«Диуани хикмет» шығармасының атауы жайында

Сенбі, 01.10.2021
«Диуани хикмет» шығармасының атауы жайында

Отандық әдебиеттануда ғылымы Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен шығармашылығы жайлы зерттеулерге кенде емес. Дегенмен Ясауи хикметтерінің құрылымына, жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшеліктеріне қатысты бірқатар мәселелер түрен тимеген күйінде қалып отыр.Біз бұл мақалада зерттелуі кемшін бір тақырыпқа – шығарманың «Диуани хикмет» деп аталу себебіне назар аудармақпыз.

Шығарманың бітім-болмысын саралаудың сыртқы композиция элементтерін екшеуден басталатыны, мұндайда бірінші кезекте туынды атауына мән берілетіні белгілі. Белгілі әдебиет теоретигі Т.Есембековтың тұжырымдағанындай, «шығарманың бет-бейнесін айқындайтын нәрсе – аталуы, ол жазушы идеясынан хабар беретін, туындының жанрын, стилін анықтайтын мағлұмат береді. Әр жазушының атауға қояр өз талабы бар»[1], бұл жайтты қай дәуірге тән әдеби туынды сөз етілгенде де ескеру орынды. Түркі сопылық поэзиясының негізін салып, «Бисмиллаһ деп баян етіп, хикмет айтқан» Қожа Ахмет Ясауидің де өз шығармасын атаусыз қалдырмағаны анық. Басы ашық бір жайт – «Диуани хикмет» түпнұсқалық атау емес, яғни автордың өзі белгілеген атауға жатпайды. Бұл мәселеге алғаш назар аударған түрік ғалымы Ф.Көпрүлү: «Шығыс түркілерінде (Қазақстан және Орта Азия түркілері – А.Ә.) А.Ясауи стиліндегі өлеңдер «хикмет» деп аталады. «Диуани хикмет» есімі тек Ясауи шығармаларына тән емес, бұл атаудың кейіннен берілген болуы мүмкін»[2] деп жазған болатын. «Хикметтер жинағы» ұғымындағы бұл атау Ясауи хикметтерін жинақтап, көшіріп, хикмет дәстүрінде жазылған өз туындыларымен қоса бір еңбекке біріктірген ақын шәкірттерінің тарапынан берілген деуге негіз бар. Осы тұста шығарма атауына негіз болған «диуан» және «хикмет» ұғымдарына толыққанды түсінік беріп өту қажеттігі өз-өзінен айқындалады.

Түркі халықтарына ортақ ежелгі әдеби ескерткіштерде «диуан» атауы алғаш рет М.Қашқари сөздігіне қатысты қолданылған. Бірақ бұл туындыда қамтылған мағлұматтар түркі даласынан жинақталғанымен,  хатқа түсіп, тұтас шығарма ретінде тиянақты атауға ие болуы араб-парсы мәдениеті біте қайнасқан ортада жүзеге асқаны белгілі. «Диуани лұғат-ит-түрк» атауы сөзбе-сөз аудармада «Түрік тілдерінің (сөздерінің) жинағы» ұғымын береді. Мұндағы «диуан» сөзі «жинақ», «жиынтық» мәніндегі тар мағынада, таза тілдік ауқымда қолданылған. Мағыналық тұрғыдан «Түрік тілінің сөздігі» леп аударылып жүрген бұл туынды атауының әдеби термин ретіндегі «диуан» ұғымымен байланысы жоқ. Сөздікте кеңінен қамтылған өлең мәтіндері шығарма сипатын анықтауға емес, тілдік ұғымдарды ашуға қызмет еткен. Айтылған жайттарды есепке алсақ, түркі топырағында туындап, «диуан» атауын заңды түрде иеленген алғашқы әдеби жинақ Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі» болып шығады. Хикметтерге берілген «диуан» атауында  шығарма табиғатына тән бірқатар ерекшеліктер қамтылып тұр. Ясауиге дейінгі түркі әдебиеті фольклор үлгілерімен, тасқа басылған туындылармен (Орхон-Енисей жазбалары), эпостық жырлармен («Оғызнама», Қорқыт жырлары – хатқа түскен емес, туындаған мерзімі есепке алынып отыр), толымды тұтас дастандармен («Құтты білік») сипатталатыны белгілі. Ал белгілі бір автордың өз өмірінен, көңіл күйінен, жан сезімдерінен сыр шертетін, қоғам құбылыстарына көзқарасын танытатын, біртұтас, орныққан көзқарастар жүйесінен тұратын ілімді уағыздайтын, өзіне дейінгі ілім иелерінің өмір дерегі мен ұстанымдарынан хабар беретін, идеялық мазмұны бай, лирикалық тұлға табиғаты айқын, кейде шағын толғау, кейде көлемді дастан түрінде жазылған жеке туындылардан тұтастық құраған түркі әдебиетіндегі алғашқы авторлық жинақ «Диуани хикмет» болып табылады. Ясауи шығармашылығының елеулі ерекшелігінің өзі осы мазмұндық, пішіндік күрделілігі мен көп қырлылығында. Хикметтерге «диуан» атын берушілер бірінші кезекте осы жағдайды назарда ұстаса керек.

