Имам әл-Матуриди: ұстаздары және ғалымдар пікірлері

Сәрсенбі, 21.10.2021

Құдайға шүкір, имам әл-Матуриди жайында соңғы уақытта қазақ тілді діни басылымдарда, интернет сайттарда көптеген мақалалар жарияланып жатыр. Бұл халыққа, діни ортаға, әсіресе, дінге құштар, діни білімге құмартқан жастарға өте пайдалы мәліметтер болып табылады. Имам әл-Матуридидің тәлімінің, білімінің, діни ұстанымдарының негізі имам Әбу Ханифаға барып тірелетіндігін, оның өзі жаңа бір діни ұстаным ойлап таппағандығын, керісінше, бар нәрсенің ғылыми негізін қалап, сәләф ғалымдардың айтқандары аясында әртүрлі адасқан ағымдарға тойтарыс бергендігін оқырманға жеткізу мақсатында осы ықшамды мақаланы жаздық. Болашақта бұл тақырыпта үлкен көлемді еңбектер, ғылыми мақалалар талай жазылады деген үміттеміз.

Мухаммад ибн Махмуд Әбу Мансур әл-Матуриди Самарқанд қаласына жақын жердегі Матурид ауылында дүниеге келген. Имамның қай жылы дүниеге келгендігі белгісіз. Көптеген тарихи дереккөздерде оның һижраның 333 жылы дүниеден өткендігі айтылған. Әл-Матуриди ақида саласымен қатар, Мауаранаһр аймағындағы ханафи мазһабының үлкен имамы да болған. Ол Әбу Ханифа ілімін жалғастырушы ғалым ретінде де танымал. Ол өзі өмір сүрген ғасырда Басра мен Куфа аймағында негізін қалап, Орталық Азияға тараған муғтазила ақидасына қарсы тұрған. Өмірінің саналы бөлігін әһлу әс-сунна уа жамаға ақидасын қорғауға арнаған. Имам әл-Матуридидің қажырлы еңбегінің арқасында Орталық Азияға сол замандағы муғтазила, шейт (шиға) және басқа да адасқан ағымдар тамырын жая алмады. Мұсылмандар әһлу әс-сунна уа жамаға ақидасында қалды. Бір ақидада, бір мазһабта болған Орталық Азия халықтарының арасында діни алауыздық туындамады.

Атақты ғалым Рамадан әл-Бути имам әл-Ашғари мен имам әл-Матуридидің өмір сүрген ортасындағы саяси, әлеуметтік және діни мәселелер туралы айта келе: «Осы жерде Әбу Хасан әл-Ашғари мен Әбу Мансур әл-Матуридидің алдарына қойған мақсаттарының ортақ болғанына көз жеткіземіз. Ол мақсат – әһлу әс-сунна уа жамаға ақидасын, мұсылмандардың қалың көпшілігінің ақидасын әртүрлі бидғатшылардан, олардың жансақ пікірлерінен, әсіресе, муғтазилерден қорғау еді» деген.

Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) бері жалғасып келе жатқан Ислам ақидасын бізге жеткізуші осы екі имамның арасында кейбір діни мәселелерде пікір қайшылықтары болғанымен айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сондықтан ол екі ғалымды мұсылмандар "Әһлу әс-сунна уа жамағаның екі имамы" деп атайды.

 

Имам Матуриди туралы айтылған сөздер. Имам әл-Матуриди туралы тарихи деректер өте аз. Ол туралы жазылған өз замандастары мен кейінгі ғалымдардың пікірлеріне қарасақ, олардың көпшілігі Матуридиді "Имам әл-Һуда" (Тура жолдағы көшбасы) деген тоқтамға келген. Бұл ғалымдардың берген бағасы. Мысырдың танымал ғалымдарының бірі Әбу Заһра: "Һижраның үшінші ғасырының соңына таман екі адам шықты. Оның бірі Әбу Хасан әл-Ашғари Басрада өмір сүрді. Екіншісі, Әбу Мансур әл-Матуриди Самарқандта өмір сүрді. Ол екеуін муғтазилаға қарсы тұру біріктірді...", – деген.

