Жәңгір ханның ислам шариғатына қатысты жарлығы хақында (ФОТО)

Сейсенбі, 22.12.2021
Жәңгір ханның ислам шариғатына қатысты жарлығы хақында (ФОТО)

Бөкей ханның ұлы Жәңгір ханның ислам шариғатын берік ұстанғандығын айғақтайтын мәліметтер бар. Мысалы, «...1835 жылы Жәңгір ханның тікелей нұсқауы бойынша мұсылман мешіті ашылды. Хан қазақ ауылдарындағы молдалардың санын арттырды. Олар хатшылық және рухани ұстаз міндеттерін қоса атқарды. Хан Аллаға қалай құлшылық етудің үлгісін өзі бас болып үйретті.

Ресейдің зерттеуші ғалымы А.Алекторовтың айтуына қарағанда: «хан бірде-бір рет намазын қаза қылмаған, жұма сайын сұлтандармен бірге мешітке барып тұрған, рамазан айындағы ораза кезінде онда таң атқанша болып жүрген»[1]делінеді. Жәңгір ханның жастардың ғылым-білім, діни сауаттылығын көтеруге аянбай еңбек еткендігі жайында белгілі қазақ этнографы Мұхаммед Салық Бабажанов: «...Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, 60 адам ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды...»[2] деген мәліметті келтіреді.  

Жәңгір ханның ислам дінін ұстанған өте парасатты, жомарт әрі ізгі жақсылардың бір болғандығы жайында татар тарихшысы, қоғам қайраткері Мухаммед Мурад Рамзидің 1908 жылы араб тілінде жарық көрген 2 томдық «Талфиқул-ахбар уа талқихул-әсәәр фи уақаи Қазан уа Булғар уа мулукут-Татар» атты еңбегінде де баяндалады.

Бұл еңбекте автор Бөкейұлы Жәңгір ханды өзінің шын есімімен «Жиһангир (Жаһангир) хан» деп атап, оның хан тағына отыруына қатысты: «...Әбілқайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы Жаһангир (Жәңгір) хан. Әкесі Бөкей хан қайтыс болғанда ол 12 жаста болатын. Оның жасының кіші болуына байланысты хандықты уақытша әкесінің інісі Нұралы ханның ұлы Шығай хан басқарып тұрды. 1833 жылы, һижра жыл санауы бойынша 1249 жылы сапар айында оның жасы жиырмаға келгенде Ресей патшалығы тарапы оны таққа отырғызып, оған генерал майор деген шен берді...» деген мәліметті келтіреді.

М.Разми әл-Мәржәнидің[3] айтуынша «...Жәңгір хан діндар, өте парасатты, жомарт, ғұламалар мен ізгі жақсыларды жақсы көретін, көркем мінезді, сауапты істерді көп жасаушы жан болған...» деген сөздерін келтіре отырып, Жәңгір ханның есімі «...күні бүгінге дейін атақты. Оның бойындағы жақсы мінез-құлқы жайындағы әңгімелер осы күнге дейін адамдардың аузында жүр... Ол өз халқы арасында ғылым-білімді, ағартушылықты насихаттауда басқаларға қарағанда орны ерекше...» дейді.

М.Разми Жәңгір ханның ислам дінінің шариғатына қатысты бекітіп берген жарлығы жайында: «...Бөкейұлы Жаһангир (Жәңгір) хан Бес сары руының үлкен ақсақалдарының өтініші бойынша Тана (автор: «...Тама руы болса керек..»,-дейді) руынан шыққан Төребай ұлы Отызбай молданы оларға имамдық ету құқығын беретін жазбаша жарлық шығарады. Жәңгір хан мен олардың өтінішін қабыл ете отырып, Отызбайды елдің бас қазысы Тархан бин Жәбір ибн Хаммадтың менің алдымда отырып, сынақ тәжірибесінен өткізіп, емтихан алғаннан кейін, оның бұл қызметке лайық екендігіне толық көз жеткізгенімнен кейін барып мен оған өз келісімімді бердім. Ол Мұхаммед пайғамбардан жеткен шариғатымызға қатысты істерді жүзеге асыру үшін мына жарлыққа сүйене отырып үкім шығаруға міндетті»-деген сөзін келтіре отырып, жарлық мына төмендегідей тармақтардан тұрғандығын жазады.

Біріншіден: Жоғарыда айтылған (Бес сары руының) адамдар арасында мешіттер мен медреселер салу ісін жүргізу, ауыл адамдарының той, мереке мейрамдарды атап өтуіне басшылық ету, жас балалардың тәлім-тәрбиесіне мән беріп, оларға күнделікті бес уақыт намаз бен жыл сайынғы отыз күн оразаның мойынға жүктелген парыз амал екендігінің үкімін үйретіп, жауапкершілігін сездіру.

Екіншіден: Жалпы ауам, бұхара халыққа иман мен исламның үкімдерін түсіндіріп, үйрету және жаңа туылған сәбилерге жақсы мағына беретін көркем есімдер қойып, оларды сүндеттеу. Отбасын құрғалы тұрған жас жұбайлардың некелерін қию, қайтыс болғандарына жаназа намазын оқып, жерлеу рәсімдерін атқару.

Үшіншіден: Ағайын-туыс жақындардың қатысуымен өтетін неке қию рәсімін екі әділ куәгердің алдында күйеу жігіттің қалыңдыққа мәһір[4] сыйлығын беруі және қыз бен жігіттің некелесуге келіскендігін білдіретін сөзді (сиғаны)[5] айтулары арқылы өткізу.

Төртіншіден: Ескі әдеттен қалып қалған жігіт пен қыздың жеке дара кездесу әрекеттеріне тыйым салу, жол бермеу.

Бесіншіден: Күйеулері қайтыс болған әйелдердің иддәт[6] мерзімі толық аяқталғанына көз жеткізбейінше басқа адаммен некелесіп қоймауын қадағалау.

Алтыншыдан: Күйеулері қайтыс болып, иддәт мерзімі аяқталған әйелдердің қайтадан отбасын құрулары барысында олардың өз қалауларын ескеру. Күш көрсетіп, зорлықпен некеге мәжбүрлемеу. Мұндай жағдайдағы әйелдің өз келісімі ескерілуі қажет, оның ата-анасынан немесе ағаларынан рұқсат алу шарт.

Жетіншіден: Мирасқа қалған мал-мүлікті бөлу кезінде (мұрагерлік мәселесінде) арнайы шариғи, діни  білімі бар мамандарға жүгініп, оны шариғат белгілеген талаптарға сай етіп бөлінуін қадағалау.

Сегізіншіден: Мал-мүліктері нисаб[7] мөлшеріне жеткен дәулетті адамдарды міндетті зекет малын беруге қызықтырып, олардың шариғат талабын орындауларын ескертіп отыру.  

Тоғызыншыдан: Қарапайым бұқара халықтың жасы мен кәрісіне діни уағыз жасап, насихат айту. Оларға хандық жүйе мен мүліктік қағидаларды үйрету. Сондай-ақ басшыға бойсұнудың маңыздылығын ұқтырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Оныншыдан: Біздің қауымға кіретін сендердің руларыңның (Бес сары руының) арасынан және орыс қауымы арасында ешқандай да қарақшылар мен тонаушылар, ұрылар болмайды.

Мен жалпы істерге жауапты басшыларға хат жазып отырамын. Олар сендерге тапсырылған аталмыш істердің толық орындалуларыңа көмектесетін болады. Сендер жылына бір рет атқарылып жатқан істер жайлы жазбаша есеп беріп отыруға міндеттісіңдер»,- деген мазмұнда болғандығын жазады.

Жарлық соңында: «Мен Бөкейұлы Жәңгір хан осы жарлықтың мазмұнын растап, өз мөрімді бастым».

«Мен бас қазы Тархан бин Жәбір ибн Хаммад хан (Жәңгір хан) құзырында  1842 жыл (һижра жыл санауы бойынша 1257 жыл) бұл имамды сынақтан өткізгеннен кейін өз мөрімді қойдым. Жарлық нөмірі 60»,-деген мәліметті де келтіреді.

М.Рамзи «Жәңгір хан 1261 һижри жылы (1844-1845 милади жылы) қайтыс болды. Оны өзінің хан ордасына апарып, сол жерге жерледі. Оның жасы ол кезде 42 болатын. Осылайша ол небары 22 жыл билік тұтқасын ұстады. Егер ұзақ жыл өмір сүргенде ол өз елінің дамуына үлкен үлес қосып, өте жақсы реформалар жасайтын еді. Амал қанша, бәрі де Алланың қалауы. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын! Алла оны рақымына бөленсін» деген ізгі тілекпен сөзін аяқтайды.

Атақты татар тарихшысы Мурад Рамзи Жәңгір ханның отбасы, балалары жайында да мәліметтер береді. Жалпы автор қазақ елінің хандары туралы, олардың өнегелі өмірі жайында тың мәліметтер келтіреді. Бұйырса, жақын арада автордың «Қазақ хандары» жайында жазып қалдырған мәліметтерін, ой-пікірлерін жинақ ретінде көпшілікке жария ететін боламыз.


 

Палтөре ЫҚТИЯР,

«әл-Фараби» атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті,

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті



[1] https://kk.wikipedia.org/wiki/Бөкей хандығын (Жәңгір ханның мәдени-ағарту саласындағы қызметі)

[3] көрнекті татар ойшылы, ағартушы, ғалым, тарихшы Шиһабеддин әл-Маржани.

[4] Мәһір сыйлығы – некелесу кезіндегі ер кісінің әйелге беретін сыйлығы.

[5] Сиға – некелесу кезінде екі тараптың да немесе екеуінің бірі «келістім» деп өткен шақта айтуы.

[6] Иддәт – ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған әйелдін күтетін мерзімі. Күйеуі қайтыс болған әйелдің иддет уақыты төрт ай он күн.

[7] Ислам шариғатында зекеттің парыз болуы үшін дүние-мүлікке қойылатын мөлшер, шарттар.

Оқылды 999 рет
JoomShaper