Еліміздегі зайырлылық мәселесі

Сейсенбі, 28.04.2022

Қазақстан Республикасы Ата заңының абсолютті нормаларының бірі  – зайырлылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден діни еркіндікті паш етіп, тәу етіп, қабылдаған алғашқы заңдарымыздың бірі – ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы болатын. Аталмыш заңнамаға замана ағысына қарай бірнеше рет толықтырулар жасалған-ды, ал 2011 жылы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңы қабылданды. Яғни, қазақ елі – зайырлы мемлекетті орнықтыру үстінде. Оның ішінде зайырлылықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалауға талпынуда.

«Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне[1] үңілсек, «зайыр» сөзі «анық», «айқын», «ашық» деген сын есімдердің мағыналарын береді. Осы «зайыр» деген сын есімнен түрленген «зайырлы» сөзі «білгір», «білімдар» деген мағыналарға саяды. Демек, «зайырлылық» деп «білгірлікті», «білімдарлықты» атасақ болады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда «зайырлылық» сөзін батыстан ауып келген  «лаицизм», «секуляризм», «светскость» терминдерінің баламасы ретінде түсінеміз. Қазақстан Республикасындағы зайырлылық жаңағы «білімдарлық» ұғымына жақын деп білсек жөн сияқты.

«Лаицизм» (француз тілінде «Laïcisme») дегеніміз – мемлекетті басқаруда қандай да бір дінге сілтеме жасамастан, мемлекеттің діндерге деген бейтараптылығын ұстанатын қағидат. Француз тіліндегі «лаицизм» сөзі «діни емес адам», «діни адамнан өзге халық» деген мағынаға сай келетін  латын тіліндегі «laicus» сөзінен шыққан. Рим империясы дәуірінде діни адамды «clerici», діни емес адамды «laici» деп атаған ғой. «Лаицизм» терминінің ағылшын тіліндегі аудармасы болып табылатын «Secularity» сөзі «дін және мемлекет істерін бір-бірінен бөлек ұстау» деген мағына береді.[2] Бұл сөз латын тіліндегі «заман» мағынасындағы «saeculum» сөзінен шыққан. «Лаицизм» мен «секуляризм» сөздері орыс тіліне «заманға сап түзеу» немесе «дүниеге бой түзеу» деген мағынадағы «светскость» сөзі түрінде енді. Францияда «Laïcité», «Laicisme» терминдері «материялық (ғылыми) және идеялық (діни) болмыстарды бір-бірімен араластырмау» деген мағынаны білдіреді.

Батыс елдеріндегі зайырлылық әлеуметтік қажеттіліктен туындаған құбылыс болса, Қазақстандағы зайырлылық тарихи үдерістің нәтижесі болып табылады. Сол себептен, Қазақстан әлеуметіндегі зайырлылық діндарлық пен сенушіліктен оқшауланбайды.

Батыстағы зайырлылық дін мен деноминациялар, діндарлар мен дінсіздер арасындағы күрес-қақтығыстарды тоқтату үшін пайда болды. Агрессияшыл экстремизмнен арылған пікір мен ар-ождан бостандығын құрметтейтін сана-сезімге қол жеткізу үшін ғылыми және демократиялық құрал ретінде қалыптасты. Қазақстан Республикасындағы зайырлылық болса, дінсіздік алқабындағы дінсіздер үстемдігінің қирауы жағдайында қалыптасқан құндылық болып табылады.

Бастапқыда Батыста христиандық «патшанікі – патшаға, құдайдікі – құдайға» деп аталатын дін мен мемлекет істерін бір-бірінен бөлу қағидатын ұстанған болатын. Шіркеу және дін қызметшілері, әсіресе мемлекеттің әлсіздігін, тіпті «жоқтығын» деп те айтсақ дұрыс болар, пайдаланып, кез келген нәрседе, оның ішінде мемлекетте де өз үстемдігін орнатқан еді. Бұнысына да қанағаттанбастан түрлі сылтаумен дінге қызмет етпейтін, грекше «laikos», латынша «laicus» («халықтық», «халықшыл») деп аталатын адамдарды, топтарды, қауымдар мен таптарды азаптай бастады. Инквизиция жиі қолданылды.

