Қазіргі дәстүрлі рухани құндылықтар және ішкі тұрақтылық мәселелері

Дүйсенбі, 02.11.2021

Қазақстандағы қазіргі діни ахуалдың тұрақтылығы діни қатынастар  саласындағы мамандарға да жалпы көпшілікке де белгілі жайт. Дегенмен қиындықсыз қоғам болмайды, сондықтан алаң туғызатын мәселелер де жоқ емес. Олардың ең бастысы – дінішілік мәселелер.

Дінішілік мәселелер алауызшыл ағымдар пайда болған сәттен бастап туындайтыны баршаға аян. Кез келген теріс пиғылды діни ағым қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарды күйретіп, рухани тәжірибе сабақтастығын үзу арқылы өзіне жол ашады. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі діни ахуал жағдайында дәстүрлі рухани құндылықтар мен ішкі тұрақтылық мәселелері бір-бірімен еріксіз байланысады.

«Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт мәдениетінің мәні болып табылатын дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.

Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Дегенмен әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды.

Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған, құндылықтарды құнсыздандырған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады.

Осы бағыттағы мәселелерді біз рухани ұғымдар, рухани туындылар, рухани тұлғалар, рухани білім және рухани тәрбиебағыттары аясында тарата қарастыруды жөн санаймыз.

1. Алғашқы сөз рухани ұғымдар туралы. Рухани ұғымдар, соның ішінде діни ұғымдар ана тілінің дархан құшағы аясында қалыптасып, дамиды, санаға сіңеді, болмысқа бекиді. Әрбір рухани ұғымды өзімен байланысты мың-сан ұғымдар толықтырып, кемеліне келтіріп, тіпті керек кезінде қия бастырмай, тізгіндеп ұстайды. Тілдің қолданысының кемуі дәстүрлі рухани құндылықтар қолданысының кемуіне алып келеді. Рухани ұғымдар кем қолданылған сайын әлсірейді, жұтайды, ақырында ұмыт болады. Тіл жоғалса – ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет те жоғалады.

Қазіргі қазақ қоғамы үшін рухани мәдениет саласындағы өзекті мәселелердің бірі – рухани ұғымдарды таразылап, қайта пайымдау, дәстүрлі мағынасын жаңғырта отырып, өскелең буын санасына берік орнықтыру. Өйткені қазір радикалды діни ағым өкілдері тарапынан рухани ұғымдарды бұрмалап түсіндірудің салдарынан құндылықтық бағдарлар өзгеріске ұшырап отыр.

Адастырушы ақпараттардың толассыз жаулап алу үдерістері салдарынан қазір жастар ғана емес, аға буын өкілдері болып табылатын жалпы халық та рухани ұғымдардың дәстүрлі мағынасынан көз жазып қалды. Бір ғана «иман» ұғымын алайық.

«Иманды» деп қазақ жүректегі «Құдай бір, пайғамбар хақ» деген берік сеніміне қоса терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды ғана атаған. «Жүзінен иманы төгілген» деп жүректегі жылуы жүзінен танылатын нұр келбетті жандарға сүйсінген. Мұндайда ол адамның бес уақыт намазын оқитын-оқымайтыны, басқа мұсылманшылық парыздарын өтейтін-өтемейтіні, яғни сенімін амалмен дәлелдейтін-дәлелдемейтіні негізгі өлшем болып саналмайды. Бұл мұсылманшылық парыздардың ұлтымыз үшін маңызы кем болған дегенді білдірмейді. Дегенмен қазақ қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, ішкі сенімі берік, ниеті түзу адамның мұсылмандығына шүбә келтірмеген. Бұл орайдағы қазақы пайымдаулар ханафи мазхабы ғұламаларының тұжырымдарымен толық үйлеседі.

         «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді» деп, риякерліктен тыйған бабаларымыз бес уақыт намазын қаза етпегенімен, өз нәпсісіне ие бола алмаған адамды көрсе, «имансыз» деп айыптаған. Яғни атамыз қазақ алдымен сырт пен іштің бірлігін пір тұтқан, «иман» ұғымының жан тазалығынан бастау алуын қамдаған, көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Содан кейін барып ниет пен амалдың бірлігін өсиет еткен.

Кешегі қазақтың «иман» ұғымы жөніндегі дәстүрлі түсінігі осындай болатын. Тек қазақ халқы ғана емес, исі Орталық Азия мұсылмандары «иман» дегенде ең алдымен жүрекке бекіген сенімді, сол сеніммен тәрбиеленген көркем мінез-құлықты, сол мінез-құлықтың жемісі болған, отан мен отбасын береке-бірлікке ұйытқан ізгі істерді түсінетін.