Абдул-Қадир ибн Мухаммад ибн Әбу әл-Уафа әл-Қураши (һ. 775 жылы қайтыс болған) "Әл-Жауаһир әл-мудия фи табақат әл-ханафия" атты еңбегінде: "Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд Әбу Мансур әл-Матуриди үлкен ғалымдардың санатынан еді. Ол Әбу Наср әл-Иядиден тәлім алған. Оны "Имам әл-һуда" деп атайтын", – деген.

Ибн Қутлубуға (һ. 879 жылы қайтыс болған) "Тәж әт-таражум" атты еңбегінде: "Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд Әбу Мансур әл-Матуриди мутакаллимдердің имамы, мұсылмандардың ақидасын түзеуші, көптеген еңбектердің авторы және жалған ақида иелерінің өтірік сөздеріне тойтарыс берген адам", – деген.

Атақты мухаддис ғалым Мухаммад Муртада әз-Зәбиди (һ. 1205 жылы қайтыс болған) "Итхаф әс-сәдәти әл-муттақин бишарх Ихия улум әл-дин" атты танымал еңбегінде: "Имам әл-Матуриди "Имам әл-һуда" деген лақап атпен танымал", – деген.

 

Ұстаздары. Имам Матуриди өз заманындағы Ислам әлеміне танымал, атақты ұстаздардан тәлім алған. Таражум (библиография) және тарих кітаптарында имам Матуридидің танымал төрт ұстазы жиі айтылады. Енді сол ұстаздары туралы таражум және тарих кітаптарында келген мәліметтерге тоқталсақ.

 

1) Ахмад ибн Аббас ибн Хусайн Әбу Наср әл-Ияди. Ол Әбу Бәкр Ахмад ибн Исхақ әл-Жузжаниден тәлім алған. Идриси "Тарих Самарқанд" атты кітапта оны: "Ол ғылым мен жиһад иесі болатын. Онымен көзі тірісінде ешкім де не ғылымда не тақуалықта теңесе алмайтын", – деген.

Әбу әл-Муғин ән-Нәсәфи: "Әбу Наср әл-Ияди үнемі жиһад жасайтын, ол өз заманының ең батыл әрі ғылымда тұңғиық терең теңіз еді", – деген.

Әбу әл-Қасим әл-Хаким әс-Самарқанди: "Фақиһ Әбу Наср әл-Иядиге бидғатшы, әуейіне еруші не пікір-талас иелері өз мазһабына дәлел ретінде Құраннан бір аятты келтірген жағдайда ауыздарына құм құйылатындай жауап естір еді", – деген.

Имам ән-Нәсәфи мен ән-Насиридің пікірінше, Әбу Наср әл-Иядидің "сифат" мәселесіне қатысты еңбегі болған.

 

2) Әбу Бәкір Ахмад ибн Исхақ әл-Жузжани. Ол усул ғылымдары мен қатар фуруғ ғылымдарын да терең меңгерген ғалым болған. Оның "Әл-Фарқ уа әт-тамииз", "Тауба" және басқа да еңбектері болған. Оның Әбу Бәкір Мухаммад және Әбу Ахмад атты екі ғалым ұлы әрі шәкірті болған.

 

3) Насир ибн Яхия әл-Балхи. Кейбір дереккөздерде оның аты "Наср" деп келген. Оны "Нусира бикарамат" (Кереметтермен демеу алған) деп те атайтын болған. Ол Әбу Сулайман әл-Жузжаниден, Әбу Мутиғ әл-Хакам ибн Абдуллаһ әл-Балхиден, Әбу Муқатил ибн Хафс ибн Муслим әс-Самарқандиден тәлім алған. Насир ибн Яхия әл-Балхидің өзінен Әбу Ғияс әл-Балхи тәлім алған.

 

4) Мухаммад ибн Муқатил әр-Рази Қади әр-Раи.

Имам әз-Заһаби "Мизан әл-иғтидал" атты еңбегінде  Мухаммад ибн Муқатил туралы: " Мухаммад ибн Муқатил әр-Рази, ол әл-Маруази емес. Ол Уакиғтан және соның замандастарынан хадис риуаят еткен...", – деген.

