Қашарбай әулие хақында

Бейсенбі, 08.09.2021
Қашарбай әулие хақында

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы Ұлытауға барған сапарында айтқан : «Өз тарихымызды тереңінен білу үшін көп жұмыс жасаймыз. Өткен тарих куәлерінің бірі – Ұлытау. Бұл жерді барлығы білуі тиіс», – деген сөзіне үн қосу үшін әрбір саналы ұлтжанды азамат білгенімен бөлісіп, туған жер тарихынан сыр шертуге атсалысуға тиіс. Өйткені, кез-келген өлкенің тарихы мен елеулі тұлғалары – тәуелсіз еліміздің бөлінбес бір бөлшегі.

Тарихтан белгілісі, келер жылы 290 жыл толғалы отырған 1727 жылғы Бұланты шайқасында қазақ жасақтары жеңіске жетіп, жоңғарлардың әскерін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Бұл қазақ жерін қас дұшпаннан азат ету, Отан үшін соғыста қаншама жан туған жерін қорғау жолында шаһит болды десеңізші! Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі таудың басына шығарылып жерленді. Солардың арасында мыңдаған жергілікті тұрғындар мен еліміздің түрпік-түпкірінен ат арытып жеткен бауырластарымыз бар-тын. Олардың ешқайсысы жерге, руға бөлініп, жеке бас мүддесін іздеп келмегені белгілі. Мақсат – жерімізді дұшпаннан арылту болды! Бұланты шайқасы өзінің маңыздылығы жөнінен 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі жеңіспен барабар. Осы оқиғадан кейін жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды.

Осыны ескеріп, 2015 жылы 21 тамызда Қарағанды облысы,Ұлытау ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде жоңғарларды алғаш талқандаған Бұланты өзенінің жанындағы Үйтас шатқалына биіктігі жеті метрлік Монумент орнатылды. Онда қазақ батырларының рухына арналып, тас белгілер орнату жалғасуда.

– Болашақта мұнда ұлы оқиғаға қатысты жүйелі іс-шаралар өткізілу жоспарланып отыр. Бұл жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін, бабалар ерлігін, тәуелсіз ел тарихының құпия беттерінен дерек беретін игі шара болмақ, – деп істің барысы жайлы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің академик Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының директоры Кенжалы Балкенов мырза баяндап берді.

Жақында сол Бұланты, Білеуті, Қалмаққырылған соғыстарына қатысқан рубасы, батыр Аманғұл Ибескеұлы бабамыздың  рухына арналған ескерткіш тасты Үйтас шатқалындағы Монумент маңына апарып орналастырдық. Бізді Байқоңыр кентіндегі Қыпшақ руының азаматтары құрметпен қарсы алып, Бұланты шайқасына қатысқан Қыпшақ Қанатбай батырдың ұрпағы Медет мал сойып, қонақасы беріп, Үйтасқа ауыл азаматтарымен бірге жол бастап апарды. Мұның өзі сонау қилы заманнан бергі өзара сыйластықтың жалғасы деп ұқтық. Өйткені, биыл Астанада жарық көрген Тоғанбай қажының  «Тас-белгі» түйген сырлардың жаңғырығы»  кітабында Қыпшақ Тілеулі батыр, Түйте батыр, Ақтаз Құттымбет батыр, т.б., туралы баяндалады. Біле білгенге, бабалар жоралғысын біздің осылайша жалғауымыз перзенттік парызымыз болмақ. Аманғұл бабаға қойылған тас белгінің қазақтың бас батырларының бірі, Бағаналы хан Барлыбайдың оң қолының жанынан орын бұйыруы да зор аборой болғанын мақтан етеміз.

Қол бастап, Төлек ердің соңына ерген,

Қабанбай, Бөгенбайды көзі көрген.

Хан Абылай кеңесіне құлақ түріп,

Найза шаншып, садағын жауға керген, –

Аманғұл бабамыз өз ғұмырында батырлықтан гөрі, адамгершілік пен парасаттылық, имандылықты көбірек насихаттаған екен. Сол үрдіс бүгінгі ұрпағына жұғысты болып, ұрпақтары елге абройлы қызмет атқарып келеді. Солардың арасында ата аманатына адалдықтың үлгісін көрсеткен – Қосбасарұлы Қашарбай әулие де бар. Ол шамамен 1830 жылдары өмірге  келсе керек. Ол кезде Қумола өзені көк орай шалғынды құт мекен еді.

