Шамшәдин КЕРІМ: Терiс ағымға тойтарыс берерлiк орыс тiлдi кадр тапшылығы шешiлiп келедi

Жұма, 28.10.2021

Қазақстан зайырлылық қиғадаларымен қатар, еліміздегі дəстүрлі діни конфессиялардың құқықтарын қамтамасыз етуімен тең сипаттағы азаматтық қоғам құрды. Халқының басым бөлігі бағдар еткен ислам дініне де тиісті дəрежеде жағдай жасалып келеді. Мысыр елімен ортақ мəмілеге сəйкес «Нұр-Мүбəрак» ислам мəдениеті университетінің құрылуы, дін мамандарын əзірлеуде ірі отандық оқу орнына айналуы осы сөзіміздің айқын айғағы. Теріс діни ағымдарға қарсы күресте қауқарлы университеттің проректоры, профессор Шамшəдин КЕРІМ бүгінгі діни ахуал, дін кадрларын əзірлеу мен имамдардың біліктілігін арттыру жайында баяндайды.

– Шамшәдин Тұрсынұлы, биыл еліміздегі жалғыз діни жоғары оқу орны «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ашылғанына 15 жыл толды. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Алайда, осы уақыт аралығында «Нұр-Мүбарак» университетінің еңсесі көтеріліп, білікті мамандарымен қоғамда өзіндік орнын алып үлгерді деп айта аламыз ба?

– Тәуелсіздікпен қатар ХХІ ғасыр баршамызға жаңа міндеттер жүктегені белгілі. Ең қиыны, сол кезеңде ілім іздеген жастардың бағыт-бағдарсыз шет елге діни білім алуға аттануы. Сондықтан ең әуелі осындай түйткілдердің барлығына «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ашылуы нақты қадам әрі батыл жауап болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мысыр еліне барған сапарында шешімін тапқан бастама нәтижесінде дүниеге келген университет 2001 жылы алғашқы студенттерін қабылдаған еді. Содан бері 15 жылда 900-ден аса исламтанушы, дінтанушы, араб тілінің мамандары бітіріп шықты. Биыл тұңғыш рет университет қабырғасында білім алушы шәкірттер қатарының мыңнан асуы мерейтойымызға сый болғандай. Шәкірттеріміздің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген. Яғни университет кешенінде 610 орындық заманауи талаптарға сай өз жатақханасы бар. «Нұр-Мүбарак» университеттінің ерекшелігі еліміз бойынша исламтанушы, жоғары білімді имамдар дайындайтын жалғыз оқу орны екендігінде. Әрі үш сатылы негізде, яғни бакалавриат, магистратура, докторан- тура бөлімдері толық қамтылған. Мұндай жүйе ТМД бойынша бізде ғана. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медреселерде орта кәсіби білім беріледі. Медресе түлектері бізде қысқартылған бағдарламамен оқып, жоғары білім дипломын алуда. «Нұр-Мүбарак» университеті дін мамандарын даярлағанымен негізгі оқу жоспары ҚР Білім және ғылым министрлігінің талабына сай әрі заманауи пәндер де қамтылған. Сондықтан, біздің шәкірттер Боллондық үдеріс, академиялық ұшқырлық бағдарламаларымен шет елдерге барып білімдерін жетілдіріп, тағылымдамалардан өту мәселелері қарастырылған. Қазір алыс-жақын шет елдердің 10-нан аса әріптес озық оқу орындарымен келісім-шарт, меморандумға қол қойғанбыз. Яғни біз заман талабына сай ХХІ ғасырдың діни кадрларын әзірлеуді жолға қойып үлгердік деп айтуға болады. Шәкірттердің өндірістік тәжірибеден өтулеріне де ден қоямыз. Университет жанындағы «Нұр-Мүбарак» мешітінің шәкірттерге күнделікті есігі ашық. Бірінші курстан бастап жазғы демалыс уақытында еліміздің мешіттері мен діни-зерттеу орталықтарына өндірістік тәжірибеден өтеді.

