Әйел қадірі

Сейсенбі, 30.09.2021

Тіршілік бастауы  – әйел. Ғабит Мүсірепов ағамыз өзінің қойын дәптерінде мынадай оймақтай ойды түртіп қойыпты: «Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді». Әрине, ағамыз бұл жерде даналыққа тән тапқырлықпен сөйлеп отыр. Әйелдің әлсізі жоқ, тек нәзігі бар. Олардың барлығы батыр, ержүрек. Өйткені, Алла тағала әйелді адам ұрпағын жалғастыратын ана қылды.

Қазақта «Әйел адам босанарда бір аяғы төрде, бір аяғы көрде» деген сөз бар. Толғақтың ащы азабын тартып, дүниеге адам баласын әкелем деп өмір мен өлімнің арасында жанталасқан әйел «шыр» етіп жарық дүниеге  қызылшақа нәресте келгенде бар күшін сарп қылып талықсып кетеді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде болған мына оқиға әйелдің баласы алдындағы мәртебесі мен құқығын анық көрсеткендей:

Сәбиге таласқан ата-ана пайғамбарға (с.ғ.с.) келеді. Бұлардың бірі оның әкесі болса, екеншісі оның анасы еді. Сөйтіп, баланың әкесі:

– Уа, Алланың елшісі! Бұл бала менің белімнен шықты – деп балаға құқылы екенін айтты.

Сәбидің анасы:

 – Уа, Алланың елшісі! Ол, бұл сәбиді белінде ұстады, өзі қиналған жоқ. Ал  оны менің жатырыма салғанда шаһуатпен салды, рахат тапты.  Мен болсам сәбиді қарнымда тоғыз ай көтердім, босанған кезімде қатты толғаттым, қиналдым. Сөйтіп, оны екі жыл бойына үздіксіз еміздім, түндерімді үйқысыз өткіздім – деп өзінің уәжін айтады.

Екі жақтың уәжін тыңдаған пайғамбар (с.ғ.с.) сәбиді анасының қолына беріпті.

Ал енді басқа риуаятта сәбидің анасы былай деген екен:

– Уа, Алланың елшісі! Менің қарным бұл сәбиге үй болды, құшағым – сәбидің қорғаны, ал кеудем оның шөлін басатын сусыны болды. Ал әкесі болса, бұл сәбиді менен тартып алғысы келеді (Ахмад, Әбу Дәуіт).

Бұл оқиғаның бізге берер пайдасы көп. Сондай пайдалардың бірі, шаңырақ – кіші мемлекет. Ата-ана бұл мемлекттің қирап, шаңырақтың ойылып ортаға түспеуін көздеулері керек. Шаңырақ бұзылса, тек отбасы мүшелеріне емес, қоғамға да үлкен кесірін тигізеді. Отбасындағы  балалар әке немесе анасының таңдау мәжбүрінде қалады. Бұл өз кезегінде баланың ер жетіп қалыптасуына кері әсерін тигізбей қомасы анық.

Екінші пайдасы, әйел – ана. Ананың баласына деген мейірімі, махабаты мен жұмсақтығы шексіз. Әйел нәзік, еркек күшті. Әйел балаға отбасы тәрбиесін беріп, ерінің шаңырағын айрандай ұйытып отырады. Ал отағасы отбасын асыраушы. Әйел аялы алақанға, арқа сүйер мықты еркекке зәру. Бірақ, еркек мен күштімін деп дандайсымай өз міндеті мен жауапкершілігін білгені мақұл. Алланың елшісі де (с.ғ.с.):

«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Ер адам отбасы үішн жауапты, ол ақырет күні солар үшін сұралады», – деп ер адамның отбасы үшін, ал әйелдің балалары үшін  жауапкер екенін ескерткен. (Ахмад)

 

Жалғас Садуахасұлы,

философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы

Оқылды 871 рет
JoomShaper
Top