Бейбарыстың хаты

Сәрсенбі, 26.10.2021

Заһир (жеңімпаз) Бейбарыс көптеген әмірші, сұлтандармен дипломатиялық және достық хат алмасып тұрған. Оның ішінде туған жері, түркі топырағының сұлтандарымен де байланысы үзілмеген. Мына хат Бейбарыс сұлтанның әділдігімен қоса, Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетіне деген шексіз құрметін паш етеді.

Бейбарыс заманында, Меккені билеп тұрған Әбу Нумай сұлтан қажылыққа барған мысырлықтың мал-мүлкін түгел тартып алып, өзін бір топ адамдармен қоса өлтіріп тастайды. Бұл хабарды естіген Заһир Бейбарыс Меккеге жол тартқан кедей адамдардың арасында жарысын тыңшы арқылы хат жолдайды. Бейбарыстың адамы сұлтанның маңайынан өтіп бара жатып, хатты қолына ұстатып өте шығады. Хаттың бисмилласы: «Бейшара Бейбарыстан текті де даңқты Әбу Нумайға» деп басталыпты. Соңыра: «Шындығында, жаман іс-әрекет өздігінше бір жамандық. Ал, Пайғамбар әулетінен шықса, тіпті жаман болмақ. Ал, жақсы іс-әрекет өз бетінше бір жақсылық. Жақсылық Пайғамбар әулетінен болса, ол асқан жақсылық болмақ. Маған жеткен хабар, Сіз қылмыс істеп, қажылыққа келген кісінің қанын төгіпсіз. Алла Тағала кімді қор етсе, оны қадірлі ететін ешкім табылмас. Сіз өз шегіңізді білмейтін болсаңыз... әйтпесе, Сізге қарсы атаңыздың қылышын қынынан суырамын» деп жазылған екен.

Хатты сұлтан Әбу Нумай оқып болып: «Пенде өз күнәсін мойындайды, Раббысына тәубе етіп кешірім сұрайды. Мені жазғыратын болсаңыз... Сіздің қолыңыз мықты, ал егер кешірсеңіз, ол әрекетіңіз тақуалыққа тым жақын болады» деп сәлемдеме жазып, тартып алынған мал-мүлікті түгел қайтарған екен.

Руслан ҚАМБАР

Исламтанушы

Оқылды 1210 рет
JoomShaper
Top