Ал бүгінде осы дәстүрлі түсінікті біреу білсе, біреу білмейді.Өкінішке орай, бүгінгі буынның шетін көзқарасқа еліткен бір бөлігі «иман» десе сенімін сыртқы амалмен – бес уақыт намазбен дәлелдеуді ғана түсінеді. Жүректегі иман, көркем мінез-құлық, ізгі амал – иманның негізгі көріністері екенін ұмытқан жастар намаз оқымағаны үшін ғана ата-анасын «кәпір» санап, шариғат заңымен басқарылмағаны үшін ғана діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін зайырлы мемлекетті кәпірге шығаруда. «Кәпірстаннан ислам мемлекетіне хижра жасадық» деп алданып, жат жұртқа ауа көшіп, «шәһид боламыз» деп шатасып, құдай жаратқан жанына қол салып, мезгілсіз, мәнсіз қазаға ұшырауда. Бір ғана «иман» ұғымының дәстүрлі түсініктен ауытқуы осындай зардапты салдарларға соқтырып отыр.

Жаңа буынның өз ұлтының дәстүрлі рухани құндылықтарынан сусындамауы жаттың ілімін өнеге тұтуына алып келді. Ұлттың сан ғасырлық рухани ілімдері мен мұрасы тәрк етілді, «алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айта алмай» (М.Әуезов), ұрпақтар сабақтастығы үзілді. «Өз аулыңда әулие жоқтың» кері келіп, шетелден шайх іздеп, шабылу басталды. Нәтижесі – ай-күннің аманында адасқан жастардың өтеусіз құрбандығы мен орны толмас өкініші.

Иман мен исламды бөлек қараудың салдары «мұсылман» деген ұғымның өзін дұрыс түсінбеуге апарып соғуда. Таяуда мектептегі хижаб мәселесіне қатысты орын алған оқиға кейіпкерлерінің бірінің БАҚ беттерінде мынадай пікірі жарияланды: «Біз қалай қызымызға «үйде орамал тақ, мектепте орамал тақпай-ақ қой» деп айта аламыз? Сонда үйде мұсылман болып, мектепте мұсылман болмауы керек пе?». «Мұсылман» деген ұғымның нені білдіретінін түсінбей, осындай жаңсақ пікір айтқан бұл кейіпкер қаражаяу көптің бірі емес, заң ғылымдарының кандидаты болып шықты. Хижаб дауының өзге қырларына назар аудармай-ақ тек осы «мұсылман» ұғымымен шендестірілген бір ғана мысалына талдау жасасақ, рухани ұғымдарды түсіну деңгейіміз қаншалықты құлдырап кеткенін айқын аңғаруға болады. Хижаб мұсылмандықтың символы немесе өлшемі емес. Әйел адам хижаб кисе ғана мұсылман болып, шешкен сәтте мұсылмандықтан шығып қалмайды. Үзірлі күндерінде парыз амал – намазды орындамай жүрген әйел де сол күндері мұсылман емес, басқа күндері мұсылман болып саналмайды. Ерлердің де парыз амалдарды орындай алмайтын сәттері болады. Мысалы, оразаның тұсында сапарда болған ер адам ораза тұта алмай, қазасын кейінге қалдырады. Мұндайда «дәл сол күндерде ол мұсылман емес, қалған күндері мұсылман» деп ешкім айта алмайды. Олай пайымдаудың жөн еместігін сонау VІІІ ғасырда Имам Ағзам Әбу Ханифа «Әл-Ъалим уал-Мутаъаллим» атты еңбегінде жете түсіндірген болатын.

Иман мен исламның бір екендігін, ал иман мен амалдың бөлектігін дәлелдей отырып, ғұлама былай деп жазған: «Кім Алланы және одан түсірілгендерді тілмен де, жүрекпен де мойындаса, онда ол Алланың алдында да, адамдар үшін де мұсылман... Егер діни парыздардың барлығы иманмен тепе-тең болатұғын болса, онда олар тек солардың барлығын орындағанда ғана мұсылман боп есептелер еді. Алайда аса жоғары Алла иман мен амалдың ара-жігін ажыратып көрсетті. Алла Тағала иманды амалдардан артық етіп бекітті. Мүминдерді құлшылық етуге, зекет төлеуге, ораза тұтуға, қажылықты өтеуге ұмтылдыратын, Аллаға иман келтіруге шақыратын зекет, ораза немесе қажылық амалдары емес, керісінше, олардың имандары болып табылады. Бұл – осылай, өйткені олар алдымен иман келтірді, содан кейін амалдарды орындауға көшті. Аллаға деген сенім оларды діни парыздарды орындауға жұмылдырды, ал керісінше діни парыздар Аллаға деген иманды олардың жүректеріне қондырған жоқ». Әйелдердің үзірлі күндерінде намаз оқымағаны үшін мұсылмандықтан шығып кетпейтінін, иманнан айырылып қалмайтынын айтқан да Имам Ағзам болатын.

