Исламдағы бауырластық

Сейсенбі, 30.09.2021

Махаббат – бауырластық мәселесіндегі ең маңызды қасиеттердің бірі.Сол себепті мұсылмандар өзін жақсы көргені сияқты басқаларын да жақсы көріп, оған жәрдем беруі тиіс. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендердің ешбірің өзі жақсы көрген нәрсесін бауыры үшін де жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді», – деп айтқан [1].

Исламдағы бауырластықтың келесі аспектісі – бауырына демеу болу, оған жәрдем көрсету. Егер мұсылман бауыры қиын жағдайға тап болса, басқалары оған қолынан келгенше сөзімен және мүлкімен жәрдем көрсетеді.

Мейірім мен рақымшылық – Исламдағы бауырластықтың келесі баспалдақтары. Бұл мұсылмандар арасындағы жай ғана махаббат емес, бұл мұсылман бауырын түсіне білу және онымен бірге мазасыздану қабілеті.

Исламдағы бірін-бірі жақсы көрудің келесі баспалдағы – адамдардың өзара сыйластығы мен сыпайылығы. Бауырластық тек сөз жүзінде қалып қоймауы қажет. Исламдағы жақсы сипаттардың бірі – адамның сөзіне сайкес амал етуі, яғни айтылған сөзді іс жүзінде қолдану. Ол үшін адамның бір жаңалықтарды ойлап шығаруы қажет емес, бар болғаны пайғамбардың көрсетіп кеткен сара жолымен жүру, соған сәйкес амал ету [2].

Пайғамбардың (с.ғ.с.) келесі бір хадисі бар:«Мұсылманның бауыры алдында алты міндеті бар. Олар: оның берген сәлеміне жауап беру; шақырылған жерге бару; егер бауыры кеңеске мұқтаж болса, онда оған  шынайы кеңес беру; егер бауыры түшкіріп, «әл-хамду лиллә» (Аллаға шүкір) десе, оған «ярхамука Алла» (Алла сені жарылқасын), – деп жауап беру; егер ол ауырып қалса, оны зиярат ету; егер бауыры қайтыс болса, оның жаназа намазына қатысу»[3].

Әрине, Исламдағы бауырластықтың шарттары осы алты талаппен түгемейді. Бұлардың тысында да мұсылман бауыры үшін не істеуі қажет екенін көрсететін  көптеген хадистер бар. Мысалы мынадай хадис бар:

«Егер кім сендерден өз бауырын Алла үшін жақсы көрсе, онда оған жақсы көретінін айтсын»[4]. Оны Алла үшін сыйлайтынын айтып, жақсы қарым-қатынас жасауға шақырады.

Расында да Ислам адамдар арасын түрлі жолдармен біріктіреді. Солардың бірі Алла үшін жақсы көру. Бізде халық арасында «құдай үшін»  немесе «құдайдан қайтады» деген сияқты сөз тіркестерінің де шығу тегі осындай мағынадағы аят-хадистерге байланысты болса керек.

Сонымен, адамдар арасында Алланың разылығын қалайтын ізгі кісілер жетерлік. Олардың жақсылары сонша, өзінің қымбат уақытын, маңызды шаруасын екінші орынға қойып, басқа адамның қажеті үшін жеке малын сарп қылады, тамағын береді, үйін ұсынады.

Сөзімізді нақтылау үшін тарихтағы оқиғаға көз салайық. Мұхаммед ибн Иазид ән-Нахуй есімді ғалым былай дейді:

«Мен Халилге бардым. Ол шағын кілемшенің үстінде отырған еді. Мені көрген ол ығысып, маған орын берді. Мен оның онсыз да тар жерін, одан әрі тарылтқым келмей, қасына отырудан бас тарттым. Сөйтсем ол мені қолымнан ұстап, өзіне жақындатты да: «Бір-бірін Алла үшін жақсы көрген пенделерге иненің тесігі де тар болмайды. Бірін-бірі жек көрген адамдар үшін дүниенің кеңдігі де түк болмайды», – деп айтты»[5].

Имам Термезидің жинағында Муғаз ибн Жәбәлдің мынадай хадисі келеді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Алла! Маған Өз махаббатыңды, Сені сүйген пенделерінің махаббатын, Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нәсіп ет! Махаббатыңды маған салқын судан да жақсы көрсет!», – деп дұға қылатын» – дейді.

Келесі хадисте: «Жаным уысында болған Затқа қасам етемін! Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Бір бірлеріңді жақсы көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар. Сендерге көмек беретін нәрсе туралы айтайын ба, ол – өз араларыңда сәлемді тарқатыңдар», – деп айтқан.

Хадистің арабша нұсқасында «әфшус –сәләма» деп келеді, қазақша мағынасы – сәлемді тарқатыңдар. Араб тіліндегі «сәләм» сөзінің келесі мағынасы – бейбітшілік. Сондықтан хадистегі «әфшус –сәләма» сөз тіркесі – бейбітшілікті тарқатыңдар – деген мағынаны да білдуруі әбден мүмкін. Сол себепті бұл хадистің басқа аудармаларында бейбітшілікті тарқатыңдар деп келеді. Мұндағы бейбітшілік дегеніміз – адамдар арасында махаббат орнататын барлық ізгі амалдар, жақсы сөздер. Яғни, хадистің түпкі мағынасы, адамдар бір-бірінің арасында сәлем беріп, жақсы сөздер айтып, ізгі амалдар жасасын дегенді білдіреді.   

 

Жалғас Садуахасұлы

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Сахих Муслим. Истанбул: Калем, 1994. С.YIII.
  2. Мухаммад Аль-Газали. Нравственность мусульманина. – М.: Умма, 2006. – 364 c.
  3. Сахих Муслим. Истанбул: Калем, 1994. С.YII.
  4. Сунан Әбу Дауд. Кайр: Ан-Нур, 1986. С.Y.
  5. Анас Исмағил Әбу Дәуд. Далилу әс-Са’илин. – Триполи: Әл-Мәдина, 1996. – 639 б.
  6. Абу Бакр ибн әл-Араби. Шарх Сахиху ат-Термизи. Кайр: 1992. С. II .

 

Оқылды 1350 рет
JoomShaper
Top