– Елімізде ислам дініне мойынсұнған орыс тілді жамағаттың жайы ойландыра бастағаны белгілі. ҚМДБ жат ағымдарға орыс тілді жастардың көптеп тартылуына алаңдап әрі сұраныстың артуына да байланысты 2014 жылдың мамыр айында орыс тілінде уағыз айтатын екі топтың жасақталғанын мәлімдеген еді. Яғни, елімізде орыс тілді дін мамандары саусақпен санарлық екені рас. Осы мәселе жайында айтсаңыз...

– Бұған дейін университетімізде мамандар қазақ тілінде ғана дайындалып келді. Былтырдан бастап біз орыс тобын ашып, оған 17 студент түсті. Биыл ер балалармен қатар қыздар тобына барлығы 36 студент қабылдадық. Алғашқы екі курста жалпы исламтану пәндері болғандықтан оған өзіміздің отандық оқытушыларымыз орыс тілінде сабақ береді. Ал соңғы екі курста сабақтар араб тілінде өтетіндіктен, оларға мысырлық доктор, профессорлар дәріс оқиды. Шәкірттеріміз жоғары курста мамандандырылған топты өздері таңдайды. Бізде ондай 5 топ бар: «Фиқһ және фиқһ негіздері», «Фиқһ және заң», «Тәпсір және хадис», «Уағыз-насихат және ислами тәрбие», «Ақида және ислам философиясы». Бұлардың барлығы араб тілінде өзіміздің Ханафи мәзһабы, Матуриди ақидасы бойынша жүргізіледі. Енді екі жылда, Алла қаласа, орыс тілді алғашқы түлектеріміз қоғамға араласа бастайды.

– Бәрекелді! Расында, қазір ислам атын жамылған жат ағымдар бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Осы мәселемен күрес жүргізу жағы, мамандарды даярлау туралы жобалар қалай іске асуда?

– Бейресми деректер бойынша қазір елімізде 16 мыңға жуық адам жат ағым жетегінде. Биылғы оқу жылының басында біздің университет жанынан «Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының» ашылғанын білесіздер. Институт директоры болып университетіміздің оқытушысы, PhD доктор Қайрат Құрманбаев тағайындалды. Бұл бастама 2016 жылдың 10 мауысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесі отырысында мемлекеттік органдарға жүктелген бірқатар тапсырмаларға сәйкес жүзеге асырылды. Елбасы нұсқауына сай ҚР ҰҚК Төрағасының бірінші орынбасары С.Әбіштің төрағалығымен Жұмыс тобы құрылып, аталған топ ҚР МСМ мен ҚР БҒМ-не жаңа институтты «Нұр-Мүбарак» ЕИМ университеті жанынан ашуға тапсырма жүктеген. Себебі, бұл университет білікті мамандар мен ғалымдардың орталығына айналғандықтан олар ислам, дін төңірегінде кез-келген сауалға жауап бере алады. Бір ғана Мысырдың әл-Азһар университетінен 14 ғылым докторы қызмет ететінін де айта кетейік. Осы университеттің ашылуына ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, ҚР МСМ Дін істер комитетінен Балғабек Мырзаев мырзалар келіп сәттілік тіледі. Жалпы, еліміздегі рухани ізденіске түскен жандар көбіне ғаламтор арқылы жат ағымдардың уағыз-насихатына иланып жатады. Ал біздің имамдардың жалпы білімі болса да, дәл теріс діни топтардың алған бағытына қарсы күрес мәселесі бөлек әдісті талап етпек. Сондықтан, осы жағдайларды ескере отырып, еліміздің түкпір-түкпірінен екі ай сайын 20 имам жат ағымдарға қарсы әдіс-тәсілдер мен қазіргі заман талабына сай пәндер бойынша оқытылады. Имамдарға дәл осы тақырыпты меңгерген мысырлық екі профессор дәріс беруде. Алдағы 1-2 жылда шамамен 200-300- ге дейін мамандарымызды қайта даярлаудан өткізуді жоспарлаудамыз. Қазіргі ресми есеп бойынша 500-дей қандасымыз Сирияға кеткен. Одан өзге ел ішінде өз имамдарымызды мойындамай жүргендері бар. Бұл ұлттық проблема. Себебі, қаншама қаракөздеріміз темір торға тоғытылып, тағдырлары талқандалып жатыр. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, бұдан кейін өзгелердің жат ағым құрбаны болмауы үшін жан-жақты еңбек етуіміз маңызды.