Екіншіден, «диуан» – классикалық түркі тілдес поэзияда қолжазба күйінде келетін жинақ. Бір немесе бірнеше автордың шығармаларын қамтиды.  Диуандағы шығармалар жанр бойынша немесе алфавиттік тәртіппен орналасады. Диуанға негізінен көлемі шағын көркем шығармалар кірген»[3]. Белгілі шығыстанушы Ө.Күмісбаевтың осы анықтамасына ден қояр болсақ, аталған ерекшеліктердің барлығы «Диуани хикметке» де тән екенін аңғарамыз. ХІХ ғасырға дейінгі хикмет нұсқалары тек қолжазба күйінде көшіріліп, сақталып келді. Дәуірдің техникалық даму дәрежесі жағдайдың осылай қалыптасуына әсер етті. Авторлылық мәселесіне келсек, негізгі бөлігін Ясауи хикметтері құрайтын «Диуани хикметте» хикмет дәстүрімен жырлаған көптеген ақындардың шығармалары қамтылып отыруы ортағасырлық диуандардың белгілі бір жанрдағы туындылардың антологиясы ролін қоса атқаруымен тікелей байланысты болды. Яғни, көптеген зерттеушілердің қате пайымдап келгеніндей, көшірушілердің қателігінен немесе шығарма авторын ажырата білмей, хикмет атаулыны Ясауиге телуінен емес, керісінше, диуан-жинақтың функциялық ерекшелігін дұрыс танып-түсініп, хикмет дәстүріндегі туындыларды арнайы топтастыруы нәтижесінде «Диуани хикметке» өзге де авторлар шығармалары енгізілген деуге болады. Әрбір хикмет соңында көп жағдайда шынайы автор есімінің сақталып қалуы – осы мақсаттылықтың нәтижесі. Әрине, заманалар бойына сауаттылық дәрежесі сан түрлі көшірмешінің қолынан өткен хикмет нұсқаларында авторлар есіміне қатысты да қателіктердің орын алған тұстары бар. Бірақ мұндай кездейсоқ құбылыстар айтылмыш мәселеде басты өлшем бола алмайды.

Диуан дәстүрі түркі халықтары арасында түрік және өзбек әдебиетінде ерекше дамытылған. Түрік әдебиетінің тарихында «диуан поэзиясы» аталатын тұтас бір кезең бар. Түрік әдебиетінің алғашқы зерттеушілері тарапынан диуан әдебиетіне «Иран арқылы түркі өлкелеріне орныққан, жергілікті және ұлттық сипаттарға ие болып,  діннен тыс тақырыптарды қамтыған, ХІІІ ғасырда Анадолыдан бастау алған классикалық түрік әдебиетінің ілкі туындылары»[4] деген анықтама берілгенімен, бертінде бұл тұжырым біршама өзгерді. Қазіргі түрік зерттеушілерінің ортақ мәмілесі бойынша, диуан әдебиетінің тақырыптық аясы шектеулі емес, яғни діни-дүнияуи мәселелердің барлығын қамтиды және негізінен көне түркілік буындық өлшемге қоса араб-парсылық аруз өлшеуін жетік меңгеріп, кеңінен қолданған, барынша жетілдірген авторлардың шығармаларынан тұрады. Ал түркі халықтарындағы диуан әдебиетінің бастауын түріктердің тарихи отаны –   Анадолы өлкесіне орныққан ХІІІ ғасырдан тарату жөніндегі пікірлер өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Өзбек әдебиеті тарихына көз жүгіртсек, «диуан» деп аталатын жинақтардың пайда болуы бұл халық әдебиетінде ХV ғасырдан басталатынын көреміз. Юсуф Амирий «Девонынан» бастау алып, Атайи, Саккакий, Лутфи, Хусайний шығармашылығында дамытылған, мәшһүр классик ақын Ә.Науаийдің «Чор девонына» ұласқан өзбек әдебиетіндегі диуандар негізінен жеке бір автордың туындыларын қамтуымен ерекшеленеді.  Жекелеген ұлттардың өз әдебиеттерінің тарихын, ондағы диуан дәстүрінің қалыптасуын бертініректен бастауы заңды болғанымен, тұтастай алғанда түркі халықтарындағы диуан әдебиетінің бастауында Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» шығармасы тұрғанын қабылдау орынды. Диуан поэзиясына қойылатын тағы бір талап – аруз өлшемдерін игеріп, сол пішінде шығармалар тудыру десек, Ясауи хикметтері бұл ерекшеліктерден де құралақан емес (бұл тақырып арнайы мақаламызда қарастырылғандықтан тоқталмай отырмыз). 