Әтеген-айы, Қумола өзені аз уақытта бар көркінен ажырап қалады деп ойлады дейсің бе?! Рас, оны болжаған Аманғұл батырдың ұрпағы Қашарбай әулие болатын.

Көде де көде, көде екен,

Көрерің көде көп екен.

Көкорай шалғын қуарып,

Өзеннің суы суалып,

Соры шығатын күн екен.

...Қаңырап далам бос қалып,

Ел қашқалы тұр екен.

Қаптаған қалың киігің,

Бел асқалы тұр екен.

Төбеңнен түскен жай оғы

Жайратқалы тұр екен.

Сөйтіп, бір зауал заманды

Орнатқалы тұр екен, –

дегенінде «әшейін, айтыла салған сөз болар» деп әркім өз-өзін жұбатып қоя салған еді! Бірақ, олай болмады. Кешегі кеңестің кезінде зауыттың қалдығы Қумола өзеніне жіберіліп, өзен арнасы қаңсығаны да шындық. Жайылымдағы қалың малдары жойылып, өрісі тарылғаны да, жалпақ елдің жан бағар жай таппай Жезқазған бағытына жөңкілгені де анық. Төбеден зымыранның бөлшектері жауғаны да ақиқат. Тіпті, «Протон» зымырағышы құлап, апат төндіргені де рас. Ендігі қалғаны сол шындықты мойындау ғана!

Тағы бір шындық – кезінде Қумола өзенін дүбірге бөлеген даланың арқыраған айғыры – паровоз бен темір тұлпар поездың қарышты қадамына халайық сүйсініп еді. Онымен қоса туған өлкемізге өндіріс ошақтары мен кен орындарының ашылып, Ұлытау мен Кішітауды жайлаған жұрт несібесін тауып, олардың арасынан ірі тұлғалар шығып, ел мақтанышына айналды. Ол бүгінде де жалғасын табуда. Қумола өзенін Аманғұл ұрпақтары жайлап келеді. Оны да жарықтық Қашарбай әулие болжапты:

Екі ғасыр өткенде,

Арқырап айғыр жеткенде,

Бағы ашылар күн болар.

Бытырай қашқан ұрпағым,

Басын қосып жадырап,

Жарқылдай шыққан үн болар!

...Құм айналып алтынға,

Бағасы артып пұл болар!

Иманды ұрпақ молайып,

Ырыс-дәулет мол болар,

Тілегім – Алла сол болар! –

деген тілегі де қабыл болды, иншаалла! Осыншама дуалы ауыз Қашарбай әулие кім еді? Әулие атанса, оның бейіті неге Қумола бойында жатыр? Өйткені, оның бауырлары Тоғызбай қажы Сарыкөтұлы, Есеней қажы Қамысбайұлы, Қасым қажы Күнтуғанұлы, Ноғайбай қажы Көбекұлы – Мекке-Медине жерінде жәннаттық болса, Түркістандағы үлкен қабырстанға Күнтуған Сарыкөтұлы жерледі. Сондықтан елін білімге, имандылыққа үндеп, аптап ыстық, сақылдаған сары аязда даланы кезіп жүріп, насихат айтқан туған ауыл топырағы оған тым ерекше еді.

Қашарбай «әулие» деген атты босқа иемденген жан емес. Ол шын мәнінде «Шариғатты» бір жола жүрек қалауымен таңдап, дәруіштік өмір кешіп, ғұмырының ақырына дейін алған бетіне қайтпаған, мағрифат, яғни, Алланы танудың сопылық концепсиясы ұстанымынан айнымаған білімпаз. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері Сүлеймен Бақырғани, Мұхаммед Данышманд Зарнұқи, Ғашық Жүсіп, Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы т.б. ұстанған Ясауи жолы тармақтарының өз заманындағы ізбасарларының бірі болуға ұйғарған жан. Байлығы шалқыған туыстары бола тұра, дүниеге көз қиығын салмай, сопылық ағымның түркілік бағытын қалап, өз ортасында дұрыс түсінік таба алмай, жанын азапқа салып өткен ақыл егесі десек болады. Өйткені, дәруіш-сопылар ерлігін Жүсіп Баласағұн, бақытқа жетудің негізгі құралы деп бағалаған:

Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын,

Білім – жарық, нұрын саған шашатын...