– Еліміздегі мешіттер саны көбейген сайын, онда қызмет ететін білікті имамдарға деген қажеттілік те артуда. Бүгінгі имамның келбетін қалай көргіңіз келеді?

– «Нұр-Мүбарак» университетінің түлектері негізінен тікелей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағына барады. Имамның өзі бүгінде қоғамда беделді мамандыққа айналды десек те болады. Қазір мешіт деген тек ғибадат орны емес, үлкен ағарту ошағы. Себебі имамдардың аудиториясы әлдеқайда кең. Облыс орталықтарында, үлкен қалаларда бой көтерген мешіттерге мыңнан 10 мыңға дейін адам сыяды. Яғни келген жамағатты игеру үшін имамның қолындағы негізгі құралы – сөзі, уытты тілі. Бүгінде кітап, газет-журнал сияқты ақпарат, мәлімет көздеріне қарағанда діни уағыздың оты ерекше. Сондықтан имам тек дін адамы ғана емес, қоғамды тәрбиелеу жағынан әрі ағартушы. Бүгінгі мешіт зайырлы қоғам мен діни жамағат арасын байланыстыратын көпір іспетті. Оған тек дін адамдары ғана емес, қоғамдағы түрлі топ өкілдері, министр, мемлекет қызметкерлері, профессор, ғалымдар да келетін болғандықтан, жамағаттардың білім деңгейі жоғары. Соған сәйкес имамдардың да білім дәрежесі, дүниетанымы өте жоғары болу керек. Бүгінгі имам тек діни біліммен ғана емес, қоғамда, әлемде болып жатқан жағдайлардан хабары бар терең білімді, көркем тілмен сөйлей алатын, ел тарихын білетін, әр түрлі жаңалықтардан хабардар, өзгерістерге дін, шариғат тұрғысында баға бере алатын жан-жақты азамат болғаны маңызды. Мешітке қайғыға ұшырап не болмаса тарыққан кезде демеу іздеп келушілер де жиі кездеседі. Ел арасында діни мәселелерден өзге де қоғамды толғандыратын сұрақтар имамдарға қойылып отырады. Сол себепті олар адамдардың сана- сезім, көңіл-күйін қалт байқайтын психолог та болғаны абзал. Бір сөзбен айтқанда мешіт төңірегінде, діни ғибадаттар орындаумен ғана шектелмей, қоғамдық өмірдің басқа салалаларына етене араласатын, газет-басылымдарға мақала жазып, теле-радиоға сұхбат беріп, елдің сұрағына сауатты жауап беретін, түрлі топ өкілдерімен, студенттермен, жастармен жиі кездесіп, түрмеге түскендерді де үнемі назарда ұстайтын жан-жақты болуы қажет. Тек тілімен ғана емес компьютерлік құралдарда да жұмыс істей алуы заман талабы.

– Сіз заман талап еткен имамның келбетіне тоқталдыңыз. Ал қоғамның имамдарға деген көзқарасын қалай бағалар едіңіз?

