Тұлғаның қалыптасуындағы ислам дінінің ролі

Бейсенбі, 03.10.2021
Тұлғаның қалыптасуындағы ислам дінінің ролі

 

 

 

 

Исламда адамның тәңірге құлшылық етуі оның өмір сүру әдісін тәңірдің діні негізінде қалыптастыруы болып табылады.

Ислам діні бір ұлтқа, бір тайпаға немесе бір руға түскен дін емес. Ол барша адам баласын бақытқа жеткізер илаһи ортақ жол және өмірінің өріс алар бағыт-бағдары. Алла адам баласын кемел дәрежеде, бүкіл әлемге басшы ретінде жаратқан. Бұл туралы Құранда: «Ол сондай Алла, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты...» [1] - деген аят осының дәлелі. Жаратушы өзінің барлық пайғамбарлары арқылы жіберген діні барша адамзатты жақсылық жасауға, қоршаған ортаға мейіріммен, махаббатпен қарауға және қоғамына адал қызмет етуіне тәрбиелейді. Ол үшін Жаратушы адам баласын жаратудағы мақсатының өзі өзіне құлшылық ету үшін болса, сол құлшылық немен өлшенеді? Қазіргі уақытта дінде құлшылық жасау дегенде ойымызға не оралады? Осыған тоқталып көрсек.

Міне, сондықтан Аллаһқа деген құлшылықтың ең бастысы адамның қоғамда тұлға болып қалыптасуы екенін аңғаруға болады. Яғни, адамның құдайға деген құлшылығы оның істеген жақсы амалдары илаһтың (құдайдың) заңының шеңберінде жүріп, отанына, халқына адал қызмет етуімен өлшенеді. Ол үшін әр адам Аллаһын тануы керек. Ал, оны танудан бұрын әркім өзін-өзі бірінші тануы тиіс. Бұл үшінде адамға терең ақыл мен биік парасат керек. Мұндай парасат пен ақыл болуы үшінде адамда білім болуы қажет. Ал, білім алып, оны қоғам игілігіне жаратуға да таза жүрекпен нұрлы ақыл қажет екені белгілі. Білімі терең иманы берік, терең адам қай уақытта болса да өзін көпшіліктен биік санамай бетегеден биік, жусаннан аласа болып, халқына адал қызмет ететіні хақ. Мұндай істеген амалды дінде салих, яғни ізгі амал дейді. Салих амал жасаған адам діннің әмірі бойынша Аллаһ пен оның сүйікті пайғамбарының әмірлері мен тыйымдарын атқарып, сауапқа кенелген болып саналады.

Ислам адамды ұжымдасып өмір сүруге және қоғамда әділетті, шыншыл, қайырымды болуға үндейді. Ізгі, қайырлы іс туралы Құранда: «Ізгілік жасаңыздар» [5] деп бұйырған. Намаз, ораза, зекет, хаж секілді Исламның ұстындарымен қоса жақсылыққа шақырған, қайырымдылық жасаған, қоғамның мұқтаждықтарын өтеген адам ғана толық мұсылман болып саналады. Ізгі мұсылман болуы үшін оның істеген амалдары ғана жеткіліксіз. Алдымен өзінің шынайы мұсылман болуы шарт. Содан соң ниеті таза болуы тиіс. Яғни, біреу мені мақтасын я болмаса жақсы адам деп айтсын деген ниеті болмауы тиіс. Істеген амалдары Құран мен сүннетке сай соның аясында болуы керек. Міне осы талаптарды орындағанда ғана оның амалдары ғибадат ретінде шынайы көрініс табады. Бұл туралы ислам ғалымдары: «Жақсы ниет жақсы істерді ғибадатқа айналдырады» деген. [6]

Ислам дінің басты парызы адамның қоғамда тұлға ретінде қалыптасуы.  Ол үшін алдымен иманы кәміл болуы керек. Бойындағы жаман мінездерден, яғни жалғандықтан, жасандылық пен жағымпаздықтан аулақ болуын талап етеді. Иманның мекені – жүрек болса, ал, иманның беріктігі – жүрек арқылы көрініс табады. Себебі барлық амал ниетке байланысты болса, сол  ниет жүрек арқылы іске асады.

