Алғыс Алланың ризашылығымен қауыштырады

Сейсенбі, 01.03.2022

Зікір, пікір, шүкір. Бұлар Исламның ұстыны саналатын ұғымдар. Исламға дейін де осы ұғымдар әртүрлі деңгейлерде көрініс тапқанымен, Ислам олардың шынайы мәніне қауыштырды деуге болады.

Зікір - жаратушыны еске алу болса, пікір- жаратушының құдыреті мен хикметіне ой жүгіртіп, жаратылыстың мәнін ұғыну. Ал ең маңыздысы – шүкір. Бұл, жаратушыны танығаннан кейін оның нығметі мен берген мүмкіндіктеріне өзінің алғысы мен ризашылығын білдіру. Алла Тағала Құранда Ибраһим сүресінің 7-аятында былай дейді: «Раббың былай бұйырады: Ант етеміз, егер шүкір етсеңдер расында сендерге нығметтерімді еселеймін және де ант етеміз, көз жұма қарасаңдар, шүбәсіз, менің азабым өте ауыр». Осы аятта айтылғанындай, адам баласы Алланың берген нығыметтерін бағалай білуі, соған шүкір ете білуі міндеттелген.

Дегенмен, Аллаға шүкір ету үшін алдымен адамдарға рахмет айтуды үйренуден бастаған дұрыс. Рахман сүресінің 60-аятының мағынасында: «Сендерге жасалған жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтарыңдар!» делінген. Бұл, адамдар өздерінің арасында жақсылық жасаған адамдарға жақсылықпен жауап қайтаруы Алланың нұсқауы, адамгершіліктің шарты. Өз арасында адамдардың жасаған жақсылқтарына алғыс білдіріп, рахмет айта алмаған адам лайықты түрде Аллаға да шүкіршілік жасай алмайды.

Ал барлық адамдарға алғыс айтуды біз жақындарымыздан бастауымыз керек. Бұл туралы Лұқман сүресінде баяндалады: «Ей, құлым! Маған шүкір ет, ата-анаңа алғыс айт. Маған қайта оараласыңдар! Мен сендерді жауапқа тартам. Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін». Міне, Құранда шүкір мен алғысқа қатысты ауқымды түрде нұсқаулар мен ескертулер келген. Ата-анаға алғыс айтуды Аллаға шүкір етумен қатар қойған. Сондықтан алғыс айтуға лайықты жандардың ең басында ата-анамыз тұрады.

Алғысқа қатысты, жоғарыдағы Құран аяттарына мәндес пайғамбарымыздан да көптеген хадистер жеткен. «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» (Тирмизи, Бирр (жақсылық), 35; Әбу Дәуіт, «Әдеп», 11).

Алғыстың түрлеріне келер болсақ. Біріншісі ауызбен айту. Алғыстың ең көп таралған түрі деуге болады. Пайғамбарымыз жасалған жақсылықты артығымен үлкейтіп, алғыс айтуды құп көрген. Бұл алғыс түрі қарапайым болып көрінгенімен маңызы зор. Әрі әр күні, әр сәтте қолдануға тура келетін алғыс. Қолыңнан демегенге, көшені нұсқаған адамға, қауіпті ескерткен адамға... осылай кете береді.

Екіншісі, іс жүзіндегі алғыс. Адамдар басқаларға материалдық көмек, сыйлық, білім беру, қол ұшын созу, жәрдемдесу сияқты істеріне біз де реті келгенде жауап қайтаруымыз керек. Ислам тарихындағы тұлғалардың өмірлерінен бұған қатысты өнегелер жетерлік. Әзірет Әли: «Маған бір әріп үйреткен адамға қырық жыл құл болуға бармын» деген емес пе?! Олай болса, жақсылық жасаған адамдарға, қол ұшын берген адамдарға, бір тағдырды бөліскен адамдарға алғыс айтпау ең үлкен сараңдық!

Үшінші түрі, пайғамбарымыз былай дейді: «Егер сендерге жасалған жақсылық үшін, Ансар бауырыңның жасғана жақсылығы үшін Аллаға дұғада болсаңдар, сендерге әрі алғыс сауабы беріледі, әрі Ансар бауырыңның жасаған жақсылығындай сый беріледі». Міне, бұл да өте маңызды мәселе. Алғыс айту тек адамдық міндет қана емес, сауапты іс. Сауапты істерді шынайы ниетпен жасау маңызды. Бір мұсылманның екінші бір мұсылман бауырына сырттай жасалған дұғаның қабыл болатындығына қатысты хадистер де жеткен. Олай болса, алғыстың үлкен-кішісі, оңай-ауыры жоқ. Әркімнің қолынан келетін шаруа. Ал ең бастысы, алғыс айта білетін адам, Аллаға шүкір жасай алатын адам дегеніміз, іштей жетілген, парасатты адам дегенді білдіреді. Жаман мінезді адамдар, тәкәппар адамдар, қатыгез адамдар ғана біреудің жақсылығын көзге ілмей, міндетсуі мүмкін. Бірақ кез-келген жақсылыққа алғыс айту қарыз болғанымен, біреуден үнемі мадақ, алғыс күтпеген абзал. Бәрі-бір жасалған жақсылық жауапсыз қалмайды. Алла куә.

Қорыта айтқанда, өзара алғыс айту адамдар арасындағы сенімді, сыйлайтықты арттыратын құрал. Адамның жан дүниесін тазартатын, жүргін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс. Әсіресе, бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмашылдыққа, Алланың ризашылығына қауыштыратын амал. Сондықтан, айналамызға алғыспен қарау, басымызға келетін көптеген қарғыстан құтылудың жолы екендігін естен шығармағанымыз дұрыс!

Кеңшілік ТЫШҚАН,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

оқытушысы, дінтанушы

 

 

Оқылды 196 рет
JoomShaper