Қазақтың Исламға түсуінің төрт кезеңі немесе ислам діні қазақ сахарасына қалай таралған еді?

Сенбі, 14.09.2021
Қазақтың Исламға түсуінің төрт кезеңі немесе ислам діні қазақ сахарасына қалай таралған еді?

Түркітектес халықтарға ислам дінін жеткізу мәселесінде мұсылман әскерінің жалаңаш қылышынан гөрі, сауда-саттық арқылы бейбітшілік жолмен тарату әдісі әлдеқайда жемісті болды.

Ислам дінінің қазақ жеріне тамыр жаю тарихы түбегейлі шешімін тапты, бір ізге түсті деуге әлі ертерек. Зерттеушілердің бірі көшпелі тайпалар жаңа дін - исламға өз еріктерімен мойынұсынды және оны жаппай қабылдады десе, енді бірі бұл күрделі процесстің тым ұзаққа созылғандығын, тек ХУІІІ-ХІХ ғ.ғ. шегінде ғана аяқталғанын алдыға тартады. Ақиқат ауылы қай жағында, екіұдай пікірлердің асылы қайсы? Төменде он ғасырдай дәуірді шолып өтпекпіз. Ондағы мақсат – исламның қазақ жеріне таралуының кезең-кезеңі, атап айтқанда басты төрт кезеңі болғанын дәйектеу, сонымен бірге әр кезеңге тән басты ерекшеліктерді қысқаша барлауға саяды.  Олар: УІІІ – Х ғ.ғ., ХІ-ХІІ ғ.ғ.,  ХІІІ – ХУІІІ ғ.ғ. аралығы  және ХІХ ғасырдан бүгінге дейін.

  Әлқиссаны әріден бастайық. VII ғасырдың ортасында омейядтық халиф Муавии ибн Суфьянның басқару кезінде Самарқанд, Бұхара, Шаш, Насаф, Кеш, Хорезм, Мерв, Ходжент, Үргеніш, Ниса қалалары орналасқан қос дария Аму мен Сырдың арасы - Мауренахр аумағы жаулап алынды. Халифат құрамына Мауренахр кіргеннен бастап, дін ислам Орта Азияда салтанат құрды, онан соң Қазақстан жеріне қадам басты десе де болады.  Саманидтер династиясы дәуірінде (IX-X) ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланып, өзге діндерді ығыстырып, өз беделін жоғарылата түседі. 893 жылы Исмаил Саманид Тараз қаласына жорыққа шығып, қаланы берілуге шақырады. Осыған орай, тарихшы Нершахидің айтуы бойынша Тараз қаласының әмірі көптеген дихандарымен қала сыртына шығып, исламды қабылдаған екен. Мәселен, қаланы жаулап алғаннан кейін, Тараздағы үлкен ғибадатхана мешітке айналдырылған. «Бұхара тарихы» атты кітабында осы автор Бұхарадағы христиандық шіркеудің орнына Бани Ханзала мешіті салынғанын жазады. Автордың білуінше, осындай жағдай Мерке қаласында да болған. Яғни, ескі шіркеу орнына жаңадан мешіт салынған. Сол сияқты осындай көрініс Саманид мемлекетінің шығыс шетінде де орын алған. Мервте де шіркеу орнына мешіт салынған. Дей тұрсақ та, бұл кездері Орта Азия қалаларында зороастризм дініндегілер және христиандық қауым мұсылмандармен қатар өмір сүріп жатты.  

  Сөйтіп, жазба тарихтың деректеріне сүйене отырып, тарихшы мамандар қазіргі Қазақстан территориясына ислам дінінің алғашқы келу кезеңін УІІІ-Х ғ.ғ. байланыстыра қарастырады. Бұл ретте еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында орын тепкен әулиелі жерлер қосымша дәлел ретінде ұсынылады. Атап айтқанда, Әулие Қарахан, Айша Бибі, Бабаджа Хатун, Исхақ Баб, Әбд әл-Әзиз Баб, Хорасан Ата т.б. әулиелі жерлер түркілер арасына ислам дінін алғаш әкелген тарихи тұлғалардың аттары деген болжамды зерттеушілер бірауыздан бекітеді.