– Қазір елімізде ұдайы ұйымдастырылатын конференция, жиындарда имамдардың сөйлегенін жиі көремін. Қоғамның бүгінгі имамға қойып отырған талап-тілегі күн сайын жан-жақты болғандықтан олардың жауапкершілігі де арта түсуде. Елімізде өздерін нағыз мұсылман санап дәстүрді мойындамайтын да топтардың түйткілі имамдарымыздың мойнына түсіп отыр. Сондықтан осының барлығына имамдарымыз жауап бере алатын деңгейде болу керектігін біз үнемі жадымызда ұстаймыз. Заман қалай өзгеріп жатса, уақыттың да қойып отырған талаптарына сәйкес қойылатын сұраныс күн сайын өзгеріп отырады. Оны біз күнделікті жұмыс барысында, мемлекеттік мекемелер мен мешіт жамағаттарымен араласуда жиі байқаймыз. Еліміздегі имамдар корпусына, ата дініміздің қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершілік те ерекше. Жаңа ақпараттық технологиялардың дамуымен білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашылса, екінші жағынан шет елдік күмәнді діни ақпарат көздерінің арбауына жастарымыз оп-оңай іліне бастады. Осылайша еліміздегі ислам дінінің қанаттануымен байланысты жаңа проблемалар да қатар туындады. Сан ғасыр бойы сеніміне сызат түспеген халқымыздың арасында 2-3 түрлі ислами бағыт қалыптасып үлгерді. Мәселен, халқымыздың дәстүрлі ислам жолы- мен жүруші жамағат. Бұлар көбіне мешітке тұрақты баратын топ. Ал келесі «тек ислам дінімен жүреміз» деген жамағаттар қоғамның заң тетіктерін тек ислам қағидаларымен жасау керек деген талаптарын алға тарта бастады. Бұлардан да өзге түрлі ағымдар бой көрсетіп, елді түсініксіз жағдайға ұшыратқаны белгілі. Әлбетте, жастардың ислам дініне кеңінен бет бұруы қуантарлық. Бірақ қауіптісі, олардың арасында діни сауатсыздық салдарынан «радикализация», яғни шектен шығу деген ұғым бой көтерді. Бұл бүкіл әлемді, елімізді де қауіп-қатерде ұстап отыр. Өткен жылдардағы жарылыстар, Сирияға кеткен қаракөздердің легі осыған дәлел. Сондықтан, бүгінгі имамдар, ҚМДБ тек ислами жамағатпен шектелмей, мемлекеттік, зайырлы қоғаммен діни орта арасын байланыстыратын көпірге айналды. Себебі оларға тек қана діни қауым ғана емес, мемлекеттік зайырлы қоғам өкілдері де өз талап тілектерін айтып жатады. Яғни бұл үлкен жауапкершілік. Дінге қатысты қандайда бір сұрақ туындаса, дәстүрді мойындамайтын топтар «сіздер таза діни жолды ұстанбайсыздар» деп наразылық білдіреді. Керісінше мемлекеттік орындардан «сіздер осыған тосқауыл қойыңыздар» деген талап-өтініштер түседі. Осы кезде «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» екі жақты қақтығысқа апармайтындай жол таба білу аса маңызды. Сондықтан «Нұр-Мүбарак» университеті имамдарға діни сабақтар ғана емес, Қазақстан тарихы, информатика, психология, шешендік өнер сынды көптеген қосымша пәндерді де береді. Имам қазақ дәстүрінінен де жақсы хабары болу керек болғандықтан біз халқымыздың этнографиясы, халық дәстүрін арнаулы пән ретінде оқытамыз. Себебі дәстүріміз қайдан келді, жақсы жақтары мен оның дінмен астасқан жерлерін ажырата алуы керек.

– Сонда Ата заңымыз бойынша дін мен мемлекет бөлек болса да бүгінгі имамдар, дін қызметкерлері тек діннің ғана уағызшысы емес, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың кепіліне айналуы тиіс дейсіз бе?