Енді Ясауи шығармасына берілген атаудағы «хикмет» сөзінің мағынасына үңіліп көрелік. Әдеби-ғылыми орта мен көпшілік оқырманға «Диуани хикмет» арқылы таныс болған, діни-рухани-моральдық ілімді насихат еткен Ясауи мен оның шәкірттерінің табиғаты ерек туындылары ретінде қабылданатын «хикмет» ұғымының мән-мазмұны тереңде жатыр.

Ясауитанушы-философ Д.Кенжетай еңбегінде аталмыш ұғымның мәні  төмендегіше таратылады: «Хикмет» сөзі (арабша) тілдік тұрғыдан алғанымызда «ақыл», «парасатты сөз», «дін ілімі», «ең шынайы ілім арқылы ең шынайы болмысты (Тәңірді) тану» деген мағыналарды білдіреді... Сонымен қатар хикмет – Құранның мазмұны мен мәні, яғни Құдайлық аянның өзегі болып табылады»[5].

Яғни, хикмет – Алладан берілген ілім, адамның өзін тану арқылы Алланы тану ілімі. Рухты кемелдендіру арқылы болмыстың бірлігін түйсіну, жаратылыс сырларын ұғыну, Жаратушының хикметін сезіну ілімі. Сопылық танымның негізін хикмет ілімі құрайды. Оған барар ауыр жолдың алғышарты – дін исламның шариғат жолы. Шариғат шарттарын толық түсініп, берік ұстанып, өмірінің өзегіне айналдырған адам ғана хикмет ілімін ұстын еткен тариқатқа қадам баса алады. «Шариғатсыз тариқатқа кіре алмадым», «Шариғатсыз тариқатқа кіргендердің Шайтан келіп иманын алады екен»[6] деген Ясауи хикметтері осыны аңғартады. «Қал ілімі» – шариғатты меңгергеннен кейін «хал ілімі» – тариқатқа жол ашылады. Алланы бір сәтке де жадынан шығармау (зікір), нәпсіні ауыздықтап, «өлмес бұрын өлу», дүнияуи ластықтардан қарайған жүректі зікір арқылы тазарту, жеруани сынақтан өтіп, рухани кемелдікке жету үшін тәнге кірген рухты ұдайы жетілдіру, шыңдап-шынықтыру, өз болмысының, он сегіз мың ғаламның терең сырлары мен ұлы үйлесімділігін тану арқылы ақиқатқа-Аллаға ұласу – сопылық жолының өткелдері, хикмет ілімінің мәні болып табылады.