Осыдан бірер жыл бұрын дін зерттеушісі Омар Жәлел «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан рухани ұғымдар түсіндірмесі берілуі қажет» деген ұсыныс айтқан болатын. Осы ұсыныстың өзектілігі артып, кезек күттірмейтін дәрежеге жетті деп білеміз. Сонымен қатар бұл үрдіске рухани ұғымдардың дүниетанымдық қырларын тереңірек таныту мақсатында дінтанушылар қауымы да белсене атсалысуы қажет. Алғашқы кезекте иман, ислам, ихсан секілді тіректік ұғымдардан бастап, құт, кие, қасиет, әулие, әруақ, пір, керемет, зиярат, ғұрып, дәстүр, дәуір айналдыру, ысқат, підия т.б. секілді ұлт дүниетанымында маңызды орын алатын рухани ұғымдардың мән-мазмұны мен қолданыс аясын кеңінен айқындау қажет.

2014 жылы Дін істері комитетіне «Орысша-қазақша, қазақша-орысша рухани-мәдени ұғым атаулары сөздігі» атты кітап дінтану сараптамасына келіп түсті. Атауына қарап «ойда жүрген істі қолға алған игі бастама екен» деп қуандық. Ал қолға алып, сараптап қарағанда, мазмұны мүлде басқа мақсатты көздеген еңбек екені анықталды. Кітапты шығарған Стамбул қаласындағы «Құдай жолындағы қауымның» «Жаңа өмір» баспасы екен. Ең сорақысы сол – кітап мазмұнында орыс тіліндегі христиандық діни терминдер қазақ тіліне исламдық терминдермен аударылып берілген болып шықты. Мысалы, «Бог» сөзі «Алла Тағала», «Хақ Тағала», «община» сөзін «жамағат», «развод» сөзін «талақ», «кидар» сөзін «сәлде», «благочестие» сөзін «имандылық», «благодарение» сөзін «шүкіршілік ету», «аминь» сөзін «әумин» деп аударған. Мұндай мәтінді оқыған қарапайым оқырман исламның шариғи терминдері қолданылып, имани құндылықтары дәріптелген еңбекті қолға ұстап отырғанына күмәнданбас еді. Ай-күннің аманында халықты қарадай шатастырып, прозелитистік мақсатқа қызмет етіп отырған мұндай материалдар біздің бұл салада да кешең қалғанымызды көрсетеді. Яғни, рухани ұғымдармен біз айналыспасақ, онымен басқалар өз мүддесіне лайықтап айналыспақ (айналысып та жатыр). 

2. Ендігі кезекте рухани туындылар тұр. Оларды шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады:  Біріншісі қазақ жерінде ғасырлар бойы сақталып келген рухани мұралар, діни дастандар, аңыз-әңгімелер, жыр-толғаулар;  екіншісі дін классиктерінің ортағасырларда Орта Азияда кең таралған туындылары.

Бірінші топтағылардың жеке тұлғалар мен ұйымдар тарапынан дайындалып, мемлекеттік немесе жергілікті бағдарламалар аясында жарық көріп келе жатқаны белгілі. Негізінен өзге саланың еншісіндегі жұмыс болғанымен рухани тәрбие бастаулары, ұлттық дүниетаным негіздері ретінде аталған еңбектердің мол таралыммен шығарылуына дінтанушылар қауымдастығы тарапынан тұрақты идеялық қолдау білдіріліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында кеңінен насихатталып отырғаны жөн.

