Мұсылманды қырқыстырып мал табуда

Жұма, 04.03.2022

Біз бүгін белгілі ғұлама Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтің әлемдегі бүлікшілер турасында айтылған уағызын жариялауды жөн санап отырмыз.

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф (Алла оны рақым етсін) өз дәуірінің ұлы ғалымдарының бірі һәм бірегейі еді. Ол муджәддид, муфассир, мухаддис, фақиһ, ойшыл, муршид, захид, ұлы қайраткер және көрнекті ислам діні мамандарының үздіктерінің бірі болды. КСРО Жоғарғы Сотының халықтық депутаты, Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Мүфтиі және тәуелсіз Өзбекстанның ең алғашқы Мүфтиі, көптеген беделді халықаралық ислами мекемелер мен ұйымдардың ортақ құрылтайшысы болған еді.

Жақында Тунистік бір азамат интернетке зерттеу жасағанын айтады. «Қазір әлеуметтік желілер сондай мазасыз жер. Ол жерде кімнің кім екенін ешкім білмейді. Біреулері жалған атпен тіркеліп, түрлі анайы сөздер жазып қалдырады. Ал, рамазан айы басталғалы барлығы бей әдептіліктен арылып, әдепті бола қалды. Бір де бір анайы сөз іздеп таба алмадым» дейді. Көрдіңіз бе, мұсылмандық қай дәрежеде. Бұл барлығымыздың қуанышымыз. Бірақ, жақсылап ойлап көрейікші. Қазір мұсылман әлемінде осы жердегідей жағдай барлық жерде кездеседі ме? Жоқ. Қазір мұсылманмын дегендер қырғи-қабақ соғысып, бір-бірінің қанын төгуде. Жұртын ойрандап, балаларын жетім, жарларын жесір етуде. Ақпарат құралдарына назар аударсаңыз, диктор барлығын оқып отырса да, төменгі жағынан жүгіртпе сөз шығып жатады. Ол жерде де ең маңызды ақпараттарды бірінен соң бірін шығарады. «Бүгін Пәкістанда мешітте болған жарылыс салдарынан пәлен адам қаза тапты. Ауғанстанда екі тараптың қақтығысы кезінде пәлен адам оққа ұшты. Ана жақты 100 адам, мына жақта 120 адам бақилық болды» деп хабарлап жатады. Бұлардың барлығы – мұсылман елдері. Байқасаңыз, мұсылман мұсылманды өлтіруде. Мүлкін ойран етуде. Бір-бірінің тарихи ескерткіштерін  қиратуда. Қабірлерін бульдозермен тегістеуде. Өкінішке қарай, осылардың барлығы рамазан айында болып жатыр. Бұл істер мұсылман үмметі үшін арсыздық, өте ұят нәрсе. Осының алдында өзге діннің өкілдері «Рамазан айы жақындап келеді. Бұл ай мұсылмандар үшін өте қасиетті ай болып есептеледі. Сондықтан, осы айда мұсылман мемлекеттерінде болып жатқан түрлі қақтығыстар тоқтайтын шығар» деген болжам айтқан болатын. Ал кейін, «Мұсылмандар қасиетті рамазан айна да қарамай соғысуда» деп жазды. Бұл –мұсылмандарға абырой емес. Өркендеу, даму, тыныштық жоқ. Осылар рахаттанып ораза ұстап жүр деп айта аламыз ба?!

