хат өнері екенін естен шығармау керек.

 

Сұхбаттасқан: Исатай Бердалиев, Оразбек САПАРХАН

Арнайы e-islam сайты үшін

Оқылды 235 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Конференция

Күнтізбе

« Қыркүйек 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Құран (аудио)

JoomShaper