Исатай БЕРДАЛИЕВ: Алланың атынан үкім шығару – ширк амалдардың бірі

Жұма, 02.09.2021

– Қазір қит етсе, ширк дегенді шығардық. Осы ширк амалдарына қандай амалдар жатады?

– Араб тіліндегі «ширк» сөзі, Аллаға серік қосу, Алладан басқа да Құдай бар, Жаратушы біреу емес деп айту және өзге нәрсеге сыйыну, Аллаға емес пұтқа табыну деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 116-аятында ширк ұғымының мағынасын аша түседі:

«Шындығында, Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді. Ал, одан басқа, қалаған пендесінің күнәларын кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады». Аяттан ширк пен күнәнің екі түрлі амал екендігін аңғаруға болады. Ал, «күнә» дегеніміз қазақ тіліндегі «қылмыс», «тыйымдардан бас тартпау», «қателік» деген ұғымдарды білдірсе, діни түрғыда «Алланың тыйым салған амалдарын істеу» деген мағына береді. Сондай-ақ, Аллаға ортақ қоспаған, бірақ, кейбір күнәлардан тыйыла алмаған адамды «ширк» амалымен кінәлауымыз дұрыс емес. Намаз оқымағанға, арам іс жасағандарға Аллаға ортақ қостың дей алмаймыз. Олар күнә жасаушы, сондықтан «күнәһарлар». Аллаға ортақ қосқан мен күнәһар адамның арасында айырмашылық көп. Мәселен, күнәһар адам ширк жасамауы мүмкін, ал, кез келген ширк амалын жасаушы күнәһар болып саналады. Бір адамға ширк амалын жасадың деп, Алланың атынан үкім шығару – ол да Аллаға ортақ қосқан амалдардың бірі. Сондықтан, мұндай үкім шығаруда өте абай болу керек. Құран Кәрімде Аллаға ортақ қосқандар туралы, екі жүз он үш аятта баяндалған. Бұл аяттарда ортақ қосудың әртүрлі сипаттары айтылып, ең үлкен күнә жайында адамдарға хабар беріледі. Аталған аяттарды мұқият зерттеу нәтижесінде, Құран Кәрімде баяндалған Аллаға ортақ қосуды бірнеше топқа бөлдік.

– Мәселен?

– Мәселен, Алланың баласы бар деп жала жабу, Құран Кәрімде Алла Тағала екі дүние сардары Мұхаммедке (с.ғ.с) «Зұхрұф» сүресінің 81-аятында былай деп бұйырады: «(Мұхаммед (с.ғ.с) оларға: «Алланың баласы болса, сонда мен құлшылық қылушылардың алды болар едім» де». Пайғамбарымыз арқылы барша мұсылман жамағатына ойдан құрастырылған жалған хабарларға сенбеуімізді ескерткен. Сондай-ақ, «Ықылас» сүресінде: «Алла туылмады, тумайды және ешбір нәрсеге мұқтаж емес» деп айтылған. Сондықтан, мұсылман ғалымдары мұндай жаланы айқын Аллаға ортақ қосу деп кесіп айтқан.

Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресі 30-аятында: «Еврей қауымы «Ғұзейыр Алланың баласы деді»; осы аяттың жалғасында «Христиандар хазреті Иса «Алланың баласы» деді» делінеді. Бұдан басқа, «Зұхрұф» сүресінің 19-аятында: «Олар Алланың құлдары періштелерді өздерінше әйелдерге балайды. Олар, періштелердің жаратылуын көріп пе еді? Олардың бұл куәліктері жазылып және сұралады». Періштелердің жаратылуына байланысты «Саффат» сүресінің 150-ші аятында: «Періштелердің қыз болып жаратқанымызға олар куә ма?» делінеді. Аталған және осыған ұқсас аяттар, Құран Кәрімнің сегіз сүресінің он сегіз аятында Алла Тағаланың ұлы және қыздары бар деп, Жаратқанға жала жауып, ширк амал жасағандарды айдай анық көрсеткен.