Ізгі амал Құранда иман түсінігінде қолданылады: «Кім қарсы болса, қарсылығы өзіне.  Ал, кім ізгі амал істесе сонда ол өзі үшін рахат бір орын әзірлеген болады» [7]. Ізгі амал мен иманды бір-бірінен айырып қарау мүмкін емес. Исламдағы кейбір теріс (харижилер, мұғтазилия) ағымдар амалы дұрыс болмағандарды мұсылман емес деп санайды. Бұл ислам сенімі негіздеріне қайшы келеді. Себебі Құранның: «Ей, иман келтіргендер, ізгі амал жасаңыздар» деп басталатын аяттар бірнеше жерінде кездессе, «Ей иман еткендер, Аллаһқа шынайы тәубе етіңдер» деген аяттарда иман еткендер мен ізгі амал жасағандарды жеке-жеке қарастырғанына қарағанда бұл ойлардың теріс екенін көруге болады.  Егерде амал мен иман бір болса онда аяттарда бұлай екеуі жеке-жеке айтылмаған болар еді. [8]

Ізгі амалдың іске асуы үшін  иманымен тығыз байланыста болады. Себебі иманы кәміл болмай істеген амалдары ислам принцптеріне сай болмаса ол ізгі мұсылман болмайды. Оның амалының шынайы болмағы сенім негіздерінің біріне қарсы шықпай, барлығын дерлік мойындауы керек. Құранда:«Кім иманға қарсы шықса, сонда оның амалы жойылады және ол ақиретте де зиян етушілердін болады» [9]

  Мұсылмандар үшін Құранна аяттарынан соң хз. Пайғамбардың әрбір ісі мен сөздері (сүннеті) идеалдық дәрежеде екені даусыз. Өйткені қандайда бір өзін мұсылман санайтын адам әр жақсы іс істегенде оны бірінші Құран аяттарына содан кейін хз. Пайғамбардың жасаған амалдары мен өсиет сөздері негізінде іске асырады. Хз. Пайғамбарымыз мұсылманның басты мақсаты қоғамда ізгі амалдар туралы көптеген хадистер өсиет етіп қалдырған.

Ислам діні адам өз қоғамына пайда әкеле алмаған күнде де жамандық жасап, біреуге немесе бір нәрсеге зиянын тигізбеуге шақырады. «Жақсылық жасау қолдарыңыздан келсмесе жамандықта жасамаңыздар», «Қайда болсаң да Аллаһтан қорық, жаман істен кейін оны жоятын жақсы іс істе және адамдармен қатынас жасағанда жақсы мінез құлық таныт» деген хадистерінен осындай ғибратты көруге болады.

Адамның жаратылыс себебі – Хақты танып, оған құлшылық ету. Құлшылықтың ең жоғарғы дәрежесі – оның Хақпен қауышуы. Яғни, адамның рухының кемел дәрежеде болуы. Адамның жаны оның рухы дүниелік істерден арылып, нәпсісін жаман әдеттерден тыйғанда ғана тыныштық табады. Бұл – исламдағы ең жоғарғы ғибадат. Орта ғасырда өмір сүрген ғұлама анамыз Рәбияның сөзімен өрнектейтін болсақ: «Ей менің Жаратушым, мен сенің жәннатыңнан үміт етіп, тозақ азаптарыңнан қорықып ғибадат етсем, мені жәннатыңнан мақұрым етіп, тозағыңмен азапта. Маған жәннат та, тозақ та мақсат емес, тек сенің ғана дидарың керек» деп өзінің саф алтындай таза әрі биік рухы арқылы Хаққа қауышуды армандайды. Ислам түсінігіндегі нағыз салих мұсылман осындай дәрежеде ойлануы тиіс. Сонда ғана ол Аллаһтың разылығына бөленген пендесі болады.

Дінімізде әрбір адам өз ісіне жауапкер екені баса айтылған. Себебі Аллаһтың барлық нәрсені көруші, білуші екені белгілі. Кімнің амалы жақсы болып, қоғамға пайда келтіріп жатса ол оның пайдасын, ал, керісінше зиян келтіріп жатса оның жазасын көреді. Өйткені Аллаһ Құранда:«Кім ізгі іс істесе, өзі үшін. Ал кім жамандық істесе де өзіне тән» [10] деген.

