Жат идея желі арқылы етек жаяды

Сейсенбі, 29.03.2022

Дін – зайырлы қоғамның ажырамас бір бөлігі. Ол қоғамда сенетін азаматтардың бірлігі мен тыныштығын, татулығын, өзге дін өкілдерімен жарастығын және адамгершілік қасиеттердің арта түсуін қамтамасыз  етуі тиіс. Ал бүгінгі уақытта ел тыныштығына сызат түсіруге, саяси құралға айналдырып, басқару жүйесіне қарсы айдап салуға әрі азаматтарды бүлік пен қантөгіске бастауда дінді бетперде ету әрекеттері белең алып бара жатқаны қынжылтады.

Әлемдік діндердің ұстанымы лаңкестікке шақырмайтынын жақсы білсек те соңғы уақыттарда діни негізде арандату әрекеттері азаймай отыр. Кейінгі бірнеше онжылдықта кең ақпарат алуға мүмкіндік туғандықтан, террористік топтар да БАҚ көздерін өз мүдделеріне сай пайдалануға ұмтылуда. Бүгінгі күні әлемнің басқа да елдеріне төнген діни радикалды идеялармен улану Қазақстан үшін де өзекті құбылысқа айналды. Азаматтардың әлеуметтік желілер арқылы шетелдердегі террористік ұйымдар қатарына өтіп кетуі  жиі қылаң бере бастады. Айталық, ресми орган өкілдерінің айтуынша, бүгінде ДАИШ құрамында төрт жүзден астам қазақстандықтар отбасыларымен бірге жүр. Еліміздің солтүстік аймағынан ДАИШ-қа үгіттеушілердің ұсталғаны да есте. Қауіпті ұйымға өткен Қазақстан азаматтары бұл қадамға көбіне интернет арқылы барғаны белгілі. Неге десеңіз, белгісіз біреулер интернеттегі ақпараттар, әсіресе, видео өнімдер арқылы оларға Ирак пен Сириядағы мұсылмандардың қынадай қырылып жатқанын, адам айтқысыз қорлық пен зорлыққа тап болып жатқанын көрсетеді. Осы арқылы әлгі белгісіз жандар көрермендердің де аяушылығын тудырып, сол жаққа барып, көмек беруге ынталандырады. Шын мұсылман қорлық көрген бауырларына көмек беруі тиістігін санаға сіңіреді. Нәтижесінде, солардың сөзіне ерген жұрт шекара асып кете барады. Ал барған уақыттарында ол жақта өздері күткендей емес, мүлдем басқа, исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сорақы жағдайға тап болып, қателік жасағандарын кеш түсінеді. Тіпті, ертіп барушылар құжаттарын алып қойғандықтан, кері қайтуға мүмкіндік таба алмауда. Ал барған әйел кісілердің көретін жағдайы тіптен адам шыдағысыз.

Әрине, елімізде дәстүрлі емес ағымға ергендерге әлеуметтік айықтыру жұмыстары жүргізіледі. Түрмеде отырған діни радикалдардың белгілі бір бөлігі қателіктерін түсініп, райынан қайтып та жатыр. Бірақ бұл экстремизм мен терроризм қаупін сейілтуде деп айту қиын.

Бүгінде елімізде ғаламторды пайдаланушылар саны 7 миллионға жеткендігі айтылып жүр. Ал діни радикалды идеялардың интернет, әлеуметтік желілер арқылы насихатталып отырғаны бүгінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен ҚР дін істері комитетінің толық бақылауында. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қабдулкәрім Әбдіқазымов:

«Интернет желісі арқылы терроризм идеясын ауқымды насихаттау шаралары жүзеге асатыны шындық. Кейбір сайттарда тіпті қолдан жасалатын жарғыш заттардың нұсқаулықтары да орналастырылады. Тактика жүргізу, шабуыл жасауға және терактіге үйрету, тарту, жиһадқа шақыру секілді теріс пиғылды идеология интернетте шығып жатыр. Соған орай былтырдан бері сот органдары арқылы терроризмді, экстремизм мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 950-ге жуық сайт жабылды. Бүгінгі күні соттарда 150-ге тарта сайтқа қатысты іс қаралуда» деп, БАҚ бетіндегі жағдайды баян етті.

Арнайы қызмет өкілінің айтуынша, лаңкестікті насихаттайтын сайттар мен олардың серверлерінің басым бөлігі еуропалық зонада орналасқандықтан, мұндай сайттарды толық жабу кейде мүмкін де болмайды. Осыған байланысты еліміздің өкілетті органдары бүкіл әлемдік қауымдастыққа қатыгездік желісіне бірлесе қарсы тұру туралы  ұсыныс жолдаған да еді. 

Күн санап ушығып келе жатқан діни жағдайларға байланысты әлеуметтік желілерді құлыптау керектігі де соңғы уақыттарда парламентте көтеріле бастады. Facebook, VKontakte, Mail.ru сайттарында террористердің парақшалары кездесетіндіктен, бұған қоса Одноклассники, Twitter-ді де қатаң қадағалауға алу қажеттігі жиі көтерілуде.

Зерттеушілер лаңкестік топтарға негізінен жастар еріп кететінін, олардың  52%-ның тұрақты жұмыс орны жоқ, 38%-ның тұрмыс деңгейі төмен, 52%-ы баспанасыздар екенін анықтаған. Бұлардың ішінде жастардың ең көп бөлікті құрауы расында алаңдатарлық жағдай.

XXI ғасырда діни сауатты болудың маңызы ерекше артты. Жастардың әлеуметтік желілердегі қате діни түсініктерді қабылдап, теріс бағыттағы видеороликтерге  еруі дұрыс діни білімнің алмауынан деуге негіз бар. Елбасымыз айтқандай, әрбір адамның ішкі сүзгісі болуы қажет. Ішкі сүзгі кез-келген мәліметті саралау, ақылға салып, таразылауға, дұрыс-бұрысын анықтауға мүмкіндік береді. Осы ішкі сүзгі жұмыс істеп, діни таным дұрыс қалыптасқан жағдайда жастардың радикал идеяларға еріп кетуі өздігінен азаяр еді.

Ислам негіздері қашан да мұсылмандарды орташа жолды ұстануға шақырады. Орта жол дінге үстірт қарауды да, әсіре, фанат болуды да білдірмейді. Орта жол күнделікті істеріңнің қатарында діни талаптарды да қатар алып жүруді қажет етеді. Әсірелік ешқашанда жақсылыққа бастамаған. Жастар өздері ажырата алмаған жағдайда діни ақпараттарды тиісті мамандардан сұрап-білуі тиіс. Сондықтан, әлеуметтік желілердегі азаматтарды адастыратын діни ақпараттар таратуға қайткенде де жол бермеген дұрыс. Ел тыныштығына әрбіріміздің де жауапты екенімізді ұмытуға болмайды.

 

Қ. САБЫРЖАНҰЛЫ

 

Оқылды 383 рет
JoomShaper
Top