Елбасы Исламды әділетті дін ретінде қалыптастыруға шақырды

Бейсенбі, 07.11.2021
Елбасы Исламды әділетті дін ретінде қалыптастыруға шақырды

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында жалғасып жатқан 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық мұсылман елдерін Исламды әділетті дін ретінде қалыптастыруға...

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында жалғасып жатқан 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық мұсылман елдерін Исламды әділетті дін ретінде қалыптастыруға шақырды.

Қазақстан Президенті атап көрсеткендей, бүгінде жаһандық бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі Исламды өздерінің ұлттық қауіпсіздігіне, мәдени және діни ұстанымына қауіп төндіруші күш ретінде көрсетіп жүр. Осылайша Исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен терроризмге жол беретін дін деп ұқтырады.

«Ондай жағдаймен ешқашан келісуге болмайды. Тарихқа жүгінетін болсақ, экстремизм мен терроризм жиырмасыншы ғасырда көптеген индустриялық дамыған мемлекеттерде саяси өмірдің ажырамас бөлігі болғанына көзіміз жетті. Ол үшін 1960-70 жылдары Еуропадағы саяси терроризмнің бетімен кеткенін еске алсақ та жетіп жатыр. Біз экстремизм мен терроризмнің қаншалықты ашық бағыт ұстанғанына және қандай да бір діни ұранды жамылғанына қарамастан, әлемнің іргелі діндерімен ешқандай байланысы жоқ екендігіне сенімдіміз. Мен мына мәселе жөнінде ойлануға шақырамын: жаһандық терроризмнің көздеген басты нысанасы мұсылман елдері болып жатқан жоқ па бүгін? Нақ осы мұсылман елдерінде жыл сайын мыңдаған жазықсыз жандар, соның ішінде қарттар, әйелдер мен балалар қаза тауып жатыр. Ислам мен терроризмді шендестіру әділетті ме? Соңғы жылдардағы тәжірибелер терроризмнің нақты мақсатты көздеген белгілі бір күштердің әрекеті екендігін дәлелдей түседі. Қазіргі терроризмнің саяси және экономикалық себептерден туындайтындығын тарихтың өзі көрсетіп отыр. Ол ұлтаралық қылмыспен ғана емес, есірткі айналымымен де, қару-жарақ контрабандасымен де тығыз байланысты болуда. Өкінішке қарай, ол геосаяси бастауларға да ие болып жатыр. Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға баршамыз бірге күш салуға тиіспіз. Ислам елдерінің ұлы ілімінің беделін түсіруге жаһандық және аймақтық деңгейде қарсы тұра алатын ортақ медиа жобалар туралы ойланатын кез келді. Көптеген сарапшылар жиырма бірінші ғасырда Ислам жер жүзі бойынша басымды дінге айналады деп санайды, тек болжамның мерзімі ғана алшақ. Алайда біз мәселенің саны мен мерзімінде емес екендігін, жиырма бірінші ғасырда Ислам елдерінің қоғамы қандай болуы керек екендігі жөнінде сөз болып отырғанын түсінуге тиіспіз», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.  

ҚазАқпарат

 

 

 

Оқылды 846 рет
JoomShaper
Top