Сәбиді өлтіріп, бақыт таппайсың

Жұма, 05.02.2022
Сәбиді өлтіріп, бақыт таппайсың

Соңғы күндері елді шулатып, жаға ұстатқан «сәби өлімдері» ешбір қоғам мүшесін бей-жай қалдырмағаны анық. Бейкүнә сәбиді өлтіре салу заман ақырдың белгісі ме, әлде рухани дағдарысқа ұшыраудың көрсеткіші ме? Адам баласы қай заманда да жаңа туған нәрестені періштеге теңеп, отбасына бақыт алып келеді деп санаған. Сондай берекелі бірақ сөйлеуге, өз құқығын қорғауға дәрменсіз, өмірі мен жанын анасының қолына табыс еткен сәбиді жай ғана өлтіре салғанымыз қалай? Қалаған уақытта оны кәрізге тастап, қоқыс арасына көміп, тіпті әжетханаға лақтырып кететіндей сәбидің жазығы қайсы? Оның бар күнәсі жарық дүниеге келгені ме? Онда да бұған себеп болған оның «әкесі» мен «анасы». Мұнда оның кінәсі де, күнәсі де жоқ.

Сонда сәбиді не үшін өлтіреді? Әрине, мұның түрлі себептері болуы мүмкін. Бірақ, безбүйрек келіншектің немесе жеңгейсымақтың ақ парақтай сәбиді ажал аузында қалдыруының жиі кездесетін басты екі себебі бар. Біріншісі, асырай алмаймын деп қорқу, екіншісі, нәпсінің дегеніне көніп, некесіз жүкті болғандар. Бұлардікі көрші-қолаң мен ағайын туыстың сыпсың әңгімесінен қорқып, сәбиді өлтіру арқылы абыройын қорғап қаламын деген ақымақтық.Мұндай қадамға барған адам оңбай қателеседі. Өйткені, сәбиді өлтірген адам өзінің де бір бөлшегін өлтіріп тастайды. Мұндай адам екі дүниеде де Алланың ауыр азабына ұшырайтыны хақ. Себебі, Алла тағала бейкүнә сәбиді өлтіру былай тұрсын, жан-жануарды да үзірсіз өлтіруге тыйым салады. Сондықтан да, есі бар адам сәбидің де Сұраушысы бар екенін білгені дұрыс.

Алла балаға өмір берді. Демек, оның өмір сүруге құқы бар. Оны өлтіруге әкесінің де, анасының да құқығы жоқ. Алла тағала сәбиге де, оның ата-анасына да бір-біріне қатысты сақталуы тиіс құқықтарды белгілеп қойған. Оны ешкім бұза алмайды:

Қасиетті Құранда «Балаларыңды жоқшылықтан қорқып өлтірмеңдер. Оларға да, сендерге де ризық беретін Біз. Шын мәнінде, оларды өлтіру үлкен күнә» (Ниса: 31) делінген.

Аяттан көргеніміздей, ризықты ана жатырындағы нәрестеге де, еңкейген қарияға да беретін Алла. Біз бар болғаны себепшіміз. Қазақ: «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп бекер айтпаған. «Жаңа туған нәрестені қайтып асыраймын? Оны қайтып бағып-қағамын?» деген сылтаулардың барлығы жай ғана пендешілік.

Өзінің әділетті билігімен танылған халифа Омар ибн Хаттаб хұтбаларының бірінде халыққа қарап:

«Балаларыңды көбейтіңдер. Расында сендер олардың қайсысының арқасында ризыққа бөленетіндеріңді білмейсіңдер» деп айтқан.

Яғни, сәби дүниеге келгенде Алла тағала сол сәбидің отбасына кіріп тұрған ризықты бірнеше есе арттырады. Бұл молшылық баланың несібесіне жасырылған. Бірақ, қайсы баланың ризығына жасырылғаны құпия. Сәбиді өлтіріп, «өмірімді түзетемін» немесе «артық ауыздан құтыламын» дегеннің барлығы бекер. Керісінше, басқа қонған бақ құсын ұшырып, келетін мол ризық-несібеден айырылуы әбден мүмкін.