  Түркітектес халықтарға ислам дінін жеткізу мәселесінде мұсылман әскерінің жалаңаш қылышынан гөрі, сауда-саттық арқылы бейбітшілік жолмен тарату әдісі әлдеқайда жемісті болды. Айталық, түркі халықтары ішінде түркі қарлұқтары мұсылманшылдыққа ең алдыңғылардың бірі болып бас ұрды. Өйткені, Жібек жолы бойындағы сауда-саттық оларды арабтар және тибеттіктермен тонның ішкі бауындай тығыз байланыстырған болатын.

  Х ғасырда саманидтік мемлекет құлап, тұңғыш рет көшпелі түркілердің мұсылман мемлекеті құрылды. Осы кездерде Шығыс және Батыс Түркістанда Қараханид немесе Илек хан династиясы биліктерін жүргізген еді. Бұл династия түркі халықтары арасында исламның таралуына ерекше үлес қосты. Дәлелге ұлан-байтақ ареалда мешіттердің молая түскенін айтсақ та жеткілікті.

  Ибн әл-Асир өзінің жазбасында 960 жылы құрамында 200.000 түтіні бар түркі халықтарының бірі исламды қабылдағанын мәлімдейді. Бұл хабар бәлкім, Жетісу тұрғындарына да қатысты.

  Келтірілген дерек-дәйектер түгел дерлік тек Қазақстанның оңтүстік белдігіне ғана қатысты. Енді Ұлы Дала төсіне келейік.

  Араб миссионерлері әрі саяхатшылары әл-Идриси, Тәмам әл-Бәкір, Әбу ибн Хордадбек  т.б. куәлігінше,  ІХ-Х ғасырларда қазіргі Сарыарқа мен Ертіс өңірін жайлаған жартылай отырықшы қыпшақ-қимақ конфедерациясы да ислам діні иіріміне тартылған. Ибн Хордадбек өзінің  846 жылы жарық көрген «Мемлекеттер мен жолдар» атты әйгілі еңбегінде орта Ертіс бойында орналасқан «Қимақия» атты астана қалада жеті тас мешіттің бой көтергенін атап айтады (Қаһарлы Шыңғыс ханның Отырар қаласына аттандырып, сонда опат болатын 500 адам мұсылман саудагері бар аты-шулы керуен осы орта Ертістегі қалада жабдықталған болатын). Естеріңізге салсақ, осы жеті тас мешіттің қалдығы ХУІІІ ғасырдың басына дейін жетіп, көне Қимақия, қазіргі Семей қаласы орнына салынған орыстың әскери бекінісінің «Семьпалат» деп аталуына себепкер болды.

  Астана қаласы іргесінен табылған Бозоқ сияқты құм астына көмілген Арқа төсіндегі көне қалашықтарда ислам дініне қатысты айғақтар ұшырасуы ықтимал.

  Атап айтар бір жай, қарапайым халық исламға қазіргі біздер ойлағандай тез түсіп кете алмаған. Мәселен, араб жазуын тек билеуші топтың өкілі ғана үйренетін-ді. Әсілі, ислам дінін алғаш қабылдаған негізінен ақсүйектер мен билеуші топтар ғана болды. Неге десеңіз, олардың алдында тілі, этникалық құрамы бірыңғай, бірақта салт-дәстүрі мен нанымы жағынан біртексізденіп, бөлшектеніп жүрген түркі тайпаларының басын біріктіру, қысқасы, ұлт қылып ұйыстыру міндеті тұрды. Бұл мақсатқа ислам дінін пайдалану заман талабына дөп келген болатын.  Ал, қалың бұқараның сәждеге бас ұруға асықпағандығының басты себептері: ежелгі Тәңірлік әдеттер мен иланымдар көшпелі тұрмыс-тіршілікке бейімдірек еді. Екіншіден, мешіт-медресесі жоқ көшпелі тұрмыс жағдайында жаңа дін - исламды үйрену, тұтыну оңайға соқпағаны түсінікті.  «Сол уақыттарда арабтан бұл Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп әскермен келіп, - деп жазады Абай өзінің тарихи еңбегінде, - халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да мұсылман болдық депті. Сөйтсе де, бұрыннан бақсы-балгерге иланып, отқа-шыраққа табынатын әдеттерімен исламға тез түсіп кете алмапты» [1, 491]. Сондай-ақ, Шыңғысхан билігіне дейінгі дәуірде кейбір арғы қазақ тайпалары көсемдерінің христиандық несториан бағытын ұстанғаны туралы тарихи деректер жетіп отыр.