Түркі тіліндегі жазба деректерде «хикмет ілімі» ұғымы алғаш рет Ясауидің немере інісі Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнама» атты еңбегінде кездеседі. Қожа Ахмет Ясауидің ата-тегі таратылып көрсетілетін осы шежіреде Әзіреті Әлидің жетінші ұрпағы, Ясауидің он үшінші атасы Ысқақ баб пен оның серіктерінің түркі топырағына дін тарата келген жорығын суреттейтін  мынадай жолдар бар: «Исхақ баб (алайх ир-рахма) бірла бес тубба табиин ерді. Бірінің аты Қаффал ерді. Қаффалны Чач елінде қойдылар, 55 мың халайыққа илму хикмат йад берділәр»[7]. Тағы бір тұста былай делінеді: «Уа тағы тубба ат-табиинні Сайрамда қойдылар. Аның аты Хийалық ата ерді. Ол азиз Сайрамда 45 йыл илму хикмат айды»[8]. Бір назар аударарлығы «Насабнамада» дін таратушылардың уағыз-насихатына қатысты «ислам негіздерін үйретті» немесе «шариғат ілімін таратты» секілді дәстүрлі тіркестер емес, «хикмет ілімін айтты (үйретті, насихаттады)» деген ерекше анықтама қолданылады. Мұның өзі аталмыш шежіреде «хикмет» ұғымына ерекше мән беріліп отырғанын, Ысқақ баб пен оның серіктері ұстанған, таратқан жолдың – түркі топырағына тараған исламның тек шариғат жосығымен шектелмегенін, терең мағыналы, тылсым ілім – тариқат ілімін кеңінен қамтығанын ерекшелеп танытуды көздегенін аңғартады. Бұл ілімнің көшбасында Ысқақ бабтың тұрғаны, Шам уәлайатынан Түркістан өлкесіне дін тарата келіп, 85 жыл падиша болғаны, Қызыр Ілияспен сұхбаттас болу үшін 80 жыл «суфрадарлік қылғаны» да осы еңбекте айтылады. Шежіредегі «суфрадарлік», «суфра тұту» тіркестерінің хикмет ілімімен тікелей қатысты символдық та, ритуалдық та мәні бар. Сондай-ақ тариқат тәжірибесіндегі қылуетке түсу үрдісі де түркі даласына Ысқақ баб кезеңінен мәлім: сол тұстағы Қарахан мемлекетінің билеушісі Абд ар-Рахимнің (Сатұқ Боғрахан) осы дәстүрді ұстанғаны жөнінде мәліметтер сақталған. Көрнекті түркітанушы Зәки Уәлиди Тоғанның еңбегінде еске алынатын, Ясауиге телініп жүрген жаңадан табылған хикметтерде кездесетін «Сұлтан Сатұқ Боғрахан Пірмұған емес пе?» делінген жолдардың негізінде осы дерек жатыр. Ясауидің өз әкесі Ибрахим шайхтың да қылует ұстағаны белгілі. Демек, хикмет-сопылық ілімі түркі топырағына исламның алғашқы таралу дәуірінен – VІІІ ғасырдың соңғы ширегінен бастап дендей еніп, кеңінен тараған. Сопылық жолдың түркі мұсылмандығының негізіне айналуының себебі де осында.

Хикмет ілімі Ясауиге дейінгі түркі авторларының шығармаларында елеулі із қалдырды. Әбу Насыр әл-Фарабидің Алла даналығын (хикма иләһийа) тану жөніндегі ілімі мен Жүсіп Баласағұн дастанында көрініс тапқан «Құт әкелуші ілім» концепциясы осы хикмет ілімінің тікелей әсерінен туындағаны З.Жандарбек, Ә.Муминов секілді бірқатар ғалымдардың зерттеулерінде тұжырымдалды.

Ортағасырлық Шығыстың озық ойлы шығармашылық иелеріне зор ықпалын тигізген Фарабидің гуманистік және рационалистік идеяларының негізінде сопылық ілім ұстанымдары, ал оның «парасатты адам» идеалының қайнарында сопылықтағы кемел адам концепциясы тұрды. Түркі даласының даңқты түлегінің поэзиялық мұрасында да сопылық сарын ізі сайрап жатыр. Мұның барлығы Фарабидің өзі туған топырақтан түйіп өскен, бала шақтан санасына сіңген хикмет ілімінің жемісі болатын. Фараби өлеңдері мен Ясауи хикметтері сабақтастық тұрғысынан сараланар болса, бірқатар жайттардың беті ашылары сөзсіз. Шығыс Ренессансы тудырған серпін ортағасырлық әдебиетте философиялық ойлардың дамытылуына, Фараби идеяларының көркем шығармаларда жалғасын тауып, халық арасына кеңінен таралуына ықпал етті. Көрнекті шығыстанушы Б.Ғафуров Фараби шығармаларындағы кемел парасат жайлы асқақ ойларды, «қайырымды билеуші» бейнесіндегі биік аңсар-мұратты Фирдоуси, Низами, Жүсіп Баласағұн, Сағди, Хафиз, Жәми, Науайи, Руставелидің, бертініректе Абайдың жаңғыртып жырлағанын жазады. Мұның барлығы Фараби идеяларының түп негізінде тұрған хикмет ілімінің өміршеңдігі мен жасампаздығының дәлелі болып табылады. ХІ ғасырдағы парсының көрнекті ақыны, дін ғалымы Насир Хусрау  «Китаб жами ал-хикматайн» («Екі хикмет ілімі туралы жинақ-кітап») атты еңбегінде Фараби негіздеген ілім туралы көптеген көзқарас-пікірлерді келтіреді[9].

