Сәлемдесудің маңыздылығы

Дүйсенбі, 29.02.2022

Адам баласы қай уақытта болмасын, сәлем берген кезде басқалаға «Сіздерге аман-саулық тілеймін» дегендей  болады. Сондықтан қоғамда және жалпы адам өмірінде «сәлем» сөзінің маңызы өте үлкен. Ислам мұсылманға сәлем беруді міндеттеп қойған. Өйткені, мұсылмандардың бір-бірімен сәлемдесуі олардың арасында адамгершілікті, махаббатты және құрметті тудырады. Бір-біріне жек көрінішін, жауласуын және кек сақтауын жояды. Сонымен қатар өзара сәлемдесу адамдарды кішіпейілдікке, мейірімділікке үйретіп, мақтаншақтықты, тәкәппарлықты басады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.ғ.) былай деген:

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.ғ.с): «Алла тағала Адамның (ғ.с.) бойын отыз шынтақ етіп жаратты. Сөйтіп оған: «Барып аналарға сәлем бер! Кейін олардың саған берген жауабын тыңда. Сол сенің және сенің үмбетіңнің сәлемі болмақ»,—деді. Ол жақта топ-тобымен періштелер отырған болатын. Адам (ғ.с) барып періштелерге: «Ас-Саләму ғалейкум» деп сәлем береді. Олар: «Ас-Саләму ғалайка уа рахматуллаһи»,—деп жауап қатты» деді» деген хабарды айтады

Хадиске түсінік берер болсақ, сізге сәлем берген кісіге, оныкінен жақсырақ етіп қайыру. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне амал қылып, сүннәтін әрі қарай жалғастырып, дәл пайғамбарымыздікіндей сәлем беріп, сәлемді алу. Егер бір кісі «Ассаләму ғалейкум», – десе, екіншісі «Уа ғаләйкумус-саләм уа рахматуллаһ», – деп жақсырақ етіп амандасу сүннәт. Араб тілінен аударғандағы қазақша мағынасы: «Сізге Алланың амандығы болсын», – деп амандасқан кісіге «Сізге де Алланың сәлемі  жаусын», – деп сәлем қайырады.

Ал, мұсылман бауырыңыз: «Ассаләму ғалейкум уа рахматуллаһи» деп сізге сәлем берсе, сіз «Уа ғаләйкумус-саләм уа рахматуллаһи уа баракатуһу», – деп ол кісінікінен абзалырақ етіп сәлем беріңіз. Сонда барып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан сауапқа ие боласыз.

 

Сәлемдесу әдептері 

Мұсылман амандасқан уақытта даусын көтеріп сәлем берген дұрыс, ауыз жыбырлатып, басын изеп амандасу сүннәтқа жат нәрсе. Бұлайша яһудилер сәлемдеседі. Егер сәлем беретін кісіңіз ұзақта тұрса ишара білдіріп сәлемдесіңіз. Бөлмеге кіріп келгенде көпшілік болса дауыстап амандасып, арасында құлағы естімейтін кісілер болса алдына барып қолмен, ишарамен сәлем берген мақұл.

Егер мәжіліске, оқу залына, сыныпқа кіріп келсеңіз де, шықсаңыз да сәлем беріңіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Сендерден, бірің жиынға келсе, ондағыларға сәлем берсін. Кететін болса да сәлем берсін. Себебі бірінші сәлемдесудің міндеттілігі, екінші сәлемдесуден артық емес», – деген, яғни екі ретте де сәлемдесудің маңыздылығы зор.

Алла тағала «Ниса» сүресінде: «Егер сіздерге сәлем берілсе оныкінен жақсырақ етіп қайтарыңыз, ең болмаса өзінікіндей етіп қайтарыңыз», – деп әмір етеді.

Мұсылмандар амандасқанда қалыптасқан дәстүр бойынша екі қолдап ер азаматтар жағы сәлемдеседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі мұсылман кездесіп қол алысатын болса, олардың күналары екеуі айырылысудан бұрын кешіріледі», – деп айтқан (Имам Әбу Дауд риуаят қылған).

«Мен Анастан (Алла оған разы болсын): «Нәбидің (с.ғ.с.) сахабалары сәлемдескенде қол алысатын ба еді? » – деп сұрағанымда, ол: «Ия», – деп жауап берді» деген хабарды имам Бухари жеткізеді.

Айша анамыздың (Алла  оған разы болсын): «Зайд ибн Хариса (Алла оған разы болсын) Мадинаға келген уақытта Нәби (с.ғ.с.) менің үйімде еді. Зайд ибн Хариса есікті қаққанда Нәби (с.ғ.с.) оны қарсы алу үшін киімін сүйреткен күйде есікке қарай жүрді. Кейін пайғамбар (с.ғ.с.) Зайд ибн Харисаны (Алла оған разы болсын) құшақтап сүйді», – деп айтқан хадисын имам Тирмизи келтіреді).

Кімде-кім бірінші  сәлем берсе, мол сауапқа ие болады. «Әт-Туфайл ибн Әбу Кағб (Алла оған разы болсын) әдетте Абдулла ибн Омарға (Алла оған разы болсын) келіп, кейін екеуі бірге базарға баратын.

Әт-Туфайл ибн Әбу Кағб айтады: «Біз базарға барғанымызда Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) кімге кездессе де, ол ескі-құсқыны сатушы, саудагер кедей немесе жай бір адам болсын, оларға сәлем бермей жанынан өтпейтін. Бір күні мен әдеттегідей Абдулла ибн Омарға (Алла оған разы болсын) келгенімде ол мені базарға шақырды. Сол уақытта мен: «Сен базарға барғанда не істейсің, бір нәрсе сатып алмайсың. Ондағы заттың бағасын сұрамайсың және өз заттарыңа баға қоймайсың. Не болмаса базарда жиналғандарға қосылмайсың, оданда бізбен бірге отырып әңгіме айтсаңшы», – дедім. Менің бұл сөзіме Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Ей, Әбу Батн! Біз базарға тек сәлемдесу үшін ғана барып, кездескеннің бәріне сәлем береміз»,  – деп жауап берді (имам Маликтің риуаяты).

Пайғамбар (с.ғ.с.) келесі хадисінде: «Расында адамдардың ішінде Алла тағалаға ең жақыны, басқаларға бірінші болып сәлемдескені», – деген (имам Әбу Дауд).

«Пайғамбардан (с.ғ.с): «Иа, Расул Алла! Екі адам кездессе, олардың қайсысы алдымен сәлемдеседі?» - деп сұрағанда. Ол кісі: «Алла  тағалаға жақын болғаны», – деп жауап берді» деген риуаятты имам Тирмизи келтірген.

Анас ибн Маликтен «Расул Алла (с.ғ.с.) маған: «Ей, балам! Үйіңе кіргенде сәлем бер, сенің сәлемдескенің өзіңе және үй-ішіңе Алла тағаланың берекесін алып келеді» - деп айтты деген хадисті де имам Тирмизи жеткізген.

Нафиғ: «Мен Шам елінің Абдулла ибн Закария деген ғалымымен сапарда серіктес болдым. Бір кезде астымдағы көлігім тоқтап, мен артта қалып қойдым. Сөйтіп жүрісімді жылдамдатып, Абдуллаһ ибн Закарияны қуып жетіп, үнсіз оның қатарына қосылдым. Сол кезде ол маған: «Сен сәлем бермейсің бе?» – деді. Мен оған: «Мен жаңа ғана сенің қасыңда болдым емес пе?» – дедім. Ол: «Сен рас айтасың бірақ, сахабалар бірге келе жатып, араларын бір ағаш ажыратып жіберсе де, қайта қосылған сәтте олар бір-біріне сәлем берген», – деді» деген хабарды келтіреді.

Дәлірек айтқанда, әрбір мұсылман, бір-бірінен ажырап қалып, қайта ұшырасып жатса да, белгілі-бір уақыттан кейін: «Ассаләму ғалейкум», – деп қайта сәлемдесуі сүннәт. Міне, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әрбір хадисі   жақсылыққа әдептілікке тұнып тұр, мейірімділік пен хикметке толы. Мұсылман қауымының бір-біріне махаббатын, силастығын, достығын күшейтеді.

 

 Үлкеннің кішіге сәлем беруі 

Анас ибн Малик көшеден өтіп  бара жатып сәби балаларға сәлем берді де: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кішкене балалардың жанынан өтіп бара жатып сәлем берер еді», – деп айтқан.

Қарап отырсақ мұның да астарында адамгершілік идеясы бар десекте болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылайша балаларды әдептілікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге сәби күнінен баулу керектігін меңзеген. Сәби балалар ересектердің бұлайша өздеріне көңіл бөліп, иіліп сәлем бергенінен кейін, өздерінің ерекше орыны бар екенін сезініп, қуанып саналарында қалып қояды, өмірлік сабақ болады.

 

Кішінің үлкенге сәлем беруі 

Жасы кіші, үлкен кісілерді көргенде қайырылып келіп қос-қолдап сәлем беруі тиіс. Бұл әдеп – кіші буынның отбасынан алған тәрбиелілігін, әдепті көргенділігін көрсетеді. Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған рыз болсын) Аллаһ елшісінің (с.ғ.с): «Көліктегі адам жаяуға, жаяу адам отырғанға және аз адам көпшілікке сәлем береді»—дегені жайында риуаят жеткізілген (имам Бұхари, Муслим).

Имам Бухари риуаятында: «Жасы кіші жасы үлкенге (сәлем береді)», – делінген.

Сүннәт бойынша: Кіші үлкенге, көпшілік отырғандарға, көліктегі кісі жаяуға көлігінен түсіп сәлем беруі қажет.

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет рахым қылмағандар бізден емес», – деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)

Иә, құрметті оқырман! Сәлем беруді болмашы нәрсеге санап мән бермеуіміз, бізді жәннатқа кіру мүмкіншілігінен қалдыратынын біле бермейміз. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғарыда келтірген хадистерін оқып-білгеннен кейін, соған амал қылады деп үміттенеміз.

Себебі Пайғабарымыз (с.ғ.с.) мына хадисінде: «Толық иман келтірмейінше жаннатқа кіре алмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншілік орнықпайынша толық иман келтірген болмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншіліктің орнығуына себеп болатын нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер», – деп айтқан (имам Муслим). 

Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ

Оқылды 242 рет
JoomShaper