Сонымен қатар, Аллаға жала жабу, яғни Алланың айтпаған бір сөзін «айтты» деп көрсету.Бұл да ширк амалы болып саналады. Құран Кәрімде айтылмаған сөздерді «Құран Кәрімнен оқыдым не болмаса сол жерде солай айтылған» деп айту да Аллаға жала жабу болып саналады. «Әнғам» сүресінің 21-аятында: «Аллаға өтірік жала жапқандар немесе аяттарын өтірікке жорығандардан басқа ең үлкен залым кім болуы мүмкін? Күмәнсіз Алла залымдарды құтқармайды», делінеді. Алланың аяттарының негізгі мағынасынан ауытқып, пенденің нәпсісіне тиімді етіп жорамалдап, өзін ғана емес өзгелерді де бұл әрекетіне үгіттеу ширк амалына жатады. Сондай-ақ, «Һұд» сүресінің 18-аятында: «Аллаға өтірік жала жапқаннан кім залымырақ? Міне, бұлар Раббыларының құзырына шығарылады. Сондай-ақ, айғақтары да «міне бұлар, Раббыларына өтірік айтқандар» дейді. Естеріңде болсын! Алланың қарғысы залымдарға тән» делінген.

Осы және өзге де аяттарда баяндал­ғандай, Аллаға өтірік жала жабу – нағыз залымдық. Яғни, залымдықтың бұл түрі де ширк амалына жатады.

– Ел арасында өзін «пайғамбармын» деп жариялап жүргендерде бар. Бұл да Аллаға серік қосу емес пе?

– Әлбетте.  Ширктің бұл түрі жайлы Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресі 93-аятында: «Алла жасынға шығарған немесе өзіне ешбір уаһи келмесе де: «Маған уахи етілді» деген және «Алла түсірген сияқтыны мен де түсірем» деген адамнан кім залымырақ? (Мұхаммед с.ғ.с) егер залымдарды өлім келіп қиналғанда, періштелер қолын созып: «Жандарыңды шығарыңдар! Бүгін Аллаға қарсы орынсыз сөйлегендерің, Оның аяттарын менменсінгендеріңнің себебінен қорлаушы азаппен жазаланасыңдар» дегенде көресің!» делінген.

Ислам тарихында пайғамбарымыз дүние салмай тұрып жалған пайғамбарлар шыға бастаған. Кезінде Асуад Анси Емама да өзін пайғамбармын деп жұртқа жар салған болатын. Оған «Зүл-химар», яғни, «Есектің иесі» деген лақап ат қойылған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүние салардан екі күн бұрын оның Фейруз Дейлеми тарапынан өлтірілгенін естігенде пайғамбармыз: «Фейруз Асуад Ансиди өлтіргені үшін жеңіске жетті», деп жақсы хабармен сүйіншілейді. Сонымен қатар, Иемама қаласында Бәни Ханиф қабилесінің (руынан) болған Мүсайлама Кәззабтың көріпкелдігі де бар еді, хазіреті Әбу Бәкірдің халифалығы уақытында өзін пайғамбар деп жариялағанын естіген Уахши оған өлім жазасын берді. Міне, Алладан уахи алдым деп адамдарды алдаудың түбі қасіретпен аяқталатыны туралы тарих беттерінде дәлелдер көп.

Жоғарыда айтылғандай, Алладан уахи алдым деп алдаумен қатар, өз біліміммен Құран Кәрім сияқты бір кітапты мен де жаза аламын деп өтірік айтып, басқаларды алдау да ширк амалына жатады.

Қасиетті Құрандағы «Әнғам» сүресінің 93-аятында: «...Алла түсірген сияқтыны мен де түсірем» деген адамнан кім залымырақ?» делінген. Осы сүренің 31-аятында айтылғандай: «Оларға аяттарымыз оқылғанда: «Естідік, егер қаласақ біз де бұл тәрізді айта аламыз. Бұл бұрынғылардың ертегісінен басқа ештеңе емес» деп көсемсіген сөздер болмаса, осы күнге дейін бірде-бір Құран Кәрімге ұқсас кітап жазылмаған және жазылмайды да.

– Алланы жақсы көргендей жақсы көру немесе Алладан қорыққандай қорқу шариғатқа қайшы ма?