Түркі жазба әдебиетінің бастауында тұрған тұлғалардың бірі Ж.Баласағұн шығармашылығынан да хикмет ілімінің тікелей ықпалы байқалады. Бүгінге дейін отандық ғылымда Баласағұн дастанындағы «парасатты билеуші», «кемел қоғам» идеяларын бірыңғай Фараби философиясымен байланыстыратын, соның әсеріне телитін көзқарастар басым болып келеді. Дегенмен, біздіңше, отандас қос тұлғаның шығармашылығында сабақтастықтан гөрі салаластықтың басым екенін қабылдаған жөн. Себебі, жоғарыда айтылғандай, түркі өлкесінің идеялық тұғырына айналған сопылық-хикмет ілімінің негіздері Фараби мен Баласағұнға бірдей таныс болғаны анық. «Құтты білікте» өзіндік поэтикалық шешімін тапқан «құт әкелуші білік» – хикмет ілімі және одан туындайтын қоғамдық-әлеуметтік  идеялар Баласағұнға Фараби арқылы айналма жолмен жетуі шарт емес болатын. Дастандағы парасатты, бақытты қоғам тіршілігінің бір ұстыны  – қанағат сезімінің Одғұрмыш сопы бейнесі арқылы көрініс табуы,  өзін біржола Хақ жолына арнап, елден жырақ жалғыздықта-қылуетте күн кешкен тақуаның тарапынан айтылатын барлық үгіт-насихат сөздерде түркі сопылығына тән негізгі ұғымдар мен ұстанымдардың астаса өріліп жатуы шығарма авторының сопылық іліммен етене таныстығын аңғартады. Сондай-ақ туындыдағы билеуші мен уәзірдің Одғұрмыштың тақуалығын табиғи түрде қабылдауы, оған ерекше түсіністікпен, үлкен құрметпен қарауы, оны пір тұтып, қажет кезінде кеңес алып отыруы шығарма жазылған тұста (ХІ ғ.) түркілер жерінде сопылық жолдың қалыпты құбылысқа, тіпті, қоғам өміріндегі жетекші институтқа айналып үлгергенін көрсетеді. Түркі сопылығының бастауында тұрған Сатұқ Боғрахан негізін қалаған Қарахан мемлекетінде өмір сүріп, сол елдің билеушісіне арнап дастан жазған Жүсіп Баласағұн шығармашылығында сопылық сарындардың айқын көрініс табуы заңды құбылыс болатын.

Айтылғандардан аңғаратынымыздай, хикмет ілімінің түркі топырағындағы тарихы мен тәжірибесі Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңге дейін бірқатар белестерді өткерген. Дегенмен Ясауиге дейін бірде-бір ілім иесі өлеңмен хикмет айтты деген дерек жоқ. Ал ел аузында сақталған, Ясауийа тариқатына тән ортағасырлық жазбаларда келтірілген аңыздар хикмет-өлең дәстүрінің Ясауиден басталғанын көрсетеді. С.Сапабекұлы жазып алған аңыздардың бірінде Мұхаммед пайғамбардың аманат-құрмасын (ілімнің символы) жеткізуші Арыстан бабтың бала Ахметпен кездескен сәті туралы былай делінеді: «Балам, атың – Ахмет екен, ішің тола хикмет екен, аш аузыңды!» дегенде, жеті жасар бала жалт қарап, аузын ашқанда, құрма ұшып барып баланың аузына кірді. Бала ұршықтай ширатылып, хикмет айта бастайды»[10]. «Диуани хикметте» осы оқиға Ясауидің өз атынан баяндалады:

 

Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,

Әр сырымды көрген сайын бүркеп жапты.

