Ұлы сапар, ұлы құлшылық

Дүйсенбі, 05.09.2021

 Қажылықтың хикметі

Қажылық – кемелдік пен көркемдігінде теңдесі жоқ құлшылық. Мүмкіндігі бола тұра қажылық жасамайтын адамды дін қатты жазғырады. Имам Ғазали: «Бұл неткен ғажап құлшылық. Мұны жоғалтумен пенденің иманы кемел болмайды...»,  деп айтқан. Ғазали, («Ихия улум әд-дин», 1/238)

Ақида және иман негізінен бөлек, Ислам адам мен Раббысының арасындағы қарым-қатынасты түзейтін және адам мен бауырының ара-қатынасын реттейтін амалдардан тұрады. Адамның құлшылығы түзелсе, өмірдегі қарым-қатынасы да жүйеге түсіп, реттеле бастайды. Сол сияқты адамдармен ара-қатынасы реттелсе, құлшылығының қабыл болып жатқанының бір көрінісі болмақ.

Намаз – арсыздық пен жаман істей тыяды. Ораза – адам бойында тақуалықты қалыптастырады. Зекет – адамның мал-дүниесі мен жан дүниесін тазартады. Демек, әрбір құлшылықтың белгілі бір мақсаты бар.

Адам баласы Алланың әмірін орындай отырып жүрегі, сөзі және іс-әрекеті түзеліп, рухани биіктей түседі. Бұл діннің – басты мақсаты.

 Қажылық құлшылығы

Қажылық таяп келеді. Қажылық – Исламның бес парызының бірі. Қажылық – мал-дүниемен, дене-мүшемен жасалатын құлшылық. Бұл құлшылық мақсатымен жасалатын теңдесі жоқ сапар. Мұсылман туған жерінен қасиетті де құтты мекенге тәнімен де, жанымен де сапар шегеді. Алла Тағаланың жалғыздығы мен мұсылмандардың ынтымақ-бірлігінің рәмізі боп есептелетін Көне үй Кағбаны тауаф етеді. Кағба – әрбір мұсылман тәулігіне бес рет бет түзейтін бағыт. Әрбір дені сау, балиғатқа толған, қаражаты жеткілікті мұсылман баласы ғұмырында бір рет қажылық етуі парыз.

Хадисте: «Алла Тағала: Пенде тұла бойы сау, ризық-несібесі мол болып, бес жыл өтсе-дағы Маған (қажылық етуге) келмесе жақсылық атаулыдан мақұрым болғаны,-дейді», деген. (Табарани, Ибн Хиббан)

Қажылық жүректегі иманды іс-әрекетпен көрсететін құлшылық. Алла Тағаланың «Қажылық жаса» деген әміріне «ләббәйк» деп Жаратқанның ризашылығын ниет етіп шығумен мұсылман өзінің Жаратушы Иесі барлығынан да қымбат екенін көрсетеді. Мал-дүниеден де, бала-шағадан да, табысты кәсіптен де, зәулім сарай шаңырақтан да, мансапты қызметтен де Алла және Оның әмірі биік екенін осылай дәлелдейді.

 Қажылықтың жемісі

Қажылық парызын өтеу үшін адам өзін тығыз қоршаған ортасынан толықтай үзіледі. Бұл Алланың қасиетті үйінде ғана жасалатын ғибадат. Сондықтан, мұсылман кіндік қаны тамған жерді, ағайын-туысты, шаңырақты тастап, жол азабын тартып, басын қауіп-қатерге тігіп, маңдай терімен тапқан мал-дүниесін сарп қылып Алланың ризашылығын іздеп жолға шығады. Алайда, қажылыққа қарымта сый ретінде берілетін иләһи сыйдың алдында мұның барлығы түкке де тұрмайды. Қажылықтың сыйы, жемісі – жәннат.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаятында: «Кімде-кім Алла ризашылығы үшін қажылық етсе, ешбір жаман сөз айтпай, жаман іс-әрекет жасамай өтесе, анасынан туған күндегідей бейкүнә һәм пәк күйде еліне оралады», деген. (Бұһари, Мүслим)

Жабир бин Абдулла (р.а.): «Қажылар мен ұмыра жасаушылар – Алланың қонақтары. Алла оларды шақырды, олар да шақыруына жауап берді. Олар Алладан қалауын сұрауда, Алла да сұрағандарын береді», деген риуаят жеткізеді. (Баззар)

Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Қажылық пен ұмыраны бірге атқарыңдар. Темір, алтын мен күмістің татын көрік (темір ұстасының отқа жел беретін құралы) кетіргені сияқты, қажылық пен ұмыра күнә мен кедейлікті кетіреді», деген. (Насаи)

 Қажылық құлшылығының сыры

Мұсылман баласы қажылықты ниет етіп Қасиетті Меккеге жол тартады. Ол отанын, отбасын, күйбең тіршілік пен күнделікті уайымды толығымен артына тастап, құлшылық сапарына шығады. Ол бүгінгі және ертеңгі барлық мәселесін қажылық үшін шетке ысырып қояды.

