Ұмра қажылығы қалай атқарылады?

Сәрсенбі, 19.10.2021

Ұмра үшін арнайы уақыт белгіленбеген. Жылдың кез келген уақыттарында ұмра өтеуге болады. Бірақ Зулхижжа айының тоғызынан (Арафа күні таңертеңнен) он екінші күні екінді намазына дейінгі аралықта жасау тахриман мəкрүһ. Ал Рамазан айында ұмра жасаудың сауабы мол. Бұл кезде ұмра жасаған адамды «муғтамир» дейді. Ұмраның парыздары

1) Ихрамға кіру. Ұмра жасаудың алдында миқатта ихрамға кіру үшін ғұсыл немесе дəрет алып дайындалып, екі ракəт ихрам намазын оқығаннан кейін ұмраға былай ниет етеді: «Аллаһумма инни нəуайтул-умрата фа иассирһу ли уа тақаббалһу минни». Мағынасы: «Алла Тағалам, Сенің разылығың үшін ұмра өтеуге ниет еттім. Ұмраны маған жеңілдет жəне қабыл ал!». Содан кейін тəлбия дұғасын айтып ихрамға кіреді.

2) Зиярат тауабын жасау. Меккеге кіргеннен кейін ұмра үшін Масжидул-Харамды тауап етудің алдында: «Аллаһумма инни уриду тауафа байтикал-харам, уа иассирһу ли уа тақаббалһу минни сабғата ашуатин тауафа ұмрати лиллəһи тағала азза уа жəлла». Мағынасы: «Алла Тағалам, Сенің разылығың үшін Қағбаны жеті рет айналу арқылы ұмра тауабын жасауды ниет еттім. Оны маған жеңілдет жəне қабыл ал» деп жеті айналып тауап жасайды. Ниетті қазақша айтуға да болады. Ұмрада ихрамнан кейін тауап жасаған адамға қудум жəне уəдағ тауаптарын жасау шарт емес.

Ұмраның уəжіптері

1) Ихрамға кірердің алдында тəлбия айту уəжіп. Тəлбияның айтылуы: «Лəббайк Аллаһумма лəббəйк, лəббайка лə шəрика лəкə лəббəйк, инналхамда уан ниғмəтə лəкə уал мулк, лə шəрика лəк» (Бұһари, Хаж, 26; Мүслим, Хаж,147; Тир мизи, Хаж, 97). Мағынасы: «Алла Тағалам, мен Сенің əміріңді орындауға келдім, Сенің əміріңе бой ұсындым (2 рет). Сенің серігің жоқ, Сенің əміріңді орындау менің борышым. Күмəнсіз, барлық мадақ Саған тəн жəне жалпы иелік пен нығмет Сенікі. Сенің ешқандай серігің жоқ».

2) Сағи (Сафа мен Мəруаның арасына жүгіру) уəжіп. Сағи жасаудың алдында: «Аллаһумма инни уриду сағя уа иассирһу ли уа тақаббалһу минни». Мағынасы: «Алла Тағалам, Сенің разылығың үшін ұмра сағиын жасауды ниет еттім. Сағиды маған жеңілдет жəне қабыл ал». Сафа мен Мəруа төбелерінің арасында төрт рет барып, үш рет қайтып келеді. Барып-қайтуды жетіге толтырумен ұмраның сағи рəсімі аяқталады.

3) Шаш алдыру немесе қысқарту. Бұл турасында Құранда: «Одан кейін (шаштарыңды, тырнақтарыңды алып) кірлеріңді кетіріңдер» («Хаж» сүресі, 29-аят.) деп қажылықтан тазарып шығуды міндеттеген. Шашты қалдырмай ұстарамен алу қысқартудан абзал. Ал əйелдер шаштарының ұшынан кішкене қысқартса жеткілікті. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) əйелдерге шашын бүтіндей алуды емес, қысқартуды ғана əмір еткен. Ұмрада тəлбияны қажылықтағыдай көп айту мұстахап.

Ұмра үшін қажылықтағыдай белгілі уақыт бар ма? Ұмраны парыз қажылықпен бірге жасауға бола ма? Миқатта парыз қажылық пен ұмраға ортақ ниет етіп, бірге өтеуге болады. Ниет былай жасалады: «Аллаһумма инни нəуайтул хажжа уал умрата фа иассирһума ли уа тақаббалһума минни». Мағынасы: «Алла Тағалам, Сенің разылығың үшін қажылық жəне ұмра жасауға ниет еттім. Қажылық пен ұмраны маған жеңілдет жəне қабыл ал». Осылайша екі қажылық бірге аталып, бір ихраммен жасалады. Бұл қиран қажылығы деп аталады. Алдымен ұмра орындалып, кейін ихрамнан шықпай қажылық амалдарын да сол ихраммен орындайды. Екі қажылық бірге орындалғаны үшін шүкір құрбанын шалу уəжіп.

Дінтанушы, Ph.D докторы

Алау ƏДІЛБАЕВ

Оқылды 268 рет
JoomShaper
Top