Ібіліске ілескен адамдықтан алыстайды

Сенбі, 29.10.2021

Адам баласының өмірі қамшының сабындай қысқа. Сол аз ғана ғұмырының санаулы сағаттарын жақсы бағалай алған адам жетістікке жетеді. Өмірдің бағасын білмегендер басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, ақырында қалай өлім келгенін де білмей қалады.

Қазіргі таңда казино, букмекерлік кеңсе, лотерея, карта ойнау секілді бәс тігілетін ұтыс ойындары қоғамның дертіне айналып отыр десем артық айтпағаным болар. Адамды бос үміттің жетегіне салып,  маңдай терсіз табысқа кенелтетін бұл ойындар күнәлі істерге есік ашады дейді дін ғалымдары.

«Құмар» сөзімен мағыналас Құран аятында «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл  жолмен мал табу мағынасын меңзейді. Қазіргі  қоғамда жұмыссыздық меңдегендіктен, кейбір жандар арақ-шарапты пайдаланумен қатар құмар ойындарына бас сұғып жатыр. Ислам дінінде құмар ойындары харам етілгендігі туралы Құран кәрімнің «Мәйда» сүресінің 90-91-аяттарында: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» деп келтірілген.  Демек, аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге арақ ішу, бал ашу, құмар ойнау да ерекше айтылған. Сондықтан да, адамды адами қасиеттерінен алыстатып, ібілістің ізіне салып қоятын әрекеттердің барлығын шайтанның істерінен деп түсінуіміз керек. Аяқ-қолы балғадай азаматтардың еріншектікке бой алдырып, көлденең табылған көк ақшаға көз телміртуі жақсы нәрсе емес. Бала-шағасын ақ адал маңдай терімен асырамаған отағасы ұрпағына да харамнан ас ішкізеді.

Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбар өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», дейді. Мұнан мынаны түсінуге болады: кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса оның садақа беруі – міндет. Демек, ол күнәсінен садақа беріп қана құтыла алады. Хадисте терең меңзеліп тұрған тағы бір мәселе бар. Ойынды ойнаудан бөлек,  оған шақырудың өзі  харам болып табылатындығы.     

Қазір екі күннің бірінде атып кетті, пышақтап кетті, зорлап кетті немесе тағы да басқалай келеңсіз ақпараттар селдей тасып жатыр. Бастапқыда құлаққа түрпідей тиетін болса, қазір етіміз өліп кеткені соншалық, жаға ұстайтын жаңалық қалмады. Осының барлығы құмарға еліккен адамдардың қолымен жасалып жатқан қылмыстар. Өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату... Міне, көзін шел басқан құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін, бәске тігушілердің де қатары аз емес. Ойын ешкімге опа берген жоқ! Ақша үшін бар құндылығынан айырылған адам бейшара адам секілді.

     Алла Тағала Құран Кәрімде «Хижр» сүресінің 49-50 аяттарында: «Ей, Мұхаммед! Құлдарыма хабар бер. Күдіксіз Мен аса жарылқаушы, ерекше мейірімдімін. Және шын мәнінде азабым да өте күйзелтуші» – дейді. Өкініштісі, кім күліп күнә істесе, жылап тозаққа кіреді. Мұның емі жүректі тәубемен тазарту ғана болып табылады.

Тыйым салынған ойындар қатарында бүгінгі таңда көп ойналатын нарданы да атауға болады. Мұны ойнаған адам кездейсоқ сәттілік арқасында ғана жеңіске жетеді, бұл миды, күш-жігерді арттыратын сайыс емес. Мұхаммед пайғамбар: «Нарда ойнаған адам шошқаның еті мен қанына қолын тигізгенмен бірдей» (Мүслім), «Нарда ойнаушы Аллаға және Оның елшісіне құлақ аспаған болады», – дейді (Ахмад, Әбу Дауд).

Мұнымен қатар, картамен ойналатын ойындардың көпшілігі де құмарға жатады. Сондықтан, олардан да бас тартқан абзал. Ал шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, т.б. спорттық ойындар болып табылады. Бұлар адамның ойлау, есте сақтау қабілетін жақсартады. Әрине, кейбір Ислам ғалымдары бұлар адамның көп уақытын алады деп, тыйым салынғандар қатарына жатқызған. Алайда, көпшілік мұсылман ғұламалары бұл ойындардың адамға пайдасы зор деген пікірде болған. Сондықтан, әсіресе қазақтың тоғызқұмалақ ойыны шариғат талаптарына толық жауап береді деп айтуға негіз бар.

Ғалымдар еңбексіз келетін табыстың негізгі түрлерінің бірі ретінде құмар ойындарын атайды. Сахаба Абдулла ибн Омар: «Құмар ойын – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – деген сөзі бар. Сондай-ақ, ибн Жәриж Ата ибн Мәйсараның: «Еңбексіз, жеңіл жолмен келетін көлденең табыстың бәрі құмар ойын», - деп бағалағанын жеткізген. Ал Мәкхуль бұған қатысты: «Жеңіл жолмен келетін табыс – құмар ойын саналады, ал құмар ойын – ақша табу немесе ақшаның жеңіл әрі қиындықсыз және әділетсіздікпен жұмсалуы», – деп анықтама берген.