Алланың құзырында бейкүнә сәбиді қандай себеппен болса да өлтіру –қасақана адам өлтіру, жазықсыз әрі қорғаусыз жан иесіне қарсы жасалған қастық.Бұған басқа жауап жоқ. Бір күні пайғамбардан (с.ғ.с.):

– Ең үлкен күнә қайсы? деп сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с):

– Аллаға серік қосу. Алла сенің Жаратушың.

Одан әрі қарай:

–Келесі ең үлкен күнә қайсы? деп сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Балам ризыққа ортақ болады деген қорқынышпен сәбиді өлтіріп тастау.

Әрине, бұлай істеу надандық. Ал, мұндай надандық адамгершілік пен рухани құндылықтардан қол үзген қоғамда етек алады. Біз көп оқыдық, мәдениетіміз жоғары, өркениетіміз дамыған деп кеуде қаққанымызданне пайда таппақпыз? Егер әлі мектеп қабырғасынан шықпаған ұл-қыздарымыз нәрестелі болып, кейін оны аяусыз өлтіріп жатса.Бұл мәдениет пе әлде қараңғылық па? Рухани даму ма әлде дағдарыс па? Бұл бөлек әңгімені қажет етеді. Бір анығы, есеп күнінде мұндай қылмысқа барған әрбір адам қатты сұралады.

Құранда: «Тірідей көмілген қыздан «Қандай күнәсі үшін өлтірілді?» деп сұралған кезде» (Тәкуир: 8-9) деп келетін аят бар.

Адам мұндай қылмысты жалғыз қылса да, бірнеше кісімен бірігіп жасаса да Алланың алдында жауапты. Ақырет күнінде қылмыскер өзінің істеген күнәсін мойындағысы келмей көп сылтау айтып, түрлі үзірлерді алға тартады. Бірақ, оған періштелер және өзінің ағзалары (көзі, құлақтары, қолдары мен аяқтары) қарсы куәлік береді. Олар оның істеген күнәсін айғақтайды:

Алла Тағала: «Әрине, адам өзіне қарсы куәгер болады. Тіпті, барлық сылтауларын алға тартса да» (Қиямет: 14-15) дейді.

Бүгінде қоғамдағы кейбір тасжүректер нәрестені аяусыз өлтірсе, ертедегі Алланың достары керісінше баладан бата сұраған.Аллаға өзі үшін дұға жасауын өтініш қылған. Өйткені, бала бейкүнә. Оның дұғасын Алла дереу қабыл алады. Мысалы, хазіреті Омар да көшеде ойнап жүрген баладан Аллаға дұға етуін сұраған. Бұған қасындағы нөкерлері таң қалып себебін сұрағанда Омар ибн Хаттаб:

– Бала бейкүнә. Оның дұғасын Алла пердесіз қабыл алады – деп жауап береді.

Иә, құрметті оқырман. Ұрпақ жалғасының тізбегін үзіп алмау, оны қорғау сізбен біздің қоғам алдындағы жауапты міндет. Сәбиді өлтіру қоғамға қарсы жасалған қастандық. Қоғамда шекесі торсықтай бір балаға зар болып жүрген қанша отбасы бар?! Бірақ, Алла тағала сәбиді сүю бақытын басқаға емес, саған нәсіп етті. Есік алдынан келген бақыттың басынан тебу тек ақымақ пен азғынның әрекеті. Періштедей пәк сәбидің обалына қалып, бақытты боламын деп ойлама, оның Қамқоршысы бар. Ол сәбиді ешкімге ренжітіп қойғызбайды. Оның сұрауы – қатал, ал азабы – қатты. 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Оқылды 443 рет
JoomShaper