Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ: Ұлт мiнезi дiн руханиятымен үндес

Жұма, 18.03.2022

Адамзат болмысы тəн мен жаннан тұратыны секілді, əр қоғамның өзінің материалды да рухани құндылықтары, қажеттіліктері бар. Дəстүрлі діндер дөңгеленген дүниенің төрт құбыласын тең ұстап, сан түрлі ұлт пен ұлыстың ауызбіршілігін сақтауда үлкен маңызға ие. Түркі топырағында дəні егіліп, діңгегі бекіген ислам дінінің бүгінгі қазақ қоғамының тұтастығы мен бірлігін ұлықтаудағы орны қандай? Кешегі салтпен сіңіскен шариғатты ескінің көзіндей көріп, жаңа ғасырдағы жағымсыз жат менталитетті жанымызға үйір етіп кетпедік пе? Бүгінгі қоғамның қордаланған тақырыптар түйінін «Əзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы тарқатады.

– Қуат аға, кез келген елдің мақсат-мұратын, мемлекеттің ұлттық идеологиясын іске асыруда діннің алар орны орасан екені белгілі. Дін қоғамды біріктіруші негізгі фактор ретінде де маңыздылығын жоймайтын күш. Қазақ қоғамындағы дəстүрлі дініміз исламның орны мен маңызы жайында айтып берсеңіз.

– Өздеріңізге мəлім, қазақ халқының Алла Тағала бұйырған тура жолға түсіп, ислам дінімен қауышқанына бүгінде он екі ғасырдан астам уақыт өтті. Яғни, сол замандардан бастап біздің ұлттық сана-сезіміміз, салт-дəстүріміз, мəдениетіміз бен əдебиетіміз ислам дінімен бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, біте қайнасты. Басқасын былай қойғанда, қазақ хандарының билік жүйесі де осы асыл шариғатымызға арқа сүйеді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тəуке ханның жеті жарғысы»... Қай-қайсын алып қарасаңыз да үкім шығарып, билік айтудағы басты ереже шариғат шеңберінде орын алған. Сайын дала төсінде өсіп-өнген көшпенді халқымыздың салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпы да ғасырлар бойы осы шариғат шеңберінде қашалып, біздерге біртұтас күйде жеткен.

Жалпы, дін дегеніміз тек сенім жүйесі ғана емес, ол – өмір сүру мəнері, қарым-қатынас əдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дəстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды. Мысалы, қанға сіңген қасиетіміз қанағат пен қамқорлық, туған жерге деген махаббат, ұят пен ар-намыс, аманатқа адалдық, қиянатқа қар сылық, «тас пен атқанды аспен сыйлаған» кеңпейілділік, қолдағы барын жұртпен бөліскен жомарттық секілді жақсы қасиеттеріміздің барлығының негізі дінде жатыр.

Бүгінгі таңда біздің қоғам үшін осы рухани құндылықтарымызды сақтап қалу аса маңызды болып отыр. Қазіргі кезде орын алып жатқан кейбір келеңсіз жайттар осы аталған қасиеттерден қол үзіп бара жатқанымызды көрсетеді. Имандылықтан ажыраған  қоғамның құлдырауға бет алатыны бəрімізге де белгілі.

 – Дәстүр дегеннен шығады, біздің санамызда ұлт құндылықтары, салт-дəстүр ұғымы ескіліктің қалдығы секілді ой қалыптасқан. Мұның соңы «таза дін жолын ұстану керек» деп, ислам дінін араб мəдениетімен байланыстырғысы келетін əсіредіншіл топ пен батыстың жат танымына бой ұрушы буынды қалыптастырды. Шариғатымызда «дінде шектен шықпаңдар» делінеді. Осының орта тұсы бар ма? Өркениет көшінен қалмай, ұлттық болмы- сымызды сақтап қалу үшін бізге не істеу қажет?

– Біз салт-дəстүр дегенде тек қана мəдени əдет-ғұрып тарымызды ғана емес сонымен бірге ұлттық мінез-құлық қағидаларын, əдептілік ұстындарын, адамгершілік қағидаттарына айналған моральдық принциптерін, тағылымды тəрбие ұстындарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Осы мұраларымызды көздің қарашығындай қорғап, кəдеге асырған жағдайда ғана ұлттық болмысымызды сақтап қаларымыз анық. Ендеше , халқымыздың асыл қазынасы болып саналатын игі дəстүрлеріміз орнықты болса, имандылығымыз да, дініміз де баянды болмақ. Өйткені, қазақ халқындағы дін мен дəстүрді бір-бірінен айырып қарауға келмейді.

Алайда, радикалды діни ағымдар идеологиясы еліміздегі дəстүрлі рухани құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгертуге тырысады. Ал, бұл өз кезегінде дəстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың əлсіреуіне алып келеді. Сондықтан, ұлтты қалыптастырған адамгершілік құндылықтарын сақтау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.

– Аз ғана күннен соң жан- жануардың аяғы көкке, ағайын-жұрттың аузы аққа ілінер шақты сүйіншілеп ұлт мейрамы – 22 наурыз республика көлемінде тойланады. Шығыс халықтарына тəн мерекені қазақ елі тəуелсіздік берген сый ретінде қабыл алып, ізгі дəстүрді жалғап келеді. Бұл мерекенің астарынан діни негіз іздеу қаншалықты дұрыс?

– Наурыз – қазақ халқы үшін жылдың басы болып саналады. Күн мен түн теңелген бұл мерекені халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп əспеттеген. «Наурыз» сөзі – зороастризм сенімінде болған парсы елінің тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның шығу тарихын кейбір ғалымдар зороастризммен, отқа табынумен байланыстырса, кейбір тарихшылар Парсы патшалығының жорықтарымен байланыстырады. Қазіргі күнде де парсы тектес ұлттар Наурыз мейрамында отты жағып, пəле-жаладан тазару ретінде үстінен секіріп жатады. Ал, біздің ұлтымыздың Наурыз мерекесінде отты алаулатып жағуды үрдістен үзген. Себебі, отқа табыну ислам сенімі бойынша Аллаға серік қосу болып табылады. Қазіргі таңда наурыз мейрамы діни мереке емес, ұлттық мереке ретінде тойланады. Бұл қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір- бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады.

«Əдет-ғұрып» фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт- дəстүрлері ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық  қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дəстүрлер сақталады. Бүгінгі дəстүріміздегі Наурыз мерекесінің исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық дəстүрімізден əлдеқашан шығарылып тасталған. Ал, қазіргі қазақ қауымының тойлап жүрген Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақы құндылықтарымызды жандандырып, көкпар беріп, ат шаптырып, палуандар күресін өткізіп, əн-жыр, айтыс-терме ұйымдастырылып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген ізгі тілектерімен қауышып жатады.

Елбасы Н.Ə. Назарбаев 2009 жылдың 24 сəуірінде наурыз айының 21-23 күндер аралығын «Наурыз мерекесі» деп атады. Наурыз мейрамы – халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін исламға қайшылығы жоқ халқымыздың тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі.

– Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жайық НАҒЫМАШ

Оқылды 459 рет
JoomShaper
Top