БҰҰ-ның  балалар ісі жөніндегі бөлімі «Игі жақсылар! Тыңдаңыздар! Сирияда 6 миллион сәби жәрдемге мұқтаж. Көмектесіңіздер» деп жариялады. Кейбір мемлекетің бүкіл халқының саныда жетпейді бұған. Оларды осындай жағдайға душар еткен де сол өзіміздің мұсылмандар. Бұл бірді екілі мемлекеттерде ғана емес, қарасаңыз мұсылман елдерінің көптеген бөлігінде осы жағдай. Әсіресе, Араб әлемінде кең етек алуда. Екі тарапта мұсылманбыз дейді. Екеуі де намаз оқиды, ораза ұстайды бірақ, бір-бірін өлтіреді. Бір суретші осы мағыналас масқара боларлық сурет салыпты. Онда үстеріне араб киімін киген екі адам бір-бірінің басынан үлкен тоқпақпен ұрғылауда. Екі тоқпақтың да басында «Аллаһу акбар» деген жазу бар. Бұларды сырттай бақылап тұрған екі дұшпанның бірі «мына екеуінің қайсысы жеңіске жетер екен?» десе, екіншісі «жеңіске біз жетеміз» деп жауап беріп тұр. Осылайша екі мұсылман бір-бірін өлтіріп жатқанда жеңіске өзгелер жетіп жатыр. Егер сол соғысып жатқан мұсылмандардың барлығын жинап алып, «осы жерде отырып, бір қару жасап шығыңдар» десе бір оқ та жасап шығара алмас еді. Ал, бірақ өз отандасын өлтіру үшін өзгелерден қару сатып алудан аянбайды. Мүмкін олардың да өз уәждері бар шығар. Мемлекетке, жүргізіп отырған саясатқа қарсылығы бар шығар. Бірақ мемлекетке қарсы шығуға саған кім рұқсат берді. Сол соғыстың кесірінен бар мемлекеттер жоқ болды. Ең өкініштісі, солардың барлығы өздерін мұсылманбыз дейді. Бірақ, мұның түбі әлі көрінбей жатыр. Мысалы, Сомали мұсылман мемлекеті. Халқы түгел мұсылман. 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында осы жерлерді Мұхаммед Сайд Барак деген әкім болып, адамдарға бұрыс саясат жүргізген. Бұған халқы көтеріліп, аяғы соғысқа ұласқан. Ұзақ жылғы соғыстан кейін, 1991 жылдары ол елін тастап қашуға мәжбүр болады. Содан бері 23 жыл болды, екі жақ әлі соғысып жүр. Сол 1991 жылы туған балалар қазір қару алып бірін-бірі атуда. Әлі бұл соғыстың түбі көрінетін түрі жоқ. Өйткені, бұл соғыс оларға ата-бабаларынан мирас болып қалды.

1994 жылы конференция өтті. Конференция барысында Сомали еліне қатысты комиссия құрылып, ол комиссияның жетекшісі етіп мені бекітті. Біз Сомалиге бардық. Ол жақта ұшақ жоқ. Бірақ, тізімде жоқ ұшақтар адамдарды тасымалдап жүр. Ал, ұшақ қонатын жерде малдар жайылып жүреді екен. Соғыстың кесірінен әуежайлардың күлі көкке ұшқан. Біз екі тараппен де сөйлестік. «Екеуіңде мұсылмансыңдар, жауласудан опа таппайсыңдар. Бұдан бұлай жарасып өмір сүріңдер» деп келіссөз жүргіздік. Екі тарапта «біз келісімге келуге, татуласуға дайынбыз» деп сөзге тоқтады. Бірақ, біз кеткеннен кейін қайта соғысты бастап кетті.  Әлі күнге дейін соғысып жатыр. Олар үшін соғыс деген күнделікті жұмыс секілді болып қалған. Естісеңіздер, «Сомалилік қарақшылар» деген топ болған. Олар кемелерге шабуыл жасап, адамдарды кепілдікке алып, миллиардтаған ақша талап етеді. Осыдан «мұсылмандар осындай қарақшы болады» деген түсінік қалыптасты. Олардың ілімі жоқ, ізденісі жоқ және бір-бірін құрметтеу жоқ. Осы соғысқандары аз болғандай, енді бұлар сырттан адам тарта бастады. «Алланың жолына келіңдер. Осы жерге келіп соғыспасаңдар кәпір боласыңдар, о дүниеде тозаққа барасыңдар. Келсең сауап болады» деп дінді ортаға салып, білімсіз адамдарды алдауға шықты. Ал, оған бара жатқандар ол жақта өзі секілді мұсылманға оқ ататынын түсінбейді. Көрші мемлекеттегі бір ғұлама досым мынадай бір жағдайды баяндап берді. Ата-анасымен дәулетті тұратын бір жігіт барлық дүниесін сатып соғысқа кетіп қалыпты. Оның қай қиырда жүргенін ешкім білмейді. Содан ата-анасы  «молдеке жағдай осындай болды, жәрдем беріңіз. Телефонымен сөйлесіңізші» деп менің досыма келіпті. Сөйлессе, «біз қазір соғыс болып жатқан жерге келдік. Әзірге соғысқа дейінгі дайындықтамыз» депті. Сосын досым «Әй, ақымақ. Сен қайда барғаныңды, кімге қарсы оқ ататыныңды, соңы не болатынын білесің бе? Қандай сауап аласың? Сен кеш болмай тұрғанда жинал да, тез үйіңе қайт» деп біраз түсіндірген екен, әлгі жігіт ақылға келіп, үйіне оралыпты. Мұндай жағдайлар көп. Бірақ, бұлар интернет, телефон арқылы «Келіңдер, сендерге жәннаттың есігі ашық тұр» деп жұртты шақырып жатыр. Болмаса өздерінің елшілерін жіберіп, адамдардың басын айналдырады.