«Билхамдиллаһ көрдім» деп ізімді өпті,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

...Сегізімде сегіз жаннан жол ашылды,

«Хикмет айт!» деп басыма нұр шашылды.

Бихамдиллаһ Пірмұған шарап ішірді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге[11].

 

Өз туындысын «Бисмиллаһ деп баяндайын хикмет айтып» деп бастаған Ясауи хикметтердің Алла әмірімен келген ілім, Тәңірлік шабыттан туындаған жырлар екенін «Хикмет айт» деп Субхан айтты, шешен болдым», «Менің хикметтерім Алладан пәрмен», «Менің хикметтерім Алладан нығмет», «Құдайдың сөзінен шыққан бұл хикмет» секілді жолдармен үнемі еске салып отырады.

«Диуани хикметке» дейінгі ежелгі түркі әдебиетінің бізге мәлім поэзиялық туындыларында «хикмет» ұғымы кездеспейді әрі ешқандай автор өз шығармасына қатысты «хикмет» атауын қолданбаған. Мұның өзі сол тұста түркілерге хикмет ілімі жақсы таныс болғанымен, оның қыр-сырын жетік меңгеріп, талғампаз поэзия талабына сәйкестендіріп, дербес жанр дәрежесіне көтеретін, ислами ұғымдар тұрақтанбаған түркі тілінде шеберлікпен жырлап жеткізуге қабілетті тұлғаның тарих сахнасына шыға қоймағанын аңғартады. Өз кезегінде бұл тарихи міндет сопылық ілімі кемел, ақындық дарыны қуатты, дәуір талабын, қоғам сұранысын терең сезінген, заман мен адам алдындағы жауапкершілік жүгін алғашқы болып арқалаған отаншыл, ойшыл ақын Қожа Ахмет Ясауидің еншісіне бұйырды.

Ясауи хикметтері сопылық ілімнің жалаң уағызшысы емес. Автордың болмысты діндар ретінде түйсінуі қаншалықты терең болса, ақын ретінде сезінуі де соншалықты шынайы. Хикметтерде баяндалатын оқиға, суреттелетін хәл, насихатталатын ілім ең алдымен сыршыл сезім көрігінен өткізіліп, тұнық поэзия табиғатына тән бейнелілікпен, көркемдікпен, шеберлікпен жеткізіледі.

Осы орайда шегініс жасап айта кетерлік бір жайт бар. 1973 жылы Ташкент қаласында «Абу Райхон Бируний. Хикматлар» атты кітап жарық көрді. Ортағасырлық көрнекті ойшыл, энциклопедист ғалым Әбу Райхан Бирунидің жаратылыстану ғылымдарының сан саласымен шұғылдана жүріп, қоғамдық ғылымдар бойынша да бірнеше еңбек қалдырғаны мәлім. Әдебиет мәселелеріне қатысты трактаттар жазып, парсы поэзиясының бірқатар үлгілерін араб тіліне аударған ғалымның төлтума поэзиялық шығармалары да едәуір. Бируни өлеңдері негізінен философиялық мәселелерді қозғайды, тәлім-тәрбиелік насихаттар береді, ғұмырнамалық деректерді қамтиды. Стильдік жағынан  Бируни өлеңдері Ибн Сина туындыларымен үндес келеді, сол тұста біршама қалыптасқан зиялы ойшылдар поэзиясының қолтаңбасын танытады.  Ал біз сөз етіп отырған рухани-мағынауи құндылықтарды ұстын етіп, «бақытқа жету ілімін» жырлаған сопылық поэзия туындысы – хикметтермен ғалым өлеңдерінің рухы мүлде сәйкес келмейді және автор өз өлеңдерін «хикмет» деп атаған да емес. Өзіндік өрнегі, дара жанрлық бітімі, дербес мектебі, қалыптасқан дәстүрі бар хикмет-өлеңдердің өзіндік ерекшелігін ескермей, оны Бируни поэзиясына атау етіп белгілеген өзбек ғалымы, бирунитанушы А.Ирисовтың бұл шешімін құптай қою қиын.

