Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі

Дүйсенбі, 16.11.2021

Ислам – мейірім мен рақымға толы дін. Ислам тарихында адам баласына ғибрат алатын мұндай оқиғалар мен хикметтер көп. Естеріңізде болса, біздер де бала кезімізден «кешірімді болғайсың», «кешсең кем болмайсың», «Кешірім сұрасаң, кешіріледі» деген сияқты әке-шешенің тәлім-тірбиесін естіп өстік емес пе?

Халқымыздың руханияты, мәдениеті, дәстүрі мен салты, тілі мен ділі ислам құндылықтарымен біте қайнасып жатыр десек қателеспейміз. Сондықтан да, тәлім-тәрбие туралы әңгіме қозғаған уақытта діндегі имандылық, инабаттылық және мұсылманшылық кітаптарының беттерін жиі ашамыз. Бұл  жолы біз де ислам тарихына назар салып, осы дәстүрді ұстанғалы отырмыз. Жамандыққа жақсылық жасау турасында белгілі сахабалардың бірі Рабиға әл-Әсләмий (р.а.) мынадай оқиғаны баяндайды: «Мені мен Әбу Бәкір екеуіміздің арамызда бір келіспеушілік болды. Сөйтіп, ол маған мені ренжітетін бір сөз айтты. Кейін Әбу Бәкір (р.а.) бұлай жасаған ісіне өкініп:

– Ей, Рабиға! Сен де маған сондай сөз айт. Екеуіміз тең болайық – деді. Мен:

– Аллаға қасам! Мен айтпаймын – дедім.

Әбу Бәкір маған:

– Сен менен қалай болғанда да ақыңды аласың. Әйтпесе, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) шағымданамын – деді.

Мен сонда да:

– Жоқ, олай жасамаймын – дедім.

Әбу Бәкір пайғамбарға барып, болған жағдайды баяндайды. Кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.) мені шақырып:

– Сені мен Әбу Бәкірдің арасында не болды? – деп сұрады.

Мен оған қарап:

– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Әбу Бәкір мен ренжитін сөз айтты. Кейін менен ақыңды ал деп өзіне де сондай сөз айтуымды өтінді. Бірақ, мен олай жасамадым – дедім.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) маған жымиып:

– Жарайсың, Рабиға! Оған ондай сөз айтпа. Есесіне: «Ей, Әбу Бәкір! Сені Алла кешірсін», – деп айт – деді.

Сөйтіп мен Әбу Бәкірге:

– Сені Алла кешірсін, ей, Әбу Бәкір! – деп айтттым.

Әбу Бәкір болса бұрылып, жылап жіберді».

 

Әңгімеден шығатын пайдалы сабақ

Жақсылыққа жақсылық,

Әр кісінің ісі.

Жамандыққа жақсылық,

Ер кісінің ісі.

Әрине, мұсылман өз бауырын ренжітетін сөзден аулақ болуы қажет. «Тілде сүйек жоқ» демекші, абайсызда немесе ашу үстінде біреуді ренжітетін сөз айтылып қалса, онда адамның ашуы тарқаған соң ренжітіп қойған кісіден кешірім сұрауға ұмтылу керек.

Анас ибн Мәлик (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.):

«Біріңді-бірің жек көрмеңдер, бір-бірлеріңе іштарлық етпеңдер және біріңе-бірің қарсы келмеңдер. Алланың құлдары, бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылман үшін өз бауырына үш күннен артық ренжуге болмайды», – деп айтты» деген риуаятын келтірген (Бұхари, Мүслим).

 

Екінші пайдалы сабақ

Қолмен жасағанды мойынмен көтеру. Адам өзінің жасаған қателігін мойындап, оны басқадан іздемейді. Егер біреуді ренжітіп қоймаңыз, онда кешірімді де сіз сұрайсыз. Басқа амал жоқ. Жоғарыдағы әңгімеден байқағанымыздай Әбу Бәкір (р.а.) өзінің қатты сөз айтқанын мойындап, Рабиға әл-Әсләмиден кешірім сұрады. Тіпті, ақыретін ойлаған ол оның кешірім беруін талап етті.

 

Үшінші пайдалы сабақ

Таспен атқанды аспен атқайсың.

Ренжіткен кісіні кешіре білу керек. Алла тағала Өзінің сүйікті пенделері жайында былай деген:

«Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ, олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли Имран: 134).

Себебі, әр адамның өзіне тән кемшілігі бар. Адам кемшіліксіз болмайды. Пенде болғансоң бір нәрсе жасап қояды, айтып қояды. Бастысы, мұсылман соны есіне алып, Аллаға тәубе етсін әрі өзін ондай кемшіліктерден мүмкіндігінше аулақ ұстауға күш салсын. Алланың жақын құлдарының бірі Жағфар әс-Садиқ есімді ғалым: «Достың айыбын іздей берме, доссыз қаласың», – деп айтқан екен. Алланың елшісі (с.ғ.с.) Рабиға әл-Әсләмиге «Жарайсың, Рабиға! Оған ондай сөз айтпа...», – деген насихат айтты. Оның қателігіне сен де қателікпен жауап берме деді. Мұсылман адамға Алла елшісінің (с.ғ.с.) әрбір сөзі мен ісі өнеге. Олай болса, біз де бір-бірімізді ренжітіп немесе айыптап айтқан сөздеріміз болса, осы әңгімеге сәйкес, Алла үшін кешіруге қадам жасап көрелік. Әрине, бұлай жасау біздің де қолымыздан келері анық. 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философия ғылымының кандидаты, дінтанушы

Оқылды 807 рет
JoomShaper
Top