Екінші топтағы отандық және Орта Азиялық ойшылдар еңбектерін қазіргі тілге аударып, айналымға қосу әзірге жекелеген тұлғалар мен баспалардың еншісінде қалып отыр. Бұл орайда біз «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы Әбу Ханифа орталығына көбірек үміт артудамыз.       Сонымен қатар Дін істері комитетінің 2014 жылдың табысты жобасы «Ханафи әдебиеттері» сериясын жалғастыру қажеттігі, сұраныстың молдығы күн өткен сайын айқындалуда. Дәстүрлі дүниетаным мен діни танымды жаңғыртуда, рухани тәрбие саласын мазмұнды материалдармен байытуда мұндай әдебиеттердің маңызы зор. Бұл орайда қолжазба және көне еңбектер аудармасы саласына мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру, күшейту және сапасын қадағалау шаралары кезек күтуде.

Ал жеке авторлардың, баспа үйлерінің бастамасымен шет тілдерінен аударылып басылған діни еңбектер ҚМДБ-ның сапалық тұрғыдан тұрақты түрде қадағалауын талап етеді (аударма еңбектер мәселесі жөніндегі мақаламыз бұған дейін жарық көргендіктен, кеңінен тоқталу қажетсіз деп білеміз).

3. Рухани тұлғалар. Біз күні бүгінге дейін «біздің тарихымыз, дәстүріміз, діни танымымыз дәстүрлі емес діни ағымдар тарапынан тексеріске ұшырау үстінде» дегенді жиі айттық. Біз тілмен айтып, идеялық күреспен шұғылданып жүргенімізде бұл  керітартпа үдеріс өзінің жағымсыз салдарын тудырып үлгерді. Оның салдары ел ішінде рухани тұлғаларға қатысты негізсіз теріс көзқарастың қалыптасуынан аңғарылады.

Бір ғана мысалға тоқталайын. Өңірлердегі діни ахуалды зерделеу шаралары барысында көптеген қатысушылар ел ішінде ұлттық рухани тұлғаларға, әсіресе Қожа Ахмет Ясауиге қатысты теріс көзқарастар таралып жатқанын жиі ескерткен болатын. Мына бір жайт сол пікірлердің дұрыстығын көрнекі түрде дәлелдеп берді. Оңтүстік өңірлердің бірінде ұйымдастырылған ақпараттық-насихат шаралары барысында біздің тарапымыздан қазіргі өзекті діни мәселелерге қатысты дәріс өткізілді. Дәріс соңында сол өңірдің белді рухани тұлғаларының бірі ұйымдастырушыларға: «Мына кісіні біздің жамағатқа апарып, дәріс оқыту керек екен» деп ұсыныс білдіріпті. «Бұл дәріскер сізге несімен ұнады?» дегенде: «Ясауиді аузына алмайды екен» депті әлгі «тұлға»...  

Қашаннан бері Қожа Ахмет Ясауи қазақ халқы үшін жеккөрініштің нысанына айналған? Түгел түркінің басын қосқан рухани-моральдық ілімнің негізін салушы, қазақ елінің ғана емес, барша түркі халықтарының философиясында, тарихында, әдебиетінде, жалпы рухани мәдениетінде өшпес із қалдырған, отаншыл, ойшыл, дара тұлға Қожа Ахмет Ясауи қазаққа не жазды? Түгел түркі өзіне тартқылап, қол жеткізе алмай жүрген, талай ұрпақ кесенесін бір көруге зар болған Ясауи қай қылығымен қазаққа жақпады? Жазығы – жан тазалығы мен ар тазалығын насихаттап, жалған ғалымдар мен жалған сопыларды сынап, надандықтан қашуды жан сала үгіттеп, «Адамды ақиқатқа ұластыратын бірден-бір жол – білім жолы» деп жаһанға жар салғаны ма? «Туған жерім – мүбарак Түркістан» деп, әлем тарихында алғашқы болып түркі өлкесін «қасиетті» деп танығаны ма? Туындыларын түркі тілінде жазып, дін исламның хақ жолын сол түркі тілінде өле-өлгенше, тіпті жер астында, қылуетте де насихаттағаны ма?

Әлемдік деңгейде танылған, ғасырлар бойы шығармалары мыңдаған зерттеулерге арқау болған, қазақ елінің өзінде 5000-ға жуық зерттеулерге тақырып болған, ондаған докторлық, жүздеген кандидаттық және магистрлік диссертациялар өзегіне айналған, мектеп және жоғары оқу орындарының барлығының бағдарламасына енгізілген ұлы тұлға неге көпе-көрінеу жала мен терістеуге ұшырап отыр? Жазығы – тақуалыққа шексіз беріліп, зікірдің – Алланы еске алудың және оны естен шығармаудың психотехникалық әдісін ойлап тапқаны ма? Мұсылманның жүрегіне есімі жазылған Алланы еске алудан кім зардап шегіпті?