Осыған ұқсас мысал татар әдебиетінің тарихына арналған «Борынгы төрки һәм татар әдәбиятының чыганаклары» (Қазан, 1981) атты еңбекте де кездеседі. Жүсіп Баласағұн шығармашылығына арналған тарауда «Құтты білік» дастанынан 3 бәйітті (алты жол) аудармасымен келтіре отырып, авторлар оларды «Хикмәтләр» деген атпен беріпті. Мақал-мәтел мәндес даналық ой-түйіндерін, нақыл сөздерді Баласағұн дастанынан көптеп кездестіруге болады, шығарманың жанрлық-стильдік ерекшелігінің өзі осыған алғышарт болған. Дегенмен мұндай жалпылама сипат аталған үзінділерге «хикмет» ұғымын телуге негіз бола алмайды. Бұл тұста татар ғалымдары төл әдебиеттерінде бұрыннан қалыптасқан нақыл сөздерге қолданылатын «хикмет» атауын негізге алып, үзінділерді осылай атаса керек (Татар әдебиетіндегі бұл ұғым қасиданың құрылымдық бірлігі ретіндегі хикметтердің табиғатына көбірек сай келеді). Дегенмен автордың –  Жүсіп Баласағұнның хикмет ілімінен хабардар бола отырып, өз туындысындағы нақылдарды «хикмет» деп атамауының, шығармасында бұл ұғымды мүлде қолданбауының да мәні бар болуға тиіс. «Хикмет» ұғымының мазмұндық аясы кең екендігіне, белгілі бір дәрежеде нақыл сөздердің синонимі болып табылатынына талас жоқ, бірақ түркі халықтары әдебиетінде, ұлттық әдебиетімізде ерекше орын алатын, дербес дәстүр қалыптастырған шығармашылық құбылыстың – хикмет жанрының атауын орынды-орынсыз қолдана беру оны нақтылықтан айырып, мазмұнына көлеңке түсіретінін ұмытпаған жөн. Әдеби ұғымдарға сақ болып, терминдік ысырапшылдықтан аулақ тұру – өскелең әдебиеттің орынды талаптарының бірі.

Қорыта айтқанда, түркі әдебиетінде хикмет ілімін алғашқы болып   поэзия тілімен өрнектеген Қожа Ахмет Ясауи болып табылады. Ақын шығармашылығын түркі халықтарының әдебиет тарихында даралап тұратын басты ерекшелік осы. Ясауи хикметтерінің жанрлық бітімін, стильдік табиғатын саралауда аталған ерекшеліктің негізгі роль атқаратыны даусыз.

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ,

ҚР Дін істері және азаматтық

қоғам министрлігі Дін істері комитеті

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және

талдау орталығының директоры, филол. ғ. к.

 


[1] Есембеков Т. Әдеби талдауға кіріспе. – Қарағанды: КарГу баспасы, 1991. 52 б.

[2] Көпрүлү М.Ф. Ясауи танымы мен тағылымы (Ауд. К.Коч). – Шымкент,  1999. 167 б. 

[3] Әдебиеттану. Терминдер сөздігі (Құраст. З.Ахметов, Т.Шаңбаев). –Алматы: Ана тілі, 1998. 130 б.

[4] Banarli N.S. Resimli turk edebyati tarihi. – Istanbul: Devlet kitaplari, 1987. –322 s.

[5] Кенжетай Д. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. – Түркістан:  Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, 2004. – 341б.

[6] Қожа Ахмет Ясауи. Хикмет жинақ. (Дайын. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы). –Алматы: 

      Жалын, 1998. 290 б.

[7] Сафи ад-дин Орын Қойлақы. Насабнама. (Дайын. Муминов Ә., Жандарбеков З.). – Түркістан, Мұра, 1992. 26 б.

[8] Сонда, 27 б.

[9] Муминов А. Религиозно-политическая деятельность Абу Насра аль—Фараби // Культура кочевников на рубеже веков (ХІХ-ХХ, ХХ-ХХІ вв.). Материалы международной конференции. – Алматы, 1995. 

[10] Ясауи тағылымы. Ғылыми мақалалар мен жаңа деректер жинағы. –Түркістан: Мұра, 1996. 125б.

[11] Қожа Ахмет Ясауи. Хикмет жинақ. (Дайын. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы). –Алматы: 

      Жалын, 1998. 183-185 бб.

Оқылды 1448 рет
JoomShaper
Top