Cалиха ДУАНАЕВА: Тәрбие тал бесіктен емес, құрсақтан басталу керек

Дүйсенбі, 24.10.2021

– Қазіргі қоғамда ең өзекті мәселе нені айтар едіңіз?

– Өмірде перзент сүюден асқан бақыт болуы мүмкін емес, бала – отбасының шаттығы, өмірдің мәні, тіршіліктің тірегі. Сондықтан бірінші кезекте баланың тәрбиесі тұру керек, ата-ана уақыт таппай жүргенде оны басқа «қамқоршылар» тәрбиелеп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бала – әрбір үйдің айнасы, балаға қарап, қай жерден мүлт кеткеніңізді байқайсыз. Демек, балада кемшілік болса, оның себебін өз қателігімізден іздеу керек.

Бала – Алланың аманаты, сондықтан да әрбір ата-ана оның тәрбиесіне тікелей жауапты. Міне, осы жауапты мәселеге салғырт қараудан, бала тәрбиесін оның қажеттілігін өтеп, сұранысын қанағаттандырумен шатастырып алғандықтан, ұтылып жатырмыз.

– Сонда ата-ананың басты парызы не?

– Баланы материалдық тұрғыдан «тойындырып», тоғышар ұрпақ тәрбиелеп жатқанына кейбір ата-аналар мәз...

Ата-ананың басты парызы – иманды ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан ислам дініндегі дәстүрмен сабақтасқан мәні терең, мазмұнды ұлағатты қайта жаңғыртып, жаны ізгі, көргенді ұрпақ тәрбиелесек, бабалар аманатын орындап, тектілігімізді сақтағанымыз. Жаны жақсылықты қалайтын, ниеті адал, жүрегі таза ұрпақ тәрбиелеген ата-ана – өзінің де, перзентінің де екі дүниесін ойлайтын парасатты адам.

«Бақытты даладан іздеме, баладан ізде» дейді дана халқымыз. Қартайған шағында балаларының рахатын көргісі келетін ата-ана әрбір сөзі мен әрекетін ойланып істегені жөн. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін, қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі.

Алла өмір берсе, қарттық – ешкім қашып құтыла алмайтын өмір заңдылығы. Сондықтан, балаларының шуағына бөленуді ойлайтын адам қартайғанда қамқоршысы болатын ұрпағының тәрбиесіне салғырт қарамаса, өзінің парасат-пайымымен өлшенетін абырой-беделі асқақтай түсері анық.

– Баланы жас ерекшелігіне қарай тәрбиелеудің төте жолы бар ма?

– Қазақ – «балам барым» деп ертеңін баласының болашағынан бөліп қарамаған халық, сондықтан бала құрсақта пайда болғаннан бастап, оның анасына ерекше күтім жасап аялаған. Келінге ауыр зат көтертпей, тамағының құнарлы болуына мән берген, ұрпағымызды жалғастырушы деп қадірлеген. «Қуанышты бөліссе, қуаныш көбейеді, қайғыны бөліссе, қайғы азаяды» деп ойлайтын кемеңгер халық келінінің құрсағына біткен шаранаға жан біткеннен кейін қуанышын бөлісіп, құрсақ шашу кәдесін жасаған. Сәбиге жан біткенше жария етпеуінің өзінде даналық жатқан жоқ па?! Бұл – халқымыздың дәстүрмен келген ерекшелігі.

Бала тәрбиесіне терең мән берген халқымыз «Баланы жеті жасқа дейін хандай қадірле, он бес жасқа дейін құлша жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген. Түсінген адамға қысқа да нұсқа әдістемелік сілтеме, осыны жадыңа сақта да іске асыра бер. Мәселе соны қалай іске асыруда...

– «Тәрбие тал бесіктен» деп жатамыз ғой?..

– Негізі «тәрбие тал бесіктен» емес, құрсақтан басталу керек. Қазақта «жатыры оңбай, бала оңбайды» деген сөз бар. Ұрпағының текті болғанын қалаған бабаларымыз сондықтан текті жердің қызын алуға ұмтылған.  Жарықтық аналарымыз құрсақтағы баланың тәрбиесін ойлағандықтан, «Аяғы ауыр әйел жаман нәрсені көрмегені жөн, жаман ой ойламау керек. Аяғы ауыр әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болады, сондықтан ешкімнің наласына қалмауды ойла» дейтін. Кейін өмірге немерелері келген соң: «Баланы емізіп отырғанда әйелдің алпыс екі тамыры ииді, сол кезде Алладан оның абзал адам болуын сұра. Бар мейіріміңді төгіп отырып,  балаңның қандай адам болғанын қалайсың, соның бәрін емізіп отырғанда санасына құя бер. Көңіліңде басқаларға өкпе-ренішің болса, олардың бәрін ұмыт, емізіп отырғанда тек балаңның тілеуін тіле» дейтін. «Баланы қасыңа алып жат, иісіңді сіңір, мейірбан болады. Ерте бастан бөлек жатқызып, жан тыныштығын ойламаңдар. Қазір жассың, бір ұйықтап тұрсаң сергіп қаласың. Әлден алыстатсаң, қартайғанда жақындата алмайсың» деген сөздері, шынында, жас кезімде көп сабақ болды. Түсінген адамға соның бәрі – тәрбие.