Ясауиді жоққа шығарсақ, оның ілімі бастау алған имам Ағзам Әбу Ханифаны, Имам Ғазалиді, Имам Матуридиді, әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұнды жоққа шығаруымыз керек. Солардың заңды жалғасы болған Ясауи ақындық мектебінің Сүлеймен Бақырғани бастаған жүздеген өкілдерін, Ясауи ілімінен нәр алған қазақтың бүкіл ақын-жырауларын Абай мен Шәкәріммен, Мәшһүр Жүсіппен қоса жоққа шығаруымыз керек. Демек, солар арқылы ақиқатты таныған өзімізді де біз ел ретінде жоққа шығаруымыз керек немесе тамырсыз, тексіз ел екенімізді мойындауымыз керек!

Неге біз рухани тарихымызды жаттың өлшемімен – радикалды, экстремистік ағымдардың өлшемімен бағалауға тиіспіз? Неге солардың арандатушы идеологиясынан жасқанып, өз ұлтымыздың рухани тұлғалары мен рухани дәстүрлерін мансұқтауымыз керек? Ең бастысы неге біздер ел арасында сондай теріс көзқарастардың қалыптасуына тосқауыл қоймаймыз? Кешегі атеистік бағыттағы кеңес үкіметі де Яссауиді мұнша мансұқтамап еді...

Біздіңше, бұл орайда ҚМДБ-ға көп жыл бұрын қабылданған Ясауиге және сопылық ағымдарға қатысты пәтуасын толықтырып, жаңартатын кез келді. Сонымен қатар тиісті мемлекеттік органның осы мәселе бойынша ресми ұстанымын жариялауы жөн болмақ. 

4. Рухани білім және рухани тәрбие. Бұған дейін біз қалыптасқан қағида бойынша рухани білім мен рухани тәрбие тақырыбы сөз болғанда мектептегі білім мен тәрбие аясында көбірек шектелетінбіз. Осы мақсатта гуманитарлық білім компонентін күшейту, рухани бағыттарды шараларды жандандыру жөнінде көптеген тұжырымдар тиянақталған жарияланымдар жарық көрді. Ендігі кезекте осы тақырыпты дінтанулық және діни білімге бұратын кез келді.

Яғни ендігі жерде дінтану рухани білім саласы ретінде қабылдануы, танылуы және соған бейімделуі қажет. Біз бір нәрсені мойындауымыз керек: Дінді сырттай оқып-үйрену мүмкін емес. «Дінге ғылыми тұрғыдан келу» дегенді сырттан көзқарас деп қабылдамауымыз керек. Әрбір құбылысқа ішкі мәнін түсіне отырып баға беріледі. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана шешуге болады. Сондықтан бүгінгі дінтанушылар дінді тереңдете оқуға міндетті. Олай етпеген жағдайда алған білімі өндірісте кәдеге аспайтын дәрменсіз дінтанушылар қалыптасу қаупі жоқ емес. Сонымен қатар осы орайда дінтануды рухани білім саласы ретінде қабылдайтын, өскелең буынды сол түсінікпен дінтану саласына бағыттайтын халықтық сұраныс пен көзқарасты ескеру де орынды болмақ.

Бұл орайда Қазақ Ұлттық университетінде және Халықаралық қазақ-түрік университетіндеқалыптасып келе жатқан жеке білім траекториясы негізінде білім алушыларды ислам, христиан діндері, жаңа діни қозғалыстар және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар бойынша мамандандыру жұмыстары басталғанынан үлкен үміт күтуге болады. Осындай бейіндік бағыттарды өзге де дінтану кафедраларының дамытуы маңызды болмақ. Сонымен қатар бұған дейін назарға салып келгеніміздей, магистратура деңгейінде дінтанушыларды «дінтанушы-социолог», «дінтанушы-психолог» ретінде мамандандыру қажеттілігі де пісіп-жетілді.

Бұл саладағы күрмеулі мәселелердің бірі – қазірге дейін Білім және ғылым министрлігі тарапынан дінтану мамандарына деген нақты қажеттілік деңгейі зерттеп-зерделенбегені болып отыр. Білім грантын бөлу, сұранысты айқындау мәселесінде БҒМ әзірге Дін істері комитеті берген сұранысқа сүйенеді, бұл сұраныстың дін саласындағы орталық және жергілікті мекемелерге қажетті мамандар санына қатысты ғана жасалатыны белгілі.