Ал, ихрам киетін мекенге келіп толығымен ихрам киген сәттен дүние тіршілігінен толығымен баз кешеді. Ихрам киген сәттен: «Ләббайкә Аллаһуммә ләббайк, ләббайкә лә шәрикә ләкә ләббайк, иннәл хамдә уән ниғмәтә ләкә уәл мулк, лә шәрикә ләк»,-тәлбия айта бастайды. Осы сөздерді көзінің қиығы Кағбаға түспейінше тоқтаусыз айтумен болады. Бұл сөздер Алла Тағаланың: қажылыққа кел, жан дүниеңді босатып кел, кеудеңді басқан пәнидің тіршілігін тастап кел, жаныңды тазартамын кел, мінәжаттың дәмін татуға кел, Менің сүйіспеншілігімді сезінуге кел, Менің ұлық белгілерімді көруге кел, өзіңді де айналаңды да нұрға бөлеймін кел, екі дүниеде де үстемдік ететін имани нұрға бөленуге кел, деген әміріне жауап. Бұл екі ауыз сөзде пенденің барлық ниеті мен ғибадаты түйінделген.

  Мұсылман Кағбаны тауаф етеді, Сафа мен Маруа жоталары арасында сағи жасайды, мүмкіндігі туса қара тасқа жақындап сүйеді, сол арада өмірінің құлшылықсыз зая өткен шақтары үшін кешірім сұрап, пендешілікпен жасаған қате-күнәларына тәубе етіп көзіне жас алады. Қажылықтың парызы мен уәжібінен бөлек әрбір ұсақ-түйнек амалдарға ерекше мұқиятпен асқан ықыласпен орындауға тырысып бағады. Өйткені, Алла Тағала ғаламды адамның игілігі үшін жаратты. Бұл игілік адамдікі. Ол үшін жүгіріп шарлау жөнсіз. Ал, адамның өзі Аллаға құлышылық жасау үшін жаралған. Өмірін ойын-сауық, дүние жинаумен өткізуі күнә. Егер жаратылуының асыл мақсатын шетке ысырып, қу дүниенің соңынан кететін болса Алла ол адамды жеткізбейтін жалғанның құлына айналдырады. Міне, қажылыққа келген адам тәлбия айтып, өзінің жаратылуының негізгі мақсатын көрсетеді.

 Арафатта тұру

Бұл – ең ұлық күн. Мешітте – намаз оқу, Харам мешітінде – тауаф жасау, ал Арафатта – дұға ету ең абзал құлшылық. Арафада күн ұясына батқанға дейін қол жайып Рахман Рахим Алладан екі дүние игілігін тілеп, шаңырақ пен отан үшін асыл мұраттарды сұрап мінәжат ету қажет. Бұл дұға жасайтын, дұға тілек қабыл болатын күн.

Шаңырағы мен елін, бала-шаға мен ағайын-туысын тастап келіп, мына жет тым ыстық екен, төсеніші жұқа екен, тамағы дәмсіз екен деген жөнсіз сөздерді айтып уақытын өткізген адам Жомарт Алланың, Мейірімді Жаратушының таратып жатқан игілігі мен берекетінен мақұрым қалатын адам. Дарияның жағасында отырып екі ерні кеуіп, қабарған бейшара біреу сияқты болып қалудан Алланың Өзі сақтасын.

Ей, мұсылман! Алланың жаратқан тіршілігі ішінде сенің орның бөлек. Алла Тағала аспан мен жердегі барлық жанзатты сенің игілігіңе бағындырған. Сен аспан мен жер һәм тау көтеруге дәті бармаған аманатты арқалаған жансың. Сен Құранға бойұсынамын, иләһи кітаптағы әмірлерді орйндаймын деп аманат арқалаған пендесің.

Арафат жазығында дұға тілек айтып тұрған қажы Алланың оның маңдайына жазған әрбір қиыншылық, әрбір сынақ нағыз әділдік, шынайы кеңшілік, асқан мейірімділік екенін ұғынады.