Қашарбай әулиенің көптеген кітапханаларда сарылып ұзақ отырып, есімдері әлемге белгілі Омар Хайям, Сағди, Хафиз, Низами, Руми тәрізді ақындардың шығармаларын да үлгі тұтқаны даусыз. Демек, оның сауаттылығы, білімпаздығына шек келтірмеген ағайын-туысының оны «Әулие» деп еркелетуі орынды. Өкініштісі, айтқанына ден қойғанымен, ол тәрізді білім сырын игеруге өрелері жете қоймағаны.

Қай заманда да көпшіліктің бұл тірлікті дұрыс қабылдай алмайтынын мынадан көруге болады. «Дәруіштер екі түрлі болады: бірі дорба арқалап, ел кезіп, рухани ілім таратушы сопылар да, екіншісі – сопылық бауырластыққа (тарикатқа) кіріп, пір (шейх) басқаратын арнаулы мекен-жайларда тұратын, бір жерде уағыз жүргізіп, сондай-ақ, өзін-өзі жетілдіріп отыратын дәруіштер».

Қошарбай әулие осы екі тармақты да мүмкіндігінше игеруге ұмтылғандар қатарында болса керек. Ресми түрде мұны былайша түсінуіміз қажет. «Дәруіш – діндар, өзін толығымен құдай жолына бағыштаған, рухани жетілуді мақсұт еткен, сопылық ілімді меңгерген адам. Олар «жарлы», «кедей» деген ұғымды тура мағынасында емес, рухани ілімнің жеткіліксіздігі мағынасында түсініп, өздерін өте қарапайым, кішіпейіл ұстағандықтан «Дәруіш» атанған. «Дәруіштердің сопылық бауырластықтары VІІІ-ІХ ғасырларларда мұсылман әлеміне кең тарағаны мәлім. Қожа Ахмет Ясауи тариқатының жолын ұстанған Дәруіштер түркі халықтарына исламды насихаттап, басқа елдермен рухани, мәдени байланыстар орнатуға үлкен үлес қосты» (surak.szh.kz).

Түркістан мен Ұлытау, Кішітауды мекендеген елдің қашаннан «ауылы аралас, қойы қоралас». Оның үстіне Аманғұл руы мекендеген Қумола өзені қуалай ағып, Білеутімен жалғасып, оңтүстік өңірге ендей түсетінін ескермеске болмас. Аманғұлдың екі ұлы Бөгенбай мен Садырбай десек, Садырбайдан туған тоғыз ұлдың бірі – Таңаттан тараған Қосбармақтан Қашарбай әулие туады. Жарықтық Қашекеңнің Түркістанға жиі ат басын бұруы бала жасынан қалыптасыпты. Көнекөздердің айтуында, дінге ерте ден қойып, ғылым-білімге ынтасы біржола ауады. Уақытының көбін Түркістанда өткізгенін ағайындары қаламаса да, ондағы ерекше жайлар, түрлі аңыздар, ғылыми кітаптар магниттей тартып, оның құштарлығын арттырмаса кемітпеген. Олай болар реті де бар ғой.

Қашарбай әулиенің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тарихи, ғылыми жайларды өзі ғұмыр кешкен өлкені жаяу аралап, дәруіш күйге түсіп, түсіндіруі, ислам діні жайлы сыр шертуі кімді де болса баурап алғаны аян. Белгілі ғалым Ақжан Машанның тұжырымынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жеті қат көкті, 12 мүшел мен жыл есебін бейнелейтін ғарыш моделі сынды құрылыс. Ал оның шағын үлгісі іспеттес Тайқазан астрономиялық мәні бар қызмет атқарған. Зерттеушілер арасында Тайқазан атауындағы «Тай» сөзінің шығу төркіні түркі, моңғол халықтарында жылқы малының киелі саналып, құрбандық шалу рәсімінде пайдалануына байланысты туындаған деген пікір бар. Геродоттың келтірген мына бір қызық мәліметте: «...Бір күні сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлеріне жебелерінің бір-бір ұшын алып келуді бұйырады. Сосын оларды балқытып, алып қазан құйдырады». Көшпенді жауынгерлерінің жорық кезінде алып жүретін үлкен қазандары болғаны мәлім. Бірақ, мына қазанның жасалуы да, қызметі де ерекше. Қазан сыртындағы жазулардың бірінші қатарында жазылған Құранның «Тәубе» сүресінің он тоғызыншы аятының үзіндісінен және Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен оның суға арналғандығын аңғаруға болады.