    Осымен, екінші кезең – ХІ-ХІІ ғасырлар аралығына ауысалық.    

   Бұл түздегі түркілер немесе арғы қазақ жұрты арасында исламның пәрменді түрде таралуы кезеңі деп есептеледі. Мысалы, тарихшы мамандар 1043 жылы күз айында Орталық Азия даласындағы түздіктердің едеуір үлкен бөлігі өздерін мұсылманбыз деп жариялағанын жеткізеді. Бұл құбылысты тариқат жолындағы жүздеген дін таратушы ғұламалардың, мыңдаған сопы-дәруіштердің жанкештілік еңбегінің татымды жемісі деуге керек. Сөз болып отырған тариқатқа кіруші топтың өкілін қазақ халқы «қожа» деп атады. Бұл жан дүниенің жетекшісі, руханилыққа еге, яғни қожа деген мағынаны білдіретін термин еді.

  Исламға ұйыту ісінде «ислам теоретигі» аталған имам әл-Ғазалидің трактаттары араб-парсытілді жұрттарға өзгеше әсер етсе, түркі ареалындағы осындай ерекше тұлға – Қожа Ахмет Ясауи бабамыз болды. Әулиенің тақуалық өмірі мен даналық «Хикметтері» ислам діні мен Тәңірлік наным-сенім арасын үйлестіруші, байланыстырушы алтын көпір болғаны даусыз ақиқат.

  Ислам діні таралуының бастапқы кезеңі Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкірттері, ізбасарлары атқарған миссионерлік қызметпен тығыз байланысып жатқандығын А.Мүминов, З.Жандарбек т.б. ғалымдар Ясауийа тариқатының тарихы болып табылатын «Насаб-нама» атты көне дерек көзіне сүйене отырып, дәйектейді. Ал, алғаш әулиелі жерлерге қатысты деректерді жинастырған маңғыстаулық зерттеуші Серікбол Қондыбаев осы тариқатқа байланысты деп екі аймақты көрсетеді: бірі – Қаратау-Ташкент аумағы, оған Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары кіреді, бірі – Арал-Каспий аумағы, оған Батыс Қазақстанның төрт облысы жатады [ 2, 13]. 

  Әрине, шынайы Дала тарихында не жағдай кездеспеген дейсіз,  дін үшін, төл өркениет үшін ауыр шайқастар мен ауа көшулер, сондай-ақ жаңа дінді бейбіт түрде қабылдау, ескі және жаңа танымды қатар ұстану бәрі-бәрі орын алған сияқты. 

  Мысалға Селжұқ династиясының негізін қалаған Мәлік әл-Ғази Селжұқ деген оғыз тайпасының (бұл тайпаның қазақы аты - қаңлы) көсемін алайық. Ол түркілік дәстүрлі сенім Көк Тәңіріден бас тартып, өз ықтиярымен исламды қабылдаған. Осының салдарынан оғыздар екі жікке бөлінді. ХІ ғасырдың басында Оғыз мемлекетін Селжұқтың ұрпағы Шах-Мәлік басқарған кезеңде елордасы Янакент (екінші аты - Отырар) қаласын әйгілі түздіктер – Тәңіріге сенген Қыпшақ тайпасы басып алды.  Осы кездерден бастап, Селжұқтар Батысқа жылжи бастады. Олардың келешекте Осман империясы негізін қалағаны баршаға аян. Тізе берсек, ХІ-ХІІ ғасырлар көкжиегі осындай күрделі оқиғалар баршылық.

  Жалпысында бұл дәуірде түркі әлемінде билік тізгінін ұстаған көптеген ақсүйектер исламға бет бұрды, Халифат құрамында болған олар билікті дін басшылары-имамдармен бөлісті. Отырықшы ғана емес, көшпелі және жартылай көшпелі ұлыстар жайлы да осыны айтамыз.