Еуропаның билеушілеріне айналған папалар крест жорықтарын ұйымдастырды, патшаларды тақтан алып, таққа отырғызды, қалаған елді құрып, қаламағанын қырды. Ортағасырлық Еуропада мал-мүліктің үштен екісі (2/3), жердің үштен бірі (1/3) және кірістің жартысы (1/2) папалардың қолында болды.

Христиандық тарихының ұзақ бір кезеңінде адамдардың діни әрі дінсіз өмірін билеп-төстеді. Сондықтан, ортағасырлық экономикалық өмірді шіркеуден бөліп елестету мүмкін емес. Өзін Құдайға тапсырып, монастырьде оңашаланған адамдар ғибадатпен қатар ауыл шаруашылығы, сауда-саттық және банкирлікпен айналысты. Орта ғасырларда бүкіл егіндік жерлердің үштен екісі (2/3), одан түскен кірістің үштен бірі (1/3) шіркеуге тиесілі еді. Шіркеу – қазіргі уақытта да Еуропаның ең ірі капиталистерінің бірі.

Қалай болғанда да, мұншама саяси, әлеуметтік және экономикалық күш пен мүмкіндікке ие шіркеуге қарсы бағытталған дұшпандық әуелі оны секталар мен шіркеулерге бөлді. Ең соңында шіркеу барлық нәрсесін, саяси, әлеуметтік және экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктерін халықшылдармен бөлісуге мәжбүр болды. Дін мен мемлекет немесе шіркеу мен мемлекет арасындағы бұл бөлініске, яғни жаңаша қарым-қатынасқа, биліктің мұндай жаңа сипатына «зайырлылық» деген атау берілді.

Шындығында да, Еуропа халықтарының басынан өткерген бұл тарихи үдерісті жақсы түсіну үшін мынадай екі фактордың орын алғандығын еске алу керек. Біріншісі, Еуропа халықтарында әлеуметтік таптардың қалыптасып, өзара қайшылықтарға баруы болса, екіншісі, христиандықтың болмысты бір-бірінен тәуелсіз рухани және дүнияуи категориялар тұрғысынан қарастыратын дуалистік дүниетанымға ие болуы еді. Бұл екі фактор өте маңызды. Себебі, зайырлылық христиандықтың дәстүрлі дүниетанымында дүнияуи мен рухани әлемді бір-бірінен бөліп қарастыруынан туындаған. Нәтижесінде, Батыстың христиандық қоғамы «діндар» және «зайырлы» деген екі әлеуметтік топқа бөлінді. Діндардың қарауына рухани істер кірсе, зайырлының қарауына дүнияуи істер кірді.

Қоғамдық құрылым жағынан бұл екі әлеуметтік топ «шіркеу» мен «мемлекет» аясында шоғырланды. Христиандық философияның ірі өкілі саналатын Әулие Августиннің пікірінше «civitas dei» деп аталатын «құдайдың мемлекетінің» қасында «civitas terrena» деп аталатын «жердегі мемлекет» бар. «Civitas dei – шіркеу», ал «civitas terrena – мемлекет» деп қабылдаған шіркеу Рим империясында заңды тұлғаға айналып, империя құлағаннан кейін оның саяси, әкімшілік, құқықтық жүйелерін өзіне ыңғайластырып алды. Сөйтіп, мемлекет болудың барлық элементтеріне қол жеткізді. «Канондық құқық» деп аталатын католиктік құқық арқылы «заң шығарушы билікті», монополист ретінде білім беру, мәдениет, халық санын тіркеу сияқты халыққа қызмет көрсету істері арқылы «атқарушы билікті», тек діндарды ғана емес, зайырлыны да жазаға тарту арқылы «сот билігін» қолына шоғырландырды. Осылайша, шіркеу VІІІ ғасырда Рим қаласы мен оның төңірегіндегі сыйға тартылған жерлерде өз мемлекетін құрған болатын (Бүгінгі Ватикан мемлекетімен шатастырмаған жөн. Ватиканды Папаға Б.Муссолини сыйға тартқан).