Саудияның мүфтиі Абдул Азиз аш-Шейх: «Ей, осы соғыс дұрыс емес, ешкім бармасын. Балаларыңызды жібермеңіздер. Ей шақырушылар! Сендер бұлай жасамаңдар. Сендер қателік жасап жатсыңдар. Бұл мұсылмандыққа қарсы» деп айтуда. Сол кісі айтады. Біреу осындай жолмен елді соғысқа баруды үгіттейді екен. Оның үгітіне иланған бірнеше адаммен бірге өзінің ұлы да соғысқа аттанып кетіпті. Сонда ол кісі Сауд Арабияның мемлекетке келіп, «менің ұлымды қайтарыңдар, мен оның кеткенін білмей қалдым» депті. Сонда ол үшін өзінің ұлы баруға болмайды екен де, басқа адамдар бара берсе болады екен. Бұл осы жұмысы арқылы пайда тауып отырған адам. Осындай жағдайлардан кейін Сауд Арабия үкіметі осындай жолмен соғысқа кеткендерді ұстап, 20-30 жылға дейін абақтыға жабу туралы арнайы заң қабылдады. Үкімет бұған мәжбүрліктен барып отыр. Бұл кімге пайда, кімге зиян?! Міне, мұсылман апаты осы жерде.  Жер бетінде – рамазан шариф, ал мұсылман елдерінде – қантөгіс. Үлкен қалалар қирап, қиыршық тасқа айналуда. Дәрменсіз балалар да осындай күйде. Бұл қашанға дейін жалғасады?! Осы нәрселерді түсіну керек.

Үш-төрт күн бұрын бір жігітті өзім шақырып едім, сөйлесейін деп. Сұрақтарына жауап алып отырып: «Мұсылман әлемінде болып жатқан соғыстар туралы не ойлайсыз? Біреуі халифамын дейді. Қазір көпшілігіміздің ойымызда осы мәселе. Біз қалай боламыз? біздің көзқарасымыз қалай болады?» деп сұрады. Ол өте дұрыс сұрады. «Бұл нағылған жағдай? Қайда барам? Не табам?» деп ойланып, менен келіп сұрап отыр.  Интернеттен немесе телефоннан хабар жетсе болды, бірден жиналып кетіп қалмау керек. Бұл шариғатта бар ма? Бар болған жағдайда не амал жасау керек деп білетіндерден сұрау керек.

