Зайырлылық – теңқұқықтық жүйе

Жұма, 02.09.2021

Зайырлылық ұғымының шығу тегі мен тарих көшінде қалдырған ізіне сәйкес аталмыш терминнің анықтамасын жасайтын болсақ, орта ғасырлардағы (схолостика кезеңі) дін өкілдерінің өктемдігінен мемлекет пен қоғамды һәм жеке тұлғаны арашалап алуды көздеген идеялардың жеңіске жетіп, индивидтердің дүниеуи және рухани қажеттіліктерін тең қалыпта қанағаттандырғысы келген жоғары саяси ұйым модернизациясының зайырлылық түсінігін қалыптастырғанына көз жеткіземіз.

Әсілі, діннің үстемдік етуі орта ғасырда өмір сүруші адамдардың сұранысына сай орныққан жүйе еді. Дін насихаты кең етек жайғандықтан, адамдар бұл дүниені өткінші санап, ақыреттік бақытқа қол жеткізуге көбірек мән беретін. Ал, сол кезеңдегі қоғамда мықтап орныққан теократиялық басқару құрылымы негізінен халықты жұмақпен қауыштыруға бағытталған канондық жүйе болатын. Еуропа халықтарының осы діни танымына католик шіркеуіне қарсы орын алған реформациялық қозғалыстар мен «Қайта өрлеу» дәуіріндегі ғылыми дүмпулер күрт өзгеріс әкелді. Дін шырақшыларының дінді өз бас пайдасына жаратуы және христиан догматикасының ғылым ақиқатымен қайшыласуы секілді жағымсыз жайттар халықтың шіркеу билігіне деген наразылығын тудырды. Осы қарама-қайшылықтың әсерінен Еуропада ғасырларға жалғасқан текетірес орын алды. Ақырында 1789 жылғы І Француз буржуазиялық рефолюциясынан кейін шіркеу иерархиясы күйреп, зайырлылық жүйе мемлекеттік басқарудың озық үлгісі ретінде қабылданды.

Десе де, орта ғасырлардағы дін өкілдерінің азаматтық қоғамға жасаған өктемдігі жалпыға ортақ тенденция саналғанымен, әрбір субекті өзіне тән (локальді) мемлекет пен дін қатынастарын реттеу методологиясы мен концепциясын қалыптастырды. Мәселен, зайырлылықтың отаны саналатын Франция мен секуляризмге көбірек басымдық беретін Германияның мемлекет пен дін қатынастарын реттеудегі тәжірибесі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сондай-ақ, Ұлыбритания мен Скандинавия елдерінің де дін қатынастарын реттеудегі тәжірибесі бір-бірінен бөлек-бөлек сипатқа ие. Зайырлылық қағидаттарын мемлекеттік басқаруға енгізген Түркия, Алжир, Мысыр, Морокка, Малайзия сынды мұсылман елдерінің де өзіне тән ерекшеліктері бар. Яғни, ғалам тарихында зайырлылықтың көптеген локальды тұрпаттары тарих сахнасына шықты. Бұл әлем елдеріне зайырлылықтың бір ғана тұрпатының прецедент бола алмайтынын, әрбір мемлекет өзінің тарихи тәжірибесіне сай дін қатынастарын уникальді түрде реттеу керек екеніне көз жеткізеді.

Жалпы, зайырлылық тақырыбы сөз болғанда, осы терминге қатысты ой-тұжырымдарды да саралаған жөн. Орта ғасырларда Еуропада индивидтер діни ұстанымына байланысты мынадай үш категорияға бөлінетін:

«Клерок» – христиан теологиясы мен канондарына адал әрі шіркеу қызметіндегі ритуалдарды мінсіз атқаратын индивидттер (папа, кардинал, свещенник, поп).

«Лайцо» – Құдайға иланғанмен хрис­тиан канондарына әрі шіркеу өткізетін діни ритуалдарға немқұрайлы қарайтын немесе өз еркіндігін шіркеуге тәуелді етпеген индивидтер.

«Еретик» – Құдайға иланбайтын немесе христиан теологиясына сыни көзқараспен қарап, шіркеу қызметкерлерін әжуалайтын индивидтер.

Франциядағы І Буржуазиялық революциядан кейін қабылданған «Адам құқығы декларациясында» дінді ұстанып, ұстанбау еркіндігі «лайцизм» терминімен бекітілді. Яғни бұл термин жоғарыдағы христиан шіркеуінен тәуелсіз саналатын «лайцо» категориясынан нәрленіп, құқықтық ұғымға айналды. Әйткенмен, Еуропада мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлектігін білдіретін «лайцизм», «лайцо», «лайк» терминдерімен бірге «секуляризм» термині де қолданылады. Бұл термин латын тіліндегі «секуляр», яғни «дүниеуи» мағынасын білдіреді. Ал, терминологияда мемлекеттің қоғамдағы діннің рөлін төмендетуі немесе діни тұлғалардың белсенділігіне жол бермейтін жоғары саяси ұйым жүйесін айтамыз.  Осы сөз орыс тілінде «светский» (бұл жарық дүние) деп тәржімаланған. Туыс түркі халықтары «светское государство» ұғымын «дүниеуи мемлекет» деп аударып, сөзбе-сөз мағынасын қолданады.

