Көріпкелдер расында «көріп келе ме»?

Жұма, 11.03.2022

«Тағдырымда не жазылған?», «Болашақта не болар екен?», «Мені алда не күтіп тұр?» деген секілді сұрақтар адамзат баласымен бірге сонау алғашқы дәуірлерден бері жалғасып келе жатқанын айтуға болады. Өйткені, адам жаратылысында алдағы күндерде не болатынын білуге деген ерекше құмарлық бар.

Осы себепті, адамдағы осы бір қажеттілікке сай болашақты болжағыштар мен көріпкел, балгерлер де әрдайым табылып отырған. Бұндай түрлі сенімнің исламға дейін де болғаны сондықтан. Жаһилия уақытында құмға сызықтар сызып, сол сызықтарға қарап болжам жасалатын. Оны «Хаттурамл» деп атайтын. Бұған қоса, сөз бен есімдерге бал ашу, жоғалған затқа бал ашу, астрологиялық бал, қойдың жауырына қарау, құрбан шалынған малдың өкпесіне қарап болжау, суға қарап болжау, қорғасын құю, тұзға қарап болжау, алда не болатынын айту секілді болжау мен бал ашудың түр-түрі кездескен. Осы себепті ислам дінін қабылдағаннан кейін кейбір сахабаларда көріпкелдікке қатысты сұрақтар да туындамай қалмады. Айталық, бір күні хазірет Мұғауия (р.а.) «Уа, расулалла, жаһилия кезінде кейбір әдеттеріміз бар еді. Көріпкелдерге баратынбыз» дегенде: «Енді көріпкелдерге бармаңдар» деген нақты жауап естіген (Мүслим, Сәлам, 121).

Бұл хадис ислам сенімінің көріпкел, балгерлерді құптамайтынын көрсетеді. Өйткені мұсылман сенімінде шексіз құдірет иесі Алла ғана болашақта не болатынын біледі. Оны өзгелердің қолмен ұстағандай етіп білуі неғайбіл. Бұл сенімге мына аяттар негіз болуда:

 «Ғайыптың кілті Алланың жанында. Басқалар оны білмейді» (Әнғам: 59 аят)

«Былай де: Алладан басқа аспан әлемінде де, жерде де ешкім ғайыпты біле алмайды» (Нәмл: 65 аят).

«Былай де: мен сендерге «Алланың қазыналарына иемін» немесе «Мен ғайыпты білемін» деп жатқаным жоқ. Мен тек уахиға ғана еремін» (Әнғам: 50 аят)

Соңғы аятта пайғамбардың да болашақты біле бермейтіні, «бәрін білем» деп айтпағаны ескертілген. Мәселен, бірде Жәбірейіл періште «Қиямет қашан болады?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз:
«Бұны сұраушыдан артық білмеймін» деп, қияметтің нақты қашан болатынын білмейтінін айтудан тартынбаған (Бұһари, Иман 37).
Дегенмен дәл осы тұста «Болашаққа қарата айтқан, болашақта нендей істердің кездесетінін болжап айтқан хадистер бар емес пе?» деген орынды сұрақ туындауы мүмкін.

Құранның «Жын» сүресінің 26-27 аяттарында осы мәселеге түсіндірме берген: «Ол барлық көрінбейтіндерді біледі. Сырларына ешкім қанық емес, алайда (білдіруді) қалаған пайғамбар бұған жатпайды».

Бұл бойынша Жаратушы Ие өзі қалаған елшілеріне ғайыпқа тән кейбір мәліметтерді білдірген, олар сол білгендерін үмбетке жеткізген.

Хазірет пайғамбар өздігінен болашақта не болатынын білген емес. Бірақ Алла білдірген жайттарды білді әрі үмбетіне де хабарлап айтты.

Ғалымдардың түсіндіруінше, хазірет пайғамбардың екі қыры болды:

Біріншісі адамдық жағы, екіншісі пайғамбарлық жағы.

Хазірет пайғамбар адамдық жағымен бізден ерекшеленбеді. Ел секілді ішіп-жейтін, ыстық пен суықтан әсерленетін. Ертең не боларын, болашақта не болатынын біле алмайтын. Ал, пайғамбарлық жағы болса, уахи алуға жүрегі дәйім ашық болатын. Алладан келетін хабарларды қабылдап тұратын.

Пайғамбардың адам болуы кемшілікке емес, қайта кемелдікке жатады. Адам емес періште болса, халыққа жолбасшы бола алмас еді, жол көрсете алмас еді. Сахабалар хазірет пайғамбардың адамдық жағын да, пайғамбарлық жағын да ажырата білген. Айталық, Бәдір соғысынан бұрын Расулалла әскерін бір жерге орналастырғанда, сахабалардан Хубаб ибн Мұнзир «Уа, расулалла, егер дәл осында орналасуымыз Алланың уахиымен болмаса, онда су көздерін ұстап қалсақ, дұшпаннан айла асырар едік» дегендіктен, сол жолы Хұбабтың пікірі негізге алынған.

Өкінішке қарай, көріпкелдерге бару, болашағын болжату, бал аштыру қазіргі уақытта да тыйылмай отырған қоғамдағы кеселдердің бірі. Анығында бұл істі кәсіп ету де, оған сену де иман тұрғысынан қауіпті. Бұлай дейтін себебіміз, жоғарыда да тілге тиек еткеніміздей, ислам сенім жүйесінде бұндай орынсыз, негізсіз істерге орын жоқтығы.

Хазірет Айша анамыздың (р.а.) риуаят етуінше, сахабалардың кейбірі Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп көріпкелдер туралы пікірін сұрады. Ардақты елші (с.а.у.) оларға:

Көріпкелдер түкке де тұрмайды, – деді. Бұны естігенде араларынан кейбірі:

Уа, расулалла, кейде солардың айтқаны рас болып шығады, – дегенде, ардақты елші оларға: Бұл сөз жындардыкі. Жын мәлімет қағып әкеліп, досының құлағына тауықтың қыт-қыттағанындай етіп жеткізеді. Сөйтіп оған жүзден астам өтірік араластырады, – деп түсіндірді (Мүслим, Сәлам, 123). 

Барлық көріпкел, балгерлердің жындармен қатысы бар ма, жоқ па, ол өз алдына жеке мәселе. Алайда көріпкелдік пен балгерлік исламға қайшы болғандықтан әрі пайғамбарымыз оған нақты тыйым салғандықтан, мәселеге шайтанның араласатыны күмән тудырмайды. Шайтан да жын болғанына қарағанда, болашақты болжап, алдын ала хабар айтатын көріпкелдер шайтанға ермек боп жүрген жоқпыз ба деп қорқуы тиіс. Сондықтан көріпкелдік жасаушы өзін де, өзіне имандай сенушіні де иман тұрғысынан қауіпке итермелеп отырғанын білуі тиіс.

Ғалымдар да қит етсе, көріпкелдерді жағалап, бал ашқызудың дұрыс еместігін айтуда. «Тау мен тасты су бұзады, адамдарды сөз бұзады» демекші, әсіресе, ерлі-зайыптылар мен жақын туыстардың арасына күмән салуда көріпкелдердің айтқан сөздерінің кері әсері жоқ емес. Мұсылман психиатр мамандардың айтуынша, балгерлер көбіне жобалап айтады. Мәселен, ерлі-зайыптылар арасында реніш туса, шын мәнінде олар отырып сөйлессе, шешіледі. Алайда көріпкелге жүгінгендіктен, ол күйеуі дұға жасатқанын айтады. Осыдан келіп әйел күйеуінің туыстарына күдікпен қарай бастайды. Анығында ондай болмаса да балгер не көріпкел өз сөзіне сендіргендіктен, отбасының татулығына сызат түседі. Болашағын болжатқандар көріпкелдің өтірікті шындай етіп айтқанына сеніп, бекерге үміттеніп, не жаман хабарына да ұйып сеніп қорқыныш, үреймен күн кешуі кәдік.

Анығында мұсылман адам Алла тағаланың құдіреті шексіздігіне бек иланып, бар ісінде тек Аллаға ғана тәуекел етуі тиіс. Қиындық кездессе сабыр етіп, әр қиындықтың артынан келетін жеңілдігі мен жақсылығын күте білуі тиіс. Дұғаларында «Адасудың түр-түрінен сақтай гөр!» деп тілеп жүргені дұрыс. 

Тақырыпқа қатысты тағы бір хадистерде көріпкелдерге сенген жанның Мұхаммедке (с.а.у.) түскен кітапқа сенбеген болып табылатыны қатаң ескертілген (Ибн Мажә, Тахарат, 122).

 Қ. Сабыржанұлы 

Оқылды 510 рет
JoomShaper