Қазақ мұсылмандығының діни мектебі қалыптасып келеді

Дүйсенбі, 19.10.2021

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – еліміздегі күллі мұсылман қауымының қарашаңырағы, рухани ордасы. Бүкіл мешітті бір орталыққа біріктірген мүфтият қоғамды имандылыққа үндеп қана қоймай, барша ұлттар мен ұлыстарды бірлікке шақырады.

Аллаға шүкір, көрші елдермен салыстырғанда біздің діни саладағы қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Соның бірегейі ретінде айтарым, барлық мешітте бір мезетте бір тақырыпта жұма уағызының жүргізілуі. 2500 мешітте Діни басқарма бекіткен тақырыпта ғана жұма уағызы айтылады. Кейбір елдерде аймақ-өлкеге бөлініп, бір-біріне бағына бермейтін, үйлесім таппаған діни қызмет жүйесі қалыптасқан. Бұл тұрғыда біздің ел көш ілгері. Бір орталыққа ұйыған құлшылық үйлеріндегі сан-салалы жұмыс жанданып келеді.  

Біз 2013 жылы «Дін мен дәстүр» идеясын көтердік. Бұл игі бастама көпшілік қолдауға ие болды. Діни мерекелердің ұлттық құндылықтарымызбен үйлестіріп тойлаудың мәдениеті қалыптасты. Құрбан айт, Ораза айт, Мәуліт мерекелері ұлттық сипатта аталып өтеді. Имамдар уағызды тек шариғи тұрғыдан ғана емес, тағылымға толы тарихымызбен, әдепке үндейтін әдебиетімізбен, мәнді мәдинетімізбен ұштастырып айтуға дағдыланды. Бірер жылдың көлемінде «Дін мен дәстүр» сабақтастығы бастамасы өміршең идеяға айналып үлгерді.

«Дін мен дәстүр» кітабы тек діни ортаның ғана емес, руханиият, мәдениет, әдебиет, тарих саласындағы оқырмандардың, жалпы халықтың ықыласын тудырды.  Бұл бастаманы Төралқа мәжілісінде 2018 жылға дейін жалғастыру туралы қарар қабылдадық. Кешегі Тәуелсіздік алған кезең мен 2000 жылдардағы имамдар мен қазіргі дін қызметкерлерін салыстыруға келмейді. Қазіргі имамдарда қабілет, деңгей басқа. Іскерлік, байсалдылық, шешендік өнер қалыптасты. Білім мен көзарас көкжиегі кеңейді.

Ақын-жырауларымыздың өсиетті өлеңдері, даланың дара перзенттерінің парасатты пайымдары мен толғамдары діни ортада кеңінен насихатталып келе жатқаны қуантады. Жуырда «Қазақ тарихындағы Ислам», «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты ғылыми-танымдық, тарихи кітаптар әзірленіп, баспаға жолданды.

Аллаға шүкір, әлмисақтан бері мұсылманбыз. Біздің ата-бабаларымыз Алланың дінін ертеден өз еркімен қабылдағанын ерекше атап өткеніміз жөн. Қараһан әулетінің негізін қалаушы Сатұқ Боғраханның Исламды қабылдап, қол астындағыларға дінді қабылдауға шақыруы, осы игі істің бастамасы болды.

Әуел бастан иман халық жүрегіне нық орнағандықтан кешегі атеистік қоғамда халық мәжбүрлі түрде өз дінінен аздап алшақтағанымен, ешқашан түбегейлі қол үзіп қалған жоқ. Себебі, тамырын тереңге тартқан иман негіздері ерте ме, кеш пе, бүр жарып шығатыны белгілі еді. Құдайға шүкір, көк туымызды желбіреткен егеменді күнге де қол жеткізіп отырмыз.  Сонда да кешегі кеңес заманында көптеген құнды діни кітаптардың отқа тасталғаны әлі күнге көңілімізді күпті етеді.

Ежелден Әбу Ханифа мәзһабын берік ұстанып, Имам Матуриди жолын ардақтаған ата-бабамыздың жолы біз үшін қашан да қастерлі. Енді ата-бабаларымыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың маңыздылығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Әлем кітапханаларының сирек қорларында шаң басып жатқан қолжазбалар мен көнекөз қариялардың сандықтарында сарғайып жатқан ескі кітаптарды жарыққа шығару арқылы бабалар аманатын орындау – бүгінгі ұрпақтың міндеті дер едік. Себебі, сол еңбектер арқылы Ислам дінінің қазақ даласына таралу тарихына терең бойлап, дәстүрлі жолымызды нықтай түсетініміз анық. Осынау игі ниеттен туған «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітабы қазақ руханиятына өзіндік үлесін қосады деген сенімдемін.

Осы жылдың 19 ақпанында Елордамыз Астанада тұңғыш рет имамдар форумын өткіздік. Мұны еліміздің діни саласындағы тарихи оқиға деп атауға болады.

Барлық аймақтан келген имамдардың, зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан форумдағы негізгі сәт – тарихи төрт құжатымыздың қабылдануы. Ол құжаттар «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Имам келбеті», «Мұсылманның бейнесі», «Имамның қызметтік этикасы» деп аталады.

Қабылданған құжаттардың ішінде Тұғырнамаға ерекше тоқталып кеткім келеді. Бұл бейнебір еліміздегі мұсылмандардың бағдаршамы іспетті құнды құжат, діни бағыт, жүрер жолымыз.

Негізгі діни ұстанымдарымызды ашып көрсеттік. Ұстанар төл мәзһабымыз, құқықтық мектебіміз Әбу Ханифа, ал діни сенімде Матуриди ақидасы екенін айқындап бердік. Тұғырнамада «Нігізгі діни ұстанымдар», «Ислам негіздері», «Шариғат негізі (фиқһ)», «Ислам этикасы (аһлақ)», «Ислам, зайырлы мемлекет және зайырлы қоғам», «Ислам және ұлт», «Ислам және салт-дәстүр», «Ислам және отбасы», т.б. тақырыптар төңірегінде мұсылман қауымға бағыт-бағдар берілді.

Діни басқарма ешқандай елдің өз ішінде қалыптасқан діни көзқарасын, ұстанымын, жолын, мектебін үлгі тұтып, оған басымдық берген емес, бермейді де. Әр елдің өзіндік дәстүрі, діни жолы бар. Біз, діни саладағы сарапшылар, теолог-ғалымдар қазақ мұсылмандығының қалыптасқан діни мектебінің рөлін арттыруды қолға алдық. Ол – Орта Азия мектебі. Қазақ мұсылмандығымен ұштасып, үйлесім тапқан мектеп дәстүріміз бен салтымызды, жалпы адамгершілік құндылықтарын ерекше орынға қояды. Өйткені, дін ұлттық ерекшеліктерді, қалыптасқан жағдаяттарды жоққа шығармайды немесе оның жойылып кетуін көздемейді.

Діни басқарманың дін мен дәстүрді үйлесіммен насихаттау, қазақ мұсылмандығының қалыптасқан діни мектебінің рөлін арттыру, имамдардың қарым-қабілетін көтеру, қоғамды ізгілікке ұйыту сынды асыл мұраттары мен игі мақсаттарын жүзеге асыруда қоғам болып, бір елдің баласындай атсалысқанымыз абзал. Әрбір тұлға қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, жамағатты бүлікке емес бірлікке бастап, ортақ мақсатқа үлес қосса – оның парасаттылығының, адамгершілігінің белгісі.   

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, бас мүфти

 

     

 

 

Оқылды 806 рет
JoomShaper
Top