Кѳктемдi қалай ѳткiзу керек?

Бейсенбі, 24.03.2022

Міне, наурыз айы туып, көктемнің алғашқы күндерін өткерудеміз. Енді біршама уақыттан кейін, жапырақсыз жалаңаштанып қалған ағаш біткен бүршік атып, өзінің көрікті кейпіне қайта қауышады. Ағаш та, құдды, адам секілді ғой. Адамның көркі шүберек болса, ағаштың көркі – жапырақ. Жапырақсыз ағаш ұсқынсыз келеді. Қыстың күні қай адамды көрдіңіз «табиғат аясына шығайық, талдың саясында тынығайық» деген?..

Демек, жайқалған ағаш – жанға пана, көңілге сая. Ал жемісі болса, оның əңгімесі, тіптен, бөлек. Жеміс өз алдына бір ғанибет һəм нығмет. Ғалым имам Ғазалидің «Ілім – ағаш болса, жемісі – тақуалық» деген əдемі бір теңеу сөзі де бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Иман – жалаңаш, оның жапырағы – тақуалық, əшекейі – ұят, жемісі – ілім» (Байһақи) дейді. Яғни, жемісті ағаштың жөні бөлек. Сол себепті, сахаба Жəбирден (р.а.) жеткен мына бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Мұсылман адамның отырғызған жеміс ағашынан адамдар, жан-жануарлар немесе құстар жейтін болса, əлгі мұсылманға қиямет-қайымға дейін садақа есебінде сауап жазылатын болады».

Аз сөзбен көп дүние ұқтыратын сипатқа ие пайғамбарымыздың бұл сөзінен де көптеген терең дүниелер өрбіте беруге болады. Тура мағынасы да, астарлы мағынасы да – тұнған хикмет.

Көктемімізге қайта оралсақ… Алла Тағала тағы бір көктемді көруді нəсіп етті. Аллаға сансыз шүкірлер айтайық. Бұл мезгіл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы бір хадисіне амал етер бір уақыт. Жемісті тал отырғызып, келешегіміздің көктеуіне үлесімізді қоссақ… Қандай керемет. Көктемде отырғызып үлгермей қалсақ, кейін кеш болады. Қыста тал еккен жан көрдіңіз бе?

Иə… Кейбіріміз ғұмырымыздың көктеміндеміз, енді біріміз жаз ғой деп жайбарақат жүрміз. Кейбіріміз үшін сарғайып күз келді. Енді бірімізге қаһарын сүйреп қыс келді. Осы қыста «жаздың қамын қыста ойлау керек еді ғой» деп өкініп жүргендер қаншама. Ондай жандарды «Крыловтың шегірткесі» дейміз, «Ыршып жүріп əн салған, көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп жазды алған». Бұл мұсылманға жат нəрсе. Біз Сүлеймен пайғамбармен сұхбаттас болған құмырсқа қасиеттес болуымыз керек. Кім құмырсқаның шалқадан түсіп не жастыққа жантайып ап жатқанын көріпті? Құмырсқаның тырмысқанын ғана көріппіз.

Ендеше, өміріміздің көктемінде ғұмыр-алқабымызды мəуелі бақшаға айналдырайық. Əрі бұл дүниеде де жемісін көреміз, əрі ақыретімізге азық. Бірақ, мынаған да сақ болайық… Көз жауын алар жемістеріміздің ішіне «рия құрты» түсіп, шіріп кеткен болып жүрмесін. Көктеміңіз құтты болғай, ағайын!

Салтан САЙРАНҰЛЫ,

«Ihsan.kz» сайтының редакторы

Оқылды 419 рет
JoomShaper
Top