– Біздің бұл дүниеге келуімізге бас­ты себепкер болған және біздің барлық мұқтаждықтарымызға жауап беруші Мейрімді де Рахымды Алланы жақсы көретіндей басқа да бір затты, не болмаса бір адамды жақсы көру шариғат үкімдеріне қайшы келеді. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 165-аятында: «Адамдардың кейбіреулері Аллаға өзгені теңдес етеді де, оларды Алланы сүйгеніндей сүйеді. Ал, мүміндер, Алланы барлығынан артық сүйеді...» деген. Аяттың жалғасында «ақыретте оларға бұл істеген істері үлкен өкініш алып келетіндігін көрсетіп, оларға Алладан артық сүйген адамдарынан көмек сұрауларына Жаратушы бұйырады. Сонда әлгі өзін сүйдіргендер болса олардан безіп, өзін сүйгендерден теріс айналады. Сол уақытта артынан ерушілер «Әттең, дүниеге қайтар күн болса, олар бізден безгендей біз де олардан безер едік» деп өзегі өртене өкінетіндіктері баяндалады. Сондықтан, жаратылғанды Жаратушысынан артық жақсы көрмеу әрбір мұсылманға парыз етілген.

Ал,Алладан қорыққанындай басқа біреуден қорқутуралы айтар болсақ,өлген адамнан және жындардан қорқу табиғи қорқу бұл ширкке кірмейді. Бұл жерде о дүниелік болған адамдарды және жындарды сыйлау басқа да, олардан қорқып, тілену – басқа. Құран Кәрімнің «Нәһл» сүресінің 51-52-аяттарында Алла Тағала: «Екі Тәңір жасап алмаңдар. Шын мәнінде, Ол – бір-ақ Тәңір. Ендеше, менен ғана қорқыңдар» деді. Көктерде және жерде болған нәрселер оның игілігінде. Ұдайы құлшылық Аллаға тән. Алладан басқасынан қорқасыңдар ма?» деген. Біз, жаратылған пенделер тек Алладан ғана қорқып, Алланы ғана сүйіп, Аллаға ғана мінәжат етуімізбен қатар, Алладан ғана қорқуымыз керек.

– Аллаға серік қосушылардың ақыреттегі жазасы қандай болмақ?

Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Алла Тағала адамдар мен жындарды өзіне құлшылық ету үшін ғана жаратқан. Жаратылуымыздың басты мақсатына қайшы іс-әрекет жасағандар жазаланатыны, әсіресе, Алланың өзіне ортақ қосқан адамдар мен жындарды кешірмейтіні – Құран Кәрімде жиі айтқан. Жер бетіндегі ең үлкен зұлымдық, барлық күнәлардың ішіндегі ең ауыры және ақырет күнінде кешірілмейтіні - Аллаға ортақ қосу екендінін сөз басында айттық. Алла өзіне ортақ қосқандарды тек о дүниеде ғана емес, осы дүниеде де жарылқамайды.

Балиғат жасқа жеткен әрбір адам баласы үшін Алла Тағала Кирамән және Катибин деген екі періште жіберіп, адамның әрбір істерін айна-қатесіз жазып отыруды бұйырған. Өйткені, Махшар алаңында адамдар есеп берместен бұрын, олардың осы дүниеде істеген істері жазылған дәптерлері таразыға тартылады. Міне, осы уақытта Аллаға серік қосқандардың істеген жақсы амалдары жойылып кетеді. Біз бұл дүниеде қаншама жақсылық жасап жақсы адам атансақ та, Аллаға ортақ қосқан соң, олардың барлығы түкке тұрмайды.

– Ал тәубе етушілер ше?

– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ең жақсы адам – күнәсына тәубе етуші адам...» деді. Яғни, Алланың сүйген құлдарының қатарында болу, Пейішке кіру сынды асыл мақсаттардың орындалуы үшін, әрдайым тәубе етіп жүруіміз – міндет. Айша анамыз: «Алланың ең сүйікті құлы Мұхаммед (с.ғ.с) бір күнде 100 рет тәубе ететін» деп айтқан.