«Аят: (қазақша мағынасы): Аса Мәртебелі, Құт-берекенің иесі Алла айтты: «Сендер қажыларға су беру, Месжід Харамды жөндеуді (Аллаға, ахирет күніне иман келтіріп және Алла жолында күрескен кісі сияқты) көресіңдер ме?» (9:19-аят.), – десе, хадисте былай делінген: Пайғамбар, (ол кісіге сәлем болсын), айтты: «Кімде-кім Алла Тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла Тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды».

Бұл жердегі әңгіменің астары халыққа, адамдарға қызмет қылуды, елдің қажетіне жарауды меңзеп, Құдайға құл болудың мәнісі – адамдардың бірін-бірі алаламай, дініне, ұлтына қарамастан қайырымдылық, қамқорлық жасауында екендігін аңғартады. Мұнда сондай игі әрекеттер арқылы ғана адам баласы Жаратушының ризалығын тауып, мінсіз қоғам құра алады деген идея жатыр». (Аманжол Мейірман, «Тайқазан», «Ана тілі» газеті, № 2 (1312), 14-20 қаңтар,2016 жыл).

Қосбармақ баласы Қашарбай әулие айтқан мыны тілектің:

Құм айналып алтынға,

Бағасы артып пұл болар!

Иманды ұрпақ молайып,

Ырыс-дәулет мол болар,

Тілегім – Алла сол болар! –

иншалла, қабыл болғаны, кен қорытып, мыс ағызған елінің байлыққа кенелгені шындық.

Қашарбай әулиенің небір ғажап тылсым қимылдарының ел аузында жүрген нұсқаларында көктемгі су тасқынында долы өзеннен қалай атап өте шыққаны, Ақмешіттен күйме жеккен аттылыдан бұрын ауылға жаяу бұрын келетіні, намаз сабақтырын талдап оқу ерекшеліктері айтылады.

Сауатты ғылыми түсінікке бой ұрған кез-келген саладағы ғалымдар мен олардың ізін басып соңынан ерген білімді жандардың тындырған істері мен айтқан уағыздарының астары ылғи да даналықпен ұштасады.

Қашарбай әулие уағыз тұсында өзі иіліп-бүгіліп көрсетіп тұрып, намаз сабақтарын сан мәрте түсіндірген екен. Ол бай-дәулетті ағайындары мол бола тұра, дүние кезіп, ілім іздеп, уағыз айтқанды жөн көріпті. Өздеріңізге мәлім, құранның «Саф» сүресіндегі 6-аятта Иса (ғ.с.)-нің өз қауымына айтатын: «...өзімнен соң «Ахмед» атты пайғамбар келетіні туралы хабар әкелуші пайғамбармын» – деген уағызы бар. Ендеше Қашарбай әулие жиі айтты деген, бұл аят астарына да зер салуға тұрарлық әңгіме.

«Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның Құрандағы бір аты – Ахмед, арабша жазылуы төрт әріптен тұратын – АХМД.

Алладан басқа алаңы жоқ Қашарбай әулие бірде:

– Намаздың аты бар ма? – деп сұрапты жиналған қауымнан.

– Әрине, болады. Таң намазы, бесін, екінді....

– Жоқ, ол оқылатын кезекті намаздың мезгілдік атаулары. Назар салыңыздар: намаздың бір аты – Ахмед... (Қадірлі оқырман мұнан әрі арапша әріп-таңбаларын ойша еске түсіріп, ойланыңыз). Қиямда тік тұру – басын ибалық әдетімен сәл төмен тұқырту, көзін сәжде қылатын жерге қаратып тұру – (әлиф) әріптік бейнесінде болуды көрсетеді. Рукуғқа барғанда  (Хи– үстіне ыдысқа құйылса, су төгілместей деңгейде белді жазып ұстаубелгісі. Сәждеде  (мим) бүгіліп – Алла Тағалаға шын ниетпен бас ию кейпіне түсу, сәждедегі отырыс  (дал) әріпіне сәйкес бүгілгендей қалыпқа келгенде – намаз толық болмақ, – деп түсіндіріпті.» (Т.Құлманұлы, «Имандылық кеңістігі», Жезқазған, 2003 ж, 79-бет).

