Әбу Ханифа хадис пен сүннетті қалай түсінген?

Бейсенбі, 17.03.2022

Хадис пен сүннеттің шариғатта ең негізгі қайнар көз екенін қабылдауда Әбу Ханифаның өзге мүжтәхид имамдардан ешқандай өзгешелігі жоқ. Осыған қатысты ол: «Мен кітаппен амал қыламын, егер одан таба алмасам, Алла елшісінің сүннетінен аламын...» деп, алдымен Құранға, екінші кезекте хадиске қарайтынын, үңілетінін ашық айтып, хадистен аттап кетпейтіндігін көрсеткен-ді.

Тағы қастерлі бір сөзінде: «Алла елшісінен жеткен барлық нәрсе мен үшін көзімнің қарашығындай» дейді. Осман әл-Баттиге жазған хатында: «Біліп қой! Үйренген және басқаларға үйреткен нәрселердің ең абзалы – сүннет» деген.

Әбу Ханифа пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері мен амалдарына деген ықыласын қаншалықты ыстық екендігін мынадан байқауға болады «әл-Алим уәл-мутааллим» атты кітабында: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) айтқан барлық сөздерін естісек те, естімесек те, оған деген құрметіміз шексіз. Біз оған сенеміз және оның айтқандарының айдай ақиқат екендігіне куәлік етеміз»  деп, өз сезімін білдірген. Тағы осы кітабында «Хазірет Мұхаммедті (с.ғ.с.) мойындамаған адамның нендей жағдайда болатындығын сұраған шәкіртіне Әбу Ханифа: «Алла елшісін мойындамаған адам − Алланы мойындамағанмен тең» деп, бұл сөзіне дәлел ретінде Құраннан: «Жоқ, Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені төреші қылып, сонан соң сенің берген үкіміңе іштей ауырсынбай, толық бойсұнбайынша шынайы иман еткен  бола алмайды»  деген аятты оқыған.

Әбу Ханифа өзгелердің өзі жайында «хадиске қарсы келеді» деген жаласына сол кезде-ақ жауап берген. Бір риуаятта: «Қандай да бір мәселеге қатысты хадиске қайшы көзқарас айтқандығы жайлы оған хабар берілгенде, ол өзінің сүйенген хадисін дәлел ретінде келтіре отырып: «Аллаға және елшісіне (с.ғ.с.) қайшы көзқараста болған адамды қарғыс атсын! Алла бізге оны сый ретінде жіберіп, бізді құтқарды» деп жауап берген.

Бір күні хадис оқылып жатқан бір мәжіліске келіп қосылған куфалық адам «хадис айтуды қойыңдар» деген кезде, Әбу Ханифа: «Егер хадис болмағанда, ешқайсымыз Құранды дұрыс түсіне алмас едік»  дейді. Тағы бір сөзінде «Араларында хадис оқып-үйренушілер бар кезде бұқара тура жолдан ауытқымайды, хадиссіз ілім үйренген кезден бастап бұзылады»  деп, хадистің діндегі орны мен маңызын атап көрсеткен-ді. 

Сөзіміз дәлелдірек болуы үшін И. Хаккы Үналдың кітабынан бірнеше мысал келтіре кетейік:

1. Әбу Юсуф былай дейді: «Егер біреу екінші бір адамның үстінен шағымданып, сөзіне дәлел келтірсе, Әбу Ханифа бұған қатысты былай дейді: «(Шағымданушы үшін) куәлермен қоса ант ішу қажет емес. Өйткені, бізге «Ант ішу жала жабылған кісіге, ал дәлел шағымданушыға қажет» деген хадис келіп жетті. Алла елшісінің шағымданушы үшін белгілемеген жауапкершілікті біз бекіте алмаймыз. Ал ант ішу міндетін Алла елшісі қойған адамнан басқасына жүктей алмаймыз» деген.

2. Егер сауда-саттықта екі жақ (алушы-сатушы) таңдау еркіне бір ай мезгілді шарт етіп қосса, бұл сауда жарамсыз. Өйткені, Пайғамбарымыздан келген риуаятта үш күннен артық таңдау еркі берілмейді.

3. Егер адам аумағында ағаштары және басқа да игіліктері (мысалы, су, құнарлы топырақ, т.б.) бар жерді сатып алса, саудаласу барысында ағаш, т.б. игіліктер шартта көрсетілмеген жағдайда, Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша – ағаш алушыға, ал жемісі сатушыға тән. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім будандастырылған құрма бағын сатып алса, алушы оны (бақтан ) тыс қарастырмаса, жемісі сатушыға тиесілі» деген.

4. Имам Мұхаммед Әбу Ханифадан «Егер бір кісі намаз оқып тұрған кезде жай жымиса, сіздің ойыңызша бұл дәретті бұзады ма?» дегенде, Әбу Ханифа «Жоқ» дейді. Имам Мұхаммед «Ал егер дауыс шығарып күлсе ше?» дегенде, Ол: «Иә, бұл дәретті бұзады. Ол кісі дәретін қайта жаңартып, намазын қайта оқуы керек» дегенде, Имам Мұхаммед себебін сұрайды. «Бізге пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) келіп жеткен хадиске байланысты» деп  жауап берген екен.

Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Тіпті, Әбу Ханифаның кейде өзіне келіп жеткен, шариғаттың негізгі қайнар көзі ретінде саналған хадистерден дәлел келтіре отырып, өз ұстаздарының көзқарастарына қарсы шыққанын да көреміз. Сол секілді өзінен кейін келген кейбір хадисшілердің әлсіз деп санаған хадистерінің өзін Әбу Ханифа қиястан жоғары қойып, кейбір қиястарынан бас тартқандығы да белгілі . Ибн Хазм «Әбу Ханифа сахих хадистерді мойындамау былай тұрсын, мүрсәл мен әлсіз хадистердің өзін қиястан жоғары қойған» деп осы ойды қуаттауда .

Әбу Захра осы ойларды қуаттай отырып: «Замандастарының бірі «Хадисті дәл сол кісідей терең түсінетін адамды көрген емеспін» деген. Өйткені, ол сөздердің мағынасынан, сөз тіркестерінің мазмұнынан және сол оқиғаға орай үкімнің себебін анықтауда алдына жан салмайтын асқан шебер еді. «Бұл үкімнің себебі не, неліктен бұл оқиға осы үкімді қамтыған» деген секілді сауалдарының жауабын тез табатын. Сөздердің тек сыртқы мағынасына емес, түпкі мағынасына үңіліп, бір-біріне ұқсас оқиғалардың ортақ тұстарын тауып, оқиғаларды олардың негізгі себептеріне назар аудара отырып, үкімді мықты бір қисынмен бекітетін. Бұны жасаған кезде насстағы (аят-хадис) үкімді негіз етіп алады. Соған ұқсаған басқа жағдайлардың да үкімін соған орай беретін»  дейді. 

Міне, осы жерден байқағанымыздай, Әбу Ханифа ешқашан тектен-тек хадистерді қабылдамай тастаған емес. Қайта хадис пен сүннетті барлық құндылықтан жоғары санап, ерекше құрметтегенін, өз ойымен үкім бермегенін нақты көреміз.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

Теология ғылымының докторы

Оқылды 371 рет
JoomShaper
Top