– Қоғамымызда идеологиялық бостық пайда болғандықтан, жастар рухани азықты мешіттерден іздей бастағаны белгілі. Уағыздар мен діни кітаптарға деген сұраныс артты. Сондықтан уақыт имамдарға тек діни ғибадаттарды үйрету ғана емес, ағартушы, идеолог міндеттерін қатар жүктегендей. Бірақ маман жетіспеушілігінен кей аймақтар қоғамның көкейтесті мәселелерінен тыс қалып жатады. Осыны ұтымды пайдаланып үлгерген жат ағым уағызшыларына ерушілер көбейіп, қоғамда пайда болған радикалды топтардың кесірінен, елдің діни түсінігі бұрмалана бастады. Бұл топтарға тоқтау қойылмаса, арты үлкен азаматтық соғысқа ұласу қаупі қашанда жоғары. Сондықтан имам, дін қызметкерлері қауіптің алдын алушы, қоғамдағы қатерге тосқауыл қоятын бірден бір күш деп бағалауға болады. Менің ойымша, имамдар қоғамдағы көкейтесті мәселерді көтеріп, яғни тек діни уағыздармен ғана шектелмей, мемлекет іргесінің берік болуына, тәуелсіздіктің баяндылығына қызмет ететін болашақ патриоттар тәрбиелейтін, Отанын, елін сүйетін азаматтарды қалыптастырушы, үлес қосатын жандар. Кейде дін саласының өкілдері бір жақты, о дүние, жаннат, тозақ, күнәлар айтумен қорқытатын уағыздарды жиі айтады. Ал ислам бұл дүниеде өмір сүру қағидаларынан құралған. Демек дінімізде айтылатын бұл дүниенің құндылықтары да аз емес. Мәселен, ең бірінші, қазақ халқының, мемлекет алдында тұрған үлкен проблемалар. Қазір қоғамымызды іштей құлдыратып жатқан кесапатты жағдайлар аз емес. Мәселен, демография. Демография проблемаларын көршілес христиан дінінің дінбасшылары уағыздарына қосып, халқының көбейуіне жан-жақты ат салысып жатыр. Өздеріңізге белгілі, ислам дінінде ұрпақтың көп болуы мен отбасы құндылықтарына ерекше орын беріледі. Ал қазір ел арасында Еуропаға еліктеген топтар көбейіп жатыр. Сондықтан уағыз-насихатта ең бірінші осы мәселелер де айтылса. Әрі елімізде жанұя, отбасыларының ажырасуы, тастанды балалар, осының барлығы семья институтының әлсіреуімен байланысты. Сондықтан біздің имамдар отбасы құндылықтарын, ата-ана қадірін, ағайын-туыс бірлігін насихаттай түсу керек деп ойлаймын. Қазіргі үлкен проблемалардың бірегейі – суицид. Осы қоғамдық кеселмен күресуге тәрбие, білім ошақтары, мемлекет органдары әлсіздік танытып отыр. Ал имамдарда суицидке қарсы күресе алатын пәрмен бар. Оған ислам қағидалары тірек болып әрі нақты көмек болады деп санаймыз. Тағы бір проблема жасанды түсік (аборт), маскүнемдік, жезөкшелік, нашақорлық. Мұның барлығы халқымыздың дамуын тежеуші, тамырына, ұлттық генофондымызға балта шабатын кесапаттар. Соларға қарсы уағыз-насихаттар пәрменді әрі ауқымды болу керек. Тағы бір мәселе қайырымдылықпен байланысты. Бай мен кедей арасының алшақтауы. Біздің қоғамымызда жіктелу өте көп әрі уақыт өткен сайын айқын байқала бастады. Экономикалық жағдайлар көптеген әлеуметтік аз қамтылған топтардың пайда болуына әкеліп отыр. Сондықтан қайырымдылық, зекет, садақа қорларының күшейуіне діни уағыз арқылы ықпал ету маңызды деп ойлаймыз. Уағыздың пәрмені жат ағымдардың ықпалына еріп, дінді теріс түсіну салдарынан отаншылдық, рухшылдық қабілеттерін түсініксіз жағдайда Сирия үшін отқа түсуге арнап, жанын беруге дайын жастар тобын қалыптастырғанын білеміз. Сондай топтағы жастар елін, жерін, ата-ана, туыстарын тастап кетіп жатыр. Сондықтан діннің уағызын Қазақстан үшін, еліміздің болашағы үшін жұмсайтын жастарды тәрбиелеуге пайдалану аса маңызды деп есептейміз.

– Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Қазіргі заманның сауатты 500 имамы» жобасы іске қосылып жатқанын білеміз. Осыған орай еліміздегі жоғары білімді имамдар мен исламтанушыларды даярлайтын оқу орнының басшылығы тарапынан сіздің пікіріңізді білсек?

– Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен көптеген игі жобалар мен еліміздегі ислам дінінің дамуына қатысты маңызды құжаттар қабылдануда. Ал «Қазіргі заманның сауатты 500 имамы» жобасы өте керек әрі аса маңызды деп бағалар едім. Қазақстан – зайырлы бағыттағы ел. Әрі елімізде ислам шарттарына мойынсұнушылармен қатар ұстанбайтын да жамағаттар бар. Осы арада қоғамдық қақтығыс, шиеліністерге апармайтын жол табу тек мемлекеттің ғана емес, дін саласындағы қызметкерлерге де жауапкершілік артып отыр. Сондықтан ҚМДБ-ның төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бастамасы діни жұмыстың сапасын көтеру мақсатынан туындағаны анық. Бұл ауыр жұмыстың іске асуы кадрлардың, дәлірек айтсақ, маман сапасымен тікелей байланысты. Себебі имамдардың білімі мен біліктілігін арттыруға бағытталған жобаға сәйкес болашақта ірі мешіттердегі (облыстық, қалалық, аудандық) 500-ге жуық имамның діни дипломымен қатар зайырлылыққа қатысты білім танымы, ой өрісі кең болуы тиіс. Бұл – бүгінгі меже. Уақыт өте келе бұдан да биік мақсаттар алға қойылады деп сенемін. Олар жан-жақты дамыған, саяси сауаты жоғары, көпшілікпен жұмыс істей алуы шарт. Маман даярлау уақыт талап етсе, ал жас түлектің қоғам мен іске бейімделіп тәжірибе жинақтауына да аз уақыт кетпейді. Білікті әрі білімді мамандар еліміздегі түрлі жат ағымдар мен діни көзқарас қайшылықтарына нақты тосқауыл бола алады. Кейбір Құранды түгел жатқа білетін, арабша өте жақсы меңгерген, шетелде діни оқу орнын тәмәмдаған үлбіреген жастар бар. Бірақ халықпен етене жұмыс жасауы ақсап тұрады. Ал білімі бар маманға халықпен жұмыс істеу тәжірибе, уақыт, машық арқылы, үздіксіз жұмыс нәтижесінде келеді. Осындай білікті мамандар ғана қара халықтың санасын улап жүрген жат ағым өкілдеріне үлкен тосқауыл қоймақ. Еліміздегі жоғары білімді, арнаулы білімі бар имамдар қатары 500-ден асып та қалды. Еліміздегі 2500-дей мешіттің бестен бірінің жамағаты ауқымды деуге болады. Сондықтан, бұл жобаның өзі құрғақ жерден алынбағаны көрініп тұр. Ал біліктілік тек діни біліммен ғана емес, тәжірибемен де келеді. Жас мамандардың мешітке барғаннан кейін халықпен етене араласу нәтижесінде тәжірибесі, адамдармен жұмыс істеу қабілеті артады. Сонымен қатар, имамдардың үздіксіз білім алуына жол ашуымыз керек. Тек университеттік біліммен шектелмей, кейін де білімін жетілдіріп отыру маңызды. Қазір біздің университетте тек бакалавриатпен шектелмей, магистратурада оқып жатқан имамдар бар. Бүгінгі имамдарымыздың арасында ғылым кандидаттары, ғылым докторлары да бар. Байқағаным, олардың арасында білім алуға деген құлшыныс, ілімге деген ұмтылыс күн сайын артып келе жатыр.

