Әйелі – күйеуіне, ал ер азамат...

Сейсенбі, 15.03.2022

Неке – барлық пайғамбарларға ортақ сүннет. Сүннет пен салты біте қайнаған қазақ үшін некенің жөні бөлек. Неке қиюға жұмсалатын уақыт – сүт пісірімдей шамада. Ал, неке шартының саны бір қолдың саусағындай ғана. Дегенмен, осы аз уақытта жасалған шариғаттың рəсімі екі жұпты өмір бойына бір-біріне берік байлайтын киелі қарым-қатынас.

Той жасау, құдалық шақыру сияқты үйленуге қатысты салтымыздың жоралғылары түрлі себеппен кейінге қалдырылуы мүмкін. Бірақ, неке қидыруды бір күнге де кешіктіруге болмайды. Қыз келін боп босағаны адал аттауы үшін неке қидыру міндет.

Жастардың шаңырақ көтереміз деп шешім қабылдауына олардың бір-біріне деген пəк сезімі түрткі болары анық. Алайда, шаңырақ шайқалмай, өмірдің түрлі сынағына төтеп беру үшін жалғыз сезім аздық етеді.

Ерлі-зайыптылардың құқығы туралы сөз қозғағанда, тек бір жақты қарастыру қателік болып табылар еді. Сондықтан, да, бұл тақырыпты толық əрі түсінікті етіп қарастыру үшін күйеу құқығын əйел құқығымен қатар айтқан жөн. Құран Кəрімде: «...Ерлердің əйелдердегі хақылары сияқты, əйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар. Əйелдерден гөрі ерлердің дəрежесі артық... » (Бақара сүресі, 228-аят) деген аят бар.

Сонымен бірге, ерлі-зайыптыларға қатысты Алла елшісі (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында айтқан сөзінде: «Сендердің əйелдеріңде хақыларың бар, əйелдеріңнің де сендерде хақысы бар...» (Нəйлул Аутар, 5-бөлім, 364-бет) деген. Сонымен бірге, Алла Тағала: «Еркектер əйелдерді билеуші... » (Ниса сүресі, 34-аят) деп əмір етеді. Бірақ, күйеуге берілген осы билік жəне артықшылық ер мен əйелдің құқық пен жауапкершілік теңдігіне кедергі бола алмайды.

Өйткені, аяттағы артықшылық ер кісінің əйеліне деген қам- қор лығын меңзейді. Аталмыш қамқорлық ер мен əйелге ортақ істе жүйе лілікті қамтамасыз етеді. Əйт песе, іс насырға шабары шындық. Сонымен қатар, осы аят үкімімен əйелге жұбайы ретіндегі құқығы мен міндеттері толығымен күйеуі нікіндей етіп беріледі. Жоғарыдағы «Əйелдерден гөрі ерлердің дəрежесі артық...» аятының тəпсірінде: «Əйел күйеуіне берілген осы дəрежені мойындаса, əйелдің құқығы мен міндеттері күйеуімен теңеседі» Тафсир Табари, 2-том, 257-бет делінген.

Міне, сондықтан отбасылық өмірде басшылыққа алынатын жалпы қағидат: «Қарым-қатынаста: мейірімділік пен ізгілік жəне бір-біріне зиян тигізуден сақтану» (Əл-Бадаиғ, Касани Ханафи, 2-том, 334-бет).

Ал, енді мұсылман болған соң əрбір ісімізде пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеттерін өнеге тұтатын халықпыз. Ерлі-зайыптылардың тату-тəтті өмір сүруіне сеп болатын не? Пайғамбар (с.ғ.с.) ол жайлы не деген? Соған зер салып көрелік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайы Айша (р.а.):

– Əйел баласы адамдардың ішінде кімге көбірек қарыз. Кімнің алдында көбірек борышты боп саналады? – деп сұраған екен.

– Əйел күйеуінің алдын көбірек борышты, – дейді Пайғамбар (с.ғ.с.). Сонда Айша (р.а.) анамыз:

– Ер кісі ше, ол кімнің алдында көп қарыз. Кімге борышты? – деп тағы сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ер кісі анасына көбірек борышты, – деп жауап береді.

Міне, Пайғамбар (с.ғ.с.) мен мұсылмандар анасы (р.а.). Күйеуі мен əйелінің екеуара əңгімесі. Екі қысқа ғана сауалға екі ауыз сөзбен берілген жауап. Əйел – күйеуіне, ал ер азамат – анасына көбірек борышты.

Қыз да анадан туған. Оның да əкесі бар. Бірақ неге күйеуіне көбірек борышты? Бұған Құран Кəрімде жауап бар екенінде дау жоқ. Құранмен бірге салтымыздан да жауап іздеп көрейік. Қазақта «қыз қонақ, қыз жат жұрттық» деген сөз бар. Қыз өсірген əке: «қызым осы шаңырақтың иесі», – деп тəрбиелемейді. Қызын дастарқанның төріне отырғызып, қонағындай сыйлайды.

Бой жетіп теңін тапқан күні қыз əке шаңырағынан өз шаңырағына кетеді. Өз еркімен етегін ұстаған азаматтың ұрпағын дүниеге алып келіп, сол əулеттің жалғастырушысын тəрбиелейді. Ал, келіншек боп түскен күннен бастап, қызға бар қамқорлығын жасап, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай қорған болатын – күйеуі. Шариғат ер кісіге «Əйеліңді əкесінің батасымен, шариғаттың жолымен өзіне адал жар еттің бе, енді бұдан былай ол саған аманат. Сен жауаптысың», – деп иығына жүктейді. Сол үшін де əйел өмірінде күйеуіне көбірек борышты. Ер азамат болса бірінші кезекте анасына көбірек борышты. Өйткені, тоғыз ай жүрегінің түбінде көтеріп қабырғасы майысқан, өмір мен өлімнің арасында арпалысып дүниеге алып келген жан – ана. Түн ұйқысын төрт бөліп ақ сүтін беріп өсірген – ана. Қатарының алды етем деп, тəлім-тəрбие берген – ана. Қазақтың «жəннат ананың табаны астында» деп айтуының сыры да осында. Анасының батасы мен ризашылығын алған ер азамат өмірде жолы оңынан болады. Алланың құзырында да жүзі жарық жүреді. Міне, хикметті хадис пен сырлы сүннеттерді өмірлік өнеге ете білген жұбайлар теңіздей толқыған өмір белестеріндегі дауылдарға бірлесе отырып оңай еңсере алады. Мұндай жұпқа жора-жолдастары мен замандастары сүйсіне қызыға қарайтыны хақ. Ал, ата дін даналығы мен ғұрып ғибратынан нəрленбеген жұптың болашағы бұлыңғыр екені тағы шындық.

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы

Оқылды 831 рет
JoomShaper
Top