  Үстіде қарастырылған қос кезеңнен шығар ортақ қорытынды: исламның «алтын ғасырлары» саналатын екі-үш ғасыр көлемінде жаңа дін иіріміне парсы-түркі жұрттары, оның ішінде қазақ тайпалары тұтастай тартылды.

  Бірақ бұл Жетісу жері мен Дешті Қыпшақ даласы төсінде емін-еркін көшіп қонған ру-тайпалар исламды жаппай  әрі ешқандай қантөгіссіз өз ықтиярымен қабылдады деген сөзіміз емес.  Тарихи маңызды құбылысқа ат үсті қарасақ, шындық ауылынан шығандап кетуіміз мүмкін.  Қос дария Аму мен Сыр бойын жайлаған арғы қазақ тайпаларының ішінде мұсылман әскерімен үлкен шайқастарға барып, жеңілген бөліктерінің сонау ішкі Моңғолия даласынан бірақ шыққаны сияқты мысалдар бар. Ғалым М.Мырзахметов бұл кезеңнің бір мәдени ерекшелігін былайша жеткізеді: «Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы қолданып келген ойма жазуымыз да осы кезде тарих сахнасынан сырғып кетіп, оның орнын араб жазуы басыпты. Арабтар жер отарлау саясатымен бірге идеологиялық отарлауды да қатар жүргізіпті» [ 3, 188].

  Үшінші кезеңге ХІІІ-ХУІІІ ғасырлар аралығын жатқызамыз.

  Өйткені, бүкіл Орталық Азия халықтары сияқты қазақ халқының ХІІІ ғасырды бастан-аяқ Шыңғысхан жаугершілігі дүбірімен өткергені шүбәсіз. Ең маңыздысы, мемлекеттер, тайпалық құрылымдар және билік жүйелері түбегейлі өзгеріске түсті. Сондықтан исламның таралу барысы бұрынғы бағытынан ажырап, жаңа арнаға түскені дәлелсіз-ақ айқын.

  Тарихи деректерге жүгінсек, ислам діні діңгегінің Дешті Қыпшақ даласына қайта қағылуы аласапыран ғасырдың екінші жарымына келеді. Яғни Алтын Орда басшылығы Берке ханның (1255-1266жж.) билік құрған кезеңінде мұсылманшылықты қабылдайды. Мұның өзі жергілікті тұрғындар – қыпшақ-қазақ ақсүйектерінің негізгі бөлігі бұрынырақтан қожалар ықпалында, яғни ислам дінінде болғанының айғағы.

  1283 жылдары Тодамөңге хан, онан кейінгі заманда Өзбек хан исламды қабылдайды.  Исламның қарқынды түрде таралуы, әсіресе, осы Өзбек ханның есімімен байланыстырылады.  Мысалға араб тарихшысы әл-Нувейри жазбасында: «Жошы Ұлысында Өзбек хан исламды мемлекеттік дін деп жариялады» делінген. Ал, Шәкәрім қажы өзінің «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде бұл туралы былай дейді: «1301 жылы Өзбек хан мұсылман болып, халқын да мұсылман қылды. ... «Дін Өзбектен қалды» деген мақал сол және сол ханның атымен Жошы ұлысы «Өзбек» атанды» [ 4, 22 ].

  Өзбек ханның мақсаты – ислам діні арқылы Дунай мен Ертіс арасын алып жатқан алып империяның құрамындағы халықтардың діни-идеологиялық бірлігіне қол жеткізу болғанын пайымдау қиынға соқпайды. 

  Сөйтіп, Жошы Ұлысының мәдени және идеологиялық негіздері қалыптасуы және исламның қазақ даласына тұтас таралуы осы кездерден бастау алатын сияқты.

  Енді нақты Қазақ хандығы дәуіріне келер болсақ,  мамандар бытыраңқы жүрген қазақ ру-тайпаларының өзара ұйысқан, хандықтың нығайған  заманы Хақназар  билік құрған жылдар (1538-1580) деп дәйектейді. Қазақтың атақты ханы ислам діні біріктіруші күш екенін жақсы білді және пайдаланды. Мысалға Хақназар хан іске асырған шаралардың бірі -  қазақ тайпалары шежірелерін алғаш жүйеге салуды, керек десеңіз, жаңадан қалыптастыруды алайық. Орта жүздегі алты арыс осы шежіре бойынша, Жаншораның Қарақожа (Арғын тайпасы), Аққожа (Қыпшақ), Ақтамбердіқожа (Найман), Дарақожа (Қоңырат), Есімқұлқожа (Керей), Қасымқожа (Уақ) атты алты ұлынан тарайды. 