Аллаһтың разылығына бөленіп, оның жақсылығынан үміт еткен мұсылман өзін ешкімнен жоғары санауына болмайды. Бұл оның одан әрі дамуына және ортасына пайда келтіруден шектеп, адамдық сипатынан ажырауына әкеп соғады. Адам неғұрлым көп біліп, тәжірибе жинақтаған сайын өзін төмен сезініп, халықына адал қызмет етуі оның имандылығының көрінісі. Себебі Ахмет Ясауи бабамыз өз хикметтерінде өсиеттерінде:

«Топырақ сипат жер астында болған жақсы,

 Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған» деген жолдарынан мұсылман адамның қандай сипатта өз ортасына қызмет ету керектігі айтылған.

Адам болып өмірге келу оңай болғанымен оның адам болып қалыптасуы қиын.  Ислам дінінде шынайы мұсылман Жаратушы мен оның пайғамбарына мойынсұнып, барша әлемдегі жаратылыс пен адам баласына махаббатпен қараса ғана Аллаһтың сүйген құлы болады. Өйткені Аллаһ: «Бір адам ізгі мұсылман болуы үшін алдымен Аллаһ пен оның пайғамбарына мойынсұну керек» [11] деген. 

Қазіргі таңда еліміздегі ислам дінін насихаттауда көптеген методологиялық қайшылықтар болғандықтан көпшілік арасында дінді түсіну қиынға соғуда. Ата-баба жолынан ауытқып, өз тарихы мен мәдениетін терістеу әсіресе, жастар арасында кеңінен етек алып барады. Қоғамдағы мұндай кері психологиялық мінез-құлықтардың пайда болуы дінді бұрмалап немесе еш ғылыми негізге сүйенбей бір жақты берудің салдары. Қазір уақыт яғни, ғылым мен техника өркендеген заманда дінді мұндай біржақтылық пен аңыз-әпсана ретінде тануды емес, оны ғылыми көзқарастар арқылы тануды талап етіп отыр.

Бізден бұрынғылардың шешіп кеткен діни мәселелерін бүгін біз тонын теріс айналдырып, проблема етіп көтеріп отыруымыздың да себебі – діннің танымдық методологиялық кемшіліктерінен. Мұндай әдіс-тәсілдерді негізінен дәстүрлі емес радикалды ағымдар мен секталар ғана қолданады. Олардың түпкі мақсаты бір болғандықтан, адамның психологиясына кері әсерлерін тигізіп, қоғамда оның толыққанды тұлға болып қалыптасуына кедергі келтіру. Бұл тығырықтан шығудың бір жолы діни саясатымызды нығайтатын, діни сана мен білімді көтеріп, иммунитет қалыптастыратын зайырлы қоғамға сай, жан-жақты діни білімді мамандар даярлау. Асыл дініміз исламды қатып қалған қасаң қағидалық әдістермен емес, таза ғылым мен білімге негізделген дін ретінде насихаттап, егемен елімізді әлемдік өркениеттер қатарында көрсетуге ықпал етуге тиіспіз.

Сілтемелер:

1.  Бақара сүресі,  29.

2.  Зәрият сүресі ,56

3.  Д. Кенжетай. А. Ясауи дүниетанымы. Алматы, 2008. 95-бет.

4.  Бақара сүресі,  277.

5.  Сәбә сүресі, 11.

6.  www.vaizismail.comAbdurrahman Akbas. Salihamel ve iman.

7.  Рұм сүресі, 44.

8.   Мұстафа әл-Бұға, Мұхиддин Мисту. Әл-Уафи. Имам ән-Науауи таңдаған қырық хадис шархы. Алматы, 2007.

9.  Мәида сүресі, 5.

10.  Фуссилат  сүресі, 46.

11.  Ниса  сүресі, 69.

 Тұрғанқұлов Таңжарық

Тараз мемлекеттік педгогикалық институты 

«Философия және әлеуметтік-саяси пәндер»

кафедрасының  аға оқытушысы,

дінтану магистрі

 

 

 

Оқылды 1283 рет
JoomShaper
Top