Түрмелерден дәстүрлі емес ағымды насихаттайтын әдебиеттер табылды

Сенбі, 22.10.2021

Астана. 22 қазан. E-ISLAM – Ақтөбеге келген астаналық мамандардың бір тобы қазір жазасын өтеушілермен кездесу өткізіп жатыр. Дін істері комитеті дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаевтың айтуынша, мониторинг жұмыстары жүргізілген кезде түзету мекемелерінен дәстүрлі емес ағымды насихаттайтын әдебиеттер анықталған.

«Ақтөбе қаласындағы түзету мекемесінде «Терроризм» бабы бойынша сотталғандармен жұмыс жүргізілді. Біздің мақсатымыз – бетпе-бет кездесіп, сөйлесу, себебін анықтау. Кездесу барысында көпшілігі дәстүрлі емес жолға діни білімдерінің таяздығынан түскені анықталды. Мәселен, «балаларың бар, қолдан келгенше жәрдем берейін» деген соң, сотталғандардың бірі үшінші күні бізге ашылып, әңгімесін айтты. Егер біз адамдармен осылай жылы сөйлессек, оларды өзіміздің бауырымыз деп қабылдасақ, олардың да жүрегі жылып, адамға, қоғамға деген көзқарасы өзгереді.

Түзету мекемелерінде түрлі спорттық жарыстар өтті. Сотталғандар бостандыққа шыққан соң жұмысқа орналасу жайын білдік. «Адасу», «Өмірзая», «Бір күн» фильмдері көрсетілді. Бәрі зор ықыласпен қарады. Сонымен қатар, кітапхана қорларына мониторинг жүргіздік. «Дінтану сараптамасынан оң қорытынды алған ба?» деген сұрақ қамтылды. Кемшіліктер бар, кейбір мекемеде мекеме басшылығының қолдарынан кітаптар алған кезде дәстүрлі емес ағымды насихаттайтын әдебиеттердің бар екені анықталды. Түзеу мекемелерінің басшылығына  жазбаша ұсыныстар берілді» дейді Б.Мырзаев.

Айта кетейік, астаналық мамандар тексеруге емес, мониторинг жүргізуге келді. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта түрмеге түскендермен қалай жұмыс істеу керек деген бағытта әдістеме қажет екен.

Оқылды 562 рет
JoomShaper
Top