Мәселен бір адам құмарға берілді делік. Нәтижесінде бүкіл сана-сезімі соған тәуелді болып қалады, дұрысын айтқанда уақытын босқа өткізіп, жіпсіз байланады. Егер ол адамның отбасы болса, бүкіл жауапкершілігінен айырылып, соңында отбасының шырқы бұзылуы әбден мүмкін. Сол себепті де құмар ойын харам саналады. 

Хазреті Әли мен Абдулла ибн Аббас және бірнеше табиғиндердің пікірі бойынша: «Нарды мен шахматқа құмар (ықтималдыққа сүйеніп ақша тігу) араласатын болса, ол – мәйсир», – деген деректер де айтылады. Бұрынғы Ханафи мен Малики ғалымдары шахматты уақыт өлтіруші бос ермек ойындардың санатына жатқызып мәкрүһ деген. Өйткені, пайғамбар өзінің бір хадисінде: «...мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының (әл-ләһу) барлығы бекершілік. Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжыңдасу басқа», – деген». Олардың пікірінше, хадисте айтылған үш ойыннан өзге ойындарды ақша тігілмесе де ойнау бос ермек (әл-ләһу), пайдасыз әрекет (әл-ғабәс) болғандықтан – харамға жақын мәкрүһ. Осы тұрғыда имам Шафиғидің шахмат ойыны жайында айтқан мына сөзін келтіре кеткен артық болмас: «Шахмат ойыны адамның есте сақтау қабілетін дамытады, ойлау қабілетін тазартады. Соғыс өнері мен тактикасын үйретеді. Ол рұқсат етілген заттар қатарынан саналады. Осы жағымен де, садақ ату мен атқа міну тәліміне ұқсап тұр...». Ол өзінің тағы бір сөзінде: «Шахмат ойынында ақша тігілмей, жаман сөз айтылмай, намаз ұмытылмайтын болса, ол харам емес»,  дейді.

     Осы ретте спорт ойындарына құмартушылар ескеретін жайттар мыналар: ойынды ойнау барысында екеуара ақша тікпеу, ойын барысында бір-бірінің намысына тимеу, балағат сөздер айтпау, ойынның қызығына алданып намазды қаза етпеу және бүкіл уақытын соған арнап, одан да маңызды істерден өзін мақұрым етпеу керек.

Алла Тағала құмар ойынды харам етуде көптеген хикметтері бар. Олар мыналар:

1. Мұсылманның өмірі мен табысы кездейсоқ бақытқа емес, маңдайының тері арқылы болу керек.

2. Өзгенің мал-мүлкі, дүниесі харам. Оны алудың жолы ауыстыру не сыйлық т.б әр түрлі адал жолдармен болу керек. Ал, құмар әділетсіз жол.

3.Жоғалтқан адам ұтқан адамды іштей қызғанып, көре алмайтыны анық.

4.Құмар ойын мұсылманның құлшылығына қатты кедергі жасайды.

5. Құмар ойын зиянын тек ойнаған адамға ғана тигізбейді. Сонымен қатар қоғамға да кері әсер етіп, көп ұзамай ел арасында жұмыс істемейтін құмар ойынға берілгендердің көбеюіне себеп болады.

Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай деген:  «Әрбір жақсылық іс – адамның жүзіне жарқындық, жүрегіне нұр орнатады. Әрі оның рызқысын кеңейтіп, денесінің қуатын арттырады. Және елдің жүрегінде махаббат орнатады. Ал күнәлі іс – адамның жүзін түнертеді. Кеудедегі жүрек пен ертең түсетін қабірге қаранғылық орнатады. Дененің қуатын әлсіретіп, рызқыны кемітеді. Әрі елдің жүрегіне жеккөрушілікті орнатады». Олай болса, өзіне де, өзгеге де жақсылық қаласаңыз, мұндай жамандықтан бойды аулақ ұстаған жөн. Расында күнә істеп жүрген адамға ел де жақтырмай қарайды емес пе?

Жүсіп Баласағұн бабамыз:

«Бар жақсылық ақылменен келеді,

Кісі ақылмен аты мәшһүр, келелі.

Малдан адам айырмасы ақылда!

Малда ми бар – жоқ қой ақыл, мақұлда.

Кісілердің кісілігі – ақылда,

Білім болса, адам дана, батыр да! – деп жырлаған. Демек, адамның хайуаннан айырмашылығы ақылында. Шынайы мұсылман ақылға ой жүгіртіп, дұрыс шешім шығарары анық.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Дінтанушы 

Оқылды 219 рет
JoomShaper
Top