Ертас БАЙТАСҰЛЫ: Қоғамның күші – бірлікте

Жұма, 01.04.2022

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихында Қазақстан өзінің ішкі-сыртқы тұтастығы, бейбітшілік, келісім мен қауіпсіздікті нығайту саласында аса зор белестерден өтіп, бүгінгі биігіне жетіп, осынау жоғары мәртебесін мықтап бекітті.

Еліміздегі дін саласындағы ішкі және сыртқы саясатының жемісті жүзеге асырылуы мемлекеттік органдардың тиімді де жұмыла жасаған жұмысының арқасында қамтамасыз етілген. Дін саласындағы маңызы мол міндеттер тақырыбындағы кезекті сұхбат Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығының директоры Ертас Байтасұлы Мұратбековпен өрбіді.

– Ертас Байтасұлы, тәуелсіздік жылдарында еліміз бүгінгі толағай табыстары мен жетістіктеріне өзі жасап алған, қазір әлемде «Қазақстандық» деген атпен әйгілі жолмен жетті. Бұл ретте қоғамда конфессияаралық келісімді нығайту мен дамытуға бағытталған мемлекет саясаты үлкен рөлге ие болды. Сондықтан, дінаралық диалогтың бұрын-соңды болмаған үлгісін құру осынау жасампаздық жұмыстың нәтижесі екені белгілі. Осы жайында әңгімелеп берсеңіз...

- Ойыңыз орынды. Мемлекетіміз және оның Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастап жасампаздық пен үйлесім, үндестік пен келісім, зайырлылық пен тағаттылық, бейбітшілік пен қауіпсіздікті ту еткен маңызды мақсатты таңдап алды. Осынау мәңгілік құндылықтар мен татулыққа ту тіккен баянды болашақтың қоғамын қалыптастыруға талпынған Қазақстан халқының тынымсыз еңбегінің арқасында конфессияаралық келісімнің түр-сипаты өзгеше, мән-мазмұны ерекше үлгісі жасалды.

Жаңа үлгінің ерекшеліктеріне тоқталмас бұрын, алдымен, бастапқы негізіне тоқталайын. Республикадағы діни конфессиялардың өзара қарым-қатынасы, барлық діни топ өкілдеріне берілген теңқұқықтық принцип, діни ұйымдар қызметіне қолайлы жағдай жасау – осындай саясат жүргізудің нәтижесінде елімізде 130 ұлт пен 18 діннің өкілдері тату өмір сүріп, бейбіт еңбек етіп, мықты, бәсекеге қабілетті Қазақстан мемлекетін құруға үлес қосып келеді.

Сонымен бірге, әлемдік діндер мейрамдары – Құрбан айттың бірінші күні мен православиелік Рождество республика күнтізбесінің демалыс күндер қатарын толықтырып тұр. Мұндай келелі кеңесті зайырлы мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылдың қараша айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік, ұлтаралық келісім мен жасампаздықтың 10 жылы» атты ХІ сессиясы кезінде ұсынған еді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңы да конфессияаралық келісім үлгісін сақтау мен нығайтуға зор мүмкіндік беретінін айтуымыз керек. Сонымен бірге, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда, конфессияаралық келісім үлгісін дамыту динамикасын қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетіне үлкен жауапкершілік артылған.

Бұған қоса, зайырлы мемлекет пен республика конфессиялары арасындағы өзара конструктивті байланысты қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы консультативті-кеңес беру органы – Діни бірлестіктермен байланыс кеңесі елеулі үлес қосуда.

Қысқасы, Қазақстанның зайырлылық пен діндарлық, ұлттық пен конфессиялық сияқты екі қанаты бар келісім үлгісінің арқасында халқымыз тату-тәтті, келісім мен бірлікте өмір сүріп жатыр дегім келеді. Дәлел ретінде мыңдаған мысал келтіруге болады. Бірақ, патриоттық сезім мен Отанының бүгіні мен ертеңіне байланысты үлкен жауапкершілік арқалаған қазақстандықтардың таяуда өткен  ҚР Парламенті мен мәслихаттарға сайлауына белсене қатысуының өзі осы бірегей үлгінің тиімді екенін анық көрсетіп тұр.

– Халықаралық қауымдастық қызметінің дамуына Қазақстан қандай үлес қосты? Бұл реттегі әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің рөлі қандай?