Дәстүрдің біразы ұмытылып, оны қадірлейтіндер мен түсіндіретіндер азайып бара жатқан қазіргі кезеңде педагогика және медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Ғаббасовтың «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» атты кітабының (Алматы, 2012 ж.) маңызы ұшан-теңіз. Онда тәні қалыптасып, жан кірген балаға рухани тәрбие беруді іштегі кезеңнен бастау керек деген өте құнды ой айтылған. Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің ұтымды мүмкіндігін жіберіп алмай, төрт айдан былай қарай жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесін бере бастау қажеттігі туралы ойларын ғалым халықтық педагогикамен байланыстыра, ғылыми тұрғыдан дәйектеп, тәжірибемен ұштастыра дәлелдеген. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, аталар салған сара жолдың қасиетін санасына сіңіру қай кездегіден де зәру, өткір, кезек күттірмейтін міндет болып тұрған қазіргі сәтте осы құнды еңбекті кәдеге асырсақ,  ұтарымыз көп.

– Сіз анаңыздың қай сөзін өмірлік ұстаным етіп келесіз?

– Өзіміз алпысты алқымдаған қазіргі шақта балаларымның жаныма жақындығы, ойымдағыны қалт жібермей тани білетіні анамның сол ақылдарының шарапаты шығар деп ойлаймын. Ешқандай жоғары білімі жоқ аналарымыз соның бәрін қалай білген деп қайран қалатын едім, есейген соң оның сыры дәстүрді ұстанып, дінмен рухтануда екенін түсіндік қой. Құстың қос қанатындай дәстүр мен дінді қадірлегендіктен, аналарымыз бізге теориясыз-ақ мықты тәрбие берді. Әлі есімнен кетпейді, сондай жаны жайсаң, жылы сөзімен жүрегімізді жаулап алған абзал анамыз қатты ашуланып, өмірімде бір рет ұрғаны бар. Қазір себебі есімде жоқ, өтпелі кезең шамасындағы шағым ғой, бірақ сол таяқ маған үлкен сабақ болды. «Апамды неге ренжіттім» деген ой жанымды жеп, түнімен ұйықтай алмадым. «Бірінші және соңғы рет болсын, енді еш уақытта ренжітпеймін» деп өзіме серт бердім. Кейде баланың есін жинату үшін сондай «сабақ» та болу керек-ау деп ойлағанмен, оны қазіргі «шыбық тиместер» қалай түсінер екен...

«Ешкімге қиянат қылма, қолыңнан келгенінше жақсылық жасап, бата алып жүріңдер. Батада киелі қасиет болады. Жақсылық көргің келсе, тек жақсылық жаса. Жақсылық та, жамандық та өзіңе қайтады, соны ұмытпаңдар» деп отыратын анамыз бәріміздің бойымызға ізгілік дәнін егіп, батаның мәнін санамызға сіңірді. Жаны жәннәтта болғыр анамыздың бала тәрбиесіне соншалық ұқыптылықпен қараған имандылығы мен тақуалығын айту арқылы қазір бата алғаннан гөрі жасаған жақсылығының қайтарымына басқа нәрсе дәметіп тұратындардың құлағына алтын сырға болса екен деп айтып отырмын.

– Отбасындағы әкенің орнын қандай болу керек?

– Әрине, ақылды әйел әкесінің жаманын жасырып, жақсысын асырып, оны балаларының санасында бірегей тұлға етіп қалыптастырады. Бала естияр болғанда әкесінің кемшілігін білсе де, есін білгенше санасына тұлға болып ұялаған адам туралы жаман ойламайды. Бұдан ана да, бала да, әке де зиян көрмейтіні анық. Анамыздың «қаруы» әкеміз болатын: «Сәл оғаш қылығымыз байқалса, әкелерің естісе оңдырмайды. Әкелерің сырттан шаруасы бітпей шаршап келуі мүмкін, біреуге ренжіп келуі мүмкін. Әкелерің келгенде тыныш отырыңдар, өзі сұрамаса сөйлемеңдер. Қалай болғанда да, әкелерің келгенде бәрі дайын тұрсын» деп бізді әкеміздің қандай талабы болса да орындауға сақадай сай қылып қоятын. Біз одан зиян шеккен жоқпыз, әкеміздің беделін көтеріп, өзінің әйелдік міндетін адал атқарған анамыз бәріміздің жүрегімізге үлкен жауапкершілік ұялатып, ізгілік шуағын құйды. Отбасындағы әкенің орнын асқақтату арқылы өзінің арайлы бейнесін сомдады. Анамыздың сол тәжірибесін кейін өзіміз де пайдаландық...

- Қазіргі жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?

- Аналарымыз «Әке-шешем былай дейтін, ата-енем солай істеуші еді, мен солардан үйрендім» деп көңіліне түйген өмір сабақтарын бізді тәрбиелеуге жұмсады. Қазақтың даналығын ұтымды пайдаланып, көңілімізге ізгілік орнатты. Сол сабақтар біздің санамызға тасқа басқан хаттай жатталды, сондықтан енді ғана ата-ана болған жастарға «бала тәрбиелеудегі басты құралың – қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері болсын» дер едім. Онда дін мен дәстүр сабақтасып, халқымыздың бүкіл ақылы мен даналығы жинақталған, тек соны түсініп, мән беретін, жүйелі сөздің салмағын сараптап, орнымен кәдесіне жарататын ата-ана болса жеткілікті.

 

Оқылды 264 рет
JoomShaper
Top