Атақты мухаддис ғалым Ибн Хажар әл-Асқалани "Лисан әл-мизан" атты еңбегінде: "Одан (яғни Мухаммад ибн Муқатилден) Ибн Жарир әт-Табари және басқалар хадис риуаят еткен. Имам әл-Бухари одан хадис естігенімен, хадис риуаят етпеген", – деген. "Тарих әр-Рай" атты кітапта: "Ол Рай қаласындағы рай (ой-пікір) иелерінің имамы еді және сол жерде қайтыс болды. Ол фиқһта білгір болатын. Ол Суфиян ибн Уяйнадан, Әбу әл-Муғауиядан, Уакиғтан, Ибн Фадлдан, әл-Мухарибиден, Хикам ибн Сәләмнан, Сәләм ибн әл-Фадлдан, Қубайсадан риуаят еткен. Ал одан Мухаммед ибн Аюб, әл-Хаммами, Мухаммед ибн Али ибн әл-Хаким әт-Тирмизи, Ахмад ибн Халид ибн Жағфар, Хусайн ибн Хамдан және басқалар риуаят еткен. Ол һижраның 248 жылы қайтыс болған", – деп жазылған.

Мухаммад ибн Муқатил әр-Рази – Мухаммад ибн Хасан әш-Шайбанидің шәкірті. Ол Сулайман ибн Шуғайб, Али ибн Мағбадтардың қатарласы болған. Ол Әбу Мутиғтан риуаят еткен және Рай қаласының қазысы болған.

Осы ұстаздары, яғни Әбу Бакір Жузжани, Насир ибн Яхия әл-Балхи, Мухаммад ибн Муқатил әр-Рази барлығы Имам Әбу Сулайман Муса ибн Сулайман әл-Жузжаниден тәлім алған. Ал Әбу Сулайман Муса ибн Сулайман әл-Жузжанидің өзі Әбу Ханифаның ең танымал екі шәкірті Әбу Юсуф пен Мухаммад ибн әл-Хасанның шәкірті.

Матуридидің ұстазы Мухаммад ибн Муқатил сонымен қатар Әбу Мутиғ әл-Хакәм ибн Абдуллаһ әл-Балхиден, Әбу Муқатил Хафс ибн Муслим әс-Самарқандиден дәріс алған. Тек бұл ғана емес Мухаммад ибн Муқатил Имам Ағзамның шәкірті Мухаммад ибн әл-Хасан әш-Шайбанидің өзінен де тәлім алған. Осы аталғандардың барлығы тікелей имам Әбу Ханифаның шәкірттері болып табылады. Сонда имам Әбу Ханифа мен имам әл-Матуридің арасын жалғап тұрған ғалымдар өте көп екен. Әсіресе, Мухаммад ибн Муқатил. Себебі ол Мухаммад ибн әл-Хасан әш-Шайбанидің тікелей шәкірті және имам Матуридидің тікелей ұстазы.

Осылайша Имам Матуридидің білім көзі ұстаздары арқылы Имам Ағзамға сүйенетіндігін көреміз.

"Соңғы уақытта кейбір жастардың арасында имам Әбу Ханифа мен имам әл-Матуридидің ақидадағы ұстанымдары бір емес, екеуі екі басқа деген пікірді ұстанатындар пайда болды.  Аллаһ жазса, осы пікірдің жансақ екендігін дәлелдейтін мақала да жазылар. Біздің жазған осы ықшамды мақала болашақта жазылатын сол мақаланың кіріспесі болар деген үміттеміз" деген сөзбен сөзімізді аяқтаймыз.

Рашид МҰХИТДИНОВ,

ф.ғ.к., доцент,

дінтанушы

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. محمد أبو زهرة. تاريخ المذاهب الإسلامية

2. محمد سعيد رمضان البوطي. العقيدة الإسلامية والفكر المعاصر.

3. تبصرة الأدلة

4. الإمام الذهبي. ميزان الاعتدال

5. لسان الميزان

6. أخبار أبي حنيفة وأصحابه، الصميري

Оқылды 1583 рет
JoomShaper
Top