Қазақстан Республикасы 1995 жылғы Конституцияда осы «светское государство» ұғымын «зайырлы мемлекет» деп берді. Түбі араб тіліндегі «әз-заһир» сөзінен шығатын «зайыр» сөзі қазақ тілінде «анық», «айшықты», «белгілі» деген мағыналарды білдіреді. Зайырлы мемлекеттің терминологиялық мағынасына келетін болсақ, жоғары саяси ұйым өз халқының тек бұл дүниедегі мұң-мұқтажымен шұғылданады, тұрғындардың өзара қарым-қатынасын құқықтық реттеуде бұл фанидің мұраты негізге алынады деген ұғымға саяды. Яғни, зайырлы мемлекет заңдарды қабылдағанда теократиялық жоғары саяси ұйым секілді ақырет бақытын көздемейді, халықтың бұл дүниедегі мәселелерін шешуді негізге алады. Ал, ақыреттік бақытқа (жұмақ) ие болу мәселесін индивидттердің өз еркіне қалдырады.

Біздің еліміз 1991 жылы саяси бостандыққа қол жеткізгеннен кейін Қазақстан азаматтарының дінді ұстанып, ұстанбауына қатысты еркіндік жариялап, оны 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңда ресми түрде бекітті. Қазақстан Республикасы 1995 жылы қабылдаған Атазаңның 1 бабының 1 тармағында:  «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетіп, мемлекет пен дін қатынастары зайырлылық қағидаттары шеңберінде реттеліп, индивидтердің діни-сенім бостандығы қамтамасыз етілетіндігін паш етті.

Әдепкіде, классикалық (laisizm) зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алған еліміз кейін келе Қазақстан халқының тарихи һәм діни тәжірибесі ескерілген зайырлылық үлгісін қалыптастыруды жүзеге асыра бастады. Нақтырақ айтар болсақ, 2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында «...Ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын...» мойындап, преференциялық зайырлылық немесе халықтың басым көпшілігінің діни ұстанымы ескерілген зайырлылықтың қазақстандық модельін қалыптастыруды қолға алды. Осы заң қабылданған соңғы бес жылда Қазақстан қоғамындағы дін қатынастары мемлекеттілікті нығайту бағытында және халықтың діни сұранысына сай реттелуде.

Әйткенмен, зайырлылық қағидаттарын ұстану барысында кейбір қоғамдық салаларда түсініспеушіліктер орын алып отырғанын жасыра алмаймыз. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда мемлекеттік органдар, қарулы күштер мен басқа да әскери  құрылымдар, сот және құқық қорғау органдары, білім беру, денсаулық сақтау, жазалау мекемелерінде діни салт-жораларды іске асыруға және құлшылық орындарын ашуға жол берілмейтіндігіне кейбір діндар азаматтар түсініспеушілік рай танытты. Тегінде, бұл құқықтық нормалар азаматтардың діни бостандығын шектеуді көздемейді. Әрбір мемлекеттік органның міндетті атқаратын өз функциясы бар. Діни рәсімдер осы мемлекеттің міндетті қызметтердің жүзеге асуына кедергі келтірмеуі тиіс. Аталған құқықтық нормалар осы тұрғыда бекітілген болатын. Ал, мемлекетіміз республика азаматтарының заңда көрсетілген негізде діни сенімді ұстануына һәм салт-жоралар мен ритуалдарды орындауына ешбір кедергі келтірмейді. Әділет басқармасының ресми тіркеуінен өткен жүздеген діни бірлестіктер, оның ішінде ҚМДБ-ның 2500-ден астам мешіттері мен Орыс проваслав шіркеуіне қарасты құлшылық орындары ашық жұмыс істеуде.

Кейбір асқын көзқарастағы діндар азаматтардың денсаулық саласындағы екпе мен қан құйдыруға және білім беру мекемелеріндегі біріңғай мектеп формасына, тұрғын үй бағдарламасындағы кредиттік жүйеге қарсы келуі, біздің мем­лекетіміздің зайырлылық ұстанымының әлсіз екенін көрсетпейді. Шындығында бұл мәселелер зайырлылық құндылықтарды жете түсінбегендіктен туындап отыр. Осы тұрғыда Қазақстан халқына зайырлылық акциологиясын жете түсіндіру үшін қоғамдық тыңдауларды көбірек өткізуге деген қажеттіліктің бар екендігі аңғарылады. Бәлкім, қоғам сұранысына сай зайырлылық қағидаттарын әрбір 5-10 жылда қайта қарауымыз керек шығар. Себебі, зайырлылық – қатып-семіп қалған догма емес. Зайырлылық дегеніміз жалпы халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, соған сай мемлекеттік тұрғыда шешімдер қабылдау. Яғни, зайырлылық – тірі организм, ол ұдайы модернизацияны қажет етеді.

 Мұхан Исахан,

дінтанушы

Оқылды 722 рет
JoomShaper
Top