Тәубе – Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйларының бір мәуесі, шексіз нығметінің бір парасы. Өйткені, Құранда: «Расында, Алла тәубе етушілерді және өздерін пәк тұтқандарды сүйеді» дейді. Бұл аятқа қатысты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Тәубе етуші Алланың сүйген құлы, кім күнәсына тәубе ететін болса, ол күнәсы жоқ адам сияқты» деген. Тәубенің мағынасы: Тез арада күнәдан арылу, ол күнәні екінші рет қайталамау, өткен қателерді түзету және күнәсі үшін өкіну. Бұл – мұсылманға уәжіп амал. Бұл жерде жай ғана өкінудің өзі жеткіліксіз. Сахл ибн Тустарий: «Тәубе ол жаман істерді жақсы істерге ауыстыру, жақсылық жасау, пайдасыз сөз сөйлемеу және адал тағаммен қоректену» дейді. Яғни, өткен және өтіп жатқан күндерді ойлап, тәубеге келіп, келешекте ондай қателіктерге бармайтынына өз-өзіне серт беруі. Жаңылыс қадамға барған адамның тәубе етуге асығуы да уәжіп болады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Жамандықтан соң оны жуатын жақсылық істе» деген. Тағы бір хадисте, тозақтағылардың азапқа шыдамай, айқайлап жатқандарының көпшілігі – тәубені кешіктіргендер екенінен хабар береді. Тәубенің өзіндік шарттары бар. Осы шарттарды орындаған жағдайда ғана, тәубе қабыл болады. Тәубе етуші адам төрт топқа бөлінеді:

1.Үлкенді-кішілі күнәсына тәубе етіп, өмірінің соңына дейін сол қателігін қайта жасамаймын деп өкініп, нәпсісін бағындырған адамның тәубесі. Мұндай тәубе «таубату ан-насуха» делінеді. Яғни, «шынайы тәубе». Мұндай дәрежеге жеткен адам әрдайым сауапты амалдарды көп істеп, жамандықтарын жақсылыққа айналдырып жүреді. Ал, тәубеге көніп тынышталған жүрекке «Ән-нафсу әл-иутма инна» дейді. Мағынасы – «тынышталған нәпсі». Алладан разы және Алла одан разы болған күйде ақыретте Алланың алдына шығарылады.

2.Тәубе етуші, ғибадаттың негіздерін шынайы ықыласпен орындап, үлкен күнәлардан тыйылған адамның тәубесі. Кейде пенде білместікпен күнә жасап қойған сәтте, өкініп күнәдан сақтанады. Бұны «ән-нафсул-л аууама» дейді. Яғни, өзін-өзі айыптап өкінетін нәпсі. Тәубе етушілердің көпшілігі осы топқа жатады. Өйткені, күнә адамның табиғатымен бірге жаратылған. Одан пенденің құтылуы мүмкін емес. Қасиетті Құран Кәрімнің «Зумәр» сүресінің 53-аятында: «(Мұхаммед Ғ.С.): Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла барлық күнәларды жарылқайды. Өйткені, Ол тым жарылқаушы, ерекше мейірімді де» деп айтылған. Олар істеген күнәсына өкініп, қайғырады. Әли (р.а.): «Жақсыларыңыз – күнә істеп, соңынан тәубе етушілеріңіз» деген. Иә, кіші күнә тәубені бұзбайды, әрі ол күнәһарлар қатарында қалып қалмайды. Өйткені, пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Барлық адам баласы (көп) қате етуші, олардың жақсысы тәубе етуші және күнәсына истиғфар (кешірім) айтушы» деген. (Термези)

