Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Құрбан айт – құтты мереке

Жұма, 09.09.2021

Санаулы күннен соң әлем мұсылмандары һәм қазақ жұртшылығы Құрбан айт мерекесін қарсы алады. Дәстүрлі таныммен тамырлас ислам дініндегі айтулы айт мейрамдары бүгінде бұқара болып тойланып, ұлттық нақышта өткізіліп келеді. Республика деңгейінде аталып өтілетін Құрбан айттың қадір-қасиеті мен мән-маңызы жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлымен сұхбаттасқан едік.

– Наурызбай аға, қалың мұсылман қауымы қасиетті Құрбан айт мерекесін тағы да асыға, сағына күтуде. Жалпы, айт мейрамының артықшылықтары мен осы күндері атқарылуы абзал істер туралы оқырманға тарқатып берсеңіз.

– Құрбан айт мерекесін, расында, әлем мұсылмандарымен қатар қазақ халқы да ерекше күтеді, айрықша атап өтеді. Биыл қасиетті мейрам 12 қыркүйек күні ел мешіттерінде айт намазын оқумен басталады. Оның артықшылықтарын тоқталар болсақ, әуелі Исламдағы екі айт мерекесінің өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескере кеткен жөн. Мәселен, Рамазан айының Ораза айтында таңертең мешітке айт намазына келерден бұрын үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтында нәр татпай шыққан дұрыс. Мұның мәні мынада, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі. Ал «Арафа» аталған күн – Құрбан айттың алдындағы қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін қажылардың Арафат тауына барып, белгілі бір уақыт тұруынан шыққан. Арафа күні таңғы намаздан бастап Құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады. Биыл Арафа күні 11 қыркүйекке тура келеді. Осы күннің таң намазының парызынан кейін басталған тәкбір тәшриқ 15 қыркүйек күнгі екінті намазынан соң тоқтатылады.

Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттық­тап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта ке­тер нәрсе, Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінәжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.

– Мереке күндері құрбандық шалу рәсімдері қалай жүргізілмек? Құрбандыққа жарамды төрт түліктің түрі мен мөлшері қандай?

– Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар мұсылман Алла Тағаланың разылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Себебі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын» деп, құрбандық союдың маңызды екенін ескерткен. Сондықтан, қорада малымыз, яки, қалтаңызда қаражатымыз болса, сараңдыққа салынбай, Алла жолында құрбандық шалып, етінен мұқтаж жандарға үлестіріп бергеніміз абзал.

Ал, құрбандық малы Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кім де кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кім де кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес» деген. Яғни, құрбандық сою кезінде осы жайттарға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.

Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрінісі қомақты болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Ал, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп құрбандыққа шала алады.

– Құрбандық малын шариғи шарттарына сәйкес сою турасында тарқата кетсеңіз…

– Иә, негізінде, мал сою да – мәдениет, ол үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Құрбандық шалуда шариғат бекіткен ережелер бар. Ең алдымен, құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Содан соң бауыздаушы «Бисмилләәһи Аллааһу әкбар» дейді. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін алу – мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда «Бисмилләһ» сөзін әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды.

Ал, құрбандық етін өзгелерге бөліп таратуға, сондай-ақ, малды атаған отбасы мүшелері де пайдалануына болады. Бұл сөзімізге қасиетті Құрандағы «Хаж» сүресінің 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» делінген аяты дәлел болады. Демек, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзі және өзгелер жейді. Дұрысы, бұл мәселеде пайғамбарымыздың өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін – мұқтаж жандарға, екінші бөлігін – туған-туыстарға немесе көршілерге беріп, қалған бөлігін өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ, «барлығын Алла жолында атадым» деп, құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады. Ал, құрбан шалушы адам сойылған малдың терісін пайдалана алмайды және қасапшыға ақы ретінде де беруіне болмайды. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс.

– Соңғы уақытта дәстүрлі дінімізге тән рәсімдер мен шаралар өз арнасын тапқан секілді. Айт күндері де құрбандық акциялары көптеп өткізіліп келе жатқанына куәміз. Бұл игіліктердің биылғы жалғасы қалай болмақ?

– Әрине, сіз атап өткен шаралар биыл да өзінің дәстүрлі жалғастығын табады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен Құрбан айтта өткізілер акциялар ауқымы артпаса, кемімейді. Жалпы, Діни басқарма басты назарға алған мақсаттың бірі де осы қайырымдылық шараларын жүйелі түрде өткізу еді. Әсіресе, айт мерекелерінде тұрмыс тауқыметін көрген отбасыларға барынша қамқорлық көрсетіледі. «Раббың үшін Құрбан шал!» акциясы да биылғы Құрбан айтта үш күн қатарынан өткізіледі. Аталмыш акцияда сойылған құрбандық еттері түгелімен жоғарыда аталған отбасыларға таратылады. Осы ретте құрбандық шалуға жағдайы жететін барша отандастарымызды игі іске үн қосып, белсене қатысуға шақырамыз.

Дініміз – қайырымдылықпен қатар тазалыққа үндеуші, бейбітшілікке бастаушы өмір мектебі. Астаналық ағайындарға ескерте кетер жайт, осы мереке күндері құрбандық шалуға ниеттенген жандар малды алдын-ала белгіленген арнаулы орындарда ғана союды қаперде ұстаса деген талап-тілегіміз бар. Өйткені, Астана қаласының әкімдігі құрбандық шалуға 8 орын бөліп отыр. Қоғам тарапынан қолға алынған іске ықтиятты болып, тазалық пен тәртіпке көңіл бөле білсек. Ал, мереке аясындағы осындай ізгі акция арқылы сіз өзіңіздей жандарға қуаныш сыйлайтыныңызды ұмытпасаңыздар екен.

– Ағайын арасын жарастырып, мұсылманшылыққа бастайтын айт мерекесінің жоспарлары жайында айтсаңыз...

– Құрбан айт мерекесін осы жылы да бұқаралық сипатта өткізуді жоспарға алдық. Ең әуелі, қала мешіттерінде мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ұлттық спорт ойындары сайысы өтеді. Айт күндері ағайын-жұртқа дастарқан жайылады. Сонымен қатар, Астана әкімдігімен бірлесе отырып, мешіт қызметкерлері әлеуметтік тұрмыс ахуалы төмен отбасы шаңырақтарын аралап, айттық етін, азық-түлік үлестіреді. Үш күнге жалғасатын игі істер мерекелік рухани кешпен қорытындыланады.

Дәл осы уақытта Мекке шаһарында қасиетті қажылық парызын өтеуші әлем мұсылмандары қатарында отандастарымыз да еліміздің, жеріміздің игілігі үшін дұға-тілек жасап, қасиетті Қағбаға тәуап етеді. Ұлық парызды өтеуге аттанған азаматтарымыздың аман-есен оралуын Жаратқан Алла нәсіп етсін! Алла Тағала күллі адамзатқа, мұсылман халқына жақсылықтарын жазып, жаманшылықтарынан қашық еткей. Асыл дінімізге күш-қуат бергей. Құрбан айт мерекесі қазақ жұртына құтты һәм берекелі болғай. Ниеттеріңіз қабыл болсын!

– Әмин, айтқаныңыз келсін.

Сұхбаттасқан

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Оқылды 371 рет
JoomShaper
Top