Бұлар бір-бірімен соғысу дертіне шалдыққандар. Анау халифамын деп жүргендер әуелгіде Әл-Қайданың мүшесі болған. Сол жерден бөлініп шығып, өздері Ирак және Шам мемлекеті деген ұйым құрған. Бұл ұйым Сирия үкіметіне қарсы соғысқандар мен қатты соғысты. Екеуі де үкіметке қарсымыз дейді де, бір-бірімен соғысады. Өкінішке орай, екеуі де исламды ұстанамыз дейді. Кейін бірден Иракқа шабуыл жасап «Ислам халифатын» жариялады да, «Мен халифа болғаннан кейін барлығы менің айтқанымды істеу керек. Маған келіңдер, мен қару беремін» деді. Сол күні бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы бұл ақпаратты таратты. Ертесіне сәресіден кейін компьютерімді ашсам, маған хат келіпті. Хат әлемдегі мұсылман ғұламалары бірлігі ұйымынан екен. Қазір мен сол ұйымның хатшыларының мүшесімін. Сондықтан, не жарияланса да бірінші маған келеді. Хатта:  «Өздерін «Ирак және Шам мұсылман мемлекеті» деп жариялағандардың қылығы шариғат үкімі бойынша жарамсыз, бұлай жасауға ешкімнің қақы жоқ. Мұндай жағдайды әлемнің барлық ғұлама ғалымдары талқылаудан өткізіп, қорытынды шығарып, дауысқа салып шешеді. Кім болса сол мен халифамын деп көшеге шығып жариялай бермейді. Бұған ислам қауымы алданып қалмаңдар» деген мағынада жазылған екен. Міне, осындай жағдайлардан барлығымыз сақ болуымыз керек.  Қазір Орта Азия елдерінен сол жерлерге аттанып кеткендер бар. Солардың біреуі интернетке «түгенше» деген кісінің пәтуасымен келдік деп жазыпты.  Ал, ол айтып отырған адамының қайда тұратыны белгісіз біреу. Шақырылғандардың бір тобы басқа арабтарға, екінші тобы басқа арабтарға қосылған. Жақында сарапшылар Орта Азиядан келгендер екі тарапқа бөлініп, бір-бірімен соғысуда» деп жазды. Яғни, екі ағайынды кісі екі топқа қосылып, бір-біріне оқ атуда. Бұлардың барлығы да дұрыс емес. Тіпті тозаңдай да істері исламға сай келмейді. Осының барлығын бейбіт түрде, келісімге келе отырып шешкен жөн болады. Өркендеу үшін, ел мен адамдардың бақыты үшін, ислам үшін пайдалы іске айналдыру керек. Соғыс ешқашан пайда әкелмейді. Тағыда айтамын, Сомалида отыз жылдан бері соғыс жалғасуда. Ауғанстанға қанша жыл болды?! Бірақ, әлі соңы көрінбейді. Мұсылман елдері арасында тек Шешенстан жері ғана тынышталды. Олар неге тынышталды? Өткені олар үлкен ғұламалардың сөзіне құлақ асты. Барлық ғұламалар жиналып, «Ей, бұлай жасамаңдар. Осы соғыстың салдарынан қанша қалаларың ойран болды. Қанша адамдарың ажал құшты. Сендер Ресей секілді үлкен елдің ішінде тұрып, тыныш өмір сүріп, өздеріңе де, мұсылмандарға да пайда келтіріңдер» дедік. Мен осы мақсатпен соғыс уақытында Шешенстанға екі мәрте бардым. Сол кезде Ахмед Қадыров маған өтініш жасап, Мәскеуде өзі қарсы алған еді. Және өзі бірге жүріп барлық жерлерін аралатты. Мен сол сәттегі бейнетаспаны әлемдік мұсылмандар ұйымына көрсеткен болатынмын. Кейін менің бастамаммен Рамзан Қадыровтың ағасы Ахмед Қадыровты тағы бірнеше кісіні жинап, Шейх Юсуф Қардауидың алдына ерітіп бардым. Ол кісі де бұл ойымызды құптап, пәтуа шығарып берді.

Қазір Шешенстан халқы мешіттеріне барып, құлшылықтарын жасап, бейбіт заманда өмір сүруде. Басқа жерлерде бұл жоқ. Міне, біз осы жағдайлардың барлығын жақсы түсінуіміз керек. Таныстарда, туыстарда кімде-кім осыларға алданып қалса, оларға тура жолды көрсету керек. Исламның қайырымды, мейірімді дін екенін, мұсылман мұсылманның қанын төгуі мүмкін еместігін түсіндіру керек. Қалайша «лә иләһа иллә Алла» деп тұрып бір-бірінің қанын төгеді. Осы ақиқатты түсіну барша мұсылманға қажет.

Аллаға шүкір, қазір көпшілігі бұл жағдайды түсінді. Бірақ, арасында жан ауыртар жағдайлар болып жатыр. Осылардан сақ болуымыз керек.

 Дайындаған Олжас СӘНДІБЕК 

Оқылды 542 рет
JoomShaper