«Ислам ілімінің үш негізгі тарауы, – дейді Ақжан Машани – а) Құран аяттарын түсіну, ә) Пайғамбардың хадистерін талдау, б) Табиғат дүниесін ғылыми көрнекі қиас әдісімен зерттеу. Осы үшеуі бір жерден шықса, адамның пайдасына жұмсалса, сол болады ғылыми шындық».

Ғалым, «Құранның математикалық құпиялары» кітабының авторы Ғұзыхан Ақпанбек жоғары да келтірілген уағызды АБЖД есебіне салып, оның қаншалық мәнге ие екендігін дәлелдейді. Демек, Қошқарбай сынды кейбір бабаларымыздың жан-дүниесін тұстастарының түсіне алмауы, тиісінше бағалай алмауы заңдылық. Сонымен, ғылым тілі не айтады?

«Әріптердің сандық мәні мен алмастырғанда: А-1, Х- 8, М- 40, Д- 4, яғни, 1+8+40+4 = 53.Бұдан (53 = 50 + 3; 50-Н,3-Ж).

НЖ – оқылуы «нәжей». Араб тілінде оның бірнеше мағынасы бар сөз: 1. Жүректің қалауы. 2. Сенімді өкілі. 3. Жақын дос. 4. Құпия.

«Мұхаммед» – деген сөздің сандық эквиваленті (МХМД) – 92.92 = 90+2.90-С (сад), 2-Б. СБ – «саббун», бұл сөздің қазақша мағынасы – сүйікті, қалаулы, махаббатлы. Енді осы екі есімнің сан мәндерін қосамыз: 53+92 = 145. (100 – Қ,40-М, 5-һ, ҚМһ) – оқылуы «қиммаһун», мағынасы – шын, биіктің ұшы, үстінде. Ендеше, пайғамбар (с.ғ.с.) сенімді дос, Алланың қалаулы адамы, бәрінен жоғары тұрады деген ой айқын көрініп отыр (Ғ.Ақпанбеков, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Сарыарқа» Жезқазған аймақтық газеті, №124(6908), 18 қазан, 2003 жыл).

Қосбармақ баласы Қашарбай бабамыздың бейіті Қумола өзені бойындағы «Тас белгі» тұрған Итауыздан сәл жоғарғы иіріміндегі «Боқының төбесінде» жатыр. Оны ұзақ жылдар іздестіріп жүріп, жақында ғана таптық, құран бағыштадық. Төбе атауының Бөгембай бабамыздың баласы Боқы атымен аталуында үлкен мән бар. Демек, бұл орын сонау заманнан бергі атақонысымыз болғанының дәлелі екені анық.

Сонау жылдары  Елешбай Татағұл баласы, ақын, әрі әнші Нұрмағанбет Ахмет баласы, зергер-ұста Тынышбайдың Дәрібайы, Асанбайдың Әлмағанбеті, тағы басқалары арбамен тас тасып Қашарбай әулиенің басын көтерген деседі. Тас қалаушы кәсіби ұста Тынышбай баласы Дәрібай болса керек.

Өткеннің өнегесі тарихты білу үшін ғана емес, өміріңе сабақ, қадамыңа демеу болар тағылым үшін өзекті. Бүгінде біз ата-бабаларымыз қалыптастырған елдік сананың арқауын үзіп алмай, оны жалғастыра отырып, шапағаты мен шарапаты мол іс тындыруға атсалысудамыз.

Бұл «Мәңгілік елдің» басты мұраттарының бірі болып қала бермек.

 

Әбдірахман ҚЫРЫҚПЫШЕВ,

ҚР ІІМ ардагері, полиция майоры,

Тоғанбай қажы ҚҰЛМАНҰЛЫ,

Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі 

Оқылды 133 рет
JoomShaper
Top