Шын діндар надан болмайды

Сейсенбі, 25.10.2021

Білімсіз жасалған құлшылық - тамырсыз талмен тең.

Абай

Білімсіз жасалған құлшылықтың хайыры жоқ,

дұрыс түсінігі болмаған білімнің хайыры жоқ!

Әбу Хайсамә

Бүгінде қоғамда неше түрлі ағымдар мен жамағаттар көп. Алайда, мешіттеріміз бен медреселерімізде дәстүрлі Исламның сан ғасырлық дұрыс өнегесі насихатталуда. Дінді шынайы ұстанып, дұрыс бағытта, тура жолда жүремін деген шын діндар білімді болмақ керек.

Қоғам мүшелерінің ішіндегі жат ағымдар жетегінде кетіп, радикалды немесе дестурктивті жолға бет алатындардың басым көп бөлігі діни сауатсыз екенін практикалық өмірде жиі байқаймыз. Олардың арасында діни сауаттылық деңгейді былай қойғанда, тарихи және ұлттық таным-түйсіктері қалыптаспаған азаматтар деуге толық негіз бар. Демек, діндегі адасудың басы сауатсыздықтан басталады.

Діндегі сауаттылық деңгейді төмендігінің бүгінгі қоғамдағы нақты көріністерінің бірі – діни мәтіндерді дұрыс түсінбеу. Құран және хадистерді тіке түсінуден немесе бұрмалап түсінудің салдарынан қаншама қаракөздеріміз теріс пиғылды жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Ендеше, білімсіз дін ұстану діндарлыққа жатпайды.

Дінді білімсіз ұстанбау жайлы Ислам дінінде ашық үндеулер мен ескертулер бар. Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде бұл жайында «Шын мәнінде Алладан ғалымдар ғана қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят),-деп тақуалықтың шыңы білімділікте екенін сүйіншілесе, тағы бір аятта «Раббым білімімді арттыр деп айт» («Таһа» сүресі, 114-аят),-деп бұйыру арқылы күллі адамзат баласына білім талап етуге, білімдар болмаққа ұмтылуға насихаттайды. Баршамызға белгілі «Зүмәр» сүресі, 9-аятында Алла Тағала Адам (ғ.с.) ұрпақтарына «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» деп білімділіктің көшелі қасиет екенін ескертіп, әрбір мұсылман баласына надандықтан арылуға ишарат жасайды.

Адамзаттың ұстазы, Екі дүниенің Сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с) асыл өнегелері мен тағылымды хадистерінде де білімсіздіктен қашып, ғылым игеруге деген ұмтылысты өте жоғары бағалаған. Алланың ақырғы Елшісі, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырынан мирас боп қалған хадистерінде былай дейді:

«Ілім үйрену әрбір мұсылман ер және әйел кісіге парыз.» (Ибн Мәжә, «Муқаддима», 17);

«Бір адам жолға білім алу үшін шықса, Алла Тағала осы үшін оған жәннат жолын жеңілдетеді.» ( «Риязус Салихин» І том);

«Алла сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді.» («Мужәдәлә», 11).

Міне, жоғарыда келтірген хадис шәрифтердің мағынасы әрбір жұмыстың сапалы аяқталуы, кез-келген білімнің дұрыс болуы үшін сол саланы жетік білу керектігін меңзеп, ғылым игергендердің Алла алдындағы сыйлығы мен дәрежесі жоғары болатынын сүйіншілейді.

Білімді болу тек діни салада ғана емес, басқа да қоғамды ғылымдар мен жаратылыстық ғылымдар саласында да білімді болуымыз керек. Біздің асыл дініміз соны насихаттайды. Тарихымызға үңілетін болсақ, дініміздегі ғылымға деген сүйінші хабарлар мен аталарымыздың білімге деген құштарлығынан Тұран даласында медицина, астрономия, жықы шаруашылығы, көпшенді әскери өнер, т.б сан ғылымның негізі қаланғаны айдан анық.

Сондықтан, үш ғасырлық бодандық пен жетпіс жылдық желкелеуден құтылған тәуелсіз ұрпақтың ата тамырын тауып, дін ғылымын үйрену мәселесінде де білімдарлықпен кіріскені абзал.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде Құран мен Сүннетті басшылыққа алудың орнына, өз көңіл-қалауы мен эмоцияларды басшылыққа алатын мұсылмандардың саны өте көп! Мұсылман адам дін туралы бір нәрсе айтпастан бұрын немесе дінде бір нәрсені істеместен бұрын, ол туралы қажетті нәрселердің барлығын біліп алмайынша, сөйлемеу керек, істемеу керек, себебі білімсіз жасалған амал өзіне де, өзгеге де орасан зор зиян әкеледі. Расында, білімсіз амал ететін адам – қараңғылықта адасып жүрген адам сияқты. Умар ибн Абдул-Aзиз айтады: «Кімде-кім Аллаға білімсіз құлшылық етсе, онда ол пайдадан гөрі, зиян көп әкеледі».

Сәбит Ережепов

Оқылды 373 рет
JoomShaper
Top