Әбу Ханифаның алғыр шәкірті Имам Мұхаммед

Бейсенбі, 12.11.2021
Әбу Ханифаның алғыр шәкірті Имам Мұхаммед

Әр дәуірде мұсылман ғалымдар арасынан адамзатқа пайда тигізуді қалаған тұлғалар шыққаны белгілі. Олар өзі тәрбиелеген шәкірттерінің де махаббаты мен құрметін иеленген. Солардың бірі – Имам Мұхаммед.

Айталық, төрт ірі мәзһабтың бірінің құрушысы Имам Шафиғи Имам Мұхаммедтің дәрістеріне қатысқан. Өзі оны қатты жақсы көретін, ілімін де құрметтеп, мақтап жүретін. Имам Мұхаммед туралы былай деген: «Мұхаммед ибн Хасаннан бір түйеге жүк боларлық ілім алдым. Бұлардың барлығы да тіке өзінен естігендерім. Имам Шафиғи одан көп нәрсе үйренгенін көптеген жерде мойындаған. Имам Мұхаммедпен алғаш кездесуін былай деп әңгімелеген: «Имам Мұхаммед бір бөлмеде өзін алқалай қоршап отырған кісілермен әңгімелесіп отыр екен. Келбеті аса көрікті еді. Маңдайы жарқырап тұрды. Әдемі киінетін. Таласты бір мәселені сұрадым, сірә, тосылып қалар ма екен деп күттім. Бірақ мүдірмей жауап берді, сөйтіп мәзһабын күшейте берді».

Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбани Уасыт қаласында хижри 132  жылы дүниеге келді. Куфада көптеген ғалымнан хадис тыңдап, риуаяттар жасады. Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтан өзге Куфа, Басра, Мәдина, Мекке, Шам мен Ирак аймақтарындағы ірі шейхтардан да ілім алады, фиқыһ үйреніп, хадис тыңдады. Бұл ірі мұсылман ғалым Хорасанның Рәй қаласында хижри 189 жылы өмірден озды.

Имам Мұхаммед көптеген ғалымдардан сабақ алды. Солардың бірі ірі ғұлама Әбу Ханифа хазірет еді.Фиқһқа ерекше құмартқан Мұхаммед ибн Хасан Имам Ағзамның дәрістеріне тұрақты қатыса бастайды. Әбу  Ханифа дәріске бастаған алғашқы кезінде оған былай дейді:  «Әуелі Құран кәрімді жаттап, өзіңе  сүйеніш ет. Әбу Ханифаның жолымен фиқһ үйренгісі келгендердің алдымен Құран кәрімді өте жақсы меңгеруі керек». Әбу Ханифа секілді ғұламадан дәріс тыңдау мүмкіндігін иеленген Имам Мұхаммед бір апта жоқ болып кетеді. Біршама уақыттан кейін әкесімен бірге имамның жанына келіп, Құран кәрімді жаттағанын айтады. Төрт жыл бойы Имам Ағзамның дәрістеріне үзбей қатысады. Белгілі бір тәртіппен ілім жинақтауға тырысады. Үнемі сұрақтар мен жауаптарды өзіне түртіп алып отырады. Бұл тұстарда Әбу Ханифа хазірет қайтыс болғандықтан, шәкірті Әбу Юсуфтан Ханафи фиқһын тамамдау мүмкіндігін иеленеді. 

 

Ілімнің абыройын қорғаштауы

Имам Малик ибн Әнастан үзбей үш жыл хадис тыңдайды. Мұжаша ибн Юсуфтың айтуынша, Имам Маликпен кездесуі былай болған: «Мен Мәдинада Имам Маликтың жанында едім. Имам Малик жұртқа пәтуа беретін. Осындай бір кезде Әбу Ханифаның шәкірті Мұхаммед ибн Хасан ішке бас сұқты. Әлі кішкене еді. Имам Маликке мына сұрақты қойды: «Уа, имам, мешіттен басқа жерден су таппағандағы жүніптік жағдайға не айтасыз?». Имам Малик: «Жүніп адам мешітке кіре алмайды» деп қысқа қайырды. Бұны естіген Мұхаммед: «Намаз уақытында болса, мешітке кіре ала ма?» Имам Малик тағы да «Жүніп адам мешітке кіре алмайды» деді. Сұрақ бірнеше рет қайталанғанда, Имам Малик оған «Ал, өзің айтшы онда, сонда не істеуі керек?» дейді. Имам Мұхаммед «Жүніп адам тәяммум алып барып мешітке кіреді, суды сыртқа алып шығып, жуынады» деп жауап қатты. Бұны естігенде Имам Малик таңырқап, бұл жас жігіттің кім екенін сұрады. Әбу Ханифаның шәкірті Мұхаммед әш-Шайбани екенін білді.

Имам Мұхаммед Ілім үйренуге әрі үйретуге көп мән беретін. Неге десеңіз, әкесінен қалған бар байлығын ілім жолына жұмсаған. Осы туралы айтқан бір сөзінде әкесінен отыз мың дирхам мұра қалғаны, бұның он бес мыңы хадис пен фиқһқа, он бес мыңын нахиу мен өлеңге жұмсағанын айтады.  Мұхаммед ибн Хасан әрдайым ілімнің абыройын қорғаштады, оны ешқашан өз тұғырынан төмендетпеді. Әбу Үбәд Қасым ибн Сәлләм айтқан мына оқиға осыған жақсы мысал бола алады: «Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбанимен бірге отырғанда, халифа Харұн Рашид келді. Бәрі орындарынан түрегелді, тек Имам Мұхаммед қана орнына тұрмады. Біраздан кейін халифа өзіне шақырғанда бәрі қорқып кетті. Бірақ Имам Мұхаммед керісінше халифаның алдына бойын тік ұстап барды, айбарлы қалпынан танбады. Соңында не болды деп өзінен сұрадық. Бізге былай деді: «Халифа неге ел түрегелгенде орнымнан тұрмау себебін сұрады. Мен оған сіз мені білімділер қатарына қостыңыз. Мен сол өредегілердің абыройын қорғадым. Қызметшілер қатарына өткім келмеді. Өйткені қызметкерлер сыныбы ілім иелерінің тысында. Хазірет пайғамбар да былай дейді: «Кім (тәкаппарлығы себепті) жұрттың өзіне түрегелгенін ұнатса, оттан өзінің отыратын орнын дайындасын» деп жауап бердім».

 

Жүрегі мен ынтасы тек Аллада болғанын қалайтын

Имам Мұхаммед құлшылығына қатты мән беретін. Әр күнін құлшылықпен өткізетін. Құран кәрімді жаттайтын. Түнді үшке бөлген ғалым бірінде демалатын, екіншісінде құлшылық жасайтын және соңында іліммен шұғылданатын. Түннің көп уақытында ояу болып, ұйқысы келмейтінін айтатын. Неге ұйықтамау себебін сұрағанда «Мен қалай ұйықтайын, мұсылмандардың көзі маған сеніп ұйықтауда» және былай дейтін: «Жұрт бір жағдай туса, Мұхаммед ибн Хасан біздің мәселемізді шешеді, қайғымызды сейілтеді» деп алаңсыз ұйықтайды. Мен де ұйықтасам, дін бұзылады». Өмірде ең көп ілім мен ғибадатқа мән беретін. Сол себепті өзге дүниелік керектерін көре бермейтін. Тіпті, кей уақыттар көп жұмыс істеу мен құлшылық етуден киімін ауыстыруға да мұрша таппайтын. Отбасы мүшелеріне дүние қажеттіліктерін айтып өзінен ештеңе сұрамауды ескертетін. Неге десеңіз, ол жүрегі тек Аллада болғанын қалайтын. Сабыры, әділеттілігі әрі жомарттығымен өз дәуіріндегі имамдардан дара тұрған. Тіпті, шәкірттеріне дәріс оқытудағы табандылығымен, оларға қаржылай көмек беруімен өте қадірлі тұлға еді.

Бір жолы шәкірті Мұхаммед ибн Идрис әш-Шафиғи одан бір сұрақ сұрайды. Имам Мұхаммедтің берген жауабына тәнті болып, өзіне жазып алады. Бұған қоса, Имам Мұхаммед оған жүз дирхам ақша сыйлап былай дейді: «Егер ілімнен нәсібіңді алғың келсе, біздің ілім мәжілістерімізге тұрақты келіп тұр әрі қызметімізден айрылма». Имам Шафиғи бір екі рет ақшасыз қалған уақыттарда, Имам Мұхаммед бір жолы жинаған жүз мың дирхамын, тағы бір жолы жетпіс мың дирхам ақшасын оған ұстатқан екен. 

Аударған Құдайберді  САБЫРЖАНҰЛЫ

Оқылды 1052 рет
JoomShaper