Малын Аллаға сатқан сахаба

Дүйсенбі, 05.09.2021

 Егер қатты жоқшылыққа ұшырасаңдар,

онда садақа беріп, Алламен сауда жасасыңдар

(Хазіреті Әли)

Өмір адамды көп және жиі сынайды. Ауыл қарияларының: «Шырағым, досыңды таршылықта танисың» деп жататыны да сондықтан болса керек. Расында да адамның қандай екені таршылықта білінеді. Әдетте молшылық заманда қасыңнан табыла кетіп, сенімен бірге күліп-ойнап, уақытты көңілді өткізуге келісе кететін «достардың» да досы бар.

Біреулері сенімен пайда үшін жүрсе, басқалары сырымен бөлісіп, қасыңда әруақыт бірге болады. Бірақ, өкінішке қарай, мұндайлар аз. Адамның достық қатынасына берік болуына әрі өмірдің түрлі қиындықтарында мойымай күресе білуіне оның иманы көп ықпал етеді. Өйткені, иманы күшті адам ақыреттік сауабын бұл дүниедегі мансап пен пайдаға ауыстыруды жөн көрмейді. Оның алдында тұрған пайдасы қанша жерден тартымды болғанымен егер ол ақытеттік дүниемен қатар келіп қалса, онда әрине артықшылықты ақыреттік сауапқа  береді. Себебі иманды адам өзін Алла Тағаланың бұл дүниеде жиі сынайтынын біледі. Оның сол сынақтан сүрінбей өтуі қажет:

«Сендер міндетті түрде мал-дүниелеріңмен және өздеріңмен сыналасыңдар» (Әл-Имран: 186).

Егер мұсылман Алланың осындай сынағынан сүрінбей өтсе, онда оны марапат күтеді. Ол басына түскен қайғыға, сабыр етеді, қуанышқа шүкірлік қылады. Осының барлығы оған сауап болып жазылмақ.

Суһайб әр-Руми (р.а.) пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізеді:

«Мүминнің ісі ғажап! Расында оның барлық ісі жақсылық. Бұл – мүминнен басқа (пендеге) тән емес. Егер ол қуанышқа бөлесе, шүкірлік қылады. Сол үшін оған жақсылық (болмақ). Егер ол зияндыққа тап болса, сабырлық танытады. Сол үшін оған қайырлы (болмақ)» (Мүслим)

Бірде араб жазирасында қатты құрғақшылық болып, адамдар қиын заманға тап болады. Сол кездерде Мәдинаға Шам жерінен Осман ибн Аффанның (р.а.) мың түйелі керуені келеді. Мұндай таршылық заманда керуенмен келген алуан түрлі тауарлар мен тағамдардың құны да, бағасыда ұшып тұрған еді.

Керуен қалаға кіріп келеді! – деген хабарды естіген Мәдинаның ірі саудагерлері керуендегі барлық мүлікті көтере сатып алу ниетімен керуен қожайыны – Османға келеді. Осман (р.а.) олардан:

– Түскен пайданың қаншасын бересіндер? – деп сұрайды.

Саудагерлер:

– Жүзден бес пайыз береміз – дейді.

Осман (р.а.) оларға:

– Мен бұдан да көп берушіні таптым – дейді.

Саудагерлер:

– Осман, саған алты пайыз береміз – деді.

Осман (р.а.):

– Мен бұдан да көп берушіні таптым – дейді.

Осылайша керуен саудасы жалғасып, саудагерлер он пайызға дейін көтереді. Осман (р.а.) оларға тағы да күлімдеген хәлде:

– Мен бұдан да көп берушіні таптым – деді.

Бұған таң қалған саудагерлер:

– Уа, Осман! Біз бұдан да көп беретін саудагерді білмейміз. Керуеннің келгені осы, Мәдинаның мен деген саудагерлері осында тұрмыз. Ол кім? – деп дауыстап сұрайды.

Осман (р.а.):

– Расында мен бір дирһамға жеті жүз және одан да көп төлеуші Алланы таптым. Алла Тағала:

«Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсағандардың мысалы – жеті бас масақ шығарған бір түйір дән сияқты. Әр масақта жүз дәннен бар. Алла қалағанына еселеп арттырып береді. Алла – Кең және Білуші» (Бақара: 261).

Кейін, әңгімесін әрі жалғастырып:

– Сондықтан мен мына малымды Аллаға саттым.Бұған сендерді куә қылдым. Бұл мұсылмандарға келген садақа болсын! – деп келген керуенді тай-тұяғымен мұсылмандарға садақа қылады.

Хазіреті Осман (р.а.) ұтымды саудагер ретінде алдына келіп тұрған Мекке саудагерлерінің айтқан ұсыныстарын қабыл алмай, өзіне жеті жүз және одан да көп пайда әкелетін Алла Тағаламен сауда жасасты. Сөйтіп жоқшылық пен таршылық уақытында түрлі маталар мен құнды заттарға толы саудагерлік керуенін Алла тағалаға сатты.

Әрине, хазіреті Османның бұл қадамы – мұсылман үшін үлгі. Біз мұндай қадамға жеңіл бара қоймасымыз анық. Себебі біз үшін – пайда мен дүниені ақыретте емес, қазір – сол заматта алғанды тиімді көреміз. Сондықтан, бізді нәпсінің азғыруы жеңіл. Алайда, Осман (р.а.) бұл дүниедегі пайдаға қарағанда керуенін қасындағы мұқтаж адамдар мен кедей-кепшіктерге садақа қылып беруді жөн көрді және солай жасады да.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) өз сахабаларын аспандағы жұлдыздарымен теңеуінің сыры да осында жатыр. Олардың бойындағы иман кемелдігі, ақырет сенімі – толық. Олай болса, біз де молшылықта да, таршылықта да ізгі мұсылмандар сияқты достықта адал, шешімде әділ және отбасында мейірімді болуға тырысайық достар.

 Жалғас Садуахасұлы,

Дінтанушы, философия ғылымының кандидаты

 

 

 

Оқылды 539 рет
JoomShaper
Top