Дүнияуи-рухани бөліністің басқа бір көрінісін саяси биліктің мемлекет пен шіркеу арасында бөлініске салынуынан байқай аламыз. Мемлекеттік билік «regnum» («патшалық») деп аталса, шіркеу билігі «sacerdotium» («поптық») деп аталды. Христиандықтың тарихында бұл екі билік көзі өзара үстемдік үшін күресіп келді. Бұл күресте кейде шіркеу мемлекеттердің үстінен қарайтын құрылым сипатына ие болып, императорлар мен корольдерді билеген болса, кейде мемлекеттер шіркеуді басқарды. Екі билік көзінің арасындағы бұл күрес Францияда 1905 жылы теориялық тұрғыдан екеуінің де өз саласындағы еркіндігін есепке алатын «лаицизм» («зайырлылық») атты дін саясатымен аяқталды.

Бастапқыда мұсылмандардың Жерорта теңізін жаулап алуы әуелден сауда-саттықпен айналысатын Батыс Еуропаны Жерорта теңізінен алшақтатқан болатын. Бұл фактор екі маңызды нәтиже туындатты. Біріншісі, өздерін Рим империясының жалғасы санаған каролингтер христиандық идеологиясын исламға қарсы қойып, мемлекет ішінде шіркеудің үстемдігін мойындады. Діндарларды жоғары лауазымды қызметтерге тағайындап, жергілікті шіркеулерге мемлекеттік жердің кең алқаптарын сыйға тартып, салықтың оннан бір бөлігін (1/10) иеленуге рұқсат берді. Екіншісі, Еуропаның «феодализмге», жер иеленушілікке негізделген  аристократиялық (ақсүйектер) жүйеге өтуі болды. Сауда жолдарынан қол үзген Еуропа егін шаруашылығына негізделген қоғамға айналды. Каролингтер дәуірінде «мемлекеттік қызметкер» деп аталатын жауаптылар орталық билік әлсірегеннен кейін жергілікті мал-мүлікті иемдену арқылы аристократтарға айналды. Бұл ақсүйектердің жерсіз жатақтарды ант ішкізу арқылы өздеріне басыбайлы етуінің нәтижесінде феодализм пайда болды. Феодализм жүйесінде экономикалық және рухани үстемдік пен оқу-жазу монополиясын қолында ұстаған шіркеу ең маңызды орынға ие болды. Католицизм феодализмнің идеологиялық қаруына айналды.

Мұсылмандардың жаулап алу әрекетінің тоқтауы мен крест жорықтары Батыс Еуропаның Жерорта теңізіндегі саудасын жандандырды. Жаңа кәсіп орындарының пайда болуы нәтижесіндегі жерге басыбайлы жас жатақтардың ауылдан қалаға ағылуы буржуазия табының қалыптасуына жол ашты. Бұл жаңа тапты құраған босқындар өз мырзаларының оларды тауып алып, жеріне қайтаруынан қорықты. Сол себептен феодализмге және оның идеологиясы болып табылатын католицизмге қарсы жаңа бір қала құқығын қалыптастырды. Буржуазияның екінші қанаты зиялылар баспаханалардың пайда болуы мен кітап басылымдарының артуының арқасында экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізіп, ойларын еркін жазып, буржуазиялық көзқарастарды халыққа жайды. Шіркеу мен ақсүйектерге қарсылығын жазу арқылы білдірді.

Корольдер болса, табыс көзінен айырылған ақсүйектерден бет бұрып, қаржы көзіне айналған буржуазияға қолдау көрсете бастады. Папалардың үстемдігіне қарсы болған корольдер ендігі жерде «патшанікін – патшаға, құдайдікін – құдайға өтеңдер» деген саясатты ұстануға кірісті.

Қазақстан Республикасы конституциясының Франция конституциясы негізінде әзірленгендігін есепке ала отырып, христиандықтың тарихында француздардың дінге қатысты ұстанған саясатын төртке бөліп жіктесек болады. Олар:

1) бір дінді қолдап, басқа діндерге тыйым салған саясаты (ортағасырлық Франция);

2) бір дінді қолдай отырып, екінші дәрежелі деп таныған діндердің қызметіне рұқсат беріп, оларды да белгілі бір дәрежеде қолдаған саясаты (Ұлы Француз төңкерісі жылдарының қарсаңынадғы Франция);

3) ешбір дінге қолдау көрсетпестен, кейбір діндердің қызметіне рұқсат беріп, оларды белгілі бір дәрежеде қолдаған саясаты (1801-1905 жж. аралығындағы Франция). Эльзас-Лотарингия аумағында әлі күнге дейін осы саясат қолданылуда;

4) теория тұрғысынан шіркеу мен мемлекеттің өз араларында тәуелсіз қызмет жасауына жағдай жасайтын және мемлекеттің ешбір дінді мойындамайтын, ешбіріне қолдау көрсетпейтін, «зайырлылық» деп аталатын саясаты (1905 жылдан бергі қазіргі Франция).