3. Бір кісі тәубе етеді, тәубесінде тұрады да, арадан уақыт өте келе нәпсісінің қалауына еріп тәубесін ұмытып кетеді. Сондай-ақ, ол адам ғибадатын да орындайды, тіпті, нәпсісі қалаған күнәлардан да тыйылады, кейбір жасаған күнәдан да арылуды қалайды. Алайда, арада уақыт өте келе нәпсісіне еріп, тәубені күннен-күнге кешіктіреді. Бұндай тәубе етушілерге шариғатта «тіленуші нәпсі» дейді. Ол туралы Құранның «Тәубә» сүресінің 102-аятында былай деген: «Кейбір кісілер күнәларын мойындады. Бірақ, олар түзу жақсы істі басқа жаман іспен араластырды. Бәлкім олардың тәубелерін Алла қабыл етер». Яғни Алла, жасаған күнәсына өкініп, ғибадатына берік болған пенделерін кешіруі мүмкін. Бәлкім, Алла олардың тәубелерін қабыл етер. Ал егер, тәубесін кешіктіріп, тәубесіне келмей бұл пәниден өтсе, ол өте қатерлі. Күнәні нақты жасап, тәубені кейінге қалдырса, ондай пенде қияметте азапқа душар болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Пенде пейіш амалын істеп, адамдар оны пейішке кіреді дейді. Онымен пейіштің арасы бір қарыс қалды. Бірақ, оның кітабы озып, тозақ амалын жасап, тозаққа кіреді» дейді. (Бұһари, Мүслим). Алла Тағала күллі мұсылман бауырларымызды мұндай ахуалға түсіп қалудан сақтасын. Тәубеге үлгермей өмірден өту нендей қатерлі! Әрбір алып жатқан демімізді, соңғы дем деп ойламайтынымыз өкінішті. Құдайым пайда бермейтін өкініш амалдан сақтасын!

4. Бұл топтағы тәубе етушілер тәубе етеді де, кейін қайта күнәға батады. Істеген қылмысына өкінбейді де, еткен тәубесін көңіліне алмайды да. Нақ осылай тәубе етушілер, күнәдан қайтпағандардың қатарына жатады. Сондықтан да, ондай адамдардың тәубесіне «жамандыққа бұйыратын нәпсі» делінеді. Бұндай адамға қорқынышты өлімнің келіп қалу қаупі бар. Соңы тәубемен бітетін болса, тозақтан шығуына үміті бар. Ал егер, тәубесіз өлсе, қиямет күні қор болады. Ол өкініп; «Олар тозақта: Ей, Алла! Мені дүниеге қайтар, тәубеме келейін, жақсы амал істейін, деп зар қағады.....» дегенімен ол уақытта кеш болады. Бұл жөнінде Құран Кәрімнің «Фатыр» сүресінің 37-аятында Жаратушы иеміз ескерткен. Сондықтан, әрбір пенде жасаған күнәсіне кешірім сұрап, тәубеге асығуы керек. Күнәсін білген кісіде тәкәппарлық қайдан болсын?! Ол адам, басын сәждеге қойып, ғибадат жасауы керек. Бұл туралы, Әбу Бәкір (р.а.): «Дәрет алып, мешітке кіріп, екі рәкәғат намаз оқы» десе, Ибн Аббас «төрт рәкәғат» деген. Бір адам пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Мен күнә жасадым. Маған Алланың үкімін орындаңыз!», деді. Пайғамбарымыз: «Бізбен бірге таң намазын оқыдың ба?» деді. Ол: «Иә» деді. Пайғамбарымыз: «Әлбетте, жақсылықтар жамандықты кетіреді» деп айтты. (Бұһари, Мүслим).

Сахабалар былай деген: «Бізде екі амандық бар еді: біріншісі – пайғам­барымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) арамызда болуы; екіншісі – тәубе ету». (Термези) Тау майда тастардан жиналады. Күнә кіші болса да, оны кіші деп істей бермеу керек, өйткені күндер өте келе үлкенге айналып кетуі ғажап емес. Сондықтан, барлық күнәлардан сақтануымыз керек. Тәубе, біліммен және сабырмен болады.

Алла, әр мұсылманның тәубеге келуін және онымен амал етуін нәсіп етсін!

Алла біздерді шынайы тәубе етуші­лер­ден, әрі тәубемізде тұрып, құзырына күнәсіз баруымызды нәсіп етсін! Пай­ғам­барымыз Мұхаммедке (с.ғ.с), оның отба­сына және сахабаларына салауаттар болсын. Және қияметке дейін пайғам­бары­мыз Мұхамметтің (с.ғ.с) ізінен ерушілерді тура жолыңнан тайдырмасын. Әмин.

– Әмин! Уақыт бөліп сұхбат бер­геніңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан

Әлімхан Сырбай

Оқылды 1161 рет
JoomShaper
Top