Қызмет орнындағы аманат

Сенбі, 03.09.2021

Әрбір адам өз мамандығы бойынша әр салада жұмыс істейді. Соның ішінде қарапайым дүкендегі сатушыны алайық. Ол жеміс-жидек сататын дүкенде істейді, диқан емес, дүкен иесі де емес, тек сатушы ғана. Әлгі сатушы жұмыс уақытының соңында қоржынына жемістерден, сатып жатқан заттарынан ұрлап салып үйіне алып кетеді...

Екінші мысал:Бір кісі бір мекеме бастығының жүргізушісі,  жұмыс уақытында бастықтың машинасын өз жеке басына пайдаланады, бастығының рұқсатынсыз әрине. Бұл жоғарыдағы, екі саладағы жұмысшыға да тиесілі еңбек ақылары белгіленген. Қызмет қылғаны үшін екеуі де еңбек ақыларын алып отырады. Бірақ қанағатсыздық қылып, сеніп тапсырылған мүліктерге аманаттарға қиянат қылады.Бірінің аманаты– дүкен болса,екіншісінің аманаты– автокөлік. Мұндай қиянатпен жымқырып алған нәрсені жеп-ішуге және пайдалану дұрыс емес. Мұсылман аманатқа қиянат қылмайды:

«Олар аманаттарын, уәделерін қорғаушы» (Муминун: 8).

Келесі мысал күнделікті өмірде кездесіп қалатын жағдай, сізге досыңыз не туысыңыз сеніп, үлкен көлемде ақша берді. Бұл қаржы сенде бола тұрсын, кейін кері алармын, не пәленше келеді сол адамға бере салшы – деп өтініш білдірді. Бұл ақша сізге уақытша берілген аманат. Тағы бір мысал сіз бір мекеменің есепшісі болып қызмет атқарасыз. Ол мекеменің бар ақша қоры сіздің қолыңызда. Ал сіз жақсы болды қолыма қомақты ақша тиді – деп оны оңды-солды қалағаныңызша жарата алмайсыз. Себебі бұл жағдайдағы қаржы сіздің қолыңыздан өткенімен сізге берілген аманат. Егер өз маңдай теріңізбен тапқан өзіңізге тиесілі болса жөні бөлек. Бірақ, бұл сол мекеме ұжымының айлығы.

Келесі келтіретін мысал сіз, бір ғимаратты кәсіпкерлікпен айналыспақ болып жалға алдыңыз және сол сияқты отбасыңызбен тұруға бір пәтерді не үйді жалдадыңыз делік. Немесе дәл осылайша бір автокөлікті жалға алдыңыз, не досыңыздың болмаса туысыңыздың көлігін сұрап міндіңіз. Міне мұның бәрі  аманатқа жатады. Сол үшін алған дүниеңізді бастапқы алған күйінде тиесілі иесіне келіскен өз мерзімі бойынша түгелімен қайтарып беру керек. Өйткені бұл – аманат: «Ей, мүміндер! Аллаға әрі елшісіне опасыздық қылмаңдар. Тағы біле тұра аманаттарыңа қиянат қылмаңдар» (Әнфәл: 27).

Күйбең тіршілік болған соң балтыры сыздап, денсаулығы сыр бермейтін пенде жоқ шығар. Мұндай жағдайда дереу дәрігерге жүгіреміз. Енді сіздерден біріңіз дәрігер болсаңыз, мейлі хирург, терапевт, не балалар дәрігері дейік. Алдыңызға өз өмірін не, бауыр ет сәбиін тапсырып, дәрігерлік біліміңізге сеніп науқасының дертін тауып шипасын айтады деп әрбір адамның келгені аманат. Осы тұста қандай дәрігер болмасын алдындағы науқастың нақ ауруын өз біліміне, тәжірибесіне сүйеніп тауып айтуы, егер біле алмаса науқасты босқа әурелемей емдеуден бастартуы немесе оған басқа маманға баруына кеңес беруі – аманат.

Сол сияқты ұстаздық та, балаға сапалы білім беру де ұстаз атаулыға аманат. Дейтұрғанмен, әр ата-ана перзентінің тәрбиесін, білімін тек мектепке немесе мұғалімге жүктеп қоя салуы үлкен қате.

Мына сынақ өмірде адамның атағы, мансабы жақсы қызметі неғұрлым жоғары болса, оның Алла Тағала алдындағы жауапкершілігі де арта түседі.  Адамдарға жауапты басшы болу, бір мекеменің басшысы, не ауылдың әкімі және сол сияқты т.б. лауазымды қызметтер маңыздылығы мен қатар жауапты.  Міне, осы басшылар өз қол астындағы қызметкерлердің, не халықтың  хал-жайына, өзгеде әрбір ұсақ түйек түйткілдеріне және жұмсалған қаржының тиынына шейін Алланың алдында жауапты. Себебі бұл басшыға берілген аманаттың үлкені: «Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді...» (Ниса: 58).

Хишам өзінің әкесі Әбу Хумайд әл-Сайдиядан ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисін жеткізеді:

«Расулулла (с.ғ.с.) Әл-Азд тайпасына жататын Бәну Суләйм руынан Ибн Әл-Лютабийа есімді адамға зекет жинауды тапсырды. Бір күні Ибн Әл-Лютабийа  зекетті жинап, пайғамбарға (с.ғ.с.) есеп беріп: «Мынау-сіздердің малдарыңыз, ал мынау-маған сый етіп берілгені», – деді.

Мұны естіген пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен жалғаншы болмасаң, сыйлықтың берілуін күтіп, ата-анаңның үйінде отырмадың ба? (яғни бұл жиналған зекеттен иеленіп алғаның не?)», – деп айтты. Осыдан соң  мінбарға шығып, Алла Тағаланы ұлықтап, Оған мақтаулар айтты, кейін:

 «Мен, Алла тағала маған тапсырған істі атқару үшін араларыңнан біріңді тағайындадым. Ол алдыма келіп:  «Мынау сізге, ал мынау-маған сый етіп берілгені», дейді. Олай болса, сол сыйлықтың берілуін күтіп, неге ата-анасының үйінде отырмады?

Мұхаммедтің жаны уысында болған Затқа ант етемін! Сендердің бірің (ақысы болмастан) бір нәрсені иеленіп алса, Қиямет күнінде боздаған түйені, мөңіреген сиырды немесе маңыраған қойды арқалаған күйде келеді». Кейін қолтығы көрінетіндей қолдарын жоғары көтеріп: «Уа, Раббым! Мен жеткізе алдым ба?»,– деп екі мәрте айтты. Мұны менің көзім көрді, құлағым есітті» (Мүслим).

Пайғамбардың (с.ғ.с.) қолтығы көрінетіндей қолдарын жоғары көтеруі исламда аманаттың қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Мұны көрген және естіген кейбір зекет-садақа жинауға міндеттелген сахабалар пайғамбарға келіп, өздерін сол міндеттен босатуларын өтінген. Осылай дініміз ислам әр адамның өз мамандығына, көрсеткен қызметіне, кәсібіне адал болуын талап етеді.

 Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ

Оқылды 168 рет
JoomShaper
Top