Әр қоғамның өзіндік киім үлгілері бар

Дүйсенбі, 28.03.2022

Адамның өзге мақлұқтардан айырмашылығы – оның бойындағы ұят сезімі. Осы сезім негізінде оның қоғамдық ортада өмір сүруінде көптеген талаптар мен қағидалар қалыптасқан. Солардың бірі – киім кию ерекшелігі. Әрбір қоғамның салттық, дүниетанымдық, климаттық шарттарына байланысты өзіндік киім үлгілері бар.

Қазіргі жаһандану үрдісі барысында түрлі халықтар арасындағы киім үлгілері бір-бірі үшін сәнге айнала бастағаны да шындық. Тәуелсіздіктен кейінгі елімізде қарқынды дамып келе жатқан рухани сала, соның ішіндегі діни таным үрдісінің қалыптасуына байланысты өздерін мұсылман дінінің өкілі санайтын халық ретінде жаңаша діни талаптарға бетбұрыс байқалады. Алайда, біздің қоғамда діни киім мен ұлттық киім үлгілеріне қатысты екіұдай пікір қалыптасып, кей кезде талас-тартысқа ұласып жатады.

Он екі ғасырдан астам уақыттан бері өзін исламның өкілі санайтын халықтың салтында дінге кереғар дәстүр қала қоймас, дегенмен, батыстық өркениеттің ықпалымен қазіргі киім үлгілері иманды, діндар азаматтардың наразылығын тудыратыны ақиқат. Қазақта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген даналық сөз бар. Бұл қарама-қарсы жыныстағы адамдардың бір-біріне құрметі мен шегі белгілі бір деңгейде киім үлгісіне де байланысты деген сөз. Шектен тыс ашық-шашық киіну, қарсы жыныс өкілдерінің назарын өзіне аударуға тырысу, жасөспірім кезінен бастап қыздарды осындай ашық киінуге үйретудің де зардаптары орасан екендігіне дау жоқ. Соңғы кездері кәмлетке толмаған қыздар арасындағы жүктілік және тастанды сәбилер проблемасының жиі көтерілуі де осы жалаңеркіндік пен тәрбиесіздіктің көрінісі. Мұны қазіргі жаңашылдық пен еркін қоғам тараптарларының туғызған жемісі деуге болады. Бұл мәселеге қатысты «киімінің қатысы жоқ, ол әркімнің ішкі түсінігі мен тәрбиесіне байланысты» деушілер де болуы мүмкін. Бірақ, сыртқы киім, ішкі тәрбиенің көрінісі емес пе?!

Екінші жағынан, елімізде діни киім түсінігі де қалыптасып келеді. Бұған жастар арасындағы дінге қызығушылықтың жоғарылығы, рухани құндылықтарға бетбұрыс сияқты көптеген факторлар ықпал етуде. Дегенмен, бұл киімдерде жағымды қабылдануда деп айтуға келмейді. Олай болатыны, белгілі бір кезеңдердегі діндарлық сабақтастығының үзілуі мен қазіргі кейбір діни ұйымдар мен топтар өкілдерінің әсіре діншіл ұстанымдары фобиялық нәтижелер тудыруда.

Ендігі жерде діни киім мәселесін көтерген кезде ұлттық дәстүрмен сабақтастық шарттарында алға тартушы көзқарас туындайды. Қазақ халқын салтымен, мәдениетімен, дүниетанымымен мұсылман үмметінің бір бөлшегі ретінде қарайтын болсақ, өзіндік дәстүрін сақтай отырып, екінші жағынан өркениет көшінен қалмауға талпынған халық. Сондықтан, діни қағидалар мен талаптарды басқа ұлттардың ұлттық бояуларынан ажырата білу аса маңызды. Бұл ұлттық-рухани болмысымызды сақтау үшін қажет. Ал, мұсылман елдерімен интеграциялық үрдістердің нәтижесі болып саналатын ұқсас киім үлгілерінің жаппай қолданысын дамыта беретін болсақ, өз киім ерекшеліктерімізден ажырап қаламыз. Әрі, әлемдік қауымдастықта өз ерекшеліктеріміз бен бояуымыз болмайды.

Қорыта келгенде, қазіргі мұсылман дінін ұстанушы азаматтарымыздың киім мәселесінде байсалды болуы қажет. Қоғамдағы көзқарас қайшылықтарын тудырмайтын, еліміз үшін жат болып саналатын тұмшаланған киім үлгілерінен барынша аулақ болуы дін үшін де қоғам үшін де тиімді болмақ. Діннің негізгі миссиясы «Ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер, қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» (Бұхари, «Білім» 12, Әдеп 80; Мүслім, Жиһад 6, 7, (1732-1733)) болғандықтан, киім мәселесінде де осы ұстанымда болу, кеңестік жүйеден шығып, салт-санасы қайтадан жаңғыра бастаған еліміз үшін ең қолайлы жол болмақ. Оның үстіне «Алла сендердің түрлеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды, ол сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды»(Мүслім «Бирр», 33; Ибн Мажә, «Зүһд», 9; Ахмет б. Ханбал, 2/285, 539) деген қағида бойынша, алдымен исламның өзегі саналатын ішкі әсемдікті қамтамасыз ету, іс-әрекетті дұрыстау орынды болмақ. Әрі бұл киім үрдісін арандату құралына айналдыруға тырысып жүрген мақсатты топ өкілдерінің сөздеріне еріп, негізгі мұсылмандық шарттарынан алшақтау, өшпенділік тудыру шынайы мұсылмандыққа жақ қылық.

 

Кеңшілік ТЫШҚАН,

дінтанушы ғалым

Оқылды 336 рет
JoomShaper
Top