– Ислам – қос дүниелік ілім әлемі болғандықтан, «Нұр-Мүбарак» университетіне басқа салада маманданғандар оқуға ниет білдіреді ме?

– Иә, университетімізге тек жастар ғана емес, ақыл тоқтатқан, өзге салада білім алғандар да ислами білім алу мақсатында келіп жатады. Экономика, журналистика, консерватория, аграрлы саладан мамандығы бола тұра келетін азаматтар бар. Бұл дегеніңіз қоғамда ислам іліміне деген сұраныстың артқандығын көрсетеді. Исламтану мамандығында араб тілі, қасиетті Құран оқытылатындықтан, студенттер 4 курсты толық оқуы тиіс. Ал жақсы имамдар дайындау үшін оқуға сапалы, білімді талапкерлерді де алуымыз керек. Осыған дейін дін саласына, жұмысқа, оқуға келетін жастардың арасында таңдау болмаған болса, қазір дін оқуына жастар көбейіп жатыр. Бұл болашақта олардың арасынан іріктеп, қабілетті, алғыр талапкерлерді имамдыққа тәрбиелеуге жол ашылады деген сөз. Сондықтан, бәсеке болған кезде таңдау мүмкіндігі де бар. Бұл имамдық жұмысқа ең қабілетті, алғыр, үздік бітірушілерді таңдауға, имамдыққа сапалы, қабілетті жастардың түсуіне жол ашады. Әрі жақсы имамдарды таңдау үшін оларға білім алатын жағдай керек. Осы мақсатта мемлекетіміз жыл сайын 150- ден аса грант бөледі. Яғни университетімізде өзге зайырлы жоғары оқу орындардың студенттері сияқты мемлекеттік тапсырыспен грантта оқып, стипендия алып, жатақханада тұрып, алаңдамай оқуға мүмкіндігі бар. Әрі олардың болашақта білімін басқа салаларда да тереңдетуге жол ашылған. Осының барлығы қоғаммен байланыс пен сұраныс нәтижесінде қалыптасып жатқан жағдайлар. Қазір өз елімізде жоғары білімді имамдарды дайындауға толық мүмкіндік жасалған деуге болады.

– Дін саласы – аса маңызды және өте нәзік. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Түлектеріңізге қатысты сын пікірлер естисіздер ме?

– Студенттерге байланысты сын, талап-тілек айтылмай тұрмайды. «Нұр-Мүбарак» университетінің оқу бағдарламасы ҚР Білім және ғылым министрлігі талаптарына сай болғандықтан, зайырлы қоғамдық пәндерді де қамтыған. Студенттердің шариғи білімдерін жан-жақты тереңдететуді де қарастырып жатырмыз. Әлбетте жақсы имам тек білім берумен ғана емес, оларды тұрақтандыру мәселесімен де қалыптасады. Қазіргі ең басты мәселелердің бірі қазақтың білікті, білімді жігіттерін мешіттерге жұмысқа тарту үшін тұрақты айлық, жалақы керек. Ал күнделікті өмірде имамдардың мешіттерге тұрақтамайтынын, әсіресе ауылдарда кездестіріп қаламыз. Ал қазір бізде көбіне қалалық, республикалық деңгейдегі қалаларға білікті имамдарды ұстауға, тұрақтандыруға мүмкіндік толық бар. Сондықтан, біздің түлектердің қоғамда толыққанды орнын тауып, еліміздің тұрақтылығына қызмет етуі жан-жақты қолдауды да қажет етеді. Сол кезде бұл мәселе өз жемісін беретініне сеніміміз мол.

Сұхбатты әзірлеген Жайық НАҒЫМАШ

Оқылды 76 рет
JoomShaper
Top