Қысқасы, зайырлылық Францияда христиандықтың дәстүрлі дүнияуи-рухани айырмашылығынан және Францияның ұлттық мемлекет түсінігі мен католик шіркеуінің ғаламдық идеологиясы арасындағы қақтығыстан туындаған мемлекеттік сипат болып табылады. Батыс қоғамында діндар емес халыққа және мемлекетке шіркеу мен діндарлар қысым танытқан болатын. Бұл қысым шегінен шыққанда көпшілік бірігіп, шіркеу мен діндарлардың астамшылығынан құтылу үшін оларға қарсы ұзаққа созылған күрес нәтижесінде жеңіске жеткен еді. Осылайша, Батыс қоғамында шіркеу мен мемлекет, діндар мен діндар емес әлеуметтік топтар арасында ықпал мен күш тепе-теңдігін қамтамасыз еткен зайырлылық орнады. Батыс әлеміндегі зайырлылық қоғамның әлеуметтік бейбіт өмірді, діндар емес адамдар мен әлеуметтік топтардың көбірек еркіндікті, мемлекеттің көбірек тәуелсіздікті қажетсінуінен туындағандығын ұмытпаған жөн.

Нәтижесінде Батыстың кебір жерлерінде зайырлы, кейбір жерлерінде жартылай зайырлы, кебір жерлерінде сөз жүзінде зайырлы, кей жерінде толыққанды діни немесе керісінше дінсіз елдерден құралған жайы бар.

Бүгінгі Қазақстанның ішкі өңірлеріне көз жүгіртсек, азаматтардың рухани халі батыстағыдай деген тұжырым жасауға болады. Десек те, түрлі көзқарасқа ие Қазақстан азаматтарының ынтымақтастық аясында өмір сүруін тек зайырлылық қана қамтамасыз ете алмақ. Зайырлылық – әрбір азаматтың ождан, ғибадат және дін бостандығын мойындайтын білгірлік.

Білгір азаматтың зайырлы білім беру жүйесі нәтижесінде қалыптасары анық. Зайырлы білім беру жүйесі зайырлы бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар дамиды. Бұл екі тарау шындыққа жетелейтін зайырлы білімге, ал зайырлы білім зайырлы ақпаратқа негізделеді. Зайырлы ақпарат дегеніміз ұлттық мүдде елегінен өткен  сана мен сезім, дінсіздік пен дін ақпараттарының қосындысы. Қазақстан Республикасының бүгінгі зайырлылық мәселесі зайырлы ақпараттың жетіспеушілігіне тіреледі.

Зайырлы ақпарат халықтың сана-сезімінен, тілі мен ділінен бастау алады. Халықтан асқан білгір де, білімдар ешкім жоқ. Сондықтан, алдымызда зайырлылықты халықтан үйрену мәселесі тұрған сияқты.

 

 



[1] Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Жалпы редакциясын басқарған Т. Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.

[2] Терминнің тарихи дамуының нәтижесінде католиктік Еуропа мен англосаксондық Еуропа арасында бір нюанс пайда болды. Католик елдерде лаицизм, ал басқаларында секуляризм орын алды. Лаицизмде дін мемлекеттің бақылауында болса, секуляризмде дін мен мемлекет бір-бірінен тәуелсіз сала болып табылады. Протестанттық және англикандық елдерде секуляризм күнделікті өмірді белгілеп отыратын өмір сүру салты және дүнияуи істерге дінді араластырмау деген мағына береді.

 

Баймаханов Б.К.,

ҚР ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының ғылым ісі жөніндегі орынбасары, т.ғ.к.

 

 

Оқылды 1850 рет
JoomShaper