Ал білім беру саласындағы уәкілетті орган құзыретіне кіретін Қазақстан мектептеріндегі сыныптар саны, соның ішінде параллель сыныптар санының 9-сыныптардағы жыл сайынғы орташа  көрсеткіші, алдағы 10 жылдық кезеңдегі болжалды өсу қарқыны, соған сәйкес дінтану мамандарына деген сұраныстың өзгеру дәрежелері зерттелмегені байқалуда. Бұл жерде мектептегі 34 сағаттық жүктемемен толық мөлшерлемеде (ставка) жұмыс істеу үшін 9 бірдей параллель сыныпта 1 ғана маманның жұмыс істеуі қажеттігін ескеру керек. Сонымен қатар қазірдің өзінде елімізде көптеген дінтану мамандары даярланып, өндіріске жіберілгенін, сол арқылы мамандарға деген сұраныстың белгілі бір бөлігі қамтамасыз етіліп үлгергенін де есепке алған жөн.

Елімізде жыл сайын орта есеппен 200-ге жуық дінтану мамандары бітіреді. Бұл көрсеткіш өспей, осы күйінде сақталғанның өзінде небәрі 4-5 жылда елімізде мыңдаған дінтанушы мамандар даярланып шығады, тағы сонша бөлігі ЖОО-да білім алып жатады. Тиісті есептеулерді алдын ала жүргізбеген жағдайда көп ұзамай дінтану мамандарының үлкен резерві қалыптасып, жұмыссыздық көрсеткішінің артуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі кезеңде аталмыш мамандыққа қабылданушылар санын шектей отырып, сапаға баса мән беру қажет.

Айтылғандармен жалғас тағы бір мәселе – даярланған мамандардың, соның ішінде мемлекеттік білім гранты негізінде оқыған түлектердің жұмыспен қамтылу мәселесінің тиісті деңгейде бақылауға алынбауы. Соның салдарынан біріншіден, нақты статистикалық мәліметтер қалыптастырылмаған; екіншіден, мамандардың елеулі бөлігі басқа салаларға жұмысқа орналасқан; үшіншіден дінтанушылардың толық мөлшерлемеде жұмысқа орналаса алмау мысалдары молайған. Қазіргі күнге дейін өз ағымымен шешіліп жатқан бұл мәселе мемлекет қаржысы мен дайын кадрлық ресурстың тиімді пайдаланылмауына себеп болып, мамандықтың беделіне де нұқсан келтіруде.

Дінтанушы мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында оқулықтар мен оқу құралдарын жаңадан даярлау, жетілдіру, көбейтіп шығару, бағдарламаларды жетілдіру жұмыстарының өзекті болып табылатыны белгілі. Осы бағытта бірлескен жұмыстар атқару мақсатында үстіміздегі жылы еліміздегі барлық дінтану кафедраларымен біздің орталық арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Біздің тарапымыздан «Дінтанушы кітапханасы» сериясын жасақтау идеясы ұсынылып, кафедралардың қазіргі кітапхана қоры және қажетті әдебиеттер туралы толық жазбаша мәлімет беру сұралып отыр. 

Рухани білімнің ең өзекті саласы – діни білім беру саласы екені белгілі. Соңғы жылдары заңнамалық өзгерістер нәтижесінде еліміздегі діни білім жүйесі заңдық тұрғыдан да, мазмұндық тұрғыдан да елеулі дәрежеде жетілдірілді. 2014 жылы Дін істері комитеті мен дәстүрлі діни бірлестіктер арасында қол қойылған меморандумдар аясында бұл саладағы жұмыстар қарқын алып келеді.

Аталмыш мәселелер біздің «Қазақстандағы діни білім жүйесі: қалыптасуы, даму тарихы және өзекті мәселелері» атты дербес зерттеуімізде толығырақ баяндалған болатын. Сөз түйіні ретінде назарға саларымыз,  медресе шәкірттерін шектелушіліктен, зайырлы мемлекетке деген әртекті көзқарастан арылту, қоғаммен, зайырлы оқу орындарымен және мемлекеттік мекемелермен байланысын күшейту, медреселер мен мешіттердің кітапхана қорын жалпы рухани-танымдық әдебиеттермен байыту бағытындағы шаралар ары қарай тереңдетуді қажет етеді.

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ,

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау

орталығының директоры, филология ғылымының

кандидаты

 

 

 

 

 

Оқылды 1361 рет
JoomShaper
Top