Құран Кәрімде: «...Һәм сендер бір нәрсені жақтырмай, бірақ ол өздеріңе қайырлы болуы мүмкін...», деген аят соны меңзейді. (Бақара сүресі, 216-аят)

Шайтанға тас ату

Афараттың күнін батырып, Муздалифадан түнеп болған соң, Минаға бет алады. Онда Ақаба жерінде шайтанға тас ату ғибадатын жасайды. Қажы бақыттың кілті, парасаттың түп тамыры, ақылдың мәйегі Аллаға құлшылық етуден бастау алатынын түсінеді, санасына түйеді. Шайтан адамзаттың қас жауы екенін көрсетіп, оның азғыруына мұнан кейін берілмейтіндігінің рәмізін көрсетеді. Шайтан мен адам баласының ежелден күресі жайлы Құран Кәрімде: «Және іс шешілген соң (жұмақ пен тозақ иелері анықталған соң) шайтан да: «Расында, сендерге Алла ақиқат уәде берді. Ал, мен сендерге уәде бердім де оны бұздым. Әрі сендерге менің ешбір билігім жүрмейтін. Бар болғаны сендерді шақырдым да, сендер маған жауап қаттыңдар. Енді мені кінәламаңдар, тек өздеріңді ғана кінәлаңдар. Мен сендердің құтқарушыларың әрі сендер де менің құтқарушым емессіңдер. Расында, мен бұрын сендердің мені Құдайға серік қылғандарыңнан бастарттым»,-дейді. Ақиқатында залымдарға ауыр азап бар!», деп баян етеді. (Ибраһим сүресі, 22-аят)

Шайтанға тас ату жайли имам Ғазали: «Білгенің жөн, сен сырт көзге Ақабада ұсақ тастарды атудасың, ал шын мәнінде бұл шайтанның бетіне атылған тас. Шайтанның белін сындыратын тас. Шайтанды Алла Тағала құлшылық етумен ғана жеңесің», дейді.

Ал, енді қажылықты тәмамдап елге оралған соң бұрынғы әдетке қайта салып, күнә жасайтын болсаң шайтан саған тас атқан болады. Сондықтан қажылықтан кейін де шайтанға тас атуың – құлшылық жасаумен болады. Ал, шайтанның саған тас атуы – сені күнәға итеруі.

 Құрбандық шалу

Шайтанға тас атып болған соң құрбан шалу уақыты келеді. Құрбандық шалу Ибраһим (ғ.с.) дәуірінен келе жатқан сүннет. Бұл Алла Тағаланың пендеге берген сансыз нығметіне шүкіршілік, Жаратқанның ризашылығын қалап жасалатын амал. Өйткені, Құранда: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді. Өздеріңді тура жолға салған Алланы ұлықтауларың үшін Алла оларды (түйе, сиырды) сендерге осылайша бағындырды. Енді сен ізгілерге сүйіншіле!», деп әмір етеді. (Хаж сүресі, 37-аят)

 Пайғамбарды зиярат ету

Қажалықтың барлық амалын өтеген қажы қоштасу тауафын жасап жер бетіндегі ең қасиетті қалалардың бірі Мадина шаһарына жолға шығады. Пайғамбар (с.ғ.с.) бейітін зиярат етумен қажылығы толығымен кемеліне жетеді. Мадина уахи түскен қос қаланың бірі. Алланың ең сүйікті пендесі, пайғамбарлар мырзасы, адамзаттың асылы мекен еткен құтты шаһар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бақилық болған соң сахаба Біләл Шамға кетеді. Ол жақта ұзақ тұрады. Бір күні Біләлдің түсіне Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кіріп: Ей, Біләл! Мұның не, неге алыстап кеттің. Мені зиярат ету уақыты келмеді ме? - дейді. Біләл өкінішті кейіпті оянады да ілә-шала жолға қамданып, Мадинаға бет алады. Қалаға кірген бетте Пайғамбар (с.ғ.с.) бейітіне барып ұзақ жылады. Соңыра, Пайғамбардың (с.ғ.с.) қос жанары немерелері Хасан мен Хусейінге барып, құшағына қысып, иіскеп, сүйе берді. Олар: Пайғамбар (с.ғ.с.) кезіндегі айтқан азаныңызды сағындық,-деп қолқа салады. Біләл мешіттің шатырына шығып, бұрынғы тұрған орнына барып тұрып: Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар,-деп азан айта бастады. Мадина халқы сол шатқардың, Пайғамбар (с.ғ.с.) орталарында болған бақытты уақытты естеріне алып, қала толқып кетті. Пайғамбар (с.ғ.с.) дүние салып, бақи болған күні жылаған Мадина сол күні қайта жылады. Міне, бұл пайғамбарға деген сағыныш. Себебі, хадисте: «Сендер мені ата-анасынан, баласынан және барша адамнан артық көрмейінше кемел иманды болмайсыңдар», деп айтылған.   (Бұһари, Мүслим, Насаи)

Иә, үмбеті үшін шапағатшы болатын, жер бетіне мейірімділік үшін жіберілген пайғамбарға деген сүйіспеншілік болмайынша иман кемел болмайды. Қажылар да сол күйде болуы қажет.

 ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Серікбай Ораз

Оқылды 732 рет
JoomShaper
Top