Жерде жетім жыласа, көкте періштелер қайғырады

Жұма, 28.10.2021

Қазақ ұлты – ежелден ислам дінін қабылдаған халықтардың бірі. Ата-бабаларымыз да өз өмірлерінде дініміздің бұйырған орындауды ұмыт қалдырмаған. Соның бірі – жетімге қамқор болу. Қазақ мұны сауапты да, жауапты амалдың бірі деп санап, жетімге барынша мейірімділік таныта білген.    

Бабаларымыз кешегі жаугершілік заманында болсын, кейінгі түрлі қилы қиын кезеңдерде болсын ешқашан жетімін жылатпаған. Ел болып,  қоғам болып тағдыр тауқыметіне түскен жандарға қамқор бола білген. Тіпті ағайындары қайтыс болса,  жесірін қаңғыртпау үшін әмеңгерлікпен туыстарына алып беріп, жетімдерін жылатпай, өзгеге кіріптар етпей келді.

Тарихқа көз салып қарайтын болсақ, қазақ даласында жетімдер үйі деген түсінік болмаған.  Өкінішке қарай, соңғы жарты ғасырда елімізде жетімдер үйі пайда болып, балалар сол үйлерде тәрбиеленуге мәжбүр болуда. Әсіресе, тәуелсіз ел болғалы қоғамда жетімдеріміздің саны артпаса, азаймай тұр. Без бүйрек,  көкек аналардың кесірінен тірі жетімдер көбейіп барады. Жүректі жылататын ең өзекті мәселе-жастарымыздың некесіз баланы дүниеге әкелуі, яғни, кәмелетке толмаған қаракөздеріміз ойнап жүріп от басып, тірі жетімдердің санын арттыруда. Бұл дегеніміз – тексіз ұрпақ дүниеге келді деген сөз. Қазақ халқы текті әрі қаны таза бірден бір халық болса, онда тексіздік қоғамның болашағына қауіп төндірер індет болмақ.

Тағдыр тауқыметіне ұшырап, ата-анасынан айрылған жетімдер үйіндегі балалар санын азайтудың жолы – оларды өз қамқорлығымызға алып, отбасы жылуын сыйлап, асырап алу.  Аллаға шүкір қазір көптеген қайырымды жандар жетімдерді асырап алып жатқаны біздерді қуантады.

Жетімге қарайласу, әрине, үлкен сауапты іс. Жетімге материалдық тұрғыдан барлық адам бірдей көмек бере алмас. Алайда, сауапты іс тек  қаржымен ғана шектелмейді. Мәселен, жетімнің басын мейіріммен сипауда сауап болмақ.  Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кімде кім Алла разылығы үшін бір жетімнің басын мейіріммен сипаса, оның қолына тиген шашының санындай сауап жазылады» (Ахмад риуаяты).

Өмірде адамдардың тағдыры түрлі болып келеді. Кейде балалар ата-анасы өмірден ерте озып жетімдік көреді,  кейде өз баласынан өзі жеріген безбүйрек әке-шешесінің тас жүректігінен осы күйге ұшырап жатады.  Түрлі жағдайлармен панасынан айырылған жетімдерге пана болу сауабы мол қайырлы іс екендігі даусыз. Алла Тағала Құранда: «Олар сенен жетімдердің жайынан сұрайды. Оларға: Жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың» деп баян етсе, ардақты пайғамбарымыздың айтуынша: «Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй, ішінде жетімі болып, оған жақсылық жасалатын үй».Олай болса, кімнің үйінде жетім болса, оған жақсылығын аямай үйіп-төккені абзал. Себебі, пайғамбарымыз «ең қайырлы үй» деп бағалап отыр. Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй болу – үлкен жетістік екендігін ұмытпауға тиіспіз.

Бірде пайғамбарымызға бір кісі келіп, өз жүрегінің қаттылығын білдірді.  Оған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жүрегіңнің жұмсауын,  сөйтіп арманыңа жетуін қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер. Сонда жүрегің жұмсарады. Сөйтіп арманыңа жетесің»деді. Сондай-ақ, кей хадистерде тұл мен жетімдерге көмек еткен кісі – Алла жолында соғысқан немесе күндіз ораза ұстап,  түндер де ғибадат еткен адаммен тең болады делінген.

Сондықтан болса керек Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларынан: «Бүгін неше жетімнің басынан сипадың» деп ұдайы сұрап отыратын. «Егер кімде-кім жетім ұл немесе жетім қызға жаны ашып, қамқорлық жасаса,  онымен жәннатта осылай қатар боламыз» деп сұқ саусағы мен ортан саусағын бірге көрсеткені де бар. Олай болса, кім жұмақта Алла елшісімен бірге болғысы келсе, жетімдерге жақсылық жасасын. Бұл айтылғандар жетімге жақсы қараудың сүйіншілері.

Ал жетімді жылатудың күнәсі тіптен ауыр. Мысалы, жетімнің ақысын жеп,  оның көз жасына қалғандар ауыр күнәға душар болады. Қасиетті Құранның «Мағун» сүресінде:«Сондай дінді өтіріксінгенді көрдің бе? Міне, сол жетімді қақпайлағанды. Міскінді тамақтандыру қызықтырмайды» делінген.

Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жетімді жылатудан қатты сақ­таныңдар,  өйткені түнде адамдар ұйық­тап жатқанда, олардың зары жү­реді, ал таң сәріде Раббы­сына көтеріледі де, жылатушы үсті­нен шағым жасайды. Сонда Алла Тағала жылатушының тиіс­ті жа­засын береді. Сондықтан жетім­нің жылауынан мейлінше сақтаның­дар» деп ескертеді.
 Енді еліміз­дегі жетімдер үйлері жайлы бір ауыз айта кетейік. Негізінде, жетімдер үйлеріне қайыр-көмек берген дұрыс іс. Алайда, бәрінен дұрысы,  жетімдіктің алдын алатын шараларға мән берген дұрыс. Жетімдер көбінесе, жастардың жеңіл жүрісінің нәтижесінде пайда болып жатқандығы да шындық. Қазір көшелерде бозбалалар мен бойжеткендердің қол ұстасып, құшақтасып жүргенін көреміз. Сол құшақтасудың арты көп жағдайда күтілмеген балалардың пайда болуына, жетімдер санының көбеюіне соқтырып жатады. Олай болса, әрбір отбасында ата-ана өз ұл-қыздарын дұрыстап тәрбиелеуі қажет. Ал жоғарғы оқу орны, мектеп ұстаздары мен тәрбиешілері шәкірттерге иман мен иба жайлы түсіндірме жұмыстарын көбейткені жөн. Сонда ғана жетімдердің саны азаймақ. Жастардың жеңіл жүрісі тоқтамай, жетімдердің азаймасы да белгілі.

Олай болса, жетімін жылатпаған,  жесіріне қамқор болған иманды бабалардың ұрпағы ретінде бізде жетімге қарайласуды мұсылмандық міндетіміз ретінде қарайық. Алланың сүйіспеншілігіне бөленуді,  ризашылығын алуды қалаған,  жұмақтан үміт еткен мұсылман жетімге қамқор болсын. Алла осындай абыройлы да, сауапты істі жасап жатқан азаматтарға разы болсын. Әмин!

Руслан Сұлтанов,

Батыс Қазақстан облысының өкіл имамы

Оқылды 177 рет
JoomShaper
Top