Иманды қыз, ибалы келін, сүйікті жар

Сейсенбі, 29.03.2022

Міне сіңлім, сен  енді ерке қыз емес ибалы келін, сүйікті жар, аяулы ана болдың. Сүйіп қосылған өмірлік серігің мен перзенттеріңнің қадірін біл. Мұның бәрі және шаңырағына келген әрбір жақсылықты Алланың нығметі, сыйлығы деп біл. Қадірін білмеген затты Алланың кері алып қоятынын ұмытпа.

«Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де  ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей сен де жақсылық ет, сондай-ақ жер жүзінде  бүліншілік ізденбе, Алла бұзақыларды сүймейді» (Қасас: 77).                  

Отбасыңның жарқын болашағын бақытты болғанын қаласаң ерлі-зайыптылар ең алдымен өзара тату, махаббаты берік болуы керек.

Бар махаббатыңды өмірлік серігің мен балаларыңа арна, бұлай деуім: Кей әйелдер отбасынан гөрі дүниені (әдемі киім, жиһаз, әшекей, қымбат көлік) жақын тұтады. Осыдан барып ерінің өзіне деген ықыласын, махаббатын жоғалтады.

Еріңді балаларының көзінше сөкпе, дауыс көтеріп сөйлеме. Ерің үйіңе көп қаржы әкелсін, аз әкелсін тіпті әкелмесе де ашу шығарып ұрыспа, бәріне қанағат қыл. Оған да оңай емес, таңның атысы, күннің батысы үйіме балаларыма ризық жеткізсем, ешкімнен кем болмаса екен - деп сыртта жүреді. Дастарханға келген дәм, жылы киім барлық қажеттілік оңай жолмен келмейді. «Маңдай тер, еңбек ақы» - деген бар.

«Балам, сен жылы үй, жұмсақ төсекте жатқаныңда әкең сен үшін еңбектенеді» - міне осының бәрін баланың түсініп ұғынуына анасы себепші болуы керек.

Отбасыңыздағы ер жеткен ұлыңыз немесе қызыңыз ақылға көнбей жаман жолды таңдаса, не болмаса отағасы балаларына нашар үлгі көрсетіп жатса - бұл да бір Алланың сынағы дерсіз. Демек, сіңлім, қыз бойжеткен соң: «Болашақ, өмірлік жарым, өте жақсы білімді, бақуатты, намаз оқитын, Алладан қорқатын, Алланың әміріне бойсұнатын болсын» - деп күні-түні Алладан сұрау керек. Тұрмыстық өмірің бақытты болуы үшін - болашақ отбасының отағасын жақсы адамнан таңда. Ал, балаларыңыздың жарқын болашағын, құрсақ көтермей тұрып Алладан сұрап дұға ету керек.

Отбасының толыққанды әлеуметтік жетістікте өмір кешуі әкенің тынымсыз еңбек етіп қамтамасыз етуінде. Алайда, жанұя мүшелері әкенің шашы жетпейтін бағасы тым жоғары қажеттіліктерді (қымбат киім-кешек, әшекей, автокөлік) алып беруді талап етуге құқығы жоқ. Әкенің маңдай термен әкелген (тапқан) табысын ысырап қылмай, жеткізіп, шама-шарқына қарай жаратып, рет-ретімен жұмсау ананың еншісінде. Отбасы өте бақ-дәулетті болсын, орташа тұрмыстағы болсын, әрбір жанұяға Алла тарапынан бөлінген несібе-табысты жұртқа көрсету, мақтану және мансап үшін шашып-төгетін болса, харамға жол берген екен. Қисапсыз, маңызды себепсіз бір ине көлеміндей жұмсалған қаржының есебі, сұрауы өте үлкен. «Судың да сұрауы бар» деп бабам қазақ бекер айтпапты. Өйткені, барша мал-мүлік Алланікі, ол тек пендеге аманатқа берілген, және Құранда Алла тағала: «Жеңдер, ішіңдер және ысырап қылмаңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Ағраф: 31).

Осы аяттың мағынасын ұға білген иманды мұсылман үшін өте бір маңызды ескерту.

Еріңді көпшіліктің көзінше бетінен алма, орынсыз қызғанушы болма осыдан ұрыс-керіс туады. Әйел заты жаратылысынан ашуға жақын, эмоцияға тез берілгіш, сабырсыз келеді. Әзәзіл де ер кісіден гөрі әйелді тез дегеніне көндіріп алады. Сондықтан, көбінесе әзәзілдің емес еріңнің айтқанымен жүр, қайбір істе болмасын ақылдасып шеш, санаса біл.

Бір-біріңді қатты сыйлаңдар, сүйіспеншіліктерің берік болсын, араға әзәзіл киліге алмайтындай. Ерің сені  сондай жақсы көруі керек - сенің бойыңдағы қасиетті сұлулықты, өзіңе тән қылықты, мінезді, ерекшелікті өзге әйел затынан таба алмайтындай. Еріңнің алдында барынша боянып, жақсы иіс суларды пайдаланып таза әдемі киініп жүр. Әйел затының әдеті  емес пе үйде қалай болса солай халатпен жүріп, салдыр-салақ қарайды өзіне. Ал, сыртқа шығарда ғана жақсы киініп, әдеміленіп шыға келеміз. Мұнымыз сонда кім үшін, сырт көз үшін бе?

Жоқ, нәзік жандылар-ау, өмірлік жарым өмірімнің соңына шейін тек мендік болсын, мені сүйсін десең, өзіңді тек еріңе арна.

Келесі белең алған бір мәселе екі жас үйленіп үй болғаннан кейін бір шама уақыт өте: «мен босқа оқып құжат алдым ба, жұмысқа шығамын» дейтін қыздар  жетерлік. Хош делік, ислам діні алған біліміне қарай таңдаған мамандығы бойынша, қай салада болмасын қызмет етуден қайтармаған. Қай қоғамдық орында болсын ерлер мен әйелдер біте қайнасып жатады. Міне, осы тұста әйел кісілердің ерлермен қарым-қатынасы белгіленген шеңберден шықпауы керек. Себебі, қоғамдық орнындағы ерлердің дерлігі наумахрамдар.

Әйел заты табиғатынан киімге, дүниеге бір шама жақын келеді, сондықтан да қандай салада қызмет атқарса да келісті де әдемі киініп, өзін таза әрі сымбатты ұстайды. Енді ислам шариғаты бойынша әйелдер қай саланың қызметкері болса да әйелдердің үстіндегі киім – қызметтес ер атаулының шахуатын оятатындай ашық, өте қысқа, дене бітімін барынша айқындайтындай қыналған болмауы керек. Және әйелдердің қызметтес еркектермен қарым – қатынасы жұмыс бабымен ғана, белгілі бір шеңберден аспауы қажет. Қызметтегі ерлермен сөйлескенде, әңгіме барысында тесіле қарап, қылымси сөйлеп, жасанды қылықтар көрсетпеуі тиіс. Неге десеңіз? Осындай қарым-қатынастың түрлерінен кейін жұмыс, орныңыздағы ерлер үшін шахуат нысанасы  ғана болып қаласыз. Әйел атаулының әрбірі еркек біткенді уысына түсіріп, жұмыс бабымен болған әңгіменің соңы көңіл-көтеруге ұласып жатса, шайқалмаған шаңырақ қалмайтын шығар. Міне, осындай жағдайлардан кейін ерінің әйеліне, әйелінің еріне сенімі жоғалады да аралары суып, бірін-бірі жек көріп кетеді.

Алайда, ердің әйеліне, әйелдің еріне еткен қиянатын, адалдық сертін бұзғанды, сол сияқты осы жалған алдамшы дүниенің рахатын тауып, жаны қалаған ләззатпен көңіл хошының жайын тауып жүргендер, отбасын алдап, көзі жәудіреген балдары бола тұра дүниені жалпағынан басып жүрендерге қандай өкініш. Өзінің де өзгенің де отбасын ойрандап, өзіндегі бар нығметті қанағат тұтпай, көңіл көтерудің мұндай түрі осы өмірдегі мақсатына айналғандардың жазасын Алла екі дүниеде Өзі береді.

«Бір жамандықтың жазасы өзіндей ғана жамандық ...»  ( Шура: 40)

«Раббыңның азабы сөзсіз орындалады, әрі оны тойтарушы ешнәрсе жоқ» (Тур: 7-8)

«Бастарыңа келген бәле-жала қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен...» (Шура:30)  

Ибн Омардан (р.а): «Бұзақы әйелдің жаман іске баруы, мың еркектің жаман іске баруымен тең. Бір әйелдің ізгі салих амал істеуі, жетпіс ізгі  адамның ісіне тең», - деген хадис жеткен (Бұһари).

Келесі хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) ер адамдарға қатысты былай деген: «Әйелдеріңе адал болыңдар (яғни зина жасамаңдар) Сонда оларда сендерге адал болады»  (Табарани)

Дегенмен де, тек отбасының бақытын ойлап, осы жолда тынымсыз тер төгіп жүрген ер кісілер жетерлік. Көңіл көтеру деген мүлдем қаперіне кіріп шықпайтын Алланың қаһарынан шын мәнінде қорқатын, сол отбасын өзінің үлгілі тәрбиесімен жәннатқа бастап баратын ер кісілерге нендей қуаныш, олардың сыйлығы – екі дүниеде бақытты ғұмыр кешуі мен жәннат төрі болмақ. Осындай Алла тарапынан ынсап берген өресі биік ер азаматтарымыз арамызда көбейе берсін!

Егер отағасы: «Сен жұмыс істемей-ақ қой, өзім-ақ еңбек етіп сендерді асыраймын, үйге келетін кірісті бар қажеттілікті өзім өтеймін, сенің өзге еркектермен араласып және олардың ауыр сөздерін естігеніңді қаламаймын» десе, еріңмен сөзге келмей келісуге тиіссің. Себебі, жанұяда әйелі жұмыс істейтін болса, үйге шаршап келеді,  сырттағы еркектерден ауыр сөз естиді, жүйкесі жұқарып үйіне келсе үйінің бар шаруасы күтіп тұрады. Ұрыстың өзі қайнамаған шайдан, шайқалмаған майдан, жуылмаған кірден шығады. Балалары қараусыз, тәрбиесіз қалады.

Отбасының бақытты болашағы ауызбіршілігі және үйге келген ризықтың берекелі болуы - міне қанша нәрсе тек бір әйел-ананың ақылдылығы, даналығына байланысты. Бірақ ана, ана болған сағаттан бастап, өмірінің соңына дейін тек бейнеттенумен өтеді. Сол үшін Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Жәннат - ананың аяғының астында» - деген.

Қазақ тарихында ойып тұрып орын алған, отбасы мен қоғамды, дүние мен дінді көркем ұштастыра білген Зере анамыздай, келіні Абайдай ұлы тұлғаны дүниеге келтірген Ділдә анамыздай болуды жазсын бізге де!

Насихатымыз –  имандылық пен өзге жолдың арасында таңдау жасай алмай, екі ұдай күйде болған бойжеткенге және исламды қабылдап, байыбына бара алмай, тұңғиығына терең бойлай алмай жүрген қыздарға жол сілтер. Әсіресе, тұрмыстық өміріне бағыт-бағдар көрсетер ақылшың боларына сенеміз!

Үгіт-насихат үлгісінде жазылған осы тектес мақалаларды оқыған әрбір нәзік жан мен бойжеткен өзіне пайда алып, отбасының бақыты үшін іске асырып және рухани шөліркеген, күйбең тіршіліктен шаршаған санаңызды қасиетті Құран аяттарымен, пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеттерімен сусындатып, бойыңызға қуат беріп жатса - мен бақыттымын. Өйткені, осы іспеттес Алла разылығы үшін істеген амалдарым, ақыретке жиған жемісіме титтей де рия араласпай, қабірімде нұр боп, жалғыздықтан үрейленбеген хәлде жәннатқа бастар жолым, жарық нұрым болса деймін!

Ал, енді сіңлім, айналайын! Осы ұсынып отырған насихатымды көңіліңе тоқып, нәтижесі сені Жәннаттың жолына өзі салатындай амал қыл. Алған сабағыңды іске асыру арқылы өміріңде қарсы келген қиыншылыққа мойыма. Сенің жаныңа батқан тікен менің де жаныма бататынын айтқым  келеді. Алла тағалаға уәде еткендей отбасыңмен жаннаттың төрінен орын алып, «хор қыздарының» ханшайымы болуыңды нәсіп етсін!

 

Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ, дінтанушы

Оқылды 572 рет
  • Makala boyzhetken kizdarga, kein turmiska zhanadn shikkan kizdarga turmistik omirine kazhetty manizdi kenester aitilgan. Turli sheteldik serialdardi korip, zheliden akil - kenes algansha kizdarimiz osindai zhaksy makalalardi okip ari tokip alsa!
JoomShaper
Top