  Бір сөзбен айтқанда, шежіре мұрамыз мемлекетті басқару ісінде хандардың қазақ билеріне сүйенгені сияқты, рухани-идеологиялық салада қожаларға қол артып отырғанының жарқын куәсі.

  Тілге тиек етілген үлкен кезеңнің, яғни ХІІІ-ХУІІІ ғасырлар аралығының мәнді ерекшелігі - халқымыздың ислам дәуіріне дейінгі ұстанып келген өзіндік діни иланымы, салт-дәстүрлері және мұсылман дінінің  заңдары бірі-бірімен қабыса табысты.  Осылайша Әдет және Шариаттың, ғылым тілімен айтқанда, Тәңірлік сенім-наным мен Исламның синтезі пайда болды. Көшпелі қазақ өмірі ислам шариғатымен қатар, далалық Әдет заңдарымен реттеліп отырғанына Тәуке хан билігі кезінде (1680-1716) қалыптасқан «Жеті жарғы» деп аталатын Заңнама айқын дәлел. Айтқандайын, исламды «таза» түрде қабылдаған көршілес отырықшы елдердің қазақтың ру-тайпаларын бертінге дейін «мәжусилер» (отқа табынушылар) деп кемсітуіне жаңағы Әдет пен Шариат синтезі себепкер десек дұрыстық.

  Қорыта келгенде, еліміз бен жерімізде исламның орта ғасырларда таза түрде орнығуына, қайталап айтайық, Сары Дала тұрғындарының ислам орталығынан қашықтығы, таза көшпелі тіршілік, яғни қалалардың  жоқтығы басты кедергілер болды. Осыған ХУІІ-ХУІІІ ғ.ғ. қазақ және жоңғар мемлекеттері арасындағы толассыз майданмен өткенін қосыңыз. Жаугершілік заманның, «ораза, намаз тоқтықта» демекші, исламның дендеп енуіне оңтайлы жағдай жасамағаны айтпаса да ұғынықты.

  Енді соңғы кезең – ХІХ ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі аралыққа көшудің уақыты жетіп отыр.  ХІХ ғасыр мұсылман және христиан әлемдерінің өркениет жарысында алдыңғының шаң қауып мүлде артта қалғанын паш еткен дәуір болды. Батыс Европа ХУІ ғасырдан бастап «Қайта жаңғыру» - Ренессанс дәуірін жанталаса жасап жатқанда, мұсылман әлемі керісінше, басын бүркеп алып, қалың ұйқыға басты. Сол себепті екі өркениеттің арасы жер мен көктей  алшақ бола бастады. Мысалға екі ғасыр өткенде, 1883 жылы француз ғалымы Эрнест Ренан өзінің Сорбонна университетінде оқыған «Ислам және ғылым» атты лекциялар циклінде «ислам және ғылым үйлесе алмақ емес» деп ашықтан ашық жария етті. Бір тәуірі, бұл мәлімдеме бүкіл мұсылман ғалымдары мен зиялыларын қатты ширықтырып, қозғау салды. Нәтижесінде Түркияда 1839-1878 жылдары өткен «Танзимат» деген жаңғыру реформасы қайта жалғасты, ал Ресейде «Жәдидизм» деген мәдени қозғалыс тыңнан дүниеге келеді. Өйткені, жаңа үлгідегі мектептерді салу, мұсылманша оқу-ағарту ісі жаңа негізде құру сияқты реформаның тарихи қажеттілігі бітеу жарадай әбден пісіп жетілген болатын.

   Сөйтіп, мұсылмандық Шығыстың оянуы ХІХ ғасырдың екінші жарымында Европаға қоңсы қонған Түркия, Ресей мұсылмандары қозғалысынан бастау алды. 

  Қазақ елі Ресей империясының құрамына кірген тұста, патшалық билік алғашқыда тұрғылықты халықтар арасында христиан дінін уағыздауды қолға алған-тұғын. Алайда, көп ұзамай-ақ бұл іске жұмсалған күш-қаржының нәтижесіз, бос әурешілік екені анықталды. Сол себепті  ХІХ ғасырдың екінші жарымынан бастап исламға көңіл бөлініп, қолдау көрсетіле бастады. Уфада мүфтиат құрылып, Семейде, Қарқаралыда т.б. қалаларда жаңа мешіттер салынды. Қазақ жерінде көпшілігі татарлар мен башқұрттардан тұратын молдалар дайындау ісі қолға алынды.

  Неліктен молдалар өз ұлтымыздан емес?

  Сол заманда Шоқан Уәлиханов: «Мұсылмандық әзірше біздің сүйегіміз бен қанымызға сіңіп бола қойған жоқ. Біздің бақсыларымыз қырдың көп жерлерінде мәнін жоғалта қойған жоқ» деп жазып еді. Осыған  Орта Азия қалалары бұрынғы ілім-білім ордасы деген атақ-абыройынан айырылған хәлді қосыңыз.  Нені айтпағым анық болуы үшін жәдидизм қозғалысының негізін қалаған кесек тұлғаның бірі, Ресей мұсылмандарының үні болған «Тәржіман» газетінің иесі Исмағұл-бей Гаспринский мырзаның (сүйегі – қырым татары) мынадай зерттеуінен келтіре кетейін. Басқа да ислам зиялылары сияқты Ренанның сөзіне намыстанған ол хәл-жайды тексеруге Орта Азияға сапар шегеді. Исламның ірі орталығы – 200-ге тарта оқу орны бар Бұқараға ат басын тіреп, қаладағы мектеп-медреселерде тексеру жұмыстарын жүргізеді.  Оларда дүниеауи ғылымдардың бірі қалмай сыртқа тебіліп, шәкірттердің надан сорлы қалпында тек схолостикалық діни догматты жаттаумен бастарын қатырып жатқанына көзі анық жетіп, түркі патриоты еліне реформа ауадай қажет деген пәтуамен қайтады.

  Осы сапардан соң «И.Гаспринский Қазан қаласына келіп, Ш.Маржанимен өзінің реформалық жоспарымен бөлісті, - деп жазады татар ғалымы А.Хабутдинов, - ал 1884 жылы ол Бақшасарайда тұңғыш жаңа үлгідегі мектеп ашты» [5, 34]. 

  Көріп отырғанымыздай, қашсаң да құтыла алмайтын материалдық прогрессті, заман өзгерістерін оң қабылдап, ғылым-құдіреттің жалына мықтап жармасудың орнына соқыр догматтың тар шеңберінде қалуы мұсылман өркениетіне орасан соққы болып тиді. Ислам өркениетінің алтын дәуірі келмеске кетті, оның әлем дамуына ықпалы төменге құлдырады. 

  Исламның қазақ жеріне таралуының төрт айшықты кезеңі барын дәйектеуге талпынған ізденісіміз осымен тәмам. Кәне, онан алар ғибратымыз қайсы?

*  *  *

  Заманында жәдидизм қозғалысы ғұрпы исламның ескірген, кертартпа догмалық жағына сәулесін түсірген еді. Аталмыш қозғалыс «Тәржіман» газетінің тұрақты оқырмандары  болған Абай, Шәкәрімге белгілі дәрежеде ықпал етті.  Әсіресе, олардан кейінгі үлкен шоғыр – алаш арыстарына  елеулі әсер етіп, туған халқына жол, бағыт таңдауға септігін тигізгені сөзсіз. Олардың арасында Уфадағы «Ғалия» медресесін тәмамдағандар немесе Түркияда діни білім алғандар баршылық еді.

  Қалай десек те, алаш көсемдері туған елі үшін мұсылмандық Шығыстың емес, Батыстың, яғни ғылымның жолын таңдады.  Өйткені, қай елді болмасын ұшпаққа шығарар жалғыз құдірет бар, ол – Ғылым. Абайдың «дүние де өзі, мал да өзі» дейтіні сол.  Оныншы қарасөзінде: «Ғылымсыз, - дейді Абай, - ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір ғибадат орнына бармайды». Ғылым туралы көп-көп айтқан ой-танымдарын отыз сегізінші сөзінде жинақтап: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» - деп тұғырлы тұжырым жасайды. Батыс өркениеті тек осы Ғылымды жандандыру жағымен ғана озық, сүйкімді. Бұл – бірінші ғибрат.

  «Хақиқат та, дін-дағы тереңінде» деп Абай айтқандай, екінші ғибратты тереңнен толғайық. Шын иман шексіз, ал сыртқы ғибадат, мәселен, хүкім-шариғат тар шеңбер болып табылады. Иман діннің ішкі сыры (Құдай ісін танып-білу), ал ғибадат (дін ісі) оның күзетшісі ғана. Жалғыз ғибадатпен пенденің рухани ілгерілуі, иманы нығаюы қиынға соғады. «Күллі тәнмен қылған құлшылықтарың ешбір ғаделетті мархаматты бермейді, - дейді Абай 38-ші сөзінде. – Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес».  Бұлай деуінің мәнісі көпке Құдай ісі мен дін ісі бір бәс болып көрінеді. Мұның байыбына барып айыруға не ғылымы жетпейтін, не жүрегінің ықылас, тазалығы жоқ: «Әрбір наданның біз тариқатқа кірдік деп жүргені, біз бұзылдық дегеніменен бір болады» деп ескертеді Абай. Адамдық мінез-қасиетке сапалы өзгеріс әкелетін діннің ішкі сырына әлі жетпеген болсаң, «сопысынып қылма наз» (Шәкәрім). Сондықтан ежелден атам қазақ  шын иман деңгейіне жетуге исламдық  сыртқы ғибадат қандай деңгейде керек болса, оны сол дәрежеде ғана алып, пайдаға асырып отырған.

  Ахмет Байтұрсынов былай деп жазатыны бар: «Қазақ шала мұсылман. Билік туралы жазылғанда қазақтың дін істері, басқа дүниеауи, яғни тіршілік істері шариғатқа қарамай, билік қарауында болуы керек». Бұл арада «шала мұсылман» деген пікірді өзіндік ойлау жүйесі бар деп ұққан жөн.  Егер қазақ тек таза шариғат шеңберінде жасаған халық болса, Шоқан, Абай, Шәкәрім сияқты данышпандар шығуы екіталай нәрсе. Сондай-ақ, Әлихан, Ахмет, Мұхтар, Қаныш сияқты алыптарымыздан да құралақан болар едік. 

   Мақаламыздың соңын исламның таралу тарихынан алар сабақтар деген мәселеге бұруымыз жайдан жай емес, бүгінгі жастарымыздың әсіре діншілдікке, исламшылдыққа бой ұрғаны байқалып жүрген құбылыстың бірі. Бұл «таза ислам» доктринасын ұстанатын Сауд-Арабиясынан жеткен салафилер ағымының салдары деп атап айтпасқа лажымыз жоқ.

  Мұның өзі ұлттық менталитет пен әдет-ғұрыптың тамырына балта шабу, аямай сылып тастау деген сөз. Ал, қандай желеумен болса да, дәстүршілдік шайылған жерде, ұлтқа қауіп төнеді. Сондықтан да ата-бабалар исламды қалай ұстанды, біз де солай, сол моделді еш өзгертпестен ұстануымыз қажет. Шариатты Әдетпен қосақтаған, байытқан бұрынғы дана бабалар мұны діни сауаты кемдігінен емес, ұлт қамына бола істеген-ді. 

  Ұлтжандылықтың екінші аты - дәстүршілдік. Сондықтан тарихи дәстүрлерге адал болайық, ағайын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 1. Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. –Алматы, 1961. – 491 б.

2. Қондыбаев С. Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары. –Алматы, 2000. -13-14 бб.

3. Мырзахметов М. Түрік халықтары антропонимдерінің саяси-әлеуметтік проблемалары // Ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Астана, 2004. – 188 б.

4. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. –Алматы, 1991. – 22 б.

5. Хабутдинов З. Философия и теология // Религиозное и светское начало в идеологии джадидизма. Сборник статей. – Казань, 2004. – С. 34-35. 

Асан Омаров

философия ғылымдарының кандидаты,

ҚР ӘМ «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және

талдау орталығы» мемлекеттік мекемесінің жетекші маманы.

 

 

 

Оқылды 4274 рет
JoomShaper
Top