Құрбан шалғанға Құдай разы болады

Сенбі, 10.09.2021

Фиқһ ілімінің негіздерінде «шариғаттан бұрынғы шариғаттар» (шарғу мән қаблана) деген қайнар-көз бар. Егер, исламнан бұрынғы діндердегі дәстүрлер Құран мен сүннетте мақұлданса, мұсылмандар ол дәстүрді тұтына алады. Хақтың разылығы үшін құрбан шалу – әзіреті Ибраһим пайғамбардың сүннеті. Яғни, құрбан шалу әзіреті Ибрахимнің ханиф дінінен қалған салт. Әзіреті Ибрахимнің бұл сүннеті Құран-Кәрімде: «Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал» (Кәусар, 2) деп құпталған. Сондай-ақ, Алла елшісі (с.ғ.с) хадис-шарифінде: «Кімде-кім бай болып, мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, намазханамызға жақындамасын» (Имам Ахмад Ханбал, Ибн Мәжа. Әбу Хурайрадан риуаят еткен) деп мұсылмандарды құрбан шалуға шақырған.

Задында, Хақ Тағала әзіреті Ибраһим пайғамбарды сынау үшін өз кіндігінен шыққан ұлы Исмайылды құрбан шалуды бұйырған еді. Өзінің бауыр етінен жаралған баласы әзіреті Исмайылды құрбан етіп шалу  ауыр тисе де, әзіреті Ибрахим Алла Тағаланың үкімін орындаудан бас тартқан жоқ. Ол ұлын құбылаға қаратып, «бисмилласын» айтып, бәкісін тамағына тақаған шақта, Ұлы Жаратушы әзіреті Ибрахимнің адалдығына риза болып, құрбандық орнына көктен қошқар түсіреді. Әзіреті Жаббар Хақтың үкімін екі етпестен қошқарды құрбандыққа шалады. Осыдан соң Хақ Тағалаға арнап құрбан мал шалу дәстүрі қалыптасты.

Ғибратты бұл оқиғаға қарап, әзіреті Ибрахимнің Өзіне адал берілгендігін Хақ Тағалан алдын-ала білмеген деген түсінік шықпуы керек. Алла Тағала – «әл-Алим», яғни, бәрін білуші, көреген. Оның құдіретінің («әл-Қудра») шет-шегі жоқ. Яғни, бұл тағылымды оқиғада Жаббар Иеміз әзіреті  Ибрахимді үлгі ете отырып, жаратқан құлдарының Өзіне адал болуын үндеді қабылдауымыз шарт.

Араб тілінде «қурб» сөзі жақындау деген мағынаны білдіреді. Яғни, құрбандық шалып, Аллаға жақындау мағынасына саяды. Терминологиялық мағынасы Зилхиджа айының оныншы күні басталып, үш күнге созылатын «Ид әл-Адха» (айт күні құрбан шалу) мерекесінде құрбан шалып Хақ-Тағалаға жақындауды айтамыз.  

Ал, құрбан шалуға қатысты ислам ғұламалары әртүрлі үкім кескен. Ханафи мәзһабының кейбір ғұламалары құрбан шалуды уәжіп (міндетті) деп білсе, өзге мәзһаб ғұламалары құрбан шалуға суннет деп қараған. Әлбетте, әрбір ғұлама өз үкімдеріне Құран мен сүннеттен дәлелдер келтірген.

Имам Ағзам Әбу Ханифа Алла елшісінің (с.ғ.с): «Кімде-кім бай болып, мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, намазханамызға жақындамасын» (Имам Ахмад Ханбал, Ибн Мәжа. Әбу Хурайрадан риуаят еткен) деген хадисін негізге алып, құрбан шалу жағдайы келген мұсылманға уәжіп деп қабылдаған. Мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабының ғұламалары Умма Салама риуаят еткен Алла елшісінің (с.ғ.с): «Кімде-кім зилхиджаның туған айын көріп, құрбан шалуға ниеттенсе, онда шаштары мен тырнақтарын алмасын» (Найлул Әфтар, V, 112),  сондай-ақ, Алла елшісінің (с.ғ.с): «Үш нәрсе бар, маған уәжіп, сіздерге сүннет: үтір, құрбан шалу, кушлык намазы» (Имам Ахмад Ханбал. Муснад) деген хадистерін негізге алып, құрбан шалуды сүннет амалына жатқызады. Осы үш мәзһабтың ішінде шафиғилер бір отбасы үшін бір құрбандық шалады. Шафиғилер бұл үкімдеріне Алла елшісінің (с.ғ.с): «Уа адамдар! Бір отбасы үшін бір жылда бір құрбан шалу жеткілікті» (Найлул Әфтар, V, 138) деген хадисін дәлел ретінде көрсетеді.

  Әсілі, белгілі бір жерге тұрақты қоныс теуіп, шариғат бойынша ынсаптан асқан байлығы бар мұсылман құрбан шала алады. Имам Мұхаммед аш-Шайбанидің үкімі бойынша құрбан шалу үшін ақыл есі бүтін және балиғат жасына толуы шарт. Бірақ, Имам Ағзам мен Имам Юсуфтың пікірінше бұл екі шартсыз да қамқоршылар олардың атынан құрбан шала алады. Құрбан шалудағы материалдық ынсап мөлшері, пітір садақасын беруі тиіс материалдық жағдаймен мөлшерлес (екі жүз дирхем күміс мөлшерінде мүлкі болса). Құрбандағы материалдық жағдайдың ынсап мөлшерінде болуы, зекет берудегі материалдық жағдайдың бір жыл уақыттың өтуімен өлшенбейді. Бір мұсылман кедей болып, дәл құрбан шалу уақытында материалдық жағдайы түзелген болса, онда құрбан шала алады. Керісінше материалдық жағдайы құрбан шалар сәтте төмендеп кетсе, ол мұсылман құрбан шалмаса да болады.

    Қоғамда әл-әуқаты жоғары байлар және орта жағдайдағы адамдармен қатар жылдар бойы ет жемей, ашқұрсақ болып ғұмыр кешетін  қаншама сіңірі шыққан кедейлер бар. Көбіне мұндай адамдар алақанын жаюға арланып, ешкімнен көмек сұрай қоймайды. Құрбан айт мейрамы осындай жоқ-жітіктер үшін Алланың жасаған шарапаты болып табылады. Құрбан айттағы илаһи жарылқаумен жоқ-жітіктердің көңілдері райланып, қоғамның байлығын бірге бөліседі. Бұл әлеуметте әділеттіліктің сақталып,  адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттырады.

  Шынтуайтында, құрбан айт мерекесі мұсылмандардың бақытты өмір кешуіне септігін тигізетін рухани шара. Құрбан шалған адамның көңіліне илаһи шуақ еніп, жүрегі тыныштық табады. Яғни, көңілі көтеріліп, тілі мен жүрегі бірге соғып, тілмен айтқан зікірі жүректің соғысымен үндеседі. Осылайша құрбан шалу, Аллаға мадақ айтып, шүкіршілік жасап, сабырлы  болуымызға себепші болып, мұсылман қоғамының бақытты өмір сүруіне өз септігін тигізеді. Бұл күні мұсылмандардың жүрегінде достық, бауырмашылдық, сүйіспеншілік, өзара құрмет, шер бөлісу, бір-біріне қол ұшын беру секілді сезімдері атқақтап тұрады. Бұл күні жек көрушілік сезім суалып, өшпенділіктің тасы еріп сала береді. Ұлы Жаратушының ризашылығы үшін шалынған құрбанның қаны адамдардың жүрегіндегі кір-қоқыс пен көңіліндегі пенделіктің сыңғырын жуып шайып, оның орнына сүйіспеншіліктің гүлі қауыз жарады. 

  Ермек Мұқатай,

 ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, 

Оқылды 142 рет
JoomShaper
Top