Шамшәдин ТҰРСЫНҰЛЫ: Жаңа оқу жылында жаңалық көп

Дүйсенбі, 05.09.2021

Биыл еліміздегі ислами, діни мамандарды даярлайтын бірегей оқу ордасы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті  университетінің  студенттерге есігін ашқанына 15 жыл толып отыр. Осы 15 жылдық белеске Нұр-Мүбарак университеті қандай жаңалықтармен келді, дүйім елді қуантар  өзгерістер бар ма деген сауалдармен проректор, профессор Шамшәдин Тұрсынұлы Керім мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті.  Сәттілікке орай, жаңалықтар аз емес екен...

– Шамшәдин Тұрсынұлы! Биыл Нұр-Мүбарак университеті 15-ші жаңа оқу жылын бастады.  Алғашқы оқу жылы мен биылғы оқу жылының айырмашылығы бар ма деген сауалдан бастасақ? 

– Әрине, ең әуелі Нұр-Мүбарак университеті осы уақытта жоғарғы оқу орны ретінде қалыптасып, бағыты айқындалды деуге болады. Біз әлбетте, еліміздің білім  және діни  кеңістігінде де мойындалдық. Сондай-ақ университет әсіресе, рухани өмірімізде өзінің орны бар мекеме ретінде қалыптасып, түлектері мен ұстаз-оқытушылары елімізге  діни , ғылыми біліктілігі жағынан жақсы танылуда. Бұл университеттің беделі мен ел арасындағы абыройының көрсеткіші екені даусыз. Себебі соңғы жылдары, әсіресе биыл бізге түсуге ниет еткен талапкерлердің  қатары көбейді. Қазіргі әлемдегі және елдегі дін төңірегінде қалыптасқан жағдайларға қарамастан жұртшылықтың Нұр-Мүбарак университетіне  сенімінің артқанын байқатады. Әсіресе, еліміздегі  түрлі  діни бағыттардың ықпалында  жастардың  жетегінде кетуі, лаңкестіктерден соң  ата-аналардың көбісін балаларын діни жолына  беру-бермеуге қатысты ойландырып қойғаны рас. Соған қарамастан, былтырдан бері  талапкерлердің  көбейгендігі бізге көп жауапкершілік жүктеуде. Себебі, осыған дейін мамандық таңдаған талапкерлер  көбіне жалақысы көп, мұнай-газ  немесе заңгерлік оқу орындарына ойысатын. Ал дін саласына негізінен білімі төмен жандардың да жиі келетін кездері көп болған. Өйткені, ата-анасы  бала дінді  білсе, имандылық саласында қызмет етсе жаман болмас деп, соңғы үмітімен бізге келетін еді. Қазір жағдай өзгерді. Біздің университетке мектепті үздік, жақсы бітірген талапкерлер келгендіктен, олардың  арасында таңдау  артып, талап та күшейді. Оған биылғы өткен қабылдау науқанын айтуға болады. Әрі ҚР  Білім  және ғылым министрлігінен бөлінетін мемлекеттік білім гранты да жылдағыдан көбейіп, 190-ға жетті. Оның 45-і еліміздегі медресе түлектері, орыс бөліміне 20, қазақ бөлімі бойынша 125 талапкер студент атанды.Биыл орыс бөліміне екінші жыл талапкерлерді қабылдадық . Сондай-ақ, ақылы түрде оқимын деушілер де  көбейгендіктен, бұл жылы  білім алушылардың саны 150 адамға артып, барлығы  1040-қа жетті. Осылайша университетіміз ТМД  ішіндегі  ең үлкен ислами бағыттағы оқу орынына айналды.Бұл бізге барынша жауапкершілікпен қатар  міндетімізді күшейте түскенін айта кеткім келеді. 

– Қазір елімізде 9 медресе бар. Олардың да түлектері  білімдерін жалғастыру үшін  Нұр-Мүбарак университетіне келеді. Медресе түлектері мен өзге талапкерлерді қабылдауда айырмашылық  бар ма?

– Иә, үш жыл медреседе білім алған  түлектерге таңдау бөлек жасалады. Өйткені мемлекеттік білім грантының белгілі бір бөлігі осы медресе түлектеріне  беріледі. Өзге студенттер бакалавриаттық білімді  4 жыл оқыса, медресе түлектері қысқартылған бағдарламамен 3 жыл білім алады. Әрине, 2001 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы ислам институтының оқу бағдарламасы 2 жыл болса, қазір 4 жыл. Сондай-ақ, университетіміздің жанындағы бір жылдық дайындық курсында білім алушыларға  келсек, олар әдеттегі 4 жылдық бағдарлама бойынша білім алады. Сонымен қатар жастардың діни  ілімге  деген сұранысы  шектелмей, магистратура, докторантурада  оқимын, ғылыммен айналысамын  деген жастар көбейді. Ислам, дін саласында білім алсам деген талапкерлердің көбеюі діни білімге деген сапалық талаптарды да арттыра түспек. Бұл біздің дін саласындағы  болашақ мамандар  әлеуетін күшейтуге мүмкіндік тудыратын  фактор деуге болады. 

– Ал университет түлектеріне қатысты сұраныс қандай?

– Биылғы жаңалықтарымыздың бірі университет түлектерінің де артуы. Алғашқы жылдары саусақпен санарлық мамандар  ғана қолына диплом алса, биыл 156 студент бакалавриат бойынша білім алып шықты. Оның 126 исламтану саласының мамандары. Олардың дені ҚМДБ жолдамасымен  әр аймақта еңбек майданына кірісіп кетті. Қазір біздің университет түлектеріне тек ҚМДБ-сы, мешіттерге ғана емес, мемлекеттік мекемеларден, сараптау орталықтарынан да сұраныстар түсуде. Алматыдан Атырауға дейін, Астана, яғни еліміздің барлық аймақтарына дін саласы бойынша қызмет ете бастады. Елімізде діни  мамандарға деген сұраныс уақыт өткен сайын арта түскендіктен, мамандардың жетіспейтіні рас. Бұл біздің университетке деген жауапкершілік салмағын арттыруда.  

Діни білім алам деген жастар арасында қыз балалар да артып келеді.  Сонымен қатар осы кезге дейін өзге салада маманданған жандар да екінші білім алу үшін осы дін саласын таңдауда. Осылайша Нұр-Мүбарак университеті елдің сенімін арқалап қана қоймай,  шет елге діни білім алуға  кететін  жастардың легіне тосқауыл жасады деуге болады. Көп жастарға сапалы,  сенімді жолдар ұсыну арқылы отанымыздан жырақ  сыртқа ағылмай, елімізде  білімнің қайнар  көзінен сусындап, диплом алуға жағдай  тудырдық деп толық сеніммен айтуға болады.  

– Сіздер тек студенттерді ғана емес, еліміздегі имамдар мен өзге де мемлекеттік мекемеде қызмет етіп жатқан дін мамандарының білімін жетілдіру курстарын ұйымдастырып тұрасыздар. Осы салада қандай жаңалықтар бар?

– Өздеріңізге белгілі, біздің университет ашылған жылы ,оқу енді басталған кезде,  яғни 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тағы  болған жарылыс  әлемге ислам төңірегінде теріс түсінік пен қорқыныш қалыптастырғаны белгілі. Осыдан кейін  лаңкестік оқиғалар ислам дініне тіркестіріліп айтылуы  заңдылыққа айналды. Әлемдегі жағдай Қазақстанға да  өз салқынын тигізіп үлгерді. Сондықтан биылғы жаңалығымыз Нұр-Мүбарак университетінде 1 қыркүйектен бастап  «Экстремизмнің алдын алу бағытында мамандардың біліктілігін арттыру институты»  жұмыс істей бастайды. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген имамдар, мамандар білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырмақ. Себебі, экстремизм мен терроризмге барып жатқан адамдардың көпшілігі қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у)  хадистерін, ғұламалар еңбегінің белгілі бір мәтіндерін үзіп-жұлқып, өздерін ақтап алуға тырысады. Ал біздің институтта білім беруші ғалым-ұстаздар оларға қарсы нақты дәлелдер арқылы сенімін түзеп, ойын өзгерту , дұрыс бағыт сілтей алатын деңгейде мамандарға білім бермек.  Өзімізде білім алып, докторлық диссертация қорғаған жас ғалымдарымыз, елге танымал теолог, дінтанушылар екі ай бойы арнайы бағдарламамен дәріс береді.  

– Өзіміздің ғалым-түлектер деп қалдыңыз. Қазір магистратура, докторантура бойынша  жағдай қалай өрбуде?

– Биыл Нұр-Мүбарак  университетіне «Исламтану» және «Дінтану» мамандықтары бойынша докторантураға 3, ал магистратуралық бөлімге  5 мемлекеттік білім гранты бөлінген болатын. Докторантураға  жалпы 18 ғылым  ізденушінің білімі мен білігі сарапқа түсті. Олардың арасынан ғылымға деген бейімділігі басым  елге танымал қари исламтанушылар Ерсін Әміре мен Құрмет Смағұлов «Исламтану»  мамандығы бойынша білім грантын иеленсе, «Дінтану» мамандығына бөлінген мемлекеттік грантты  белгілі қари, дінтанушы Еркінбек Шохаев жеңіп алды.  Әріптестерінен оза шапқан  3 хафиз де қасиетті Құранды толық жатқа білумен қатар, Ерсін Әміре  мен  Еркінбек Шохаевтар қасиетті Құранды жатқа оқудың  7 қырағатына дейін меңгерген. Дегенмен олар Құранды толық жатқа білуімен ғана емес, ғылымға деген бейімділігімен де дәлелдеп шықты. Бұның өзі елімізде ислам, дін ғылымына деген сұраныс артып қана қоймай, дами бастағанын байқатады. Себебі PhD докторлық  білім грантынан үміткерлердің барлығы  араб тілін еркін меңгерумен қатар, біліктілігі жоғары, ғылымға деген құштарлықтары басым. Олардың арасында елге танымал исламтанушы Абдуғаппар Сманов, Амангелді Еренғайыпұлы деген азаматтарымыз бар. Ал магистратуралық бөлімге 5 білім гранты бөлінсе, оның өзін   университетіміздің ең үздік  түлектері және ел ішінде 3 жылдай еңбек атқарып келген білікті исламтанушылар жеңіп алды. Докторантура мен магистратура бөлімдерінде білім алсам деген үміткерлердің қатары  жылдан жылға артып келеді. Сондықтан біз де талапты күшейтіп, шын мәнінде еліміздегі ислами, діни білімнің деңгейін жоғарылатып, ғылымның дамуына үлес қоса алады деген қабілетті ғылым ізденушілерді оқуға қабылдап жатырмыз. Себебі  бұл Нұр-Мүбарак  университеті үшін ғана емес, еліміздегі дін ғылымының алдындағы үлкен жауапкершілік. Сонымен биыл «Исламтану», «Дінтану»  мамандықтары бойынша  докторантура бөліміне 10 адам, магистратура бөліміне  33 шәкірт қабылданып,  жаңа оқу жылынан бастап тың ғылыми тақырыптарға іздену басталмақ.Университет жанынан аталған мамандықтар бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істеуде.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз. Алла істеріңізге береке берсін!

Сұхбаттасқан

 Айша КЕҢЕСБАЙ

Оқылды 272 рет
JoomShaper
Top