– Қазақстан Республикасы – халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі. Сондықтан да Елбасы Н.Ә. Назарбаев адамзат қоғамының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келеді. Бұл орайда, ең алдымен, Мемлекет басшысының әлемдік даму мен өркендеудің тың бағытына жол сілтейтін маңызды бастамалары ойға оралады. Мысалға, Семей ядролық полигонын жабу туралы Президент шешімін халықаралық қауымдастық қағып алып, дүние жүзінде ядросыз әлем құру күресін бастап кеткені баршаға аян.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше маңызын атап өткенді жөн санаймын. Елбасы идеясынан бастау алатын Ассамблеяның тәжірибесін қазір әлемнің көп елдері жіті зерттеп, жүзеге асырып келеді. Расында да, өзінің 20 жылдық тарихында Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен рухани келісім мәдениетінің өзегіне айналып үлгерді.

Қазақстан Президенті Ассамблеяны барлық азаматтар мүдделерінің бүкілхалықтық өкілдігінің инновациялық үлгісі, халық егемендігінің саясаттан жоғары тұратын органын ұйыстыратын жас демократиямыздың жемісті құралы екенін атап көрсетті.

Қазақстан мен Көшбасшысының халықаралық дәрежедегі маңызды бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Бәріміз де Астанада дін басылар съездерінің өтіп тұруы – Қазақстанның бренді екенін жақсы түсінеміз. Себебі, еліміз рухани келісім мен үйлесімді жариялап, осы арқылы әлем бойынша танылып, мойындалған.

Алғашқы шақырылымнан кейінгі 13 жылда бірегей ғаламдық дінаралық тұғыр саналатын әлемдік басқосу өз қатысушылары арқылы халықаралық қауымдастықты жер бетінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті, діндер, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сұхбатты сақтауға, халықаралық терроризммен күресуге үндеп келеді.

– Былтырғы өткен Бесінші Съезд несімен ерекшеленді?

 Бесінші Съезд жұмысына алғаш рет БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі ІІ Абдалла, Финляндия Президенті Саули Ниинистё секілді атақты саяси қайраткерлер және басқа да жоғары мәртебелі меймандар қатысты.

Дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлер Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайының шаңырағы астында алғаш рет «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер диалогі: бейбітшілік пен даму жолында» атты аса маңызды да қазіргі өткір мәселені ортаға салды.

Жалпы, Бесінші Съезд жұмысына әлемнің 42 елінен келген 80 астам делегация қатысты. Көптеген тың идеялар мен маңызды бастамалар көтерілді. Съезд мүшелері біздің Елбасының Бейбітшілік пен Келісім Мұражайын құру, «Рухани бейбітшілік пен келісімді дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі» халықаралық сыйлығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің құрмет медалін тағайындау туралы бастамасын жылы қабылдап, бірауыздан қолдады.

Астана дінаралық саммиті жұмысын аяқтаған соң қорытынды құжат – Бесінші Съезд қатысушыларының Декларациясы қабылданды. Онда 2018 жылы VІ Съезд жұмысы басталғанға дейін жүзеге асуы тиіс барлық құнды ұсыныстар мен идеялар біріктірілді.

– 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданғаннан кейінгі елдегі діни жағдайды қалайша бағалар едіңіз?

– Жалпы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның қабылдануы мемлекет пен қоғамның маңызды қадамы болды деуге болады.

Заң республикадағы діни кеңістікті реттеуге мүмкіндік беру арқылы діни жағдайды тұрақтандыруға, оның оң дамуына үлкен үлес қосты.

Заңның арқасында республикада тұрақты діни ахуалды қолдаудың тиімді жағдайлары қалыптасты. Тиісті мемлекеттік-конфессиялық қатынасты құрудың тиімді құқықтық базасы пайда болды, республикадағы діни бірлестіктер қайта тіркелді, нәтижесінде конфессиялар жайлы нақты сандық және сапалық мәліметтер алынды, шетелдік миссионерлердің отандық діни оқу орындарының қызметі ретке келтірілді, діни әдебиет пен діни мазмұндағы басқа материалдарды дінтанулық сараптамадан өткізудің ретті де нақты жүйесі жасалып, ел ішіне экстремистік басылымдардың енуіне тосқауыл қойылды.

– Жер-жерлердегі қақтығыстарға діннің қатысы бар деп ойлайсыз ба?

– Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан күллі қақтығыстар діннің әсерінен туындамаған деп айтар едім. Тіпті, діндер дау-жанжалдың негізі де емес. Мұны діни көшбасшылар мен саясаткерлер бірауыздан мойындап отыр. Мәселен, 2015 жылы Астанада Бесінші Діни Съезде осындай пікір айтылып, барлық диверсия, жаппай қақтығыстар мен террористік әрекеттер дін мен оның құндылықтары атынан жасалады деген тұжырым жасалды.

Қақтығыстың, әдетте, қашанда саяси астары бар, әрі қоғамдар мен мемлекеттерде қоғамдық-саяси тұрақтылықты қиратуға бағытталған.

Қазіргі кезде қылмысын дінмен бүркеп жабатын халықаралық терроризм қауіпті. Сондықтан БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның күллі адамзат баласы дін жолында жасалған барлық қылмыстар, ең алдымен, дінге жасалған қастандық екенін білу керек деген үндеуі аса өзекті болып отыр.

– 22 наурызда Брюссель қаласындағы террористік әрекет тағы да дүниені қатты толқытып тастады. Осы оқиға туралы не айта аласыз?

– Белгияда болған оқиғалар халықаралық терроризм кең таралғаны соншалық, Еуропа кіндігіне дейін жеткенін айғақтады.

Брюссель Еуроодақтың астанасы екенін білесіз. Ендеше, қалада болған жарылыстар адамдар арасына үрей мен дүрбелең қоздыруға мақсатталған алдын ала жоспарланған әрекет екені түсінікті болу керек.

Әрине, болған жайтты ой елегінен өткізу үшін уақыт қажет. Ал мамандар болса, бұрмалау мен фобия орнатудың алдын алу үшін наурыз оқиғаларына объективті баға беруі керек.

Жалпы белгілі нәрсе – дүниежүзінде террористік қауіптің асқынуы. Сондықтан Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың күллі әлем мемлекеттерінің күш-қуатын халықаралық одақ шеңберінде біріктіру бастамасын нақты іс жүзінде іске асырудың маңызы артты.

Осыған орай ағымдағы жылдың іс-шаралары аясында 31 мамырда Астанада терроризмге қарсы күресудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясын өткізудің маңызы зор деп ойлаймын.

– Халыққа деструктивті ағымдар жайлы мәлімет жеткізу үшін Дін істері комитеті қандай шара қолдануда?

– Өкілетті мемлекеттік органдар аймақтарда қомақты және көп жоспарлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, үйлестіруде. «Қаурыт желі – 114» қызметі құрылып, қазір жұмысын сәтті істеп келеді. Деструктивті діни ағымдар қызметінің тауқыметін тартқан жандарға консультативтік, құқықтық, психологиялық көмек жасалып жатыр.

Соңғы бірнеше жылда халқымызға дәстүрлі ислам мен діни ұғымдар негіздерін түсіндіру, радикалды ағымдардан сақтау жолында «Е-islam.kz» ақпараттық-ағартушылық порталы үлкен жұмыс атқарып келеді.

– Қоғам бейбітсүйгіш исламды экстремизммен байланыстырмас үшін не істеу керек?

– Өкініше қарай, қазіргі кезде исламофобия, әсіресе, Еуропа елдерінде ерекше күшейіп келеді. Бірқатар сарапшылар мұндай құбылыс базбіреулердің ислам атынан жасаған террористік әрекеттеріне қоғамның қайтарған жауабы іспетті дейді.

Әрине, мұндай жағдайда бейбітсүйгіш ислам мен оның ғасырлық құндылықтарын насихаттау маңызды. Мұндай жұмыс тынымсыз, әрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан істелуі тиіс.

Сонымен қатар, «Е-islam.kz» порталы да Қазақстан үшін дәстүрлі ислам дінін насихаттаудың үздіксіз, көп жоспарлы жұмыс жүргізу керек. Әрі осынау нәзік те сезімтал сала материалдары түсінікті, дәйекті және сенімді жазылғаны дұрыс. Себебі кез келген исламофобия, халықаралық терроризм, ксенофобия және т.б. ғаламдық жамандық жоғары мақсатқа ие және шынайы дін қағидаларына сүйенетін тұлғалар, қоғамдар мен мемлекеттер күш біріктіргенде ғана жойылатыны анық.

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